Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ. Қазір әуесқойлардың көбейіп кету кесірінен ән өнері құлдырап бара жатыр
Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор:
Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор:
- Өнертанушы ғалымдар Абай атамыз жазба әдебиеттің өкілі әрі ойшыл ақын болған соң, өлеңнің мазмұнына, мәтініне көбірек мән бергендігін айтады. Сонда ғана есті ән шығады деген пайымға келген. Оның әндері де сол сөздің құндылығымен құнды болып, қазақ әніне жаңаша үрдіс әкелгендігімен ерекшеленеді. Абайдың пікірімен келісесіз бе? Жақсы ән мықты жазылған өлең сөзіне қарай туа ма?
- Әркімнің өзінің шығармашылығы бар. Мен әуелі ән шығарамын, сосын ақындар жұмыс істейді. Буындарын жазып, не туралы болу керектігін айтып беремін. Көңілімнен шықпайтын жағдайлар болады. Ондайда ақындар менің көңілімнен шыққанша басқа нұсқаларын жаза береді. Ең аяғында тоқетері болады. Әнді құс десек, әуені бір қанаты болса, өлеңі - екінші қанаты. Екі қанаты тең болғанда ғана құс ұша алады.
- Бәйгеге шабатын сәйгүліктің жүйріктігін пошымына, бейнесіне қарап танитын қазақта Толыбай сынды сыншылар болған. Талантты жазбай тану - өнерде де бар. Сізді көрген Ахмет Жұбанов композитор болатыныңызды алдын ала білген көрінеді. Өзіңіз де адамды танитын жасқа келдіңіз. Кейінгі буын ішінен қазақы бояуы қанық, қазақ әнінің туын желбірететін осы деп қай композиторды атай аласыз?
- Менен кейінгі буында Қуат Шілдебаев деген өте талантты композитор бар. Оның өзі 60-қа келіп қалды, жас деп айтуға болмайды. Бірақ мені де кезінде 50-ден асқанша жас композитор деп жүрді ғой. Бізде сондай бір үрдіс бар, неге екенін білмеймін. Алдымызда бірнеше ұрпақ болғаннан кейін, алдымыздағы композиторларға қарағанда жас болған соң, солай деген шығар?! Артық Тұрсынбаев, Ақтоты Райымқұлова сынды талантты композиторларды атар едім. Осы үшеуі де - бір уақыттың ұрпақтары. Бұлар нағыз қазақтың иісі бар музыка жазады. Фольклорды жақсы біледі. Қандай музыка жазса да, қазақтың композиторы жазған шығармасынан көрініп тұрады. Мысалы, Қуат Шілдебаевтың «Отан-Ана» деген әні неге тұрады! Нағыз қазақы ән.
- Қазақтың композиторы болған соң, қазақы бояумен ән шығару керек қой. Сал-серілердің, дәстүрдің ізімен ән шығару үдесінен қаншалықты шықтыңыз?
- Шығармашылықта ешқашан біреудің ізімен жүруге болмайды. Адам егер нағыз талант, нағыз шығармашылықтың адамы болса, өзінің стилін, жолын табады. Абай бабамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар, қалан!» - дегендей, өзінің жолын тапқан адам ғана нағыз талантты композитор деп ойлаймын. Құдайға шүкір, қазақтың даласында таланттар жеткілікті, бірақ еңбек етіп, ізденбесең, еш нәрсе шықпайды. Орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковскийге «Гений деген кім?» деп сұрақ қойғанда: «Гений - 99 пайыз еңбек, 1 пайыз талант», - деп жауап берген екен. Жұрт композиторды Құдай құдірет берген адам, отыра қалып жаза береді деп ойлайды. Алдымен ізденіс болу керек. Музыка өнерінде дүниежүзінде қандай жаңалық болып жатқанын тыңдауға міндеттісің. Тыңдап отырып, бір кереметін тауып алсаң: «Ә, мынау бәле екен, қалай тапқан?» деп өзіңе сіңіріп аласың. Кезі келгенде өз табиғатың арқылы сондай бір дүние өз туындың болып шығады. Ол жерде ешкімнен ұрлау, плагиаттық жоқ. Бір орында тоқтап қалмай, үнемі ізденісте жүру керексің. Бұл тек қана музыкантқа қатысты емес, менің қағидам - кез келген адам дүниежүзілік поэзияны, дүниежүзілік әдебиетті оқу арқылы білімін жетілдіруі керек. Адамның табиғаты білімге байланысты. Нағыз композитор барлық саладан хабардар болуы керек.
