Жұма, 22 Қараша 2024
Дат 10958 38 пікір 26 Қыркүйек, 2019 сағат 12:20

Депутат Қуаныш Сұлтановқа хат!

Құрметті Қуаныш Сұлтанұлы!

Әдетте, биліктің ұшар басында ұзақ жыл қызмет істеген, Отанына қалтқысыз адал қызмет атқарған және ұлтына жаны ашыған тұлғаларды «Мемлекет және қоғам қайраткері» деп сыйпаттап, атын қошаметпен атап жатамыз. Кейде сол анықтауыштың алдына «Аса көрнекті» деген күшейткіш  сөзді қойып, тіпті де айбынды етіп көрсетеміз. Мұның бәрі сол азаматтың  атқарған жұмысына туған халқының берген шынайы бағасы, терең құрметі екені анық. Құдайға тәубе, Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдық тарихында қоғамның әр саласында еңбек етіп, мұндай биікке көтерілген, сый-құрметке бөленген аға-әпкелеріміз аз емес.

Ал, Сізді жұрт «Мемлекет және қоғам қайраткері» немесе «Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері» дегеннен гөрі, көбінде кешегі «Қызыл «комсомолдың көзі, бүгінгі «Парламенттің ақсақалы» деп атағанды ұнататын сияқты. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген мақал босқа шықпаған екен, және бұл атақтар Сізге құп жарасатын секілді. Күлі баяғыда көкке ұшқан комсомолдың туған күнін Тәуелсіздік жылдарында жалаулатып тойлап жүрген үркердей топтың алдыңғы шебінде ту ұстап Сіз жүресіз. Парламет Сіздің тұрақты мекеніңізге айналған. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінен бастап есептегенде, бұл орында табаны күректей бес кезек депутат болдыңыз. Сенаттан босатылып едіңіз, жылап-еңіреп жүріп, Мәжіліске келіп жайғастыңыз. Ең жоғарғы Заң шығарушы органның құрамында жүріп, бірнеше Комитетті басқардыңыз, қосымша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі консультациялық кеңестің төрағасы және ЕҚЫҰ реформалау жөніндегі көрнекті саясат қайраткерлері кеңесінің мүшесі де болып тастадыңыз. Арасында, елшілік қызметке де ерніңіз тиді..

Жұрт не десе, о десін, дау жоқ, Сіз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас болып құрған Тәуелсіз Қазақстанның тарихында атыңыз қалатын тұлғасыз! Тәуелсіз мемлекет құру тариханда Сіз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында жүріп, ыстық-суық күндердің бәрін Ол кісімен бірге басыңыздан өткіздіңіз. Өз басым Ұлы Еліміздің бүгінгі таңдағы жеткен жетістіктерінде Сіздің де үлесіңіз бар деп есептеймін. Ал, кеткен қателіктер болса, ол жауапкершіліктен де Сіз ешқайда қашып құтыла алмайтыныңыз тағы анық. Себебі, Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президент жолға қойған ауқымды саясатты өз деңгейінде жүзеге асыру оңайға соққан жоқ. Ұлттық мемлекет құруға бағытталған талпыныстарды бұра тартушылар мен сыйырқұймышақтатқыштар көп болды. Өзіңіз жақсы білесіз, соның бірі, бірі емес, бірегейі – алыстағы ағайынды Атажұртына жиюға арналған Көші-қон саясаты.

Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты. Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған БАТЫЛ әрі ТАРИХИ шешімі!

Отыз жылға таяу уақыт ішінде бір жарым миллионға жуық қазақ Отанына оралды. Осы жылдар ішінде шуы ең көп саланың бірі – осы Көші-қон болды десем, артық айтқандық болмас.

Оның себебі, біреу ғана, – Заңдағы шикілік!

Оған кім кінәлі?!

Әрине, бірінші кезекте Сіз депутат болып отырған Заң шығарушы орган!!!

Мен 2015 жылдан бері Мәжілістегі «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын талқылауға қатысып келем. 2015 жылы Жұмыс тобының жетекшісі Мәжілістің V шақырылымының депутаты Гүлнар Сейтмағамбетова болды. Құрамында Гүлмира Исимбаева, Алдан Смайыл, Нұртай Сабильянов, Құттықожа Ыдырысов, Бақытбек Смағұл, Алмас Тұртаев, Меруерт Қазбековалар отырды.

Бекер обалы кәне, осы депутаттар менің бір ұсынысымды жерге тастамай, талқыға салып, заңдастырды. Менімен шектеліп қана қалмай, өздері де ұсыныс беріп, өткізуге тырысты. Керек кезінде қатысты министрлерді дедектіп әкеліп, сұрақтың астына алатын. Сенесіз бе, талқылау табыны күректей тоғыз айға созылды. Тек, «Соттылық туралы» анықтама талап ететін 49-баптың 9)- тармағын өзгертуге ғана шамасы жетпеді, қалған ұсыныстарым түгелге жуық заңға енді. Әр жаңа ұсыныс қабылданған сайын қазіргі Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Истайбекқызы мен марқұм, жаның Жаннатта болғыр  Құттықожа Ыдырысов, «Әй, Мұқибек, енді ризасың ба?» деп, кезек-кезек сұрап, балаша қуанатын.

Ал, Сенатта Мұрат Бақтиярұлы, Қуаныш Айтаханов, Нұрлан Оразалин, Жабал Ерғалиев ағаларымыз қолдап, қуаттап берді.

Сөйтіп, Парламент 2013 жылы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп қабылданып кеткен қатаң заңның иін қайта жібіткен болатын. Қазір қандастарымыз «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сол кезде енген өзгертулер мен толықтырулардың қызығын көруде.

Міне, кәсіби этика, біліктілік және ұлтқа деген жанашырлық деп, осыны айт!

Ал, «Соттылық туралы» анықтама мәселесі 2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының Астанада өткен V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығына толықтыру енгізілу арқылы шешілді.

2017 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасына тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жолы Жұмыс тобына Мәжілістің VІ шақырылымының депутаты Кәрібай Мұсырман жетекшілік етті.

Көрші елдердегі, нақтылап айтақ, бір кезде Сіз елшілік қызмет атқарған Қытай Халық Республикасындағы саяси жағдайларға және уақыт талабына  байланысты, аталған Заңға тағы біраз өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек болды. Әсіресе, Қытайдағы саяси қысымның кесірінен неше мыңдаған қандастарымыз «Оралман» мәртебесінің уақытын өткізіп алып, Қазақстан азаматтығына құжат тапсыра алмай қалған. Қазақстан Республикасының «Азаматтығы туралы» Заңының 16-1-бабының 1) тармағындағы «Оралмандар» деген сөзді «Этникалық қазақтар» деп өзгерте салса, бұл мәселе автоматты түрде шешілгелі тұр еді.

Осылай ұсыныс бердік. Өкінішке орай, қатардағы маман Аслан Қаржаубаевтың қарсы айтқан бір ауыз сөзімен қалпақтай ұшырды Кәрібай Иманжанұлы! «Abai.kz» ақпараттық порталы арқылы К. Мұсырманға «Ашық хат» жазып жүріп, қайта талқыға салғыздық. Кәрекең езіп-қыртып жүріп, тағы  А.Қаржаубаевтың сөзіне бас шұлғыды да «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 21-бабына «...этникалық қазақтар оралман мәртебесі тоқтатылған күннен бастап алты ай ішінде оны ұзарту туралы өтініш бере алады» деген толықтыру енгіп, қушитты да тастады. «Оралман» мәртебесінің мерзімі алты айдан асып кеткен неше мыңдаған қандасымыз бұл жеңілдіктен игіліктене алмай, және шулап қала берді.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатуға небары төрт-бес-күн қалғанда арнайы Жарлықпен «Оралман» мәртебесінің мерзімін 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін бір мәрте ұзартып беру туралы шешім қабылдап, бұл мәселені шешіп беріп кетті.

