Қанат Қазы. «Алаш» жүйесі ұлттың атын әлемге танытса деп армандаймын
Алмат САЛҒАРА, өнертапқыш:
Алмат САЛҒАРА, өнертапқыш:
– Алмат Қойшығараұлы, жақында өнертапқыштардың «Шапағат» атты ІІІ республикалық конкурсынан сіздің ашқан «Алаш» жүйеңіз «Жыл өнертабысы» аталымын иеленіп, жеңімпаз атандыңыз. Осы жүйе туралы оқырманға тереңірек айтып берсеңіз?
– «Алаш» жүйесі қазіргі қоғамның күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерінің бірі – жол қауіпсіздігін арттыруды тиімді шешуге арналған жоба. Өнертабыстың Қазақстандағы патентін алғаныма екі жылдың жүзі болды. Жалпылама айтатын болсам, арты қайғылы жағдайға ұласып жататын еліміздегі жол-көлік оқиғасының басым бөлігі белгіленген тәртіпке бағынбастан жылдамдықты үдете арттырудан туындап жататыны белгілі. Мұнымен күрескенімізге де едәуір жыл болып қалды. Жол апатының алдын алу мақсатында түрлі шаралар өткізіліп, тиімді саналатын қондырғылар да қойылып жатыр. Олардан келетін белгілі бір дәрежедегі көмекті жоққа шығаруға болмас. Алайда мұның бәрі адам басқаруымен болатын көлік апаттарын түпкілікті жоюға дәрменсіз. Тіпті ондай қондырғылар кейде қолайсыздық та тудырып жатады. Мәселен, ең тиімді деп мойындалған көшеде орнатылған жылдамдық өлшегіштерді алып қарайық. Астаналық жүргізуші ондай құралдың қай бұрышта тұрғанын бес саусақтай біледі. Әлгі аппаратқа таянған тұста жылдамдығын баяулатып, өтіп алған соң қайта зулатады. Жүргізуші радарға түспеудің де неше алуан әдіс-тәсілдерін игеріп алғаны белгілі. Осылардың барлығын саралай келсек, жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында атқарған шаралардан көретін нәтижеміз шамалы. Өйткені бүгінгі күні жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер қатары жыл санап артып келеді. Тиімді тетікті қабылдамаса, алдағы уақытта көрсеткіш онан сайын өсе түсетіні тағы түсінікті. Менің өзім де 2002 жылы көлік апатына ұшыраған адаммын. Сондай ауыр оқиғадан кейін көлік апатының алдын алу мәселесі ойымнан кетпей қойды. Үнемі жауап іздеумен жүрдім. Енді осы мақсатта өзім тапқан өнертабысқа оралайын.
«Алаш» жүйесі – автокөліктің белгіленген жылдамдық шегінен асуына мүмкіндік бермейтін, жылдамдықты мәжбүрлеп шектейтін, жүргізуші қанша тырысып, темір тұлпарын «тебінсе де» жылдамдықты шектен асыра алмайтын ырықтандырғыш «құдіреті» бар құрылғы. Яғни жүйені енгізу арқылы автокөлік қозғалысының жылдамдығын жолдың кез келген учаскесінде бақылауда ұстауға болады. Қысқаша айтатын болсақ, «Алаш» жүйесінің мәні мынада – көлікке орналастырылған жүйенің қадағасы (датчигі) маяк арқылы жылдамдықтың шектен асқанын көрсетсе, көліктің жылдамдығы мәжбүрлі түрде азаяды. Жылдамдықты қанша үдетемін дегеннен түк шықпайды, көлік шектен шықпайтын бұйрыққа бағынышты бола қалады. Бұл жүйені белгілі бір өңірдегі автоинспекция орталығы арқылы реттеуге болады. Тіпті әлгі жылдамдыққа қатысты көрсеткішті маяк арқылы тәулік сөткесіне, жолдың жағдайына, көріну деңгейіне байланысты өзгеріс енгізіп отыруға да болады. Мәселен, қала ішінде қалың тұман болса, бұрынғы «60-пен» шектелетін жылдамдықты «40-қа» да түсіруге болады. 