Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ. Райымбек батырдың серіктері
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» соғысының соңғы жылдарында Жетісу өлкесінің шығыс өңірінде азаттық күресін аяқтаған адам - Райымбек батыр. Оның атасы - Аңырақай шайқасында жекпе-жекке шығып жеңіске жеткен әйгілі Хангелді батыр, әкесі - Түке, анасы - Айтолы. Оның ерлік үлгісін қазақ тарихында өзіне дейін де, кейін де қайталаған адам болған емес. Аты албан тайпасының ұранына айналу сыры да оның осы ерекшелігіне байланысты. Қазақ тарихына ой сап қарасақ, Абылай мен Райымбек қана өз атын өзі ұрандап жауға шапқан екен.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» соғысының соңғы жылдарында Жетісу өлкесінің шығыс өңірінде азаттық күресін аяқтаған адам - Райымбек батыр. Оның атасы - Аңырақай шайқасында жекпе-жекке шығып жеңіске жеткен әйгілі Хангелді батыр, әкесі - Түке, анасы - Айтолы. Оның ерлік үлгісін қазақ тарихында өзіне дейін де, кейін де қайталаған адам болған емес. Аты албан тайпасының ұранына айналу сыры да оның осы ерекшелігіне байланысты. Қазақ тарихына ой сап қарасақ, Абылай мен Райымбек қана өз атын өзі ұрандап жауға шапқан екен.
Райымбек жайында дерек жинаған Қабылбек Сауранбаевтың «Райымбек батырдың шайқастары» атты қолжазбасы - кейбір кемшіліктеріне қарамастан, Райымбектану ілімінің негізі саналуға татыйтын еңбек. Ол қолжазба жазушы Төлен Қаупынбайұлының «Бес томдық шығармалар жинағының» 2-томында жарияланды (Алматы, 2008. 104-бет пен 167-беттің арасы). Қ.Сауранбаев 1899 жылы туып, 1982 жылы не 1983 жылы қайтыс болған көрінеді. Ол кісі Райымбек жайында жақсы біледі-ау деген отыз шақты адаммен жолығып, жоғарыда аталған еңбегін солардың айтуы бойынша қорытындылаған. Бір кемшілігі - кімнің не айтқанын жеке-жеке дараламай, бәрінің айтқанынан ортақ пікірді ғана түйіндеген. Оның 1922 жылы Райымбек батырдың өз ұрпағы 105 жастағы Нартұлы Қашағанмен, 1924 жылы Суан Сатай батырдың ұрпағы 115 жастағы Кезеңқараұлы Әділбекпен кездесуі айрықша бағалы. Өйткені екеуі де аталарының ерлігін ел аузынан емес, өз әкелерінен және ағайын-туыстарынан бала күнінен естіп өскен. Сондықтан бұл жағдай Қабылбек ағамыздың деректеріне сенімімізді арттыра түседі.
Қабылбек ақсақалдың жинаған дерегіне қарағанда, Райымбекті «Туғаннан жеті жасына дейін атасы Хангелді баулыпты». Сол жасқа келгенінде жалайыр Орақ батырдың тұқымынан тарайтын нағашысы, жігіт болғанда жиенім мінсін деп, бір көк тай асынсын деп, садақ, айбалта, қылыш, найза, қалқан, сауыт, болат семсер әкеліп, атасы Хангелдіге тапсырыпты. Сірә, жиеніне беруге тиіс қырық шұбар тайының өтеуі болса керек. Көк тайына Көкқойнақ деген атты Райымбектің өзі қойыпты. Атын секіртіп, суға жүздіріп, жатқызып-тұрғызып үйреткеніне қарағанда, Райымбек бала кезінен жылдам, қимылына көз ілеспейтін шапшаң, өте епті, әскери әдістерді жақсы меңгерген әбжіл бала боп өскен. Оның жастайынан әскери ойындарға құмарлығы біреулерді шошытса, біреулерді сүйсінткен. «Мына соғысу жолында жиырма бес жылдай болды»,- деген Қ.Сауранбайұлының тұжырымымен келіссек, Жетісудың шығысын жаудан тазалау үшін, Райымбек 15 жасынан 40-қа келгенше, 1745 жылдан 1770 жылға дейін соғысқан (сонда, 158-бет).
Райымбектің алғаш ел аузына ілігуі жасы 15-тен асып, 16-ға толмаған кезінде. 1745 жылы көктемде Наурызбай батыр бастаған ұлы жүз қолы Қарқарада қалмақ әскерін қирата жеңген соң, қазақ жауынгерінің бір тобы, ішінде Хангелді де бар, сең жүріп кеткендіктен, Іленің оң жағалауына өте алмай бөгеліп қалады. Себебі сең соғып, атты жүздірмейді және аттың үстіндегі адамға да қауіпті болады. Атасының қасында жүріп соғысуды ежелден армандап өскен жаужүрек ұл өзі жылқыда жүргенде аттанып кеткен атасын дәл сол кезде Іленің жағасында қуып жетеді. Бала жағдайды естіп білген соң, Іленің бергі бетінен арғы бетіне жететіндей етіп қамысты будырады да, бір шетін бергі беттегі ағашқа байлап, екінші шетін су бетімен арғы бетке Көкқойнақпен сүйреп өтеді де, ол жағын да мықтап бекітіп қайтады. Енді көшкен сең су бетімен ақпай, қамысқа сүзіліп тоқтайды да, бірте-бірте біріне-бірі жабысып қалыңдай береді. Сөйтіп, таң атқанша бір-біріне кіріккен сең сіресіп, бірнеше атты кісі өте шығатындай мұз көпір болып қатып қалады. Ондай өткелді күзер деп атайды екен. Он бес жасар баланың бұл тапқырлығы қазақ жауынгерлерін қатты таңғалдырады. Бәрі сол арада оның аты-жөнін сұрап, Хангелді батырдың немересі екенін біледі (сонда, 112 -бет).
Осы арада аса мән беретін бір жағдай бар: атасын Іледе қуып жеткенмен, Райымбекті Хангелді бәрібір ертпейді, ел ішінде қалдырып кетеді. Неге? Әдейілеп артынан қуып жеткен жаужүрек немере ел ішінде қалуға қалайша көне қойды?
Оған, меніңше, бір ғана жауап бар: ақылды бала атасының айтқанын қапысыз түсінген болу керек. Ал атасы не деуі мүмкін? «Жиырма жылдан астам уақыт қызымызды күң, ұлымызды құл еткен қалмақ атамекенімізден әлі кеткен жоқ. Мен жау әскерін қуалап жауынгерлермен бірге кетіп барам. Сен де менімен бірге кетсең, өз жерімізде қызымыз күң, ұлымыз құл боп әлі жау қолында қала бермей ме? Ел ішіндегі өзің қатарлы ер-жігіттерді жина! Бәрің бірігіп қалмақтарды туған жерімізден қуыңдар!» - деген шығар-ау деп шамалаймын. Батыр немере одан басқа жеңіл-желпі уәжге тоқтай қоймаса керек.
Бала күнінен өзін баулыған атасын Райымбек бұл жолы да түсініп тыңдаған секілді. Қабылбек ақсақалдың жинаған дерегіне қарағанда, ол кезде «Ұлы жүзде жүз он батыр бар еді». «Осы батырлар бастап Райымбекті бүгіннен бастап қолбасшы етуді қабылдады» (сонда, 113-бет). Мұны, меніңше, ол кезде батыр көп еді, бірақ бәрі Райымбекті таңдады деген мағынада ғана түсінген дұрыс.
Қалмақ жаулап алған жерде өмір сүріп жатқан қазақ жігіттерінің басын біріктіріп жасақ құруы - Райымбек батырдың нағыз баға жетпес қызметі.
Райымбек - тайпа мен рудың мүддесінен биік тұрған және бүкіл тіршілігін жалпы қазақтың азаттығына арнаған батыр. Қазақ елі, қазақ жері деген биік ұғымға ғана бас иген. Оның әрбір шайқасы - қалмақтың табаны таптаған қазақ жері мен қалмақ қолында азап шегіп жатқан бауырларын азат етуге ғана арналған.
Райымбек құрған әскери жасақ - ел басқарып отырған ханның да, бидің де бұйрығымен емес, тек Райымбектің өз шешімімен және әркімнің елсүйгіш ниетімен бас құраған жасақ. Оның әскери құрамасына Жетісу аймағының шығыс өңірін жайлаған жалайыр, албан, суан, дулат, шанышқылы сияқты біраз қазақ тайпасының жас батырлары, тіпті қалмақтың өз адамдары да біріккен.
Райымбек жасағы ат-көлікті өздері тауып мініп, қару-жарақты тек өздері жасап, өздері тауып қаруланған. Алғаш бас құрағанда олар мінерге ат, ұстарға қару таппай да қиналған. Райымбек қолының ең басты әрі ең маңызды ерлігі - Іленің сол жақ бетінде Түргеннен Сүмбе мен Қалжатқа дейінгі, оң жағында Алтынемел мен Қоғалыдан Қорғасқа дейінгі еліміздің шығыс шегарасын қалмақтардан тазартуы әрі сол шегараны олармен келісе отырып белгілеуі. Бұл, шындап келгенде, мемлекеттік мәні бар миссия. 1881-жылғы Петербор келісімі бойынша Іленің сол жағында Сүмбе мен Қалжатқа, оң жағында Қорғасқа дейін қазаққа қараған жер Райымбек бабамыз он сегізінші ғасырда белгілеген шегарамен бірдей. Бұл - оның ерлігі мен көрегендігінің ең игілікті мұрасы. Бұрынғы екі үйездің, қазіргі үлкен-үлкен бес ауданның жерін жаудан азат етуі - оның мәңгі ұмытылмайтын ерлігі.
Соншама ұшан-теңіз ерлік пен жеңіске қол жеткізген Райымбек батырдың оң қолы саналған адамның бірі - жүзбасы жалайыр Бақай батыр. Мықтыбек деген бидің баласы. Оның жасы Райымбектен біраз үлкен болса керек. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында оның туған-өлген жылы 1703-1802 деп көрсетіліпті. Оның дәлдігін білмеймін, бірақ ұзақ жасағаны рас болса керек, себебі Қ.Сауранбаев ақсақалдың жинаған деректерінде ол Төреханның қамалын алған кездегі жарақаттың зардабынан Райымбек қайтыс боларда оны үйден көтеріп шығарып, үйге көтеріп кіргізген адамның бірі болған көрінеді. Қазақ ондай сыйластықты қанды көйлек достар деп бағалаған.
Мөкен Болысұлы жинаған «Райымбек батыр» дастанында: «Райымбек батыр қазақ сарбаздарын үшке бөлді. Бірінші Бақай батырды Алатаудың оңтүстік жағын тазалап шығып, Шөладырдан табысуға уәде жасады», - дейді де, ол жаудан тазалаған жерлерді атап-атап жырға қосады:
- Бақай батыр жөнелді,
Түргенді басып Асыға,..
Тінту салып келеді,
Сай-саланың тасына...
Қашқан қалмақ соңынан
Малын жиып тағы алды,
Далашықтың жолынан.
Қалмақ тынбай жөнелді,
Таушілікті сағалап,
Қашып келед тоқтамай,
Үш Меркені жағалап...
Өте шықты Бақай да
Қарқараны сағалап.
Тоқтамай қалмақ қашыпты,
Шұбарталды бұл басып,
Шөладырдың тауында
Бақай да кеп қосылды,
Райымбекке ұласып.
(М.Әуезов ат. Әджөни, 813-папка, 4-дәптер).
Мен бұл өлең жолдарында шындық бар деп есептеймін. Өйткені 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісін бастаушылардың бірі Серікбай Қанайұлы Бақай болысы деп осы батырдың атымен аталатын Асы мен Түргенді жайлаған қызылбөрік руының болысы болған. Жалайыр тайпасының батырына албан тайпасының құрмет қылып, оған өз болыстығының атын беруі - өте үлгілі және қатты бағалайтын әрі тарихи да, тәрбиелік те маңызы зор іс. Батырдың асқан ерлігіне сүйсінген, соны қадірлеген елдің үлкен ілтипаты болмаса, өйтіп ел-жұрт болыстықтың атын оған бере салмаса керек. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары үйез таратылып, аудан құрылуына байланысты, Верный үйезіне қарасты Бақай болыстығы да жойылды. Өкінішке қарай, содан бері Бақай батырдың аты да, ерлігі де көмескіленіп, бірте-бірте ұрпақтар жадынан шығып бара жатыр. Жетісуда Бақай деген жер аты сақталғанын албан шежіресінен байқадым. «Айдос атамыз екі жерде мекендеп жүрді. Бақайдың астында, жартысы Сүгір сайында», - деп жазылған онда («Бәйдібек баба - алып бәйтерек».Алматы, 2003. 1236-бет). Талғардың басындағы Бақайтау аталатын жер батырдың үлесіне берілгенін Қ.Сауранбаев та айтады. Бақай - Жаркент пен Көкталдың ортасындағы қалмақтың Төрехан атты басшысы орналасқан қамалды шабуылдау кезінде үлкен ерлік көрсетіп, Райымбек бір қақпаны алғанда, екінші қақпаны шабуылдаған жанкешті батыры әрі сенімді серігі болған адам. Сол соғыста Райымбек батырдың біраз серігі қаза тауып, біразы жараланған. Өйткені қалмақтар мықты қамалға бекінсе, қазақтар оны атпен ашық даладан келіп шабуылдаған. Қалмақтардың қару-жарағы мен оқ-дәрісін сақтаған мықты бекіністі алу кезінде Райымбектің өзі жамбасынан ауыр жарақат алып, Бақай да шайқастан жарадар болып шыққан. Ол соғыс - Райымбектің қалмақтармен ең шешуші әрі ең соңғы соғысы. Жеңілген, қашып зорға құтылған Төрехан Қорғасқа дейінгі жерді қазаққа босатып беруге келіскен (Т.Қаупынбайұлы, 2-том, 157, 159-бет). Ол қорған ертеде Түргенкент, беріректе Түрген тоғай аталатын. Ол қорғанның қираған қалдығы Алматы - Қорғас күре жолының бойында, Үшарал пуылының желкесінде әлі күнге көрнеу жатыр. 1856 жылы Қашғарға өткен сапарында Шоқан дүрбі салып алыстан көріп, осы Түргенкент туралы күнделігіне біраз нәрсе жазып кеткен («Собрание сочинений в пяти томах». Алматы. 1662. 2-том, 21-бет). Ең өкініштісі - жол үстінде жатқан бұл қамалдың еш жерінде Райымбекке де, Бақайға да, басқа батырларға да қатысты ешқандай белгі жоқ. Бүгінгі ұрпақ бұл қамалдың өз бабаларына қатысты тарихын білмейді.
Райымбекке сенімді серік болған екінші бір адам - Суан Аралбай батыр. Кенен атамыздың: «Суаннан Сатай, Бөлек, Аралбайлар,
Қабандай күркіреген талайлар бар», -
деп жырына қосқан Аралбай батыры. 1733 жылғы ұлы жүз қазақтарының орысқа бодан боламыз деген хатын тасушының бірі болғанына қарағанда, ол да Райымбектен біраз жас үлкен. Қорын ханға қарсы алғашқы соғысынан бастап-ақ Райымбектің қасында болған. Ол ізші, тас қараңғы түнде де адаспай жол табатын адам болған деседі. Жалаңаш, Үш Меркіні билеген Ағанас хан мен Көміршіні жайлаған Арыс ханмен Райымбек келісім жасағанда, ол өзге серіктерімен бірге оның қасында болған. Б.Мөкенұлы «Райымбек батыр» дастанында Райымбекке: «Олай болса, Аралбай батырдың тобын алып Құмбелге шығып, Шалкөде басып қайталық», - дегізгеніне қарағанда, ол - оның жүзбасы болған батыр (Т.Қаупынбайұлы, 2008. 2-том. 204-бет). Іленің оң жағалауын жайлаған суан жұрты Райымбектің Сатай, Бөлек секілді серіктерін ежелден білгенмен, Аралбай батырдың ерлігін егжей-тегжейлі біле бермейді. Оның себебі Райымбек Алматының шығысында Албансайда (бұрынғы Юбилейный ауылы) туса, Аралбай содан кейінгі Суансайда (қазіргі Кеңсай) туғандықтан болар деп ойлаймын. Бақай батыр Талғардың бас жағын мекен қылған деседі. Олай болса, ауылдары көрші болғандықтан, бұл үш батыр бір-бірін бала күндерінен біліп өскен деуге болады.
Райымбектің тағы бір аса сенімді серігі - жалайыр Қапай батыр. Бақай, Қапай екеуінің аттары ұйқас келгенмен, олардың ағайындығы жайында шежіреден еш дерек табылмады. Ғалым Қадырбек Жүнісбаев Қапай батырдың аты Мәскеу мұрағатында 1733 жылы жазылған хатта бар екенін кезінде «Лениншіл жас» газетіне жазған-ды (12.05.1963). Қорын ханмен келісім жасарда қасына ертіп барғанына қарағанда, Райымбек Қапайды қатты бағалаған және оған ең маңызды істерді тапсырған. Түрген қамалына шабуыл жасар алдында Қапай батыр Төреханның туған інісін және сенімді деген бірнеше серігін тұтқынға түсіріп, қалмақтардың әскери жай-күйін алдын ала біліп алады. Қамалды шабуылдаған кезде қатты қайрат көрсетіп, жеңіске жетуге көп көмек жасаған. Кейін өзі тұтқынға алған Төреханның інісінен басқа қалмақтар қазақ болып, Қапайдың туыстары саналып, жалайыр тайпасына сіңіп кетеді.
Азаттық соғысында Райымбектің қасынан табылған хас батырдың бірі - Суан Сатай батыр. Қазақ батырларын Арыс хан мен Ағанас хан Көртоғайға келісім жиынына шақырып: «Райымбек батырдың өзі неге келмеді?» - деп сұрағанда, қазақ батырларының атынан Сатайдың жауап беруі оның сыйлы батыр ғана емес, жасы үлкен болғанын да білдірсе керек (Т.Қаупынбайұлы, 2-том, 130-бет). Райымбек қолы Түрген қамалын аларда Сатай батыр өз жасағын бастап кеп соғысып, жеңістен кейін Өсек өзенінен Қорғасқа дейінгі аралықтан өріс алады (сонда, 162-бет). Қазіргі Сартау, Сарыбел, Бұрхан, Жаркент, Шежін, Алмалы, Ойжайлау, Басқұншы, Қорғас жерлерін жаудан тазарту кезінде Сатай батыр - айрықша ерлік көрсеткен адам. Қ.Сауранбаев 1922-жылы сөйлескен Әділбек Сатайдың неменесі болып келеді: Сатайдан: 1. Әбдікер - 2. Есіркеп - 3. Жанбау - 4. Кезеңқара - 5. Әділбек - 6. Бершімбек - 7. Иманғазы - 8. Сыламхан - 9. Сылам ханның баласы. «Әділбек Кезеңқара баласы өз заманында ауқатты, өте бай адам болған... Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі бүткіл Суан шежіресін жатқа білетін адам болған» (Суан шежіре. Алматы. 2000 ж. 90, 106-бет).
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұрпақтары Сарыбел ауылында Сатай батырға ескерткіш қойды. Жаркент үйезі тарағанға дейін оның құрамында Сатай болысы болды.
Аты Сатай батырмен қосарлана аталатын суан тайпасынан шыққан Бөлек батыр да Райымбекпен қол біріктіріп соғысқан адам. 1733 жылғы ұлы жүз хатына Хангелдімен бірге қол қойған бұл Бөлек емес, шапырашты Бөлек екенінде дау болмаса керек. Себебі ол кезде суан Бөлек төрт жасар ғана бала. Ал Бөлек Қараұлы Сатай немересі - Аңырақай шайқасында қалмақтың бас батыры Аңғырақты бірінші жекпе-жекте жеңіп, атағы бүкіл Жетісуда шалқып тұрған батыр. Сондай батыр болсын деп, 1729 жылы туған суан баласының атын Бөлек қойған болуы мүмкін. Өйткені Қазыбек бектің жазғанына қарағанда, Абылай 1757 жылы жеңіс тойын жасағанда және оның қарсаңындағы ұрыста суанның жас биі Бөлек батыр біраз қызбалық танытады («Түп-тұқыйаннан..» Алматы. 1993. 370-бет). Ал Бөлекті зерттеуші Тұрдақын Құдайқұлов: «Айбике анамыз: «Бұл - Бөргелтайдан қалған соңғы ұрпақ. Сондықтан бұл баланың жөні бөлек, аты Бөлек болсын», -деп өзі қойыпты», - дейді («Жетісу». 07.07.2001). Қ.Сауранбаев ақсақал Райымбек батырларының қатарында Бөлек батырдың да бар екенін жалпылай айтқанмен, оның ерліктерін таратпайды. Өйткені ол кісі Бөлек батырдың ерлігін білетіндей суан тайпасының адамымен жолықпаған және ол жайлы әдейілеп сұрастырмаған. Ал Бөлек - Алтынемелден Өсек өзенінің бойына дейінгі аралықта жатқан қазақ даласын жау қолынан азат етуде айрықша үлес қосқан, жасақ жинап жауға шапқан батыр. Райымбек батырдың шайқастарына қатысқанда, Суанның Бәйтүгейден тарайтын ұрпақтарын Сатай басқарса, Бөлек Тоғарыстан ұрпақтарына басшы болған. Батырлығын бағалаған ел оны жастығына қарамастан би сайлаған. Райымбек Қорын ханды шапқанда, Сатай мен Бөлек қолы Бұғыты мен Тастықара маңайынан қалмақтарды қуып шығуға қатысқан. Қазақтың біріккен қолы Түрген қамалын алғаннан кейін ол өзіне қазіргі Қоңырөлең аймағын өріс қылған. Ұрпақтары қазір де сол арада тұрады. Жаркент қаласының орталық бағында Бөлек батырға орнатылған ескерткіш бар. Шежіре деректерін салыстыра қарасақ, Сатай, Бөлек, Райымбек батырлардың қазір 8, 9 - ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Демек, олардың жас шамасы бір-бірінен оншалық алшақ болмаған. Оның тұңғышы Жауғаш жайында Т.Құдайқұлов былай дейді: «Жоңғар шапқыншылығы кезінде «Ойрантөбе қырғыны» деп тарихта аты қалған жер бар... Міне, осы соғыста жауын қашырып, жеңіске жетіп, мерейі үстем болған Бөлек ауылына келсе, әйелі босанып ұл тауып отыр екен. Оған ерекше қуанған Бөлек: «Мен жауды жеңіп, оны қашырған күні туған ұлымның аты Жауқаш болсын», - деп атын қойыпты», - дейді (сонда).
Қ.Сауранбаев жазбасында аты-жөні ауысып айтылған бір батыр бар, ол - Шанышқылы Қожамберді батыр. «Күншығыс жақтағы Сарықамысты өрлеп екі жақты айналып, шанышқылы Қожамберді батыр да барлық жауынгерлерімен жол бойы дұшпандарын тазалап, аман-сау олжасымен осы соғысқа келіп қатысты», - деп отырған Қабылбек ағамыз (сонда, 127-бет) Түрген қамалын қазақ қолы шапқан кезде оны Бердіқожа батыр деп жаңылыс атап жібереді (сонда, 155-бет). Алайда шанышқылыдан шыққан атақты Бердіқожа батырды жаркенттік шанышқылы Қожамбердімен Қабекең шатастырып алса да, біз өйтіп шатастырмауымыз керек.
Райымбек шайқастарына бастан-аяқ қатысқан адамның бірі - албан Ырыскелді батыр. Қ.Сауранбаев ақсақал оның ерліктеріне арнайы тоқталмаған. Өйткені ол кісі негізінен Райымбектің ғана ерлігі жайында мәлімет жинауды мақсат еткен. Бірақ Ырыскелді мен Аралбай батырдың ұлы жүз қазақтарының хатын патшаға жеткізуші болғанын, ондай батырдың өмірде болғанын тарих куәлеп берді. Албан тайпасының шежіресінде: «Ырыскелді Шабар батырға еншілес болған. Ол да батыр екен. Шабар өз туын Ырыскелді батырға қалдырған делінеді», - деп жазылған («Бәйдібек - алып бәйтерек». Алматы, 2003. 449-бет). Демек, оның ерлігін бүгінгі ұрпақ ұмытпаған.
Райымбектің жауынгер серіктерін түгендеп зерттеу, шынын айтқанда, қазір мешеу халде. Қ.Сауранбаев дерегінде айтылатын Биеке, Тілеуке, Ердес, Барақ, Өтеп, Ақбас батырлардың кім екенін даралап зерттеу - әлі алда тұрған мәселе. Қабекең қамтымаған кей жағдай Албан шежіресінде айтылған. Мәселен, онда: «Төлесұлы Биеке батыр бес әйел алып, олардан туған балалар төмендегідей тарайды» (сонда, 394-бет), «Биеке батыр жиені Райымбек батырды шақырып алып»,.. «Биеке Төлесұлы қазіргі Алматы облысы, (Панфилов) Жаркент ауданы Алтынемел тауына жерленген»,.. «Биеке батыр (1656 - 1757)», .. - делінген (сонда, 453, 454-бет). Биекенің шын мәнінде тарихи тұлға екенін шежіре өстіп дәлелдей түседі.
Шежіредегі Сатыдан - Өтеп - 1. Шынтемір - 2. Мәнжі - 3. Уса - 4. Бапақ - 5. Ақбай - 6. Қаймолда -7. Боранбай - 8. Сұлтанмұрат - 9. Қанат дегенге қарап, бұл Өтептің Райымбекпен тұстас өмір сүрген Өтеп екенін аңғаруға болады (сонда, 978- бет). «Қаракісі - Бозымұлы Жаншықтың немересі... Батырдың дәл қай жерде туғанын ешкім білмейді... Ал өлген жері - қазіргі Асы жайлауының түбіндегі Қатыншат аңғарының аузындағы Бартоғай су қоймасының жағасы. Зираты Бартоғайдан шығатын үлкен қара жолдың оң жағындағы қапталында. 1747-жылы маусым айында Аласа мен Бұғыты тауының ортасындағы Көкбек жазығында қалмақтармен өткен қанды шайқаста майдан алаңында ішінен мылтық оғы тиіп, жарық дүниеден... сапар шеккен... Ел жүрегіне жазылған тарихта «Ойрантөбе» деген аты бар», - дегенді (сонда, 1202-бет) оқып, Райымбек шайқастарына қатысқан талай батырдың зерттелмей жатқанын қынжыла шамалайсың. Себебі біз оның бәлен жылдық, түген жылдық тойын атқарып жатқанымызбен, өмірі мен ерлігін өтіріктен тазалап жатқанымыз жоқ.
Қарап отырсақ, өзіне серік болған батырдың бәрі Райымбектен бірер жас болса да үлкен болған. Ақылдасқанда, оның үнемі өз сөзін: «Ағалар!» - деп бастайтыны да соны аңғартады. Алайда өздерінен кіші болса да, барлық батыр оның қолбасшы болғанын қалаған. Неге? Өйткені өжеттігі, тапқырлығы өз алдына, ол ақыл-парасатымен де, ұйымдастырғыш қабілетімен де ерекшеленген. Оның айрықша әдептілігін, адалдығы мен дүниеге қызықпайтын жомарттығын; тура жүріп, тура сөйлейтін көсемдігін бәрі бағалаған және мойындаған. Мәселен, Секер ханмен шайқастан соң, қалмақтардан түскен олжаны бөлгенде, бас қолбасшы Райымбекке 375 жылқы; Арыс ханды жеңген соң, 400-ден артық бас; Төреханды жеңген соң, 400-ден астам жылқы тиесі болады. Бірақ ол бұл жүлкеден бірде-бір мал алмай, бәрін шайқасқа қатысқан немесе шайқаста қаза тапқандардың отбасына, мүгедектер мен кедей-кепшікке бөліп бергізеді (сонда, 133, 143, 161 - бет). Оның осындай адалдығы мен адамгершілігін бәрі бағалаған. Сондықтан Райымбек жайындағы тарихқа даңғаза сөзбен емес, ақ-қараны ажырататын көзбен үңілу керек. Және кейбіреулерше Райымбектің атын шығарам, атағын аспандатам деп тыраштанудың түкке қажеті жоқ, өйткені ол өлместей атағын бізсіз-ақ өзі шығарып кеткен.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
жазушы
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=9288&Itemid=2