«СССР-ді» жаңалау - «Рухани жаңғыру» емес, Пал Сергейч!
Сіздер «Рухани жаңғыру» керек дейсіздер ғой. Оның жарияланғанына да 2 жылдан асты. Жариялаған адамның өзі де ендігі «экске» айналды. Тіпті, онан соң тағайындалып, артынан сайланған президент те өз алдына Жолдау жолдап үлгерді. Биліктің төңірегін торуылдап жүрген айтақтағы айташылар мен жалдамалы жазармандар айтып бермесе, жаңа президенттің Жолдауы дәл жаңағы Назарбаевтың «жаңғыруындай» дәріптелген жоқ. Әншейінде Жолдау жарияланған сәттен бастап-ақ, қара папкілерін қолтықтай ала, Жолдауды жұртқа тәпсірлеуге тұра жүгіретін Парламенттің пәтуагерлері де аса белсенділік танытқанын көрмедік. Сондықтан болар, былайғы жұрт біле бермейді. Сол дұрыс та шығар. Жұртқа Жолдаудың айтыла бергені емес, орындалғаны керек. Әйтпесе, екінші президенттің де жолдауы ескі президенттікіндей, эстафеталық лозунгтерге айналып кете ме, кім білсін?..
Жаңағы «Рухани жаңғыру» дейтін дәудей бағдарламаны әуелі қоғамның, адамның санасын жаңғырту деп дәріптейтін болсақ, дұрыс. Жаңғыру керек. Жаңғырту керек. Бірақ, өкініштісі сол – ауқымы мен миссиясы үлкен осы бағдарламаны әдеттегідей атқарушы органдардың ортасаналы адамдары алашапқын болып жүріп, анда бір, мында екі тықпалап, әбден қадірсіз қылды.
«Рухани жаңғыру аясында» деген дайын шаблонға айналды. Кез келген әкімдіктің немесе әкімдікке тәуелді ұйымның ақпаратын алып қараңызшы. Алғашқы сөйлемінен-ақ, осы шаблонды оқисыз. «Рухани жаңғыру аясында пәлен істелді, түглен істелді». Бір әкім көшеге тал ексе де «Рухани жаңғыру аясында» істейтін болды. Басқасын айтпағанда, балабақшадағы ашық сабақтың өзі «Рухани жаңғыру аясында» өтеді. Тегі күшті. Мұның барлығы не үшін дейсіз бе? Есеп үшін. Төменнен жоғарыға қарай есеп беріледі. Балабақша мектепке, мектеп әкімдікке, әкімдік районоға, сөйтіп-сөйтіп аяғы Президент Әкімшілігімен түйінделеді. Сосын ондағы идеологтар мөшек қарындарын тыр-тыр қасып, мәз болады. «Идеология жасалып жатыр. Жұрттар жаппай жаңғырып, шіркін кереметте өмір сүріп жатыр» дейді. Далитып, дардай қылып айтқан әлгіндей әңгімеге кім сенбейді дейсіз, сенеді. Сосын ғой, «кереметтің бәрін жасап берсек те, бұ қазақтың қатындары қанағатты білмей, көшеге шығып жүр» деп ойлайды. Елдің рухын оятып, санасын түлететін дәудей дүниенің – еш құны жоқ есеп эстафетасының шаблонына айналып кетуінің бірден-бір себебі – осы.
Жә, әңгіме тіпті ол жайында емес. «Рухани жаңғыру» – бүгінгі қоғамға әбден керек-ақ, бағдарлама еді. Оның маңызы мен мәнін, мағынасын талай мықты айтты. Көзінің майын тамызып отырып табақтай-табақтай мақалалар жазды. Олардан асырып, біз не айта қояйық.
Жоғарыда жергілікті әкім-қаралардың «Рухани жаңғыру аясында» қыруар шаруа атқарып, қырылып шаршап жүргені туралы айттық қой. Сол жаңғырудың көкесі Алматыда болып жатыр екен. Дәлдеп айтсақ, Алматының Түркісіб дейтін ауданында.
Түркісіб ауданына қарайтын Шолохов пен Толстой көшелерінің қиылысында орналасқан аллеядағы мына ескерткіш қайта жөнделіпті. Түр-түсі әрленіп, әдеміленіпті. «СССР - Победа» дейтін дәу жазуына қарап, Екінші дүниежүзілік соғыстың естелігіне қойылған болса керек деп топшыладық.
Бұл туралы ақпарды әуелі желтоқсаншы Нұрлыбек Қуанбаев жазды. «Аудан әкімі П.Кулагин СССР-ді аңсап жүрген болуы керек. Мынадай СССР деген жазуы бар ескерткішті алып тастамақ түгілі, қайтадан күрделі жөндеуден өткізіп қойыпты», деп жазды «Facebook-те».
Иә, жаңағы Түркісіб ауданының әкімі кезінде Ақмоланы басқарған Сергей Кулагин дейтін агромагнаттың ұлы Павел Кулагин.
Пашаның папасы да паң кісі. Әкімдер корпусында бірнеше мәрте тентектік жасап, көзге түскен Кулагиннің агро-алпауыт екені баршаға белгілі. «80 мың гектар жерім бар» деп шіренген Сергей мырза керек десеңіз «пайғамбармен де істес адам».