- Жас күніңізден кімдерді тыңдап, кімдердің шығармасынан тәлім алып өстіңіз?
- Мен 18 жасымда «до» мен «ре»-ні таныған адаммын. Қарапайым орта мектепті үздік оқып, алтын медальға бітіріп, музыкалық училищенің дайындық курсына түскенмін. Бес жыл училищеде, бес жыл консерваторияда, барлығы он жылда 28 жасымда бітіріп шықтым. Менің ұстазым - профессор, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Анатолий Бычков. Ол кісі үнемі маған: «Кеңес, сен қазақсың, қазақша жазуың керек!» деп отыратын. Қазақы шығарманы өмір бойы тырысып жазып келе жатсам да, ол кісі есіме салып тұратын. Бәлкім, ұстазым мені солай қайрамағанда, Қазақстанда Кеңес Дүйсекеев деген композитор шығар ма еді, шықпас па еді?!. Ол кісі баяғы заманның ескі әндерін беріп: «Интонациялық байлықтарын өзіңе сіңіріп ал, кейін шығармашылығыңа керек болады», - дейтін. Орыстың фольклорын да бір адамдай білемін, жазамын десем жаза аламын. Бірақ мен қазақ болған соң, тек қазақтың музыкасын жазуым керек. Екінші жағынан, мектепте жүргенде нота білмейміз, дыбысқа деген қағілездігімнің арқасында домбыра тартып үйренгенмін. 50 шақты күй білемін. Кезінде баян, аккордеон, мандолин, пианиноны да есту арқылы үйреніп, ойнадық. Сыр өңірінде туғандықтан, жыр, терме, қисса кішкентайымнан құлағыма құйылған. Сырдың ешбір өңірге ұқсамайтын осы уақытқа дейін толық зерттелмей келе жатқан өзіндік фольклоры, дәстүрі бар. Күйлері де бөлек. Ауылға жыршы, жыраулар келгенде, әкемнің қасына еріп, түнімен жыр, қисса тыңдайтынбыз. Менің қалыптасуыма мұның бәрі әсер етті.
- Домбыраны бір адамдай тартам дедіңіз. Дегенмен дәстүрлі әншілер орындайтын әндеріңізді көп естімейміз...
- Елдің бәрі Досхан Жолжақсынов орындап жүрген «Ойлан, балам!» деген әнді Досхандікі деп ойлап жүріпті. Шын мәнінде, ол менің әнім. 1980 жылы балама арнап жазылған ән. Қазақ ССР-нің 60 жылдығындағы байқауда Гран-приді жеңіп алған, домбырамен айтуға арналған «Қазағымның күйлері-ай» деген әнім бар.
- Қазір саяси шараларға, елеулі даталарға, патриоттық әндерге арнап композиторлар арасында байқау жариялау жиілеп кетті. Байқауға ғана арнап ән жазу үрдісі дұрыс па? Бұл композиторлардың шығармашылығын шектемей ме? Себебі сол әндер байқау барысында орындалып, кейін ұмыт болып жатады...
- Мәселе - байқауда. Егер жарияланған байқау композитордың жүрегіне әсер беретін болса, қатысу керек. Кезінде республикалық бірталай байқауға қатысып, біраз әнім лауреат болған. Құдайға шүкір, соның барлығы айтылып жүр. Мысалға, «Сәлем, саған, туған ел!» деген әнім КСРО-ның 60 жылдығына арналған жарыста 2-орын алды. 37-38-жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандарға арнап бір цикл ән жаздым. Соның ішінен екі әнім байқауға қатысып, «Қош, аман бол, туған жер» - 1-орынды, «Ана зары» 2-орынды иеленді.
- Бұрынғы шын таланттар талантты жазбай танып, мықтының мықтылығын мойындайтын. Адамның дарындылығын мойындау да - өнер. Сол өнерден неге айырылып барамыз? Бақталастық пен көреалмаушылық неге қазір белең алды?