40-тан қанша асырамын дегенмен жүргізушінің мұнысынан түк шықпайды, тәртіпке мәжбүрлі бағындыру деген – осы. Яғни патенттелген жүйені автокөлікке қондыру арқылы көлік жылдамдығы режимін бұзу қасиетінен айырылады. «Темір тұлпардың» иесі амалсыз тәртіпке бағынатын болады. Мұндай жүйе әмбебап болғандықтан, оны көліктің барлық түрлеріне арнап орната беруге де болады. Бұл ретте машина конструкциясына еш өзгеріс енгізілмейді. Ал бір орталықтан басқарудың өзі адами еңбекті алмастырып, компьютерлік жүйенің артықшылығын пайдалануға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, біз «Алаш» жүйесі арқылы бұған дейін жылдамдыққа қатысты пайдаланып келген электрондық өлшеуіштерді, радарларды, антирадарларды қолданыстан шығарып, жылдамдық тәртібін нақты сақтап, қадағалауға мүмкіндік береді. Ендеше, жол апатынан болатын адам шығынын да бірнеше есеге азайтуға болады деген сөз.
– Патентін алғаныңызға біраз уақыт болыпты. Ендеше, тәжірибе жүзінде неге қолданысқа енбей жатыр?
– Иә, қазақстандық патент бар. Дегенмен Дүниежүзілік патенттік ұйымның басымдығы бойынша бұл өнертабыстың біріншілігі Қазақстанға тиесілі болады және мен осыны басқа да ұйымға мүше 120 ел бойынша патенттеуім керек. Бұған 30 айға жуық уақыт беріледі. Әлгі басымдықты уыстан шығарып алмау үшін осы уақыт аралығында халықаралық патентке ие болуым керек. Сонымен, бір мезгілде жүйені жүзеге асыратын, тәжірибеге енгізетін өңір болуы керектігі рас. Ал ондай мүмкіндік бізде жоқтың қасы. Өйткені қазір мынадай өнертабысты бірден өндіріске ендіріп кететін жағдай жоқ Қазақстанда. Қалаға, өңірдегі аудан орталықтарына барсаң, мәселенің бәрі орталықтың қаулысына келіп тірелумен аяқталады. Әрине, мұнда, негізінен, әңгіме үлкен қалалар жайында болып отыр. Әйтсе де өзім Маңғыстау облысында жүйені сынақтан өткізсем бе деген ниеттемін. Өйткені бұл өңірде жылдамдықтан болатын апатқа қатысты проблемалар баршылық. Оның үстіне өңірдегі автокөліктер ары-бері ағылатын халықаралық жолдарда емес, көбінесе ел ішіндегі жолда қатынайтын көліктер болып отыр. Жұртын ойлаған әкімдер, өңір басшылары осындай ілкімді жаңалықтарға бой ұрса, осыны қолдаса деп ойлайсың. Өйткені адамның өмірін сақтаудан үлкен борыш бар ма?! Астанадағы 1-ші автопаркке барып, келісіп едім, құптайтын сыңай танытты. Жүйені қаланың ішкі жылдамдығын реттеу үшін ғана емес, сыртқы автомагистральдарға да орнатуға болады. Мәселен, қауіпті бұрылыстарда иесі үйреншікті әдетпен аяғын тежегішке жүгіртпей-ақ көлік автоматты түрде тежелетін болады. Екіншіден, қоғамдық көліктерге орнату міндетті түрде болуы керек деп ойлаймын. Өйткені «Алаш» жүйесінің негізгі көздейтіні – адамның амандығы.
– Шетелдіктер тарапынан қызығушылық бар ма?