Рудныйдағы Иоанн-Богослов шіркеуінде Иса пайғамбардың Иерусалимге келген сәті бейнеленген фрескада пайғамбарды күтіп алушы иерусалимдіктердің арасында Кулагин де тұрған.
«Арамызда жүрген Кулагин 2 мың жыл бұрынғы көне Иерусалимге қалай барып қалды, мүмкін қателік шығар», десіп еді жұрт. Жоқ, қателік емес екен, бұл Секең әкім болып тұрғанда, әкімге жағынуға тырысқан суретшілердің «тосын сыйы» болып шықты. Ал шіркеудегі поптар «Кулагиннің апостолдардың арасынан табылуы дінімізге қайшы келмейді» деп ақтай жөнелген. Жә, ол бөлек әңгіме. Пашаға оралайық...
26 жасында аудан әкімі болған. Отызға жасы толғанда біздің Паша ерекше қабілет дарынымен көзге түсіп, Президент әкімшілігінің есігін аттаған. ПӘ инспектор болған. Періндіртіп отырып ПӘ-ге барған Паша онда көп аялдаған жоқ.
Негізі Кулагиннің бұл баласы мемлекеттік қызметтің түр-түрін көрген. Бір кездері Елордада әкімнің кеңесшісі болды. Сосын 2013-те бас қаланың «Алматы» дейтін ауданына әкім болды. Сол кезде Паша 26 жаста болған. Жұрт сонда «26 жасында қалай кім болды» десіп шуласқан.
Пашаға папасы жақтасып: «Жас болса несі бар? Мен де 26-27 жасымда колхозды басқарғанмын. 26 жасында бастық болғандар жоқ дейсіңдер ма? Неге тек Кулагинді байқап қойдыңдар? Анықтап көрсеңдер, жасы одан да кішілерді табасыңдар» деп сөйлеген.
Ақырында, Пал Сергейіч әкімдікті басқаруға шамасы жетпей, дәл айтсақ, тестілеуден өтпей қалып, Астананың коммуналдық шаруашылық басқармасын басқаруға ауысқан. 2015 жылы «Сарыарқа» ауданының әкімі болып қайта түледі.
Сөйтіп жүріп біздің Паша Алматыға келді. 2017 жылы жаңағы Түркісіб ауданына әкім болып тағайындалды. Әлгі бірде, осы бала түнгі клубта жүр екен деген әңгіме әлеуметтік желіде гу-гу талқы болған. Пал Сергейіч сол кезде былқ етпей қойған.
Хош, Астанада жүріп бірнеше кабинет ауыстырған Паша Алматыға келгенде де жұрт біраз шулаған еді. Обай, бұл бала не тындырады екен деген. Тындырыпты, әне. «СССР-Победасын» жаңалапты. Рас, бұл Пал Сергейіч ескерткішті «Рухани жаңғыру» аясында жөндеді деген сөз емес. Біздікі болжам ғана. Нақтысын әкімдік айта жатар.
Әзірге айтпағымыз, бұл Павел Кулагин басқаратын аудандағы жалғыз ескерткіш емес.
Шолохов пен Заветная көшелерінің қиылысында ЕДС аяқталғанына (өздерінің айтуынша Жеңістің 30 жылдығына) арналып қойылған тағы бір ескерткіш бар.
Сосын Огарев көшесінің бойында «Ұлы Отан соғысында құрбан болған жауынгерлерге мәңгілік құрмет» деп жазылған тағы бір монумент тұр.
Жаңағы Шолохов пен Сейфуллин көшелерінің қиылысатын тұсында Ленин атындағы алаңша бар. Онда пролетариат көсеміне арналған ескерткіш тағы бар.
Жоғарыдағы «СССР-Побаданы» жаңартуына һәм жоғарыдағы ескерткіштерге қарағанда, біздің Пал Сергейіч әлі біраз «жаңғыратын» көрінеді.
Хош дедік. Түркісіб ауданы – Алматының кіріберіс қақпасы. Бұл біздің сөз емес. Паша әкімдігінің өз сөзі. Мұнда Алматы Халықаралық әуежайы орналасқан. Алматыға келетін, тіпті Қазақстанға келетін кез келген шетелдіктің алғаш табаны тиетін аудан.
2,5 миллионнан аса адамы бар Алматыда Әлихан Бөкейханның ескерткіші жоқ деп жаздық кеше. Есесіне, кеңестік кезеңнің елесіндей болып Ленин, Калининдердің ескерткіштері қаптап тұр. Лениннің тас мүсінінің біреуі жаңағы Түркісіб ауданында орналасқан екен.
Шіркін, жаңағы әуежайдың дәл алдына ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның немесе қазақ хандарының алып ескерткіші орнатылса, «Рухани жаңғыру» деген сол емес пе еді?! Шырттай болып келген шетелдіктерге, әсіресе «қазақта бұрын-соңды мемлекет болмаған» деп көкитін көккөз келімсектерге елдікті таныту деген сол емес пе?!
Әй, бірақ, қайдам. Бұған Пал Сергейчтің ақылы жетсе де, батылы жете қояр ма?..
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz