Қазақстан тарихы қайтадан толық бағдарламамен оқытылуы керек
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты алғашқы жолдауын қазақстандықтар үлкен ықыласпен, жақсы ниетпен қабылдады. Өйткені онда қордаланып қалған құқықтық, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуге арналған, бұған дейін айтылмаған жаңа идеялар мен тың ойлар бар.
Жолдаудың басты мақсаты Қазақстанды тұрақты қоғамға айналдырып, одан әрі өркендеуіне жол ашып сол үшін бағыт бағдарды анықтау. Осы тұрғыдан келгенде, оқу саласының қызметкері ретінде бізді білім беру мен мәдениет саласына қатысты мәселелер толғандырды.
Президент Қ.К. Тоқаевтың ІV. ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ атты бөлімде аса мән берілетін салалардың ең басында білім беру сапасын жақсарту мәселесі тұрғаны заңды. Олай дейтініміз Білм, денсаулық, мәденеиет бұл кез келген қоғамның стратегиялық салалары болып саналады. Ұлт болашағы осы салалармен байланысты. Оларсыз қоғам құрдымға кетеді. Сондықтан да Президенттің оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатын да, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасын барынша теңестіруге, ауылдың дарынды балаларына қабілетін дамытудың жол картасын әзірленуі де, білім саласын қаржыландыру мәселелері де, мұғалімдердің еңбек ақысының өсуі де халықтың үмітпен қарап толық қолдап отырған саясат.
Осы орайда Президент Қ.К. Тоқаевтың жоғары білім сапасына жеке тоқталуы да тегін емес. Жоғары оқу орнын бітірушілер дүние жүзінде сұранысқа ие, бәсекеге төтеп бере алатын мамандар болуы тиіс. Қазірдің өзінде-ақ Қазақстандық мамандардың шетелдерде ғылыми жұмыста да, қаржы саласында да қызмет етіп жүргендері қаншама.
Бұл жерде айтайық деген басты мәселе жастарымыздың білімі, дағдылары, сана-сезімі тек өзінің мамандығының айналасында ғана шектеліп қалмаса екен дейміз. Өйткені Қазақстанның болашағы тек таза «технарьлар» мен қаржыгерлердің қолында қалмауы керек. Бұл салаға кез келген елден кез келген маманды алдыртып істетуге болады.
ЖОО-нын бітіріп шығатын болашақ мамандар жоғары мәдениетті, көкірегі ояу, санасы ашық, жүрегі ұлт деп соғатын азамат болып шығуы тиіс.
Бүгін елімзге нағыз мемлекетшіл азаматтар қажет! Мемлекетшіл деп мемлекет пен ұлт мүддесін өзінің қара басы мен «ұяластарының» мүддесінен жоғары қоятындарды айтамыз. Бәз біреулерге ондай адамдардың табиғатта табылмайтындай боп корінуі мүмкін. Қателеседі!
Құдайға шүкір, қазақтың маңдайына біткен сондай азаматтар тарихта болды. Ол ХХ ғасырдың басында елге риясыз қызмет еткен Алаш зиялылары. Кеңес дәуірі мен тәуелсіздік кезінде де ондай азаматтар болды. Солардың ел үшін аянбай істеген қызметінің арқасында біз бүгін ұлт боп ұйып, өз мемлекеттігімізді, ұлттық құндылықтарымызды сақтап отырмыз.
Ал осы мәселелердің білім сапасына, ел тұрақтылығына қаншалықты қатысы бар деп ойлайсыз ғой?
Болашақ қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, ел тұтқасын ұстайтын азаматтардың санасы мен дүние танымын қалыптастыратын екі сала бар. Біреуі тарих болса, екіншісі әдебиет. Оған ешкімнің дауы болмас. Сондықтан да оқыған, көзі ашық азамат деп сол тарих пен әдебиетті жақсы білген адамдарға қаратып айтылатын болса керек. Бірақ, өкінішке орай, жер бетінде өз тарихымен, тілімен алысып жүрген бір-ақ халық бар – ол қазақ. Бұл да біздің бодандық санадан әлі де құтыла алмай жүргеніміздің белгісі шығар.
2016 жылдан бастап ЖОО-да Қазақстан тарихы толық бағдарламамен емес тек ХХ ғасырдың басынан бастап оқытылатын болды. Бұл бастаманы көтерген жоғары білім саласында басшылық қызмет атқарып жүрген жаратылыс тану мамандықтарының өкілдері. Оларды сол кездегі Білім және Ғылым Министрі қолдап, ҚР Мәжілісінде депутаттар бір ауызда сол үшін дауыс берген... Айта кету керек, тек «Ақ жол» ХДП бұл шешімге наразылық білдіріп қарсы болды.
Қазақстан тарихының оқу бағдарламасы неге қысқарды?
ЖОО-да Қазақстан тарихын қысқарту туралы әңгіме тоқсаныншы жылдардың аяғынан басталды. Химиктерге, физиктерге т.б. тарихтың қажеті қанша?, - деген қаңқу сөздер шықты. Қазақстан тарихы мектепте оқылады, сол жетпей ме? (Егер қазақстан тарихы мектеп бағдарламасымен бітетін болса онда бізде тарих жоқ деген сөз). Біреулер мынандай уәж келтірді: мысалы АҚШ-та жаратылыс тану немесе техникалық сала бойынша маман дайндау үшін бар-жоғы 9 пән оқиды екен. Ал біде 14 пән. Неге? Сөйтсе бұл 5 артық пәннің бәрі де гуманитарлық пәндер екн. Тарих, философия, тіл (орыс, қазақ, ағылшын), саясаттану, дін т.б. осы сияқтылар... Біріншіден, АҚШ ешкімге отар болған жоқ! АҚШ азаматтарының рухы мен санасы асқақ, жаңғыртуды қажет етпейді. Екіншіден, тарих, философия сияқты дүниетанымдық пәндердің басты мақсаты – осы жердің байырғы тұрғындары кім? иесі кім? т.б. сұрақтарға жауап беру үшін қажет. Ең бастысы рухани құндылықтарымызды түгендеп сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу. Ал, АҚШ студенттері америкаға байланысты осындай сұрақтарға жауап бере алама екен?! Америка байырға тұрғындарының мүшкіл халі туралы олар білеме екен? Міне, бізге тарихи жады ауадай сол үшін керек.