Сондай-ақ, 2017 жылғы аталған Заң жобасын талқылауда «Оралман» атауын «Қандастар» деп өзгерту туралы да ұсыныс бергеміз. К. Мұсырман жоғарғы жақтың иек қағуын күтіп, жалтақтап, оны да жолда қалдырды. Міне, Президент айтқан соң барып, қайта құнжыңдап жатыр.

Мен мұның бәрін депутат әрі Жұмыс тобының жетекшісі Кәрібай Мұсырманның Көші-қон саясатына қасақана жасаған қарсылығы һәм қиянаты деп бағалаймын! 

Құрметті Қуаныш Сұлтанұлы!

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы, міне, Мәжілісте тағы да талқыланып жатыр. Жұмыс тобының жетекшісі және сол – Кәрібай Мұсырман. Құрамында төредей болып Өзіңіз отырсыз.

Үстіміздегі жылдың 27 маусымда сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің конференц-залында өткен осы Заң жобасының таныстырылымында Сіз бірінші болып сөз алып, «Осы көші-қон заңына нүкте қоятын мезгіл жетті!»-деп, зілденгеніңіз есімде!

Сол «Нүктеңіздің» әуселесі кеше белгілі болды! Сұлтанов – Сұлтанов болғалы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына бергені «Оралман» атауын өзгерту туралы жалғыз ұсыныс еді. Бір күн өтпей жатып, тыраң асты!! Ең құрығанда, Сенатқа барып қайтса, арманы не?! Мәжілістің босағасынан аттап шықпай жатып омақасты!!!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сіздің «Бауырлас» деген сөзіңізді естісе керек, Өзінің «Twitter» желісіндегі парақшасына «Мен бұрын айтқанымдай, тарихи Отанына оралған қазақтарға қатысты айтылатын "оралман" сөзінен бас тартып, орнына Қандас терминін қолдану керек. Жеті атасын білетін халыққа "қандас" деген ұғым жарасады», - деп жазды.

Білген адамға Қасым-Жомарт Кемелұлының  «Жеті атасын білетін халыққа "қандас" деген ұғым жарасады» деген сөзінде терең мағана тұр. Қанша сыпайлап айтты десек те салмағы өте ауыр сөз. Басқаларды қойшы, кәрі қойдың жасындай жасы қалған тәп Сіз еститін сөз емес еді бұл! «Осы байқұс көптен бері шырылдап жүр ғой, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы «"Оралман" деп аталып жұрген тұрғындарымызбен жұмыс істейміз, оларды біздің қоғамымызға бейімдеп, жақын тарту үшін "Қандастар" деп атауды ұсынамын» - деген сөзін де Жұмыс тобына әкеліп, оқып беріпті»-деп, бізді де ескеріп, Президент ұсынған «Қандас» сөзін қолдай салатын жөніңіз бар-ақ еді! Аман не, алыстан Атажұрт деп келген туыстарыңызға «Қандас» деген бір ауыз жылы сөзді қимадыңыз!! Ол – ол ма, Өзіңізбен бірге әріптестеріңізді де ыңғайсыз жағдайға қалдырдыңыз. Одан да өкініштісі, ашынып отырған жұртты арандатып жібере жаздадыңыз!!!

Комсомолдық тапсырмамен, комунистік өктемдікпен Заң қабылдайтын заман баяғыда келмеске кеткен. Қазіргі таңда Заң «Егер өзге халықаралық шарттарда көзделмесе» деген шартқа құрмет ете отырып, депутат Кәрібай Мұсырманның собъективтік қиялымен емес, объектив жағдайды негіз етіп қабылданады. Оның өзінде де сол процессті басынан өткерген, сол саламен ұзақ жыл шұғылданған біз секілді тәжірибелі мамандарға құлақ асқанда ғана жұмыс жемісті болмақ. Болды да!

Қазір жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен халықтың арасында диалог орнатуға, әділетті билік құруға, сөйтіп мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет жасақтауға жанын салып жатыр.

Өзгені білмесек те Президент айтқан «Жеті атаны», қайдан шыққанымызды біз жақсы білеміз. «Сұлтанов Бәйдібектің ұлынан туса, мен қызынан тараған жиені едім ғой, әкем құралпы адамның сақалына жармаса бермейінші!» деп, осы хатты Сізге жазбай-ақ қоюыма болатын еді.

Бірақ, жазуға тура келді.

Себебі, ертең Жұмыс тобының отырысында Сізбен тағы бір үстелдің басында отырамыз. Заң жобасына кірсе деп, Кәрібай Мүсырманға жиырманың үстінде ұсыныс жібергеніме біраз уақыт болды. Міне, бес отырыс өтті, соның біреуі ғана депутат Нұржан Әлтаев жағынан талқыға түсті. Қалғаны Кәрекеңнің тартпасында көзі жәудіреп жатыр. Кәрекең өзінің атынан-ақ талқыға салатын уақыты болды, анаған-мынаған сілтеп, жүре жауап береді. Қазірге дейінгі талқы барысына көз салсақ, аталған Заң жобасындағы  халықтың жұмыспен қамтылуы жағына баса мән беріліп жатыр, ал көш-қон мәселелері бойынша бірде-бір өзгерту не толықтыру болған жоқ. Мәжілістің Заңнама бөлімі ұсынған «белгіленген деген сөз айқындалған деген сөзбен ауыстырылсын» немесе «басқа да заң актілерімен деген сөздер өзге де нормативтік құқықтық актілермен деген сөзбен ауыстырылсын» деген секілді техникалық қателерді түзетіп, қазақ тіліндегі мәтіндерді орысшаға сәйкестендіріп келеді. Дұрыс та шығар. Бірақ, бұл «өзгертулермен» Заң түзеліп кетпейді ғой. Соған байланысты, мен өз ұсыныстарымды депутат Бақытгүл Хаменовға, Нұржан Әлтаевқа және бір бөлімін Бекболат Тілеуханға тапсырдым. Үш депутат ертең ол ұсыныстарды түгел ортаға салады деген сенімдемін. Салмаса, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен келісіп, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулинге хат жазып, Жұмыс тобының жетекшісі Кәрібай Иманжанұлына сенімсіздік жариялауымыз мүмкін! Осылайша, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына Сіз қоя алмаған «нүктені» басқа бір қайырымды, білікті депутат келіп қоюы ықтимал!!

Заң жобасын талқылау желтоқсан айының бесіне дейін жалғасатын көрінеді. Осы барыста Сіз де босқа қарап отыра бермей, саусағыңыздың ұшын кішкене қимылдатып, шөп басын сындыруыңыз керек, Қуаныш Сұлтанұлы! Алпыс жылға таяу ат үстінде жүріп, бес кезек Парламенттің төрінде отырып,  «Халықтың көші-қоны туралы» заңына бір  ауыз сөз қоспай кетсеңіз, «Қуаныш Сұлтанов» деген ардақты атыңызға сын емес пе!? Отыз жыл Тәуелсіз Қазақстанның билік басында жүріп, «Комсомолшы» деген атақпен тарихқа қалсаңыз, ертеңгі ұрпақ бір жерін ашып күлмей ме?!!

Сол үшін, депутат қатарлы Сізге де, жеңілдеу, бірақ маңызы төтенше зор бір ұсынысымды беріп, оны шешуге күш салуыңызды өтінгелі отырмын. Аяулы жаныңызды қинап қайтейін, бір ғана ұсыныс жетеді Сізге!

Қандастарымыздың жиырма екі жыл бойы кенедей жабысқан «Оралман» қалпағынан бірден құтылып кетуі қиын. Сондықтан, осы жолы шеттен келіп, Қазақстан азаматтығын алған қазақтардың жеке куәлігі мен төлқұжатындағы туған жерін де бір мәрте өзгертіп жазуға Заң аясында мүмкіндік беруіміз керек!

Ол үшін, қазір Өздеріңіз талқылап жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 26-бабында «Оралмандардың құқықтары мен міндеттері» жазылған. Осы бапқа «Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін  туған жерін тұрғылықты жеріне бір рет  өзгертіп жазуға;» деген жаңа тармақ қоса алсаңыз, мәселе бірден шешілгелі тұр.

