Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 6696 39 пікір 2 Қазан, 2019 сағат 11:26

Кім масыл?

Қазіргі таңда қазақ билігінің «хас жауы» — құқығын қорғай білетін қарапайым халық болып отыр. Біздің шенділерге етінен ет кесіп алса үн шығармайтын жуас жұрт керек. Әкімді көрсе басы салбырай қалатын момын халыққа әңгір таяқ ойнатып үйренгендер, Заң бойынша құқығын талап етушілерді атарға оқ таппай жүр.

Біздің биліктегілердің күндізгі арманы, түнгі түсі — халықтың қараңғы болғаны, басы бірікпей жақ-жақ болып өзара қырқысқаны, үкіметтің айтқанына көніп айдағанына жүргені, аш отырса да құлағы тыныш болғанына шүкірлік айтқаны. Шенділер осы үшін барын жасауда. Барша ақпарат құралдарында дүбәралық пен дүмшелік, қалтырағандар мен жылтырағандар жарнамаланып жатыр. Осы арқылы халықтың көзі алышмағанын, құқығын білмегенін қалайды.

Алайда, соңғы кездері қазақ билігін тәтті түсінен шошытып оятқан оқиғалар орын алуда. Қазақ жаңа ғасырға қадам басты. Бірігіп билікке талап қоюды күшейтті. Бұрынғыдай жалынып-жалпайып емес, Заңа сүйене отырып «ақырып теңдік сұрай» бастады.

Осының бір көрінісі — көпбалалы аналардың талабы. Жүйесіз саясаттың салдарынан аз табысқа ғана арқа сүйеп, тұрмыс өресі төмендеген отбасыларға үкімет жәрдем беруге міндетті. Қазақстан сынды жері байтақ, байлығы мол, жансаны аз ел үшін көпбалалы аналарға қолдау көрсету тіптен кезек күттірмейтін шаруа. Бұны алғашқыда билік иелері де мойындаған. Көпбалалы отбасыларға бар жағдайды жасаймыз деп уәдені үйіп-төккен. Тіпті әр балаға 21 мың теңгеден әлеуметтік көмек бере бастаған.

Алайда, халықтан алуды ғана біліп, беруді мүлде ұмытқан билік бұған да шыдамай қалды. Жаңағы 21 мың теңгені алғысы келген отбасының тауығына дейін санап, әбден әуреге салды. Сондағы ойлары амалын тауып әлеуметтік көмектен қағу болатын. Олардың өкінішіне орай, елде тауық түгіл торғайы да жоқ отбасылар өте көп болып шықты. Қанша жерден «май шам алып тексерсе» де бұл көмекті алуға шарты толатындар саны аз болған жоқ. Сөйтіп, жемқорлардың құлқынынан аман қалған аз ғана бюджеттің бүйірі көріне бастағандай.

Пайдасы аз LRТ салуға 576,0 млрд теңгені еш ойланбастан бөлетін билік көпбалалы аналарға 21 мың бергісі келмей қалды. Сонымен, үлкенді-кішілі жиналыстарда әкім-қаралар халықты өз күнін өзі көруге үгіттей бастады. Үкіметке масыл болмауға шақырды. Тіпті ұятты жиып қойып «баланы өздерің үшін таптыңдар, өздерің бағыңдар» дегенді ашық айтты. 

Билік басындағылар елдегі жағдайы төмен отбасыларды барынша жағымсыз бейнеде көрсетіп, оларды қоғамның масылы ретінде танытуға тырысып жатыр. Тіпті әлеуметтік көмек сұраған көпбалалы аналардан «халық жауын» жасауға талпынып жүр. Басы біріккен халықтың арасына от тастап, «жағдайы төмен отбасыларға көмек берсек, өзге жұмыс істеп, салық төлеп отырған халық наразы болады» деген аңыз ойлап тапты.

Мемлекеттен көмек сұрағандарды «масыл» деп жүргендер министр, депутаттар ғана емес. Биліктің сойылын соғатын елге белгілі адамдар да осы әдіспен қарапайым халықты тұқыртуда. Баспасөзде де көпбалалы аналарды қаралайтын мақалалар қаптап кетті. Телебағдарламалар да биліктің сөзін сөйлеп, аналарды шуламай тыныш жүруге шақыруда. «Жұмыс істеймін деген адамға, екі қолға бір күрек табылады, намыс керек» деген секілді сөздермен халыққа қалай өмір сүруді үйреткісі келетіндер күннен күнге көбейіп келеді.

Одан да жиіркеніштісі, жақында әлеуметтік желіде «пиво ішіп отырған көпбалалы аналар» деген видео жарияланды. Кім түсіргені белгісіз бейнежазбада бірнеше көпбалалы ана ішімдік ішіп, әңгіме соғып отыр. Шын өтірігі белгісіз. Осындай амалдар арқылы қолы қысқа көпбалалы аналарды қоғамға жеккөріншті ертіп көрсету әрекеттері қарқынды жүрілуде...

Көшеге шыққан көпбалалы аналарға қысым көрсетудің тағы бір жолы - Заң арқылы қорқыту болып отыр. Жақында ғана Қарағанды облысы әкімдігі көпбалалы аналарды сотқа сүйреп жатқан көрінеді. Тіпті бір-екеуін сотта "жеңіп шығыпты". Анықтап айтқанда, Шахтинск қалалық соты жеті баланың анасы Назгүл Сәрсенбаева табысын жасырды деп есептеп, үкіметке 517 мың теңгені кері қайтаруға шешім шығарыпты. Ұят!

