Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2948 0 пікір 4 Тамыз, 2011 сағат 20:20

Айдос СӘДУАҚАСОВ. Қоғамның рухани негізі мықты болмаса, экономика осалдық таныта береді

Кенжеғали САҒАДИЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор, академик:

Кенжеғали САҒАДИЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор, академик:

- Кенжеғали Әбенұлы, кеше ғана елімізде Еуразия құрлығын ен жайлаған алты мемлекеттің басын біріктіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдық мерейтой­лық саммиті өтті. Өзіңіз бір мақала­ңызда француз ойшылы Жан Моне­нің «тығыз одақтасудың тетіктерін жасау жолында мүмкіндігінше алысқа барыңдар, бірақ тәуелсіз­дікке қол сұқпаңдар» деген қанатты қағидасын мысалға алыпсыз. Сіз­дің­ше, Тәуелсіздігіне небәрі 20 жыл толған Қазақстанның империялық амбициясы басым Қытай мен Ресей секілді елдермен одақтасуының пайдасы зор ма әлде мұның да қаупі бар ма?

- Әрине, пайдасы зор. Дей тұрғанмен, фра­н­цуз ойшылының айтқан сөзін жады­мыздан еш шығармағанымыз жөн. Құдайға шүкір, Қазақстан - Тәуелсіз мемлекет. Бірақ Тәуелсіздігімізді баянды етуге еліміздің ішкі тұрақтылығымен ғана қол жеткізе алмай­мыз. Өйткені біз мың құбылып жатқан әлемнің бір бөлшегіміз. Оның үстіне үшінші мыңжылдықтың басталуымен дүниежүзінде ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар, саяси-әлеуметтік шиеленістер қарқын алып кетті. Экстремизм, терроризм, сепаратизм, есірткі және қару-жарақ тасымалы секілді бір ел түгіл, бүтін бір құрлықтың мазасын қашыратын жағдайлар Еуразия құрлығын­дағы елдерге, оның ішінде Орталық Азияға да қауіп төндіруі мүмкін. Тамыры тереңде жатқан мұндай қауіп-қатерлермен күресуде бір ғана мемлекеттің саяси-әскери күш-қуатының дәрменсіздік танытатыны сөзсіз. Осыған байланысты Қазақстанның 2001 жылдың 15 маусымында Қытайдың Шан­хай қаласында құрылған ұйымға мүше болуы мемлекетіміздің ұлттық тәуелсіздігін және аймақтағы бейбітшілікті сақтауға жасаған қадамы деп түсінуіміз керек. Бұған қоса Еуразия құрлығының 60 пайызын, әлем халқының төрттен бірін құрайтын ірге­лі ұйым аясында интеграциялық байланыс­тар орнатудың экономикалық пайдасы да зор. Осындай байланыстың арқасында болар, біз аталған елдермен тату көршіміз. Сондықтан да бұл ұйым еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына үлкен ықпалын тигізіп отыр деп айта аламын.

- Қазақстан - былтырдан бері Кеден одағына да мүше. 2011 жыл­ғы 1 шілдеден бастап Кеден одағы шеңберіндегі жеке азаматтардың шетелден әкелетін автокөліктері үшін төлейтін баж салығы артты. Дағдарыстан енді ес жия бастаған еліміз үшін Кеден одағына кіріп, осындай қатқыл шараларға бару қаншалықты тиімді деп ойлай­сыз? Кеден Одағы шеңберінде Қазақ­стан үшін шешімін таппаған мәселелер бар ма?

