Сапасыз аударма - тіл бұзады, министр ханым!
Біздегі аударма қызметі де бизнес ортаға берілген. Өкінішке орай, тиісті заңнамаға сай оларды тексеріп, жұмыстарына қадағалау жасауға болмайды. Бұл бизнеске жасалған қысым болып есептеледі. Осы еркіндік бүгінде онсыз да аударма тілге айналып бара жатқан төл тілімізді бүлдіруде...
Жуырда ютуб каналында журналист Аман Тасығанға берген сұқбатында Мәдениет және спорт министрі бұған мынандай мысал келтірді. Оның айтуынша, ресейлік телекомпания өз киносының қазақша субтитрін жасату үшін осы аударма орталықтарының біріне жүгінген. Олар ақысын алып, жасап берген. Тілімізді білмейтін олар субтитрдің қалай шыққанын қайдан білсін?! Бәрі кино осында әкеліп көрсетілгенде белгілі болды.
Субитрде қатеден көз сүрінеді. Сонша қаржыға жасалғаннан кейін, оның үстіне жұмысты сапасыз жасап отырған қазақтардың өзі болса олар не істесін. Осылайша кино көпшілікке көрсетіліп кетті. Мұндай мысалдар өте көп. Айналып келгенде зардап шеккен ұлтымыздың тілі, онымен сөйлейтін аз ғана қазақтар болды.
Күлдібадамға айналған субитрлер,өзге де аулармалар талайлардың тіл үйренсек,сөздік қорды дамытсақ деген құштарлығын су сепкендей еткені даусыз.Сонда дейміз де осындай орталықтарға лицензия беру кезінде тіл тазалығы, олардың құрылымына қатысты ережелерді сақтау, құнарын толыққанда пайдалану жөніндегі талаптар неге қойылмаған деген ой келеді.
Министрлік біз оларды тексере алмаймыз, тек қана мониторинг жасай аламыз дейді. Егер нақты шара қолданылмаса мұндай мониторингтен не пайда? Ол тек біраз адамға жалақы төлеу үшін ғана қажет болып қалады ғой.
Осы шараның нәтижесінде аударманы талапқа сай жасамай жүрген орталықтардың лицензиясын неге алып қоймасқа, немесе басқадай шаралар қарастырмасқа?! Аударма қазақ тілінің тынысын тарылтпай, керісінше оның аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру үшін осындай тетіктер қажет сияқты... Әйтпесе, бүгінгі аударма кейбір жолбикелердің тілімізді шұбарлап, оңай жолмен тиын табуының ғана құралына айналып бара жатқандай...
Айша Құрманғали
Abai.kz