– Әрине. Көпшілік шетелдіктер сатуымды сұрайды. Мен сата алмаймын. Делдал болғысы келетін арабтар да болған. Ал шетелдіктер сұрағанда алдымен «өз еліңде өмірге енуі қалай?» деп байқайды. Соны алға тартып, алдымен өзіңнен бастасаң, соның нәтижесін көріп барып алғысы келетіндер баршылық. Ал бізде, жоғарыда айтқанымдай, тәжірибеге енгізетін мүмкіндік жоқтың қасы. Сондықтан да өз күшіммен жүйені жүзеге асырудан басқа амалым жоқ. Осы мақсатта үкіметтік емес ұйым құрдым. Ондағы негізгі мұрат – қалайда «Алашты» іске қосу. Сол үшін алдағы уақытта Германияның батысындағы Аахен қаласында қордың филиалын ашпақ ойымыз бар. Өйткені өркениетті Еуропаға «Алашты» жақсылап бір танытып алу керек секілді. Бұған басты себеп – расын айту керек, Еуропа басқа жұртқа қарағанда адам өмірін бірінші орынға қояды. Оны күнделікті ісімен де дәлелдейді. Мәселен, Батыста кездейсоқ оқыс оқиғадан немесе өндірістік апат салдарынан қыршынынан қиылғандарға қатысты экономикалық-материалдық шығынды тәптіштеп зерттейді. Сосын көздері жеткендіктен ондайдың алдын алуға бас қатырады. Расымен, экономика әлеуетті болуы үшін оны көтеретін адам әлеуетінің мығым, денінің саулығы керек. Ал біздің статистика бойынша жыл сайын 3 мыңнан астам адам жол-көлік апатынан қаза тапса, 40 мыңға жуығы жарақат алады. Мүгедек болатындары қаншама. Дені сау, қол-аяғы бүтін азамат еңбек етіп, экономикаға қанша пайда әкелетін еді. Керісінше, жолдағы апаттан жарақаттанып, мүгедек атанып жатқандар мемлекет үшін де орасан шығын. Оның үстіне, қазіргі жағдай бойынша Қазақстан жол апатынан әлемде бірінші орында тұр. Әрбір мемлекеттегі адам әлеуетін, елдің сол әлеуетті ұқсатып үйлестіруден алатын пайдасын есептеп отыратын Дүниежүзілік банктің есебі бойынша соңғы бес жыл ішінде Қазақстан жол-көлік апатынан болатын өлім бойынша, әбден алаңдайтын деңгейде келеді. Ал біздің билік өзге жұртты алаңдататын мұндай мәліметті соншалықты мойындамайды, ол түгіл, бұның алдын алатын шараларды ұйымдастыруға да соншалықты пейіл бермейді. Тіпті статистикадағы алшақтықты алға тартып, өзінікін ұсынатындары бар. Рас, әлемдік статистика мен қазақстандық статистиканың арасында айырмашылық баршылық. Бұл да – мәселенің бұлыңғыр тұсы. Өйткені есеп жүргізудің түрі әралуан. Мәселен, жол апаты орын алса, халықаралық ұйым сол апаттан зардапқа түскендерді 30 күн бойы қадағалайды. Сол 30 күннің ішінде әлгі адам қайтыс болса, соны есепке алып, «жол апатынан қаза болды» деп есептейді. Ал біздің есептеу апатқа түскендерді жеті күн бойынша ғана есепке алады, сегізінші күні әлгі адам алда-жалда қаза болса, апаттан қайтыс болған деп статистикада көрсетілмейді. Мүгедектікке, мертігуге қатысты мәселе де солай. Шетелдіктер апаттан келген жапа шегуді, адами, материалдық залалды 30 күн бойы зерттеп, содан келетін шығынды тәптіштеп көрсетеді. «Жапа шегуші адам мертікті, сондықтан оған мұнша дәрі, мұнша дәке кетті. Оның алдағы денсаулығын түзеп тұруы үшін мұнша маман дәрігер соны қарауы керек, сосын мұншама тегін дәрімен мемлекет қамтуы шарт» деп санап шығады. Ал кейін сол адам мүгедектікке ұрынса, «мынау сұмдық болды ғой, жол апатының салдарынан атпалдай азаматымыз енді үйінде мемлекетке масыл болып отырады, оны мемлекет бағып-қағып, соған жәрдемақы төлейтін болды» деп шығынды ашып көрсетеді. Сосын мұндай орынсыз, жоспарсыз шығынды болдырмаудың қамын іздейді, алдын алуға қатты мән береді. Алдын алу шараларына қаржыны аямай құяды. Өйткені олар қыруар қаражаттың қаншалықты қайтарымы болатынын да есептеп қойған, біледі. Қарапайым тілмен айтсақ, осы. Бізге ең жеткіліксіз болып тұрған дүние де – сол. Ал онымен салыстырғанда қазақстандық статистика жаңсақтыққа көп баратыны бірден белгілі болып тұр емес пе? Ал ондай жаңсақтық, нақты көрсеткіштің бүркелуі кімге опа? Мемлекет те сол цифрға қарап, алданып жүр! Жалған көрсеткіштердің кесірінен бұл салада жағдай жақсарып келе жатыр екен деп, қаражатты да қымтайды осы салаға.