- Мен сізге бір мысал айтайын. Менің замандас буыныма жататын композиторлар - Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев, Жолан Дәсенов, Төлеген Мұхамеджанов, Алмас Серкебаевтар. Бұлардың көпшілігі бақилық болып кетті. Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев, Жолан Дәсеновтер қазақтың қандай талантты композиторлары еді. 50-ге жетпей өмірден озды. Бізден кейінгі буын композиторлар бізге «сіздер қандай талантты ұрпақ едіңіздер!» деп таңғалатын. Өзіміздің арамызда өмірде бақталастық болмаған. Бақталастықты таланты жетпейтін адамдар жасайды деп ойлаймын. Нағыз талантты адамдар қайта қуанады. Біріміздің шығармамыз үздік шықса, соған барлығымыз қуанып, мақтайтынбыз. Оны жеке бір адамның, сол арқылы дүйім қазақтың жетістігі деп бағалайтынбыз. Таңғаларлық дүние. Адам Құдай берген табиғатымен, оқыған-тоқыған білімімен бір нәрсе туғызбаса, басқасы - бос әурешілік. Менің өмірімде мынадай бір оқиға болды: 1979 жылы мен он шақты шығарма жазып, енді атым шыға бастағанда, бір жігіт «Социалистік Қазақстанға» «Дүйсекеев қазақ әндерін жазбайды» деген мазмұнда мақала жазды. Сол мақаланың ізінше Кеңес Одағы әртістері эстрадасының 6-ыншы конкурсы болды. Байқаудың Орта Азия бойынша аймақтық сайысы Ташкентте өтті. Соған Нағима Есқалиева «Қаракөз айым» деген әнімді айтып шықты. Жаңағы мақалада дәл осы «Қаракөз айымды» «қазақ әні емес, қазақтың иісі де шықпайды» деген болатын. Қазылар алқасы сол әнім үшін қазақ әнінің байлығын қазіргі заман эстрадасымен ұштастырғанымды үлкен жетістікке балап, арнайы жеке грамота берді. Мақала жазған адам, бәлкім, көреалмағаннан кейін, қолынан іс келмеген соң, бақталас болған шығар. Нағыз талант ешқашан ондай бейшаралық деңгейге түспейді. Роза Рымбаева 1979 жылы Түркияда өткен «Алтын микрофонға» қатысқанда, «Домбыра туралы баллада» әнімді түрікшеге аудартып, Стамбулда орындады. Әнді естіген залда отырған түріктер шапалақпен қошемет көрсетіп, тағы бір ән сұрағанда, «Сәлем, саған, туған ел» әнімді айтып беріпті. Роза композиторға деп қазылар алқасының табыстаған арнайы дипломын әкеп берді. Мұндай құрмет сол уақытта бұрын-соңды болмаған еді. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа тастама» деген қазақта мақал бар. Тірі жан болған соң, жоғарыдағыдай ауыр сөздер, бақталастық жүрекке әсер етпей қоймайды.
- Кеңес өкіметі кезінде қаламақыға ғана күн көруге болатын. Қазір ше?
