Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Айқай 7678 18 пікір 19 Желтоқсан, 2017 сағат 14:15

Депутат Кәрібай Мұсырман басқаратын жұмыс тобына Ашық хат

ҚР Парламенті Мәжілісінің

Депутаты, Жұмыс тобының жетекшісі

К.И. Мұсырманға!

 


Құрметті Кәрібай Иманжанұлы!

Сізге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылауға арналған Мәжілістегі Жұмыс тобына сарапшы ретінде қатысып, көш-қон мәселелеріне қатысты заңдарға ұсыныстар беру үшін маған мүмкіндік тудырғаныңызға зор алғыс айтам!

Дәл осындай Заң жобасын талқылаған Жұмыс тобына мен 2015 жылы да бастан-аяқ қатысқам. Ол кездегі Жұмыс тобын Г.С. Сейтмағанбетова ханым жетектеді. Ал, Жұмыс тобының құрамында Өзіңіз секілді депутаттар Алдан Смайыл, Нұртай Сабильянов, Құттықожа Идирисов, Майра Айсина, Гүлмира Исимбаева, Бақытбек Смағұл, Алмас Тұртаев, Азамат Әбілдаев, Меруерт Қазыбаекова қатарлы қазақтың маңдайы жарқыраған ұл-қыздары болды.

Сенесіз бе, Заң жобасы табаны күректей тоғыз айға жуық талқыланды.

«Неге?!!» дейсіз ғой, Ел тәуелсіздігі әлі жарияланбаған елең-алаң шақта (18.11.1991 ж.)Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне 20 тармақтан тұратын арнайы Қаулы  (№711) шығартып, жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясат – көші-қон мәселелерін реттейтін КЕМЕЛДІ Заң қабылдау үшін!

Жұмыс тобында аталған депутаттар ғана емес, ол кезде де қатысты мнистрліктердің, құқық қорғау органдарының өкілдері отырды. Бірақ, мен апарған ұсыныстардың бір де біреуі бір отырыста алынып тасталған емес. Жоқ жерден сылтау тауып, қарсы шығатындар, әрине, көп еді. Депутаттар сол ұсыныстардың маңызы мен астарын бірден түсіне қоятын. Сөйтіп, әлде неше мәрте пысықтауға жіберіліп, асықпай-аптықтай талқыланды.

Гүлнәр Сүлейменқызы ретін тауып, сол қарсы болған кісілерді кәбинетіне шақырып, өзі сөйлесуден, түсіндіруден жалықпады. Тіпті, керек десеңіз, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаевтың өзін екі реттен отырысқа шақыртып, мәселені талқылаған күндер де есімде...

Сол үшін де біз экс-депутат Гүлнәр Сейтмағанбетова ханымға көрген жерден қос қолымызды кеудемізге қойып, басымызды иіп, рахмет айтумен келеміз!

Сондай ұзақ талқылаудың нәтижесінде, «Халықтың қөші-қоны туралы» Заң жобасына көп өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Парламенттің қос палатасының мақылдауынан өтті. Көп кедергілер алынып тасталды, есесіне  тиімді тармақтар қосылды. 2015 жылдың 24 қарашасында аталған Заңға Елбасы қол қойды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, міне, екі жылға таяды, сол Заң жұмыс істеп тұр. Тек, ҚХР-дан келген қандастарымыздан талап етілетін «Соттылық туралы» анықтаманы алып тастау мәселесі шешім таппай қалып еді, арада екі жыл өткенде, Өздеріңіздің ықпалдарыңызбен, Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Президент ол мәселеге де нүкте қойды.

Жаңа Заң жобасы қолданысқа еніп, атқарыла бастаған екі жылдан берігі тәжірибе – «Халықтың қөші-қоны туралы» Заңының шын мәнінде кемелденгенін көрсетті. Елбасыны да ұялтпайды, елді де қинамайды деп, кесіп айта алам. Дегенмен, аталған Заңға тағы екі-үш толықтыру енгізілсе, қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығын алуына  тіпті де қолайлы жағдай туатынына менің сенімім тағы кәміл.

Заң түзелмей, кемелденбей ешнәрсе бітпейді. Міне, бүгін соның орайы келіп тұр. Қазірге дейін кезекті Жұмыс тобының үш отырысы өтті. Менің тарапымнан ұсынылып, Сіздің атыңыздан ортаға салынған  төрт ұсыныстың үшеуі бір-ақ рет  қаралып талқылаудан алынып тасталуы – қатты айтты демеңіз, қандастарыңызға жасалған қиянат деп білем мен!

Бір ғана мысал айтайын, қолданыстағы  «Халықтың қөші-қоны туралы» Заңында «Оралман» мәртебесінің мерзімі бір жыл деп көрсетілген. 2015 жылғы талқылауда мен бұл өзгеріске қарсы пікір айтқан емеспін. Депутаттар да бір ауыздан қолдап, қабылдаған. Өкінішке орай, қазір неше жүздеген қандасымыз «Оралман» мәртебесінің мерзімін өткізіп алып, тұрақты тіркеуге немесе Қазақстан азаматтығына құжат тапсыра алмай, сорлап жүр. Тіпті, Көші-қон қызметі басқармаларының қызметкерлері де «Оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен  ағайындардың мәселесін шешіп беріңіздер, қандастарымызға обал болды!» деп, үнемі телефон соғады. «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне халықты қабылдауға келген Ішкі істер министрі Қ.Н.Қасымовтан бастап, депутаттарға да қандастарымыз көбінше осы мәселемен келіп, өтініштер айтуда. Міне, бір жыл болды, Партияға келіп түскен сондай өтініштердің бәрін біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберумен келеміз. Ал, аталған министрліктен бізге және өтініш иесіне «...Заңмен оралман мәртебесін созу және қайта беру нормасы көзделмеген» деген бір ғана жауап келуде.

Соған байланысты, Сізге, Сіз басқарып отырған Жұмыс тобына осы «Ашық Хатты» жазып отырмын.

Құрметті Кәрібай Иманжанұлы!

Сол үшін Сізден алдағы уақытта,

1.«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңның «Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары» деген 16-1-бабына және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның «Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер» деген 49-бабы мен «Оралман мәртебесінің тоқтатылуы» деген 25-бабына өзгертулер мен толықтырулар туралы берген үш ұсынысты қайта қаратуға;

2.Өз атыңыздан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жіберіп, 2016 жылдан бері түрлі себептермен «Оралман» мәртебесінің мерзімін өткізіп алып, тұрақты тіркеуге тұра алмай немесе Қазақстан азаматтығына өтуге құжат тапсыра алмай жүрген қанша қандасымыздан өтініш түскенін анықтауға;

3.Осы мәселені тереңірек талқылау үшін Жұмыс тобының кезекті отырысына ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінен және қандастарымыз тығыз қоныстанған Алматы облысының ІІД Көші-қон қызметі басқармасы мен Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру мекемесінен жауапты басшылармен арнаулы мамандарды шақыруға ықпал етуіңізді сұраймын!

Құрметпен

Ауыт Мұқибек

18.12.2017 ж.

Астана

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052