- Өткен жылдың ортасынан бастап Қа­зақ­стан Ресеймен, Беларусьпен Кеден одағына кірді. Кеден одағы құрылғалы бері ел арасында әр түрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбірі негізсіз де емес. Мәселен, баж салығы көтеріліп кетті. Осы елдерден келе­тін көптеген тауар түрі бойынша біз Ресейдің баж салығының деңгейіне жете қойған жоқпыз. Мұның қымбатшылыққа, инфля­ция­ға әкеліп отырған жағдайы бар. Мұны жасыра алмаймыз. Шетелден көлік сатып алып, шекарадан өте алмай қиналған 3 мың­дай Қазақстан азаматының жағдайын да түсінуге болады. Өйткені 1 шілдеден бас­тап кедендік баж салығы бес есеге қымбат­тады. Жалпы, Кеден одағы төңірегінде шешімін таппаған бірқатар мәселе бар. Жақында ғана біз Мәжілісте экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Сейдахметқызын шақырып, осы мәселелер­ді бір үстел басында отырып талқыладық. Біз осы мәселеге қатысты ұсыныстарымызды министрге айттық. Ал «Кеден одағы тиімді ме» деген сұраққа келер болсам, нарық заманында өндірістің тиімді болуы үшін тұтынушының саны да көп болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде, біздің халқымыз аз, ал Кеден одағы аясында 175 млн халық бар. Бұл дегеніміз - біздің тауарларымызға сұраныс артып, жалпы тауар айналымының кеңістігі кеңейеді деген сөз. Расында да, Қазақстанның тауар айналымының артып жатқан жағдайы бар. Мысалы, тамақ өнер­кә­сі­бінің өнімдері осы елдерге сатылуда. Тағы бір жақсы жаңалық, көптеген ресейлік кәсіпкер өз кәсіпорындарын Қазақстанда ашып жатыр. Менің білуімше, қазірдің өзін­де олардың саны - 30 шақты. Мұның себебі неде? Бұған біздің инвестициялық климаты­мыздың қолайлылығы өз әсерін тигізіп отыр. Ресейліктерге біздің салық жүйеміз жеңілдеу сияқты. Сондықтан да алдағы уақытта осы үш ел бірімен-бірі бәсекеге түсе­ді. Қайсысының бизнес ортасы қолай­лы, инвестициялық климаты тиімді, салық жүйесі жеңіл, соты әділ, қай жерде бюро­кра­тия аз - соған сәйкес бәсекенің көрігі қызбақ. 2012 жылдан бастап осы елдермен Біртұтас экономикалық кеңістік құрғалы жатырмыз. Бұл дегеніңіз: осы кеңістік шең­берінде қай елге барып, бизнесімді дөңге­летемін десеңіз, оған да есік ашық. Тек қо­лың­нан іс келсе, болғаны. Неге десеңіз, біздің еліміздегі заңнамалық, инвестиция­лық, салық жүйесіндегі ахуал тиімді болған­да ғана сол елдің кәсіпкерлері бізге келеді, ал олай болмаса, олар басқа жерге бара­ды.

- Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 2010 жылы 2009 жылға қара­ғанда 20-25 пайызға азайған. Сіздің ойыңызша, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қандай шараларды қолға алу керек?

- Рас, елімізде инвестицияға деген тап­шы­лық бар. Өзіңіз білесіз, заман бұрынғы­дай емес. Әлемдік қаржы дағдарысынан шығу үшін әрбір мемлекет қаржы саласына қаншама қаржы құйды. Содан болар, қазір әлемде бұрынғыдай ағыл-тегіл, басы артық қаражат жоқ. Біздің елімізге инвестицияның келмей жатуының бір себебі осында болса керек. Екіншіден, атам қазақ «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, біздің банктер шетел­ден қарызды жаппай алды да, енді дағда­рыс­тан әлі күнге дейін толықтай шыға алмай отыр. Отандық банктердің ірі-ірі активтері әлі күнге жұмсалмай отыр. Зерттеулерге сүйенсек, қаржы дағдарысының біздің банктерге теріс салдары екі жылдан бес жыл­ға дейін созылуы мүмкін. Оған қоса шетелдік инвестициялық қорлар мен банктер біздің банктерге қарызды көп бермейтін де болды. Өйткені біздің банктер олардың алдындағы өз беделінен айыры­лып қалды. Өзіңіз білетіндей, Үкімет «БТА», «Альянс» және «Темірбанктердің» қаржы жүйесін қайта құрылымдауға біршама қаржы жұмсады. Соның нәтижесінде қазақ­стандық банктердің шетелдік ұйымдарға берешегі біршама азайды. Бұл үдеріс ел экономикасына өз көлеңкесін тигізбей қой­ған жоқ. Бұл - бір. Екіншіден, мемлекеті­міз шетелден инвестицияны көп тартуға сонша­лық­ты мүдделі де емес. Өйткені өзіміздің банк жүйемізді реттемей, тәуекелділік менеджментін қалыптастыр­майынша, шетелден қаржы тарта берген дұрыс емес. Үшіншіден, өз басым шетелден инвестиция неге келмей жатыр деп қатты қайғыратын адам емеспін. Олай ойлауымның бір емес, екі себебі бар. Біріншіден, біздің еліміздегі банктерде жұмсалмай тұрған 12-13 млрд АҚШ долларындай қаражат бар. Бұл аз ақша емес. Бұл қаражат өзінің жұмсалатын орнын таба алмай тұр. Біз банктерден неге осы қаражатты жұмсамайсыңдар, неге халыққа несие бермейсіңдер деп сұраймыз. Сонда олар «біздің елімізде несиеге сәйкес келетін жоба жоқ» деп жауап береді. Көр­ді­ңіз бе, біз несиені кезінде беріп-беріп, енді қайтара алмай отырмыз. Соның салдарынан қазір біз үлкен күйзеліс үстін­деміз. Енді біз несиеден пайда түсіретін жоба болғанда ғана оны терең сараптаудан өткі­зіп барып беруге шешім қабылдап отырмыз. Инвестицияға зәрулікті көрмеуім­нің екінші бір себебі, қазір еліміздегі зейнетақы қор­ларының өзінде біршама қаражат жиналып қалды. Инфляция көрсеткіші жылына 7-8 пайыз­ды құраса, зейнетақы қорларының табыстары жыл өткен сайын одан да құл­ды­рап барады. Осы қаржыны да инвестиция ретінде жұмсауға болады ғой деп ойлай­мын. Қазір біздің Ұлттық қор мен Ұлттық банктің резервінде 80 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржымыз бар. Біз соны қайда ұстап отырмыз? Біз ол қаржыны шетелдік банктерге 3-5 пайыздық мөлшерлемемен салып қойдық. Менің ойымша, осы қаржы­ның дағдарысқа қажетті мөлшерін ғана банктерде қалдырып, қалғанын үдемелі индустриялық-инновациялық даму шеңбе­рін­дегі жобаларға жұмсаған жөн. Президент те бір кездері осыны айтты. Мен ол кісінің ойымен толық келісемін. Өз қаржымызды, ақшамызды шетелдерде қаттап-қаттап жинай бергенше, соны өз керегімізге, әсіре­се өңдеуші өндіріс саласын қайта құруға жұмсау керек.

- Өзіңіз білесіз, еліміздің экономикасын әртараптандыру мақсатында кәсіпкерлердің өңдел­ген тауарларды сыртқы нарықтарға экспорттауға байланысты кеткен шығындарының 50 пайызын өтейді. Алайда, бір әттеген-айы, осы мүмкін­дікті пайдаланушылар өте аз болып отыр. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

- Мұның ең басты себебі - экспортқа шығаратын тауар түрлері мен көлемінің аздығында. Елімізде экспортқа шығатын тауарлар мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Жақында ғана біз бір топ депутат болып, Премьер-министрдің орынбасары Әсет Исекешев бастаған жұмыс тобының құра­мын­да Семей мен Өскемен қалаларына барып қайттық. Бұл қалаларда жаңа техно­логия негізінде жұмыс істейтін өңдеуші өндіріс орындары ашылыпты. Бұлардың кейбірі өз тауарларын шетелдерге экспорт­тайды екен.

Ал неге экспорттық әлеуетіміз әлсіз де­генге келер болсам, экспортымыз арту үшін бізде сапасы жағынан бәсекеге қабілетті тауарлар көп болуы керек, сонда ғана шетел нарығына шыға аламыз. Бұл тұрғыда мем­ле­кетіміздің экспорттаушылардың 50 пайыз шығынын өтеуін жақсы ойластырыл­ған бас­тама деп есептеймін. Мемлекеттік Үде­мелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде былтыр - 152, биыл соған шамалас кәсіпорындарды іске қосамыз деп отырмыз. Алайда бұлардың технологиялық деңгейі, экспорттық әлеуеті әзірше мәз емес. Келесі жылдары елімізде технологиялық негізі, инновациялық мүм­кін­дігі зор кәсіпорындар салына бастайды. Әрине, осы кәсіпорындар іске қосылғанда барып біздің экспорттық әлеуетіміз артатын болады.

- Еліміздің дамуын еселейтін экономикалық көрсеткіштердің бірі - еңбек өнімділігі. Еңбек өнімділігі жоғары болуы үшін елімізде адами капиталды дамыту керек. Ал адам капиталы адамдардың өндіріс процесіне қатысу кезіндегі қабілеті мен біліміне, еңбек ету дәрежесіне негізделеді екен. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы еңбек өнімділігінің деңгейі төмен болып отыр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Мұның негізгі себебі адами факторда деп ойлаймын. Дамыған Америка Құрама Штаттарында адами фактордың тиімділігі 1,45 % болса, бізде оның көрсеткіші - 0,29 %. Бұл дегеніңіз біздің адами фактордағы тиімділігіміз америкалықтардан бес есе төмен дегенді білдіреді. Басқаша айтсақ, жан басына шаққанда, Қазақстанда жылдық еңбек өнімділігі 17 мың долларды құрайды, ал дамыған елдерде ол - 90 мың доллар, яғни бес есе көп. Ауыл экономика­сына келсек, онда қызмет істеген 20 адам­ның жылдық табысын озық мемлекеттерде бір ғана жұмыскер бере алады екен. Мұның барлығы, түптеп келгенде, еңбек өнімді­лігі­мен тікелей байланысты. Біздің артта қалуы­мыздың көптеген себебі бар. Мұндағы ең басты себеп біздің технологиялық кешеуіл­деуімізде жатыр. Еңбек өнімділігін арттыра­тын жаңа технологиялар бізде өте аз, тіпті кейбір салаларда жоқтың қасы. Жаңа техно­логиялық жаңғыртуды неге біз өзіміздің ұранымыз деп отырмыз? Себебі еңбек өнімділігін арттыру үшін. Екінші бір мәселе - адами факторда. Адамның өзін дайын­дауымыз керек. Мысалы, бізде бір кездері орта буын мамандар даярлайтын кәсіптік-техникалық училищелер болды. Олар элек­трик, дәнекерлеуші, тігінші, аспазшы, сан­тех­ник секілді кәсіби мамандарды даярлап шығаратын. Оларды біз әлгі училищеде, кейіннен өндіріске барғанда қайта даяр­лайтынбыз. Ал енді қазір шетелде мұндай мамандарды жаңадан жарақтандырылған оқу орындарында даярлайды. Біз бұған енді-енді ғана бет бұрып жатырмыз. Яғни дамыған елдерде еңбек өнімділігін артты­рудағы мамандардың кәсіби дайындығы зор. Сондықтан біз маман даярлау саласына инвестиция құйып, шетелдердегідей жаңа үлгідегі оқу орындарын құрып, білімді кадр­­­лар шығаруға қатты мән беруіміз керек. Сонда ғана еліміздің дамуы қарқын алады. Біздің елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңбе­рін­де алдағы он жыл ішінде еңбек өнім­ділігін арттыру, яғни жалпы экономикада - екі есе, агроөнеркәсіптік кешенде төрт есе өсіру көзделуде. Аталмыш кешенде алғаш­қы бесжылдықтың өзінде еңбек өнімділігін екі есе арттырып, халықтың азық-түлікке деген сұранысының 80%-ына өз ауыл шаруашылығымызда өндірілген өнімдерді терең өңдеу арқылы қол жеткізуіміз керек.

