Болашақта кино түсіруші азаматтар ғалымдармен кеңесіп отырғаны жөн
"Томирис" фильмін (б.з.д. VII-IV ғасырлар) терең тарихқа бастаған батыл да сәтті қадам деп жоғары бағалауға болады. Ақан Сатаев ағамызға сол үшін айрықша алғыс білдіремін! Дегенмен, барынша обьективті болуға тырысып бақсақ, жазбамыз былайша өрбиді.
Ұнаған тұстары:
- Әртістер шебер өнер көрсете білді, барынша шынайы ойнады, олар сәтті таңдалып алынған;
- Оқиғалар шиеленісі жақсы дамытылған, жалықтырмай қайта қызықтырып жетелей түседі;
- Операторлық жұмыстар сәтті шыққан деп есептеймін;
- Кейіпкерлер киімі сол заманға сай тамаша жабдықталған;
- Сақ қорғандарын әдемі, ұтымды көрсете білген;
- Қыз балалардың көшпелілердегі жоғары орнын әйгілей түскен.
Ұнамаған тұстары:
- Қазақ киіз үйлері қола дәуірі ескерткіштерінде де кездеседі. "Кіші Баяр жазбалары" және "Үлкен Баяр жазбалары" деп аталатын петроглифтер кешенінде анық киіз үйдің суреттері қашалған. Сақтар ерте темір дәуіріне жатады. Әрине, жартылай жер астына салынатын қамыс лашықтар қыс қыстаудағы баспаналар болуы мүмкін. Ал жаз мерзімінде бәрі де киіз үймен көшіп жүреді. Мұны грек деректері де растайды. Сақтардың киімі жарқырап тұрғанымен баспаналары сұрықсыз етілген. Қыстау кезі болса, түсінікті. Мұндай қателік "Күлтегін" мультфильмінде де орын алған еді. Күлтегін дала баласы емес, қала баласы болып шығыпты.
Айтпақшы, көлде шомылып жүретін жалаңаш қыздарды көргенде есіме сақ моншалары түсті. Сақтарда киіз үйдің ішінде жабдықталған монша болғаны туралы да Герадот жазады. Сол монша мәдениетін киіз үймен қосып көрсетсе ғой, шіркін;
- Сақтардың ежелгі тілдерін өте жұпыны етіп көрсеткен. Мана мен санадан басқа сөзді сирек естідік. Не айтса да "мана-сана". Күлкілі. Грек данышпандарын талай сөзден жыққан, гректер елінде ең әйгілі жеті данышпан қатарына кірген скифиялық Анахарсис туралы естулеріңіз бар шығар. Далалық данышпан сөз саптауында сақтар елінен келгенін, еркін елдің тағысы екенін мақтанышпен айтып сөз сайыстардың бәрінде дерлік жеңіске жетіп отырады. Көшпелілердің отырықшыларға қарағанда ойы ұшқыр, тілі бай, орамды болатынын грек ойшылдары да таң қалып жазады. Ендеше, сақтардың тілі жетілмеген еді, балаң еді деген жалған.
Сосын сақтардың тілі парсы екені дәлелденбеген. Жөйт ғалымдар сондай болжам жасайды. Ешқандай негізсіз, дерексіз. Оны біздікілер іліп әкетті. Сілтеме жасай салды. Түпкі мақсатын тексермеді, ой елегіне салмады. Грек жазбаларында сақтардың көшпелілерге тән мәдени болмысы барын сипаттайды. Сақтар мен көшпелі түрік халықтарының археологиялық, этнографиялық материалдары өте жақын, тіпті біте қайнасып жатқанын, ал парсылармен жау болғанын және мәдени ерекшеліктері де тым алшақтығын ескерсек, сақтардың тілі арғы көне түрік тілі болғанына сене түсесіз. Оған қоса, Есіктегі Алтын адамның қасынан табылған күміс тостағандағы жазу көне түрік жазуына өте қатты ұқсайды. Графикалық стилі бірдей. Кейбір ортақ таңбалары да бар. Балама жазулар табылмаған соң зерттелі, оқылуы қиынға соғып отыр.