Жеті балалы отбасының отағасысы қоқыс шығару қызметін көрсететін фирмада күзетші болып жұмыс істейді екен. Оған қосымша қыста мектепте от жағатын көрінеді. Осындай жұмыспен 9 адамды асырап отырған әке мен 7 баланы жеткетеп жүрген анаға алтыннан ескерткіш орнатса да жараспай ма?! Ал бұлар оларды сотқа тартып, үкіметке төлем төлетпекші. Миллион долларды қалтаға басып жатқан жерінен қолға түскен шенді түрмеге отырмайды, ал өз елінен алған бес тиыны үшін қара халық сотқа тартылады. Ұят!

Әрине, ел болған соң тентегі мен тексізі де болады. Демек әлеуметтік көмекті орынсыз алып отырғандар да бар болуы мүмкін. Табысын жасырған отбасылар жайлы айтқанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің екі етегі жасқа толады. Олардың есебінше, әлеуметтік көмекті заңды түрді алып отырғандардан, жалған құжатпен алғандар көп. Сол үшін табысты қайта тексеріп жатыр, қаншама мұқтаж жандарды көмектен айырды, талайын ақшаны кері қайтаруға міндеттеді.

Егер табысын жасырғандар рас болса, осындай заңсыздыққа жол берген кім? Қарапайым халық жалған құжатты қолдан жасамайды ғой. Сол құжатты дайындаған да, оны қабылдаған да құзырлы органдардың өзі. Ендеше не үшін осыған жауапты мекемелер жазадан құтылып, халық қана кінәлі болып отыр?! Таяқтың екі ұшы бар екенін білмейтін билік халықты кінәлаймын деп өз бастарына таяқтың екінші ұшы тигенін аңғармай қалды. Бірақ беті қалың қазақ билігі бұған ұяла қоймайды. Адамның ақылына сыймайтын бір сылтауды ойлап тауып, тағы да жаңбырдың арасынан су болмай шығады...

Құрметті билік басындағылар: көпбалалы аналардың бәрі үкіметтен көмек сұрап жүрген жоқ. Тек тұрмыста таршылық көргендер ғана биліктен бір қайыр күтеді. Сондықтан, жақсы табыс тауып, өздерін асырап отырған аналардың ауызына сөз салып, өзгелердің намысына тигенді қойыңыздарыңыз жөн.

Үкіметтен көмек сұраған аналар намыссыздықтан, жалқаулықтан солай жүрген жоқ. Біріншіден, біздің елдегі жұмыссыздық мәселесі өте ауыр. Бес бала тауып үйде отырған аналарды қойып, екі-үш диплом арқалаған жастардың өзі жұмыс таппай сенделіп жүр. Екіншіден, жаңағы үйде отырған көпбалалы аналардың күйеулері құрлыста, базарда аз айлыққа жұмыс істеп жүр. Тіпті кейбірінде ол жұмыс та жоқ. Айлығы шайлығына да жетпейді.

Бүгінгі қазақ қоғамының қиын күйіне билік басындағылар кінәлі. Айналдырған 12 миллион (ересек адамдар) халықты жұмыспен қамти алмай отыр. Неге жұмыспен қамти алмайды? Себебі елде өндіріс орындары жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да Қазақстанда өндірілген өнім жоқтың қасы. Халықтың күнделікті тұрмысына керекті заттардың өзін көршілерімізден үстеме бағаға сатып алып отырмыз. Осындай жағдайда жаңа техинка шығарып, дамыған елдермен өзеңгі қағыстыру жайлы айтудың өзі артық.

Сонымен, нағыз масыл, нағыз жалқау кім болды? Әрине 30 жыл бойы жер ананың кен-байлығы мен халықтың маңдай терінің арқасында ғана күн көріп отырған босбелбеу билік масыл! 30 жыл бойы бір техника шығармай, халықты қамдайтын бір өндіріс орнын ашпай, ен даланың байлығын оңды-солды сатып шалқып отырған билік масыл! Халық 30 жыл бойы масыл билікті аузындағы асын жырып беріп бақты. Ал енді сол билік халықтың өз қазынасын өзіне қимай, «масыл» атандырып отыр.

Қазба байлығының көптігі мен жер көлемінің кеңдігінен ғаламды таңғалдыратын Қазақстанда көптеген адам үпі-тапы күн кешіп жатыр. Ресми мәліметте ел халқының 2,6 пайызы кедейшіліктің шегінде өмір сүреді делінгенмен, бұл статистикаға ешкім сенбейді. Статистиканың «мұздай» болғанына ғана мән беретін қазақ билігі ел халқының кем дегенде тең жартысы кедейліктің құйына батып жатқанын мойындамай отыр. Дүниежүзілік банктің есебінше, халықтың күндік табысы 5.5 доллардан төмен болса, ол кедейшіліктің шегіне таяу тұр дегенді білдіреді. Ал біздің елде бұндай табысты армандап қана жүргендер аз емес. Ендеше, елді осынша кедейлестірген биліктің халықты «масыл» деуге қанша қақысы бар?...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

39 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364