Біздің елімізде «Еңбек өнімділігі - 2020» атты мемлекеттік бағдарлама бар. Осы бағытта да Үкімет бірқатар жұмысты қолға алып жатыр. Егер еңбек өнімділігін арттыру үшін жоба жасап, оны іске асырсаң, мемле­кет саған мынадай-мынадай демеу береді  деген секілді жоспарлар қамтылған. Біздің еліміз алдағы он жыл ішінде дамыған ел­дер­дегі еңбек өнімділігінің ең кем дегенде 60-70 пайыз деңгейіне жетуді көздеп отыр. Бұл бағытта Президентіміз биылғы Жол­дауын­да 2010-2020 жылдардағы страте­гия­лық жоспардың мақсаттарын былайша санамалап берді: Бұл дегеніміз, алдағы 10 жылда жалпы ішкі өнім көлемі кемінде 30 пайызға артып, өңдеуші салалардағы өсім игеруші салалар деңгейінен асып түседі, ал экономиканың шикізаттық емес секторына салынатын отандық және шетелдік инвес­ти­ция кемінде 30 пайызға артады деп күті­луде. Осы нәтижелерге қол жеткізу үшін 2014 жылға дейін елімізде жалпы құны 8,1 трлн теңгені құрайтын 294 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады.

- Жақында елімізде өткен Ислам экономикалық форумында Елбасы Н.Назарбаев Ислам конференциясы ұйымы аясында азық-түлік көмегін көрсету жүйесін құруды және оның штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруды ұсынған еді...

- Бұл - өте дұрыс бастама. Әлемде өте кедей тұратын 49 ел болса, соның 22-сі мұсылман елдері болып саналады. Бұл елдердің көбінің тұрмысы өте төмен, азық-түлігі тапшы болса, кейбірі тіпті ашаршылық жағдайында өмір сүруде. Бұл жайға әлемдік қауымдастық мән беріп жатыр, дегенмен бұл мәселеге мұсылман елдері бірігіп атса­лысуы керек. Ал осы ретте қай елдің азық-түлікті көп өндіруге мүмкіндігі бар деген сұрақ туады. Әрине, басқаларға қарағанда Қазақстанның әлеуеті зор. Біздегі мынау сайын дала, кең егістік алқабы, мал өсіретін жайылымдар, дәл мұндай ұлан-байтақ жер мұсылман елдерінің ешбірінде жоқ. Бір кездегі сарапшылардың «Қазақстан­ның жер байлығы мен ауылшаруашылық әлеуе­тін дұрыс пайдаланар болса, жер бетіндегі 1-2 млрд халықты асырауға болады» деген болжамы шындыққа айналуы мүмкін. Ал мұсылман елдеріндегі жалпы халық саны 1,5 млрд адамды құрайтынын ескерсек, онда Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуетін дамыту арқылы көздеген межеге жетуге болады. Дегенмен Президенттің бұл айтқан бастамасын жүзеге асыру үшін көптеген мәселені шешу керек. Осы салаға көп көлемде қаржы салу, жаңа технология­ларды игеру, тиімді әдістерді пайдалана отырып, ауыл шаруашылығын қайта жаң­ғырту керек.

- Елімізде орта тапты қалып­тастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Еліміздегі байлар мен кедейлердің арасындағы айырмашылық азай­май отыр. Ауыл қазағы қалаға ағыла­ды, өйткені ауылда жұмыс жоқ. Ал қалаға келсе, жұмыс бар, бірақ баспана жоқ. Осылайша, халықтың жағдайы болмай, дүрбе­лең күй кешіп келе жатқа­ны­мызға 20 жыл болды. Қазақстанда орта тап қашан қалыптасады деп ойлайсыз?