Келер жылы аталып өтілуі тиіс ұлы ғұламаларымыз Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары мен іс-шараларға қатысты Президент Қ.К. Тоқаев «Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін», – деген болатын. Өкінішке орай, білім саласында орын алған солақай саясаттың салдарынан қазақ халқының тарихында ерекше орны бар бұл тұлғалар мен тарихи оқиғалар ЖОО-да оқылатын Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы оқу бағдарламасында енбей үстірт аталып өтетін болды. Айтпақшы, осы мерекелердің тізіміне қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруының белгісі ретінде Қазақ АКСР құрылуының 100 жылдығын да қосуға болар еді.
Мақұл, техникалық және жаратылыс тану мамандығында оқитын студенттерге Қазақстан тарихының ежелгі және орта ғасырлық кезеңінің керегі жоқ дейік. Ал, ертең қазақстандық дипломаттар корпусына қосылатын халық аралық қатынастар мен шығыстану, әдебиет пен заң мамандықтарында оқитын студенттердің жазығы қанша?! Қазақстан тарихы олардың маман ретінде қызметінің бір негізі емес пе?! Әлде ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихы бүгінгі сыртқы саясатпен, көрші елдермен қарым қатынасына байланысы жоқ қажетсіз дүние болып қалды ма?!
Ең өкініштісі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында біз өз тарихымыздан бас тартып, өзіміз отырған бұтаны өзіміз балталап отырмыз. Керек десеңіз 2013 жылы үлкен алқалы жиында, кілең зиялы қауым отырған ұжымның алдында оқу саласының бір басшысы «кому нужен какой-то хан» деп айтқан сөзін естігенде жағамызды ұстағанбыз. Сол жылы Қазақстан тарихын қысқартудан сақтап қалған Мемлекеттік Хатшы М.Тажиннің бастамасымен көтерілген «Халық тарих толқынында» бағдарламасы болатын. Сол бағдарлама аяқталысымен Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасы да қысқарды... Тағы бір өкініштісі Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасы соның алдында ғана қабылданған «Мәдени мұра», «Ұлытау төріндегі толғаныс», Қазақ хандығының 550 жылдығы, «Халық тарих толқынында» сияқты іс-шараларды өткізгеннен соң қысқарып отыр ғой?
Одан басқа гуманитарлық пәндерді шет елдік мамандарға оқыту қажет деген ұсыныстар айтыла бастады. Кешіріңіз, басқа-басқа ал тарих сияқты дүниетанымдық пәндерді ана тілінде тек өз мамандарымыз оқуы тиіс деп ойлаймын. Мысалы, кешегі Нархозды алыңызшы. Қазір оның басшылығында шет елдік мамандар отыр. Солар не істеді дейсіз ғой?! Барлық гуманитарлық сабақтарды бір пәнге біріктіріп тастады. Тарих та сонда, фәлсәфа да сондф, құқық та сонда, дін тану да сонда... Нағыз дүбәрә шығаратын пәнге айналды.
Қай данышпан айтса да керемет айтылған сөз: «Өз тарихын білмеген ел өзге халықтар мен мемлекеттердің мәдениетін тыңайтатын қиға айналады!» Бұл аксиома! Егер бүған дейінгі тарихпен, мәдениетпен, тілмен болған келеңсіздіктерді «өтпелі кезеңнің кемшіліктері деп түсіндірсек, енді жақын арада әзірленіп қабылданатын «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» еліміздің рухани жаңғыруы мен дүниетанымын қалпына келтіретін тарих, тіл, мәдениет сияқты принципиалды мәселелер өз орнын төрден алады депи сенеміз.
Бүгін Қазақстан қоғамда, әсіресе жастар арасында әр түрлі өркениеттер мен мәдениеттердің, діни наным сенімдердің ықпалы айқын байқалып тұр. Ал Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі қоғамның тұтастығы мен ел бірлігіне тікелей байланысты емес пе?! Ендігі біздің ұлттық идеямыз сол бірілік пен тұтастықты сақтап дамыту болуы тиіс. Ал оны тек тарихи сана мен тарихи жады ғана бере алады. Бүгін елімізді бірлікке, тұтастыққа шақыратын үлттық идея – Қазақстан азаматтарының өз халқымен тарихи тағдырдың ортақтығын сезінуінде. Кім болсаң ол бол. Бірақ қазақ деген халықтың өкілі екеніңді ұмытпа. Қазақ деген халық тек қазақстанда жасалатынын, Қазақтың жері енді бір сүйем өспейтінін біл. Не көрсең де Еліңмен бірге көретініңді ұмытпа!
Сондықтан да, ЖОО-да Қазақстан тарихын қайтадан толық бағдарламамен оқытуды қолға алу қажет деп есептеймін.
Арман Жұмаділ
т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы
Abai.kz