Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 7338 38 пікір 8 Қазан, 2019 сағат 11:26

«Практика» іздеп АҚШ-қа сабылудың қажеті жоқ!

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Асқар Маминнің назарына!

Алдыңғы аптаның бейсенбі күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын талқылауға арналған Жұмыс тобының жетінші отырысы өткенін айттық.

Осы отырыста «Халықтың көші-қоны туралы» заңының «Оралмандардың құқықтары мен міндеттері» деген 26-бабына толықтыру енгізіп, қандастарымызға «Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін туған жерін тұрғылықты жеріне бір рет өзгертіп жазуға;» құқық беру туралы ұсынысымыздың талқыға түскенін жақсы білесіздер.

Аталған ұсыныс туралы алдыңғы жазған «Депутат Қуаныш Сұлтановқа хат» және «Ұлтыңа деген Ұлы махаббатың болса, бәрін жасауға болады!» деген мақалаларымызда себеп-салдарын түсіндіріп, біршама қисындар мен негіздер айттық.

Қазір БАҚ-та бұл мәселені жұрт қызу талқылап жатыр.

Осы мәселе жөнінде депутат Кәрібай Мұсырман ағамыз «Әлем елдерінде осындай практика бар ма екен? Білу керек! Негізі, жоқ шығар деп ойлаймын. Бірақ, кей елдердің паспорттары мен жеке куәліктерінде азаматтың қай елдің азаматы екендігі көрсетілгенімен, туған жері көрсетілмеуі мүмкін. Осы мәселені анықтап білуіміз қажет!» - деп, ойпыл-тойпыл ойларын ортаға салып, мақаламыздың соңына коментарий қалдырыпты.

Шамасы, депутаттар ізденіс үстінде секілді...

Бірақ, біз таптық. Бар екен!

Алыста емес, жап-жақын – іргеміз тиіп тұрған мына Шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында!

Өздеріңіз жақсы білесіздер, 1916 жылы Ресей империясына қарсы шыққан ең ірі ұлт-азаттық көтерілістің кезінде қазақ пен қырғыздың бір бөлігі Шығыс Түркістан аумағына өтіп кетті. Тарихшы Сәулебек Рүстемовтің дерегі бойынша, ол босқындарының жалпы саны 300 мың адам екен.

Тарихшы Талас Омарбеков ағамыз Қытайдағы КСРО барлаушыларының құпия баяндауларындағы деректеріне сүйене отырып, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық қарсаңында Қытай асқан қазақтың жалпы саны – 49 мың 759 адам екенін жазыпты.

Ауғанстан, Иран елдеріне кеткен қазақ қанша ма?!

Қытай асқан қазақтардың бір бөлігі өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары Кеңестік Қазақстанға қайтып көшіп келді. Одан қалғаны Тәуелсіздік жылдарынан бері Тәуелсіз Қазақстанға оралу үстінде.

Сол 1916 жылы Қытайға өткендердің көзі тірісі қалмаған болар, ал 1931-1933 жылдардағы ауғандардың біразы әлі өмірде бар.

Бір қызығы, сол қазақтардың өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары Қазақстанға қайтпай қалғандарының бәрінің жеке куәлігі мен төлқұжатында  туған жері «Кеңес Одағы» немесе «Сәбеттік Қазақстан» емес, «Қытай Халық Республикасы» деп жазулы тұр!

Жүз мыңдаған қазақты «Өз жерімде туған!» деп, Қытай мұны СССР-ыңыздың ысқырып тұрған кезінде жазып алған болатын. Қазір, төлқұжаттағы туған жеріңіз былай тұрсын, ұлтыңызды өшіргелі жатыр Қытай!

Сөйтіп, Қытайдан келіп, «Оралман» атанып жүрген қазақтың біразы кезіндегі Кеңестік Қазақстанның төл тумасы.

Міне, депутат Кәрібай Иманжанұлы ағам іздеп отырған «Әлемдік практиканың» ең озық һәм өктем үлгісі.

Сол үшін Қытайды жазаға тартқан халықаралық заңды естідіңіздер ме?

Ауғанстан, Иран еліндегі қазақтардың төлқұжатын тексеріп көруге болады.

Ал, одан ары «практика» іздеп, АҚШ-қа сабылудың қажеті жоқ!

Қабылдау керек бұл ұсынысты!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

38 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511