- Біздің елде орта тап қалыптасып келе жатыр, бірақ әлі толық қалыптасып болған жоқ. Мысалы, менің пайымдауымша, біздің еліміздегі орта таптың үлесі 15-20 пайыздан асқан жоқ. Бұрын бұл мәселе жүйелі зертте­летін. Қазір мұны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Соңғы ақпараттарды да көрген жоқ­пын. Өте байлар жігі мен өте кедейлер жігі­нің ортасындағы осы тап дамыған ел­дер­де халықтың 60 пайызын құрайды. Орта тап деп өзінің табысымен отбасының күнкөрісін қамтамасыз етуге, баласын оқытуға, оның болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар адамдарды айтамыз. Бұлар - өзінің кәсіби табысымен немесе еңбекақысымен заман талабына сай өмір сапасын өзіне, отбасына қамтамасыз ете алатын адамдар. Сонымен қатар бұлар - заман талабына сай мінез-құлқы қалыптасқан, әлеуметтік және инновациялық белсенділігімен ерекшелен­ген тап. Азаматтық қоғамның негізін де солар құрайды. Орта тап қоғамның тұрақты дамуына мүдделі. Ол айқай-шуға мүдделі емес. Ол ынтымақтастық пен қоғамның дами беруіне мүдделі. Елімізде орта тап 60 пайыз болған кезде қоғамдағы тұрақтылық өздігінен орнайды. Халықтың 60 пайызы тұрақтылық үшін күрессе, қалғаны ешқайда да кетпейді.

- Қазіргі кезде сарапшылар әлемде орын алған соңғы қаржы дағдарысының себеп-салдарын да адамзат санасының рухани дағдарысымен түсіндіреді. Сіз осыған қосыласыз ба?

- Сонау ықылым заманда Аристотель «өркениет дамыған сайын руханият құлды­райды» деген екен. Мұны Платон да қолда­ған көрінеді. Бұған мен де толық қосыламын. Экономикадағы дағдарысты болдырмас үшін әлем болып оны қайта қарап, оны жа­ңа­ша пайымдайтын кез келді. Дәл осылай болса, тағы да тығырыққа тірелуіміз мүмкін. Мұны Елбасы да айтып жүр. Дүниежүзіндегі валюта саясаты, жалпы экономика мен дипломатиялық саясат - осының бәрі адам­ның рухани құндылықтарды түйсінуінен басталады. Жақында газеттен бір мақала оқыдым. Онда «кеңестік кезеңдегі ой сар­қын­шақтарының әлі де жүруін ішкі отар­шыл­дық деп айтуға болады» деп жазы­лып­ты. Біздің ой-санамыз бен келешекке деген бейімделуіміз 20 жыл бұрын басқаша еді. Қоғамның рухани негізі мықты болмаса, экономика осалдық таныта береді. Осы тұрғыдан алғанда, сауалыңыз дұрыс. Біздің шығатын асуымыз әлі алда. Осы жолда біз білек сыбана еңбек етуіміз керек. Барлы­ғы­мыз­дың ой-арманымыз да, ортақ мүддеміз де осыған жұмсалуы керек.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Алашқа айтар датым...

Ұлттық байлықтың жан басына шаққандағы көлемі жөнінен біз көпте­ген елден әлі тым артта келеміз. Мысалы, осы көрсеткіш дамыған ел - Синга­пурда 30 мың доллар шамасында болса, алдыңғы қатарлы елдерге жақын Венгрияда 14 мың доллардан асады. Яғни біздің адам басына шаққандағы табысымыз осы елдерден бес-он есе төмен. Батыс елдерінің ауылында бір жұмыскердің істейтін жұмысын біздің бес адамымыз істейді, олардың бір сиырдан сауатын сүтін біздің үш сиырымыз әрең береді. Израильдің сиыр­лары жылына орташа есеппен 7 мың литр сүт береді. Ал біздің сиырлары­мыз жылына 2,5-3 мың литр сүт берсе, соған шүкіршілік етеміз. Дамыған елдер­де бір гектардан алынатын астық бізден үш-бес есе артық. Міне, осы ретте Қазақстан жаңа технология мен инновацияға негізделген өндірісті дамы­­тып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды мықтап қолға алуы керек.

Автор: Айдос СӘДУАҚАСОВ

http://alashainasy.kz/person/26233/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395