– Ал мына «Алаш» жүйесі әлгі көрсеткішті қаншалықты жақсартады?
– Қазақстанда жылына 3,5 мың адам өліп, 40 мыңға тарта азаматымыз жол үстіндегі көлік апатынан жарақат алуда. Мұндай жағымсыз көрсеткіштің «Алаш» жүйесін енгізу арқылы тең жартысын, яғни 50 пайызға дейінгісін төмендетуге болады. Менің есебім, болжамым бойынша солай. Тек қолданысқа кеңінен енгізілуі шарт. Әсіресе үлкен қалаларда, автомагистральдардың қауіпті учаскелерінде.
– Жүйенің «Алаш» аталуы неліктен?
– Жүйеге «Алаш» деп әуелгі айдар таққан адам – әкемнің жолдасы Ақселеу Сейдімбеков ағамыз еді. Марқұм жүйеге жақсы атауды сол кісі қойып кетті. Үйге келген бір сәтінде әңгімелесіп отырып осы өзімнің өнертабысым туралы айттым, қалай жүзеге асатынын, не пайдасы болжанатынын бәрін көрсеттім. Сонда жұрттың есінде қалатын, халықаралық патенттеуді ойлағандықтан, латынша жазылуы да оңай әрі айтуға жеңіл болса екен деген тілекпен «ат тауып берсеңіз» деп қолқалаған едім. «Ендеше, жүйеңнің аты «Алаш» болсын. Жүзеге асса, тәжірибеге енсе, адам өмірін сақтайтын кәдеге жараса, әлемді мойындатсаң, сосын 5-10 жылдан соң дүние елінің бәрі «Алашты» мойындап, енгізе бастаса, міне, неткен мақтаныш, қандай мәртебе?! Ардақталатын ұлттың атын әлемге осылай шығарса керек-ті», – деді. Мен құп көрдім. Өзіме де, басқаларға да осы ат ұнады. Расымен, кейін «Алаш» жүйесі әлемге әйгілі болып жатса, ұлттық брендіміздің атауы «Алаш» деп айқайлап тұрса, қандай жақсы болар еді деп ойлаймын.
– «Ғылым туралы» жаңа заңнан кейін өнертабыстарды өндіріске енгізуде қандай да бір алға жылжушылықтар баршылық па? Неге көңіліңіз толмай жүр?