Орхон бойындағы Білге қаған, Күлтегін, Тонықұқ жазба ескерткіштеріндегі тастағы бітіктердің мәтіні бойынша фильм кейіпкерлеріне сөз құрап берсек те жаман емес еді. Қайта шынайы көне тілді, тарихи мұраны насихаттау болар еді. Әйтсе де кинодан "бұдын" (халық) дегендей бірең-сараң көне түрік сөзін естіп қалдым;
- От культін көрсетуге тырысыпты. Бір мезгілде оны жеккөрінішті етуге де әрекеттер жасалған. Қазір отқа табыну күлкілі болғанымен сол замандағы орны айрықша, балаң санадағы халық үшін маңызды қызмет атқарады. Жылынады, аң-құстан қорғанады, тамақ әзірлейді. Бұл ең құдіретті деп саналған күннің жердегі бейнесі тәрізді. Оның жылуына жылынып, от арқылы пісірілген тамағын ішіп тұрып тілдеуі қисынсыздау кеткен. Қазақ әлі күнге дейін күлді баспайды. Біздегі Күлпаш, Күлдана тәрізді есімдер де әу баста күлді, яғни отты құрмет тұтудан туындаған;
- Қағанның жерлеу рәсімі жайында грек деректері жеткілікті. Қырық күн бойы қағанның өлі денесін патшалықтың жерлерін аралатып, жол бойы ру-тайпалар ас беріп көшке ілесіп отырады екен. Қаралы көш деген ұғым содан шықса керек. Осы қаралы көшті жоқтаумен бірге көрсете алса, қандай әсерлі болар еді;
- Томиристың жерлеу рәсімінде құлдарды құтқарып қалуы, бақсының оған қарсы шығуы да күмән келтіретін жайт. Көшпелілердің демократиялық үлгідегі жұрт болғаны аян. Анахарсис те грек ойшылдарымен айтысқанда өздерінде құлдық ұғым жоқтығын айтып жеңіске жетіп отырған. Еуропалық кей ғалымдардың патшамен бірге құлдарын жерлегені жайлы дерек әлі де тексеруді қажет етеді. Нақты дәлел жоқ. Бірге жерленгендер бір майданда соғысып қайтыс болған сарбаздары болуы да мүмкін;
- Сақтарда күн, ай күльтінен басқа аң-құстар культі де болған. Әруақтар аң-құс бейнесінде келіп желеп-жебейді, қолдайды деп сенген. Оған айқын дәлел
- сол кездегі аң стилі өрнектерінің ерекше жоғары деңгейге көтерілуі.
Қазақтардың, туыстас халықтардың ақындары мен батырларын әруақтар аң-құс бейнесінде келіп қолдағаны туралы фольклорлық материалдар өте көп. Зооморфты және антроморфты бейнедегі ою-өрнектердің сыры мифологиялық санада жатса керек.
Томирис фильмінде әрбір қауіп-қатердің алдында ханшайымның түсіне кіретін үстінен от шашқан арыстан тәрізді құбыжық жыртқыш желеп-жебеуші әруақ бейнесі шығар деп ойладым. Осының өзі баяғы дүниетанымды білетін режиссерге деген құрметімді әп-сәтте арттырып жіберді. Ең соңында Томирис әлгі құбыжық-арыстанды жекпе-жекте жеңген кезде бұл әруақ емес, жауының қатыгез образы екенін ұғып, қуанышым су сепкендей басылды. Сөйтіп әруақтар культі, аң-құс культі мүлде керағар сипатта көрініс тауыпты. Оған тағы бақсының өзі табынатын отқа күйіп өлген өлімін қосыңыз.
- Кино соңында Кир патшаның басын қоқыс салатын қара пакетпен алып келеді;
- Томирис оқиғасын жазып қалдырушы, кейінгілерге баяндаушы, жеткізуші ретінде сәлде ораған араб мәдениеті үлгісіндегі бір кісі алынған екен. Араб мәдениеті орта ғасырда дами бастайды. Оларда сақтар мен ғұндар түгіл, көне түріктер жайлы деректердің өзі сирек кездеседі. Бірақ оларда қыпшақтар туралы деректер баршылық. Сақтар жайында материалдар бізге еуропалықтар, негізінен гректер арқылы жеткен. Томирис заманында арабтар туралы өркениетті елдерде ақпар да жоқ, Тұран мен Иран деген екі мәдениет бір-бірімен қақтығысып жатты. Парсылардың өзі ерлігін ұлықтап, мойындап дастан жазып қалдырған Алып Ер Тұңға сақтардың батыр-көсемі-тұғын. Еуропа жазбагерлерінің де назары осы екі алып елдің жағдайына алаңдаулы еді. Ал ендеше, әлгі жазбагер сұпы-молда қайдан шыққан?
Жалпы, бұл киноны көрген дұрыс. Көрермендер онсыз да көп болды. Бос орын болмады тіпті. Бұл қазақтардың нағыз отаншылдығын көрсетсе керек-ті.
Осындай зор туынды түсіріп жұрт қызығушылығын оята білген Ақан ағамызды шын жүректен құттықтаймын!
Болашақта кино түсіруші азаматтар ғалымдармен кеңесіп отырғаны жөн. Киноны ұлттық идеология десек, ондағы әрбір қателік жастардың көзқарасының теріс бағытқа түсуіне, өз болмысына қарама-қайшы дүниетанымға бой алдыруына ықпал етпек.
Арман Әубәкірдің facebook парақшасынан
Abai.kz