Аазаматтық алған ағайын аталған құқығынан пайдаланып, Төлқұжатындағы «ҚХР», «МХР», «Өзбекстан», «Ресей Федерациясы»... деген таңбалардан құлантаза құтылады. Сөйтіп, президент Қ. Тоқаев айтқандай,  «оларды біздің қоғамымызға бейімдеп, жақын тарту үшін» тіпті де даңғыл жол ашылады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да бұл ұсынысты кері қақпайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – қандастарыңыздың қалауы!

Құрметті Қуаныш Сұлтанұлы!

Сізге тіпті жеңілірек болу үшін, азырық шегініс жасап, өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары Қытайдан Сәбеттік Қазақстанға оралған қазақтар туралы бір мәселені айта кетейін.

Өмірбаяныңызға көз салсақ, Сіз сол алпысыншы жылдары ат жалын тартып мініп, Сарыөзек ауданаралық баспаханасының жұмысшы-баспашысынан бастаған еңбек жолыңызды Талдықорған, Алматы облыстарының аудандық газеттерінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерімен жалғастырыпсыз (1961-1964 жылдар). Қытайдан көшіп келген сол қазақтардың бұрынғы Өскемен, Семей және Талдықорған облыстарына келіп жиі қоныстанғанын ескерсек, жалынды жас тілші, қып-қызыл комсомол болған Сіздің олардың паспортындағы «ҚХР» деген үш әріптен көрген қорлығын білмеуіңіз мүмкін емес!

Сол көшпен бірге 200 мыңға тарта қазақтың ішінде қазақтың не бір аймаңдай зиялылары мен талантты ақын-жазушылары, өнер шеберлері келді. Мысалы, соның біреуі – Іле Қазақ автономиялы облысының әкімі болған кешегі Жағда Бабалық марқұм. Жәкеңің тарихшы, этнограф-ғалым, шежіреші болғанын жұрт жақсы біледі. 1940 жылдары қазақ жастарының басын қосып, астыртын ұлт-азаттық ұйым құрған қоғам қайраткері екені тарихта жазулы тұр. Қытай мемлекеттік армиясында түрлі басшылық қызметтер атқарған тұлға. Қажығұмар Шабданұлы өзiнiң алты томдық «Қылмыс» романында Жағда Бабалықұлын адал азамат, бiлiмдар тұлға, нағыз қазақ зиялысы ретiнде суреттейдi. Сол Жәкеңнің Сәбеттік Қазақстандағы «қызметі» «Мәдениет және тұрмыс» журналында хат тіркеушісі болудан арыға бара алмапты.

Үрімжіде Мәдениет министрі болған, «Хасен-Жәмилә» киносының ценариін жазған, атақты Таңжарық Жолдыұлының күйеубаласы Бұхара Тысқанбаев те аудан көлемінен  аттап шыға алмапты. Арғы беттің қазағы аңыз етіп айтатын ақын Нұрсапа Аманжолов, Шыңжаңдағы «Шұғыла» журналының негізін қалаған ақын Естеу Нүсіпбеков пен жазушы, этнограф  Ахмет Жүнісов те аудандық газетті, орта мектептің мұғалімдігін місе тұтыпты...

Айта берсек, көп!

Қызметті қойшы, кезінде бір өлкені дүрілдеткен есіл ерлердің КГБ-ның таңды таңға ұрған сұрағы мен күні бойы бақылауынан тартқан зәбірін ойласам, төбе шашым тік тұрады! КГБ-ны былай қойғанда, жергілікті халықтың кейбір есерсоқтары да «қытайлап» күн көрсетпеген. «Трусы алсаң жу дейді, Жумасаң Қытайдан келген қу дейді!» деген өлең соның дәлелі болса керек. Жаны жәбір тартқанда «Қытайда жүре бермей жүнжүн ішіп, Сәбетке неге келдім көтіп қышып!» деп, өкінгендері де аз болмаған секілді сол қауымның. Ал, Сіз қызығын әбден көрген, аузыңыздың суы құрып айта беретін комсомолға, партияға өту деген ол байқұстарға қол жетпес арман болғаны белгілі!

Аталған алпысыншы жылдардағы көшпен келіп, хас талантымен, құрыш жігерімен мұз жарып шығып, өз орнын тапқан Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Айтұлы және Мұхтар Құл-Мұхаммед қатарлы санаулы ғана тұлғалар. Шынын айтсақ, олардың да жұлдызы Тәуелсіздіктен кейін барып жарқырап жана бастағаны мәлім...

Соның бәрі құжатындағы атың өшкір «ҚХР» («КНР») деген үш әріптің кесірі. Қазақстан Тәуелсіздігін алып, екінші көш – біз келгеннен кейін барып, алпысыншы жылдары келгендердің «қытай» деген қоңырауы мойнынан түскендей болды.

Әрине, бүгін заман басқа. Алла көп көрмесін, отыз жылға жуық Тәуелсіздіктің ауасымен тыныстап, бейбіт күн кешіп жатырмыз. Бірақ, Қазақстан азаматтығын баяғыда алсақ та сол «Қоңырауды» енді біздің құлақ түбіне әкеп, әлсін-әлі шылдыралатып қоятындар жеткілікті. Қытайдан келгендері «қытай», Өзбекстаннан келгендерді «өзбек», Моңғолиядан келгендері «қалмақ» деп, келемеждейтін жұрт аз емес. Сірә, олар да Өзіңіз секілді «қызыл комсомолдың» қалдықтары болса керек! Мың болғыр Қасым-Жомарт Тоқаев осы бәледен бізді құтқарғысы келеді. Ал, оған Сіз бастаған «Комсомолдың түлектер» тіс-тырнағымен қарсы!

Қүрметті Қуаныш Сұлтанұлы!

Сіз алаң болмаңыз, «Көші-қон» кісі қорқатын және қомсынатын саясат емес! Қасым-Жомарт Кемелұлы президент ретінде «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» газетіне берген тұңғыш сұқбатында «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастары­мыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» ағынан жарылды.

Президент бұл сөзін 2019 жығы 12 сәуірдегі Маңғыстау өңіріне жасаған сапары кезінде «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп жұрт алдында тағы қайталады.

Бұл жолы жай айтқан жоқ, «Қасиетті» деген сөзді қосып айтты. «Біздің қасиетті парызымыз» деген сөйлемге салмақ түсіріп айтты.

Ол аз десеңіз, «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тұңғыш Жолдауында «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс»-деп, тапсырма берді.

Демек, жаңа президент дәстүр сабақтастығын үзбей, «Нұрсұлтан бастаған Нұрлы көштің» өз жалғасын таптыратын болды. «Жалғасын таптыратын  болды» деген жай сөз, Алла қаласа, Қазақ көшінің екінші «Алтын дәуірі» басталатынына менің сенімім кәміл!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Оралман» атауын «Қандас» деп өзгертуге үш мәрте ден қоюы тегін емес. Мақсаты – «оларды біздің қоғамымызға бейімдеп, жақын тарту үшін» екенін ашық және шегелеп тұрып айтты ғой! Біздің де арманымыз – осы!

Қазақта «Сый қылсаң, сыпыра қыл!» деген керемет сөз бар. Ендеше, Сіз жоғарыда мен айтқан «Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін  туған жерін тұрғылықты жеріне бір рет  өзгертіп жазуға;» деген норманы Жұмыс тобының талқысына ұсынып, заңдастыруға бар күшіңізді салыңыз! Тағы қайталап айтайын, бұл – қандастарыңыздың үшбу аманаты!

Сөйтіп, «ҚХР», «МХР»... деген баледен бізді құтқарыңыз!

Мен бастаған ұрпақ бұл еңбегіңізді ерлікке балап, Қазақ көшінің тарихына «Алтын әріппен» жазып қалдырады!!

Ең кереметі, «Комсомолшы Сұлтанов!» деген аттан Өзіңіз де құтылып, ең болмағанда, қандастарыңыздың алдында жүзіңіз жарқырап жүретін болады!!!

Ауыт Мұқибек

ҚР Президенті жанындағы  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

«ДАТ» (№871) газеті

Abai.kz

38 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318