Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 12477 4 пікір 11 Қазан, 2019 сағат 12:21

Халқы одан әрі азаюы мүмкін деген 10 ел, олар кімдер?

Өткенде Қазақстан премьерінің орынбасары Әлихан Смаилов Қазақстанда қарттардың көбейгені туралы айтып қалды. Шындығында бұл бізде ғана болып жатқан процесс емес.

Әлемде, оның ішінде Ресейде де қарт адамдар санының артуы байқалады. Қартаюға қатысты статистика бар екен. Ол бойынша Жапония бірінші орында. Ресейде қартаю коэффициенті 2019 жылдың 1 қаңтарына 21,5% болса, АҚШ-та 22,0%-ды құрапты.

БҰҰ сарапшылары әлем елдеріндегі халық саны мен 2020 жылдан 2050 жылға дейінгі халықтың төмендеу деңгейіне қатысты болжамдар жариялаған. Ал төменде біз халық саны төмендеген 10 мемлекет туралы жазғанды жөн көрдік. Сонымен, халқы одан әрі азаюы мүмкін деген 10 ел, олар кімдер?

1. Болгария

Халық санының 2020 жылы 6,9 миллионнан 2050 жылы 5,4 миллионға дейін, яғни 22,5 пайызға төмендеуі болжанады.

Болгарлардың жүйелі түрде төмендеуі экономикалық өсуге және әл-ауқаттың өсуіне кедергі келтіреді. Ал жағымсыз әсерлерді азайтуға бағытталған басқару шаралары мәселенің мәніне әсер етпейді.

2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама трендті өзгертуге бағытталған бірінші мемлекеттік бағдарлама болып табылады.

Бұл бағдарламада мақсатқа жетудің басымдықты құралдары: туу коэффициентін арттыру, жастардың эмиграциясын азайту және болгар бизнесінің қажеттіліктеріне бағытталған заманауи иммиграциялық саясатты жүзеге асыру үшін реттеуші және институционалды әлеуетті құру шаралары қарастырылған.

2. Литва

Елдегі халық саны 2020 жылы 2,7 миллионнан 2050 жылы 2,1 миллионға дейін, яғни 22,1 пайызға төмендейді деп болжануда.

Халық санының төмендеуінің негізгі себептері тұрғындардың тез көшіп кетуі, өлімнің артуы және туу деңгейінің төмендеуі деп сипатталған.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, Литвадан ЕО-ға қоныс аударғандар саны миллионға жуықтаған.

Олардың көпшілігі Батыс Еуропаға жұмыс істеуге барған. 2010 жылдан 2019 жылға дейін халықтың азаюы 12%-ға жеткен.

3. Латвия

Елдегі халық саны 2020 жылы 1,9 миллионнан 2050 жылы 1,5 миллионға дейін, яғни 21,6 пайызға төмендейді деп болжануда.

Халық санының табиғи төмендеуінің салдарынан өлім-жітім коэффициенті туу коэффициентінен асқан кезде тұрғындардың жалпы саны 7,1 мың адамға азайды. Ал көші-қон нәтижесінде олардың саны тағы 2,5 мың адамға қысқарған.

Латвиядан кететін азаматтардың ең көп саны Ирландия мен Ұлыбританияға қоныс аударады екен.

4. Украина

Елдегі халық саны 2020 жылы 43,7 миллионнан 2050 жылы 35,2 миллионға дейін, яғни 19,5 пайызға төмендейді деп болжануда.

Халық санының төмендеуі Украинаның барлық аймақтарында байқалады. Украинадағы күрделі геосаяси және экономикалық жағдай елде эмиграцияның ұлғаюына, сонымен бірге туу деңгейінің төмендеуіне әкелді.

5. Сербия

Елдегі халық саны 2020 жылы 8,7 миллионнан 2050 жылы 7,1 миллионға дейін, яғни 18,9 пайызға төмендейді деп болжануда.

Сербия әлемдегі халық өсімінің ең теріс көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Туудың жалпы коэффициенті бір анаға 1,44 бала. Бұл әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

Туу деңгейінің төмендігі және жастардың эмиграциясына байланысты ел әлемдегі халықтың орташа жас мөлшері ең жоғары он елдің қатарына кіреді.

6. Босния және Герцеговина

Елдегі халық саны 2020 жылы 3,3 миллионнан 2050 жылы 2,7 миллионға дейін, яғни 18,2 пайызға төмендейді деп болжануда.

Босния және Герцеговина Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы мемлекет. Балқан түбегінің батыс бөлігінде орналасқан.

Бүгінгі таңда бұл жұмыссыздық деңгейі өте жоғары Еуропадағы ең кедей елдердің бірі. Негізгі сыртқы сауда серіктестері Еуропалық Одақ елдері болып табылады.

Халық санының азаюына Еуропалық Одақтың табысты елдеріне эмиграцияның жоғары деңгейі және бала туу деңгейінің төмендеуі себеп болып отыр.

7. Хорватия

Елдегі халық саны 2020 жылғы 4,1 миллионнан 2050 жылы 3,4 миллионға дейін, яғни 18,0 % төмендейді деп болжануда.

Хорватия бұрын Югославияның құрамында болған елдердің ішінде ең дамығаны.

Алайда 1991 жылы соғыстан мемлекеттің экономикасы қалпына енді-енді келе бастады. Демек, елде жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ол 17%-ды құрайды.

8. Молдавия

Елдегі халық саны 2020 жылы 4 миллионнан 2050 жылы 3,4 миллионға дейін, яғни 16,7 % төмендейді деп болжануда.

Еңбекке қабілетті халықтың едәуір бөлігі Ресейдегі еңбек көші-қонында.

Сандардың азаюы туу деңгейінің төмендеуіне және сыртқы көші-қонның теріс сальдосына байланысты.

9. Жапония

Елдегі халық саны 2020 жылы 126,5 миллионнан 2050 жылы 105,8 миллионға дейін, яғни 16,3 пайызға төмендейді деп болжануда.

Жапония - өмір сүру деңгейі өте жоғары дамыған ел. Жапонияда өмір сүру ұзақтығы ең жоғары және нәрестелер өлімінің деңгейі ең төмен.

Алайда жапон қоғамы тез қартаюда. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін туудың өсуінен гөрі бала туу деңгейінің төмендеуі күрт көбейген.

Демографтар мен үкімет бұл мәселені қалай шешуге болатындығы туралы қызу пікірталастар жүргізуде. Демографиялық мәселелерді шешу үшін  туудың өсуін жоғарылату ұсынылады.

10. Албания

Елдегі халық саны 2020 жылғы 2,9 миллионнан 2050 жылы 2,4 миллионға дейін, яғни 15,8 пайызға төмендейді деп болжануда.

Халық санының азаюының негізгі себептері - көші-қонның көбеюі және туудың төмендеуі.

Материалды әзірлеген Керімсал Жұбатқанов,

тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінің доценті.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504