– Әрине, жаңа заңда жақсы жаңалықтар көп ақ. Бетбұрыс көрінісі бар. Дегенмен ғылымның өзі өнертабыстан тұрады. Ал өнертабыс тәжірибеге еніп, елге қызмет етуі, пайдасын беруі керек. Болмаса құры «өнер таптым!» деп айқай салғаннан не ұтамыз. Біздегі жағдайға келетін болсақ, Қазақстанда ғылымға қарай бюджеттік бетбұрыс түбегейлі өзгерген сыңайлы. Алайда шенеуніктердің көзқарасы өзгерген жоқ, бәз баяғы. Сол бюрократтық қалпында қалып тұр. Өйткені, мінеки, Үкімет бюджеттен қыруар қаржы бөліп жатыр. Мәселен, былтырдың өзінде ғылымға қатысты 1 млрд 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде өнертапқыштарға 300 млн-ға тарта теңге жұмсалатын еді. Алайда әлгі қаражаттың өзі толықтай сол өнерді табатындардың қолына тигеніне көз жеткізе алмайсыз. Сөз жүзінде бәрі жақсы. Нақты іс жүзіне асыруға келгенде кедергілер әлі де баршылық. Соның кесірінен өнертабыстың бәрі бірдей жарты жолда тұралап, тек бірлі-жарымы ғана кейінгі өмірде қолданысқа енгізіліп жатыр. Оның үстіне, Қазақстанда өндірістік база әлсіз. Білімді мамандар тапшы. Мәселен, «Алаш» жүйесінің нұсқасының өзін елімізде толықтай жасап шығару мүмкін болмады. Сосын Украинаға тапсырыс беру арқылы ғана шығардым. Елімізде микроконтроллердегі радиоэлектронды қондырғыны тапсырыс арқылы орната беретін маман тапшы, жоқ десе де болады. Оны айтасыз, тіпті Астанада радиоэлектронды бөлшектер тауарларын сататын дүкен жоқ. Осындайлардың өзі қытайдың арзанқолынан шыққандар әрі тегіс даярланып сатылатын дүниелер болып отыр. Дегенмен қазір инновациялық дамуға бетбұрыстың белең ала бастаған кезеңі ғой. Инновациялық сілкініссіз жөңкіле даму болмайтынына көз жетті. Осы дұрыс жол. Әйтсе де ең алдымен қоғамның менталитетін өзгерте түссек екен. Солай болса, инвесторлар тарапынан қызығушылық әрқашан болады, инновация да енеді.
– Сіздің жүйеңіз бір жағынан жол полициясы қызметкерлерінің шаруасын атқаратын секілді. Осыны дәл жол қауіпсіздігімен айналысатын мамандарға көрсеттіңіз бе?
– Жоғарыда айтқаныммен сабақтасып тұр ғой, қоғамның менталитетін өзгертпей, құры полицияның санын көбейткенімен, жол апатының басқа қырынан алмасақ, адам өлімін төмендету мүмкін емес. Менің айтып отырғаным инновацияны, технологияны енгізуге қатысты ғой. Сондай ілкі дүниелерді енгізсек, қоғамның дерті болып отырған сыбайлас жемқорлықты да қысқартатын едік. Ал қазір МАИ-дың жұмысы не? Жол қозғалысын қадағалайды, ереже бұзғанға айыппұл салады. Сол айыппұл мемлекет қазынасына түседі, содан айналып барып бюджет арқылы қайтадан сол полицияның қалтасына еңбекақы болып келеді. Сосын айыппұлдың сыртынан «бармақ басты» жолымен ақша табады. Бұны жоюдың жолдарын айттық қой. «Алаш» жүйесі енсе, оған адамның араласуы азаяды, ендеше, сыбайластықтың да жолы кесіледі. Сала қызметкерлеріне барып сөйлестім, көпшілігі (арғы жағында өздерінің жұмыссыз қалатынын еске алатын болуы керек) сырттай ғана қолдау білдіреді. Расымен, қала ішінде жылдамдықты 60-тан асырмайтын мұндай жүйе орнатылса, жолда тәртіп болады, тәртіп болған жерде апат та азаяды. Ендеше, МАИ жұмыссыз қалады деген сөз.