- Мысалы, 80-жылдары шығармаларым Одақ бойынша, тіпті шетелдерде орындалатын. Сол уақытта тек чекпен кіргізетін «Березка» деген дүкен болатын. Ұлым тек сол дүкеннен киінетін. «Березкаға» Кеңес өкіметінің ақшасы жүрмейді, кіргізбейді де. Одан бөлек әндерім орындалғаны үшін айына мың сом есепшотыма түсіп тұратын. Ол кезде министрдің айлығы 350 сом болатын. Құрығанда айына 500 сом қаламақы алатынбыз. Ал киноға музыка жазсаң, бірден 3500 сом, Одақтық жалға өтсе, 7000 тағы төлейді. Кеңес өкіметі кезінде гастрольдік сапарға шығар алдында қанша концерт, қай шығармаларымызды беретінімізді жазып кететінбіз. Концерт болған жерден пайызы түсе береді. Қазір ондай қадағалау, тексеру жоқ. Екіншіден, әр мекемеде өзінің көркемдік кеңесі болатын. Алматыда он шақты көркемдік кеңестің мүшесі болатынмын. Шығармаларды сатып алу үшін үкімет көркемдік кеңестерге арнайы қаржы бөлетін. Радиода маңдайынан шертіп таңдалып алған шығарманың ақшасын авторға төлеп, әншіні шақыртып, оркестрге жаздыртып, «Алтын қорға» сақтайтын. Ал қазір кім болса сол әнді апарып беріп, іріктеусіз өтіп жатады. Шымкенттің «алайбазарында» беретін әнді радиодан беріп жатыр. Эфир - халықтың тәрбиешісі. Баяғыда композиторлар жұмыс істемей-ақ, үйде отырып-ақ бала-шағасын асырайтын. Ал қазір мен жұмыс істемесем, бала-шағам аш қалады. Кеңес өкіметі тұсында бір шығарманы жазам деп алдын ала айтсаң, 30 пайызын беріп қоятын. Еш нәрсеге алаңдамай, сол ақшаға отбасыңды бағып, шығармаңды жазасың. Қалғанын жазғаннан кейін төлейтін. Қазір музыка жазуға да тендер жариялайтын болған. Өнерге тендер қойғанына аң-таң болдым. Бірақ соған қатыстым. Бір бет қағазға әлі жазылмаған симфониям туралы жазып бердім. Бір жылда бір симфонияға тиын-тебен береді, ол ақшаға бір жыл отбасыңды асырай аласың ба, алмайсың ба, Құдай біледі. Менің музыка жазғаннан басқа қолымнан түк те келмейді. 90-жылдары тоқырау кезінде біраз композитор базарға кетіп қалды. Үш-төрт жылдан соң бұрынғы деңгейіме жетем дегенше, ол композитордың біраз шашы ағарады. Базардан шаршап келіп, музыканы қалай жазады? Сол зардап шеккен, орны ортайған дүниелерді қалпына келтіретін кез жетті. Дамыған 50 елдің қатарына енеміз деп жатырмыз. Мұнай да, басқа байлық та жетеді. Енді өнер адамдарына жағдай жасаса деймін. Осыдан үш жыл бұрын Қазақ радиосының көркемдік кеңесіне Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова сынды Қазақстан өнеріндегі беткеұстар нарқасқалары шақырылды. Қазақ радиосының деңгейіне жетпейді деген әндерді алып тастап, бүкіл қорды тыңдап, іріктедік. Бір жарым жылдай жұмыс істедік, әрине, төлеп жатқан ақшасы жоқ, тек өнерге деген патриоттық сезіммен жүрген едік. Төмен әндерді «мынау Қазақ радиосының деңгейі емес, Шымкенттің «алайбазарының» әні ғой, мұндайды жібере алмаймыз» десем, сол жерде отырғандардың біреуі авторға пікірімді жеткізген екен. Содан «Дүйсекеев - киллер, ол бар жерде барлығын қырады» деген әңгіме шығып, содан кейін болу керек, мені мүлдем көркемдік кеңеске шақырмай қойды.
- Қазір дәстүрлі әннің әуені мен сөзін де бұзып айтып жүргендер бар ғой...
- Дәстүрлі әнді бұзу - қиянат. Мен бұл шындықты қазақ халқының, қазақ өнерінің келешегі үшін айтып жүрмін. Жаным ашыған соң айтамын, әйтпесе маған келіп жатқан пайда жоқ. Дәстүрлі әнді эстрадаға салып, оны бұзып айтқан адам - нағыз көргенсіз адам. Ондай адамды атып тастау керек. Олар ғасырлар бойы таза қалпын бұзбай келе жатқан алмасты қырлап шығарған гауһарды боққа шылап жатыр.
- Дәстүрлі ұлттық музыкамызды Еуропаның классикалық музыкасынан төмен санайтындар да кездеседі ғой...
- Марқұм болып кеткен Түркіменбашы бір кездері Еуропаның классикалық музыкасын керек етпей, өшіріп тастап еді. Қазір орнына келтірді. Классикалық музыкасыз өнер болмайды. Моцарт, Бетховен, Чайковский қай халыққа болсын керек. Дүниежүзілік шедеврлерден үйрену керек, олардан тәлім-тәрбие алу керек. Өкінішке қарай, бізде оқымаған, тоқымаған, кеудесін құр «қазақпын» деп ұратын надандар көп. Не халық музыкасын, не фольклорды жөнді білмейді. Барлығы мақала жазады. Соның барлығына тоқтау салатын бас редакторлар отыр ғой. Өз қамымызды өзіміз ойламасақ, ешкім ойламайды. Осыдан үш жыл бұрын Астанада халықаралық композиторлар форумы болды. Еуропаның барлық елінен, бізден іріктелген үш-төрт композитор қатысты. Немістің шығармасы орындалғанда, италиялық па, немістікі ме танымайсың, бір-біріне ұқсап кеткен. Ал біздің қазақтың музыкасы орындалғанда, олар «шығармаларыңыздың қазақы иісі аңқыған, күре тамырынан айырылмаған бақытты халықсыздар» деп таңғалды. Еуропа елдерінің қазіргі музыкасы ұлттық бояуынан айырылып қалған. Қазір дүниежүзінің назары шығысқа ауып отыр. Шығыс тамырынан ажырамаған, оның ішінде қазақ та бар. Нағыз сыншыл сырткөздің алдында мақтанып қалдық. Мысалы, 1980 жылы Ленинградта «Ленфильмде» киноға музыка жаздым. Ленинградтың мемлекеттік филармониясының Мравинский атындағы симфониялық оркестрі келді. 15 шақты үлкен кісі келіп: «Где здесь маэстро?» деп сұрады. Дирижерді айтып тұрған шығар десем, бұл музыканы кім жазғандығын сұрап тұр екен. Өзім жазғандығымды айтып едім, Мәскеудің не Ленинградтың консерваториясының қайсысын бітіргенімді сұрады. Алматының консерваториясын бітіргенімді айтып, «Римский-Корсаковтың шөпшегімін» дедім. Римский-Корсаковтың шәкірті - Шейнберг, оның шәкірті - Брусиловский, оның шәкірті - менің ұстазым Бычков. «А, вот откуда. Ленинградская школа значит» деді. Жаңағы келіп тұрған ішекті аспаптарда ойнайтын топ 1942 жылы қоршаудағы Ленинградта Шостаковичтің №7, №8 симфониясын орындаған музыканттар екен. Қазақтың музыкасы естілген соң, құрметтеп маған келіпті. Дүниежүзінің бүкіл классикалық шығармаларын орындап жүрген шебер орындаушы-музыканттар келіп, біздің музыкамызды бағалап тұрғанда, төбем көкке жеткендей болды.
- Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Әбілахат Еспаев ағамыз көшеде таяқ лақтырсаң, «мен композитормын» дегенге тиетіндігін айтып, алаңдап еді. Сол кісінің айтқан сөзінің «көкесі» бүгін болып отыр. Қазір екінің бірі - композитор. Нота білмейді, ыңылдап бір нәрсе шығарады. Музыкалық білімі жоқ, қалтасында ақша бар. Ыңылдап айтып бергенін студиядағы кәсіби маман түсіріп, фонограмма жазып, екі-үш әнін әншіге орындатып, «мен композитормын» деп көкірегін ұрып жүргендер жетеді. «Композитор» деген - латынның ескі сөзі, «басынан аяғына дейін құрастыратын адам» деген мағына береді. Басынан аяғына дейін құрастырмайтындар - әуесқойлар. Оларға мұны айтсаң, намысына тиеді. Әуесқой болмаса, сазгер-ақ болсын, тек саз жазатын. Композитор - әншіге басынан аяғына дейін дайындап, өзі өңдеп жеткізуі керек. Белорус композиторы Эдуард Ханок деген досым Мәскеуге барғанда: «Кеңес, өнер адамы өзіне-өзі сот, өзіне-өзі прокурор болуы керек» дегені есімде. Жазған дүниемнің барлығын тамаша туынды деп жарыққа шығарып жатқан жоқпын. Талай дүнием жыртылып қалып, талай дүнием биік деңгейге жетпейді-ау деген соң, қалып жатады. Қазір әуесқойлардың көбейіп кету кесірінен ән өнері құлдырап бара жатыр. Бұл тыңдаушының талғамын бұзады, төмендетеді.
Автор: Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ
http://alashainasy.kz/person/26325/