– Өнертабыс саласында тағы қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Мен өзім осыдан тоғыз жыл бұрын жол-көлік апатына түскенімді айттым ғой. Сондықтан да кейінгі жылдары осы апаттың алдын алуға қатты көңіл бөліп жүрмін. Өнертабысымның көпшілігі осы салада. Соның тағы біреуіне кеңірек тоқталып өтейін. Қазіргі МАИ қызметкерлері пайдаланатын жүргізушінің ішімдік ішкенін анықтайтын құралы қымыздан «ұрттаған» адамды да ішкен қылып көрсетеді. Ал егер сол түтікшеге нашақор немесе жүйке жүйесіне әсер ететін әлдебір психотропты затты қолданған адам үрлесе, ол ештеңені көрсетпейді. Әйткенмен есірткіге еліккен нашақор рульге отырса, одан келер қауіп те зор. Сол сияқты ұзақ жолдан шаршап келген ауыр жүк көлігін жүргізушінің дем алмастан тағы да жолға шығуының қатерлі екені белгілі. Алайда оның шаршағанын, нашақордың жағдайын көрсететін құрал бар ма? Мүмкіндік болғанша сол адам отырған көлік жүрмеуі шарт. Ал мен ойлап тапқан өнертабыстың бір түрі – адамның қандай күйде екенін анықтайды. Ешқандай иіскемей-ақ, алдындағы адамның әрекетіне алданбайтын бұл құрал да жол қауіпсіздігі үшін керек. Егер жүргізушінің әлдебір себептерге байланысты жүргізу қабілеті төмендесе, көлікке орнатылған қондырғының дабылының арқасында көлік әрі қарай «жүрмей қояды». Сонда көлік те, жүргізуші де, жаяу жүргінші де дін аман. Енді бір ноу-хау – көлікті жүргізуге қолында сенімхаты жоқ, болмаса ұрлық ниетімен отырғанда көлікті жүргізбей қоятын құрылғымыз да баршылық.
– Сіздің осы «Алаш» жүйесіне атқарушы билік тарапынан қолдау табылса деген тілегіңіз бар секілді...
– Әрине. Дегенмен Үкіметтің бір өзі қоғам алдындағы проблемамен күресіп еш жеңіске жете алмайды. Бұған, ең алдымен, қоғамның өзі, бүкіл қазақстандықтар мән беріп, қарсылығын танытуы шарт. Ал мен қоғамдық пікірді қалыптастыруға ұмтылатын ұрымтал тұсты осы саладан іздедім. Жол апатынан құрбан болған адамдар санының көбеюі – «Құдайдың қаһарынан» болып жатқан дүние емес, керісінше, өзіміздің салғырттығымыздан туындап отырған мәселе. Соған қоғамның назарын аудартқым келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жол-көлік оқиғаларынан жылына 1,3 млн адам қаза тауып, 50 млн адам түрлі дәрежеде жарақат алады немесе мүгедек болып қалады екен. Мәселен, біздің жақын көршіміз Ресейде 2007 жылғы деректер бойынша 33 308 адам көз жұмып, 292 206 адам жарақаттанған. Одан келген экономикалық шығын 34 миллиард АҚШ доллары көлемінде болса, біздің елімізде бұл шығын мөлшері 3,5 миллиардты құраған. Ендеше, жол апатын болдырмаудың жолы қайсы?! Мәселе – сонда. Ізденіс те осы тұста тұр.
Датым бар...
БҰҰ әлемнің әрбір мемлекетіне дүниежүзінде болып отырған жол апатымен күрестің онжылдық іс-қимылдар жоспарын жасауға, оны толық жүзеге асыруға үндеді. Яғни БҰҰ әрбір мемлекетті алдағы он жыл бойы жол-көлік апатынан болатын адам өлімімен күресуге шақырады. Жол апаты – дүниежүзілік деңгейде алаңдайтын проблема. Өйткені алдын ала болжаулар бойынша алдағы онжылдықта жол-көлік апатынан қайтыс болатындар саны 6-8 пайызға өсіп отыратыны айтылады. Біздің мұратымыз – кісі өлімін барынша азайту. Биыл 100 апат болса, 10 жылдан кейін 180 апат болады деген сөз. Сондықтан еш әрекет болмаса, адам жанын алатын апат саны арта берері анық. Ал ондай көрсеткішті ең алдымен әлем бойынша алдыңғы орында тұрған Қазақстан төмендетсе дұрыс болар еді.
Автор: Қанат Қазы
http://www.alashainasy.kz/person/26185/