Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2983 0 пікір 8 Тамыз, 2011 сағат 20:31

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ. АЮХАНОВ АЙДАН ТҮСТІ МЕ НЕМЕСЕ «ҚАРА ЖОРҒА» ҒЫЛЫМИ ТҰЖЫРЫМҒА ЗӘРУ

Жақында орыстілді бір басылымға Қазақстанның халық әртісі Болат Аюхановтың сұхбаты шықты. Ағамыз айды аспанға шығарып, «Народный танец такое же привнесенное искусство в Казахстане, как и балет. Ну не было у казахов танцев! Их высосали из пальца, придумали на основе обрядов и традиций», - дейді. Дейді де, «Поскольку у казахов никогда не было танца, влюбленная в Казахстан Лидия Чернышева создавала пластику на основе песен, обрядов, подражания традиционным занятиям кочевников» деген түйіндеме жасайды.

Жақында орыстілді бір басылымға Қазақстанның халық әртісі Болат Аюхановтың сұхбаты шықты. Ағамыз айды аспанға шығарып, «Народный танец такое же привнесенное искусство в Казахстане, как и балет. Ну не было у казахов танцев! Их высосали из пальца, придумали на основе обрядов и традиций», - дейді. Дейді де, «Поскольку у казахов никогда не было танца, влюбленная в Казахстан Лидия Чернышева создавала пластику на основе песен, обрядов, подражания традиционным занятиям кочевников» деген түйіндеме жасайды.

Қалайша жағаңды ұстамайсың? Бізде бидің тарихын зерттеп жүрген кісі некен-саяқ. Бір біледі деп сенсек, бидің «сүйегін шағып, майын ішкен» Болат Аюхановқа сенеміз. Ал осылай деп бәріміз бас ұрып жүрген мәртебелі маманымыз мыңжылдықтар бойы дамып келген көшпелі халықтың мәдениетін жат жұрттан келген біреуге жығып бере салады. Чернышева жақсы маман болса, болған шығар, бірақ сол болмағанда, қазақтың биі қараң қалатын еді, қараң қалғаның не, тіпті табиғатта болмас еді дегенді қалай түсінуге болады? Қарапайым қисынға салғанның өзінде, жыл он екі ай көшіп-қонып жүретін динамикалы халықтың билеуді білмеді дегеніне сене аласыз ба?! Қыздарымыз мың бұрала билейтін танымал билерді қоспағанда, жігіттерге ғана тән «Аю биі», «Бүркіт биі», «Қара жорғалар» қайда қалады сонда? Айтпағымыз осы «Қара жорға» туралы еді. Бірақ аяғы аспаннан салбырап түсе қалғандай болып отырған Аюханов ағамыздың жайын анықтай кетейік.
Басында абдырап қалып, бишінің неге айбат шегіп отырғанын түсінбеп едік. «Тесіп бара жатқаны» қарабайыр ғана көре алмаушылық екен. Сұхбат неден шығып еді, «Салтанат» би ансамблінің 55 жылдығынан. Өзі сынап отырған «Салтанаттың» бюджеті 29 млн. теңге, «а у моего коллектива», яғни Мемлекеттік академиялық би театрынікі - 9 млн. Ал «Салтанат» жаман-ақ болсын. Сауатсыз болсын, талғамсыз болсын. Сонда мен содан артық екенмін деп, ұлттың мәдениетін мансұқтауға бола ма? Бұл не деген жауапсыздық? Бөкеңнің жауапсыздығын мына бір пікірден де байқадық. «Сейчас что получается: русским языком попользовались, защитили на нем диссертации, импортировали с его помощью технологии и западные жанры искусства - и до свидания? Теперь надо возвращаться к скачкам, юртам и делать вид, что это и есть наше национальное искусство?». Оу, көке, қазақ тілін білмедің деп ешкімді аластамайды бұл мемлекет. Бірақ жеке бастың мүддесінен гөрі ұлттың ұйысуын, халықтың келешегін ойласаңыздар етті!
Қазақта би болмаса, Болат Аюханов қайдан шықты? Қазақта би болмаса, Аюханов қойған «Қыз Жібекті» де сызып тастау керек шығар? Сол балетте қолданылатын буын биін де Бөкеңе Чернышева келіп үйретіп кеткен шығар, бәлкім? Болат Аюханов айтқандай, орыстың тілі мен мәдениеті «бізді ұшпаққа шығарып отырғаны» қандай рас болса, сол тілді күштеп тықпалаған саясаттың барша ұлттық құндылықтарымыздан күштеп айырғаны сондай шындық. Cол себепті орыс тіліне жанымыз ашып, өзегімізді суырып беретіндей ештеңесі жоқ. Есті ұл болса, қазір сол жоғалтып алған жауһарларымызды түгендеуді өсиет қылар еді қайта. Осының бәрі неден? Биге болсын, ән мен күйге болсын, мәдениет пен тұрмыстың қай саласына болсын, ғылыми зерделеудің, ғылыми түйіндеу мен баға берудің кемшін түсуінен.
Соңғы кезде «Қара жорғаға» қарсы шабуыл басталғандай. Берік Сұлтан деген блогер бауырымыз «Қара жорға зинаға бастайды» деп бір таңғалдырды. Жан-жақтан, қалмақтың биі екен, моңғолдың биі екен деп күбірлесіп-жыбырласқандар қаншама. Тарихшы Гүлнәр Меңдіқұлова «Қара жорға қазақтың биі емес» деп бір, «Қара жорға адамдарды зомбылайды» деп екі «анықтама» берді. Қазақтың тілін де дұрыс білмейтін адамға («алтыбақанды» «алтын бақа» деп отырған), «ондай би қазақта болмаған» деп кесіп-пішуге кім құқық беріпті? Мәселе өзіңдікін өзектен тебуде де емес. Көпе-көрінеу соқырлықта. Егер «Қара жорға» қазақтың қанында болмаса, қалайша соншама тез таралып, кәрі-жас жаппай билеп кетті? Бұл «Қара жорғаны» кешегі кеңестік дәуірдің өзінде Өзбекәлі Жәнібеков билеген. Бұл «Қара жорғаны» Қытайдан келген қандасымыз, тарих ғылымдарының кандидаты Әлiмғазы Дәулетхан «ықылым заманнан болған» дейді. Тіпті оның пікірінше, «Қара жорға» далалық цирктің түп-тамыры болуы да мүмкін.
«Бiз бiлетiн "Қара жорға" биiнiң домбырада орындалатын арнаулы күй сарынды әуенi бар. Ол бүгiнгi "Қара жорға" биi әуенiнен мүлде бөлек, баяулау орындалады. Ал бидiң өзi - бiртұтас желiге құрылған, бiрнеше бөлiмнен тұратын, берiк композициялы, нағыз буын биi. Алдымен бұл би неге "Қара жорға" аталады дегенге назар аударайық. Оны қыстың суық күндері, шаруадан қолы босаған жұрт тамашалайтын болған. Билеу үшiн бiр қарулы, мығым жiгiттi ортаға қара жорға ретiнде шығарып, атқа ұқсатып төрт аяқтатып тұрғызып қоятын. Сонан кейiн бiр бозбаланы ортаға шығарып, қол соғатын. Домбырашы дәстүрлi "Қара жорға" би әуенiн тарта бастағанда бозбала атқа, яки қара жорғаға билей жүрiп жақындап, алдымен аттың кекiлiн, құлағын, жалын сипап, ноқта, жүген салу рәсiмiн жасайды. Бұдан кейiн арқасын, сауырын сипап жүрiп, атты ерттеуге кiрiседi. Мұның бәрi, әрине, би арқылы орындалады. Iшпек, тоқым-ер салып, құйысқандауға келгенде ат үркiп, теппек болып мiнез көрсетедi. Оның өзi рахаттана күлуге себеп болады. Ат ерттелiп болғаннан кейiн, бишi жiгiтiмiз атты айнала көпшiлiктiң алдында буын биiнiң небiр нәзiк қимылдарын жасап, өнерiн көрсетуге барын салады. Осыдан кейiн бидiң ең шарықтау шегiне куә боласыз. Бишiмiз ерттеулi аттың төрт аяғын тағалау жосынын жасап, "Қара жорғасына" қарғып мiнiп, атүстi қозғалысының ең күрделi де әсем қимылын көрсете бастайды. Аттың қолтығына аяқтарын өткiзiп алып, шалқайып, еңкейiп, оңға-солға аунай аттың бауырына түсе билеп, жұртты қыран-топан күлкiге батырады. Егер қонақтар арасында жас бишiлер болса, олар да биге қосылып, ойын көрiгiн қыздыра түседi. Ал қазақ жаз жайлауға шығып, қымыз бен бағлан етiне тойынған шағында «Қара жорға» ат үстiнде билейтiн, бүгiнгi акробаттарша өнер сайысына түсетiн ойын-тамашаның гүлiне айналатын. "Қара жорға" биiнiң шығу тарихы тым ерте заманға меңзейдi. Ежелгi Ғұн, Үйсiн, Қаңлы, Найман-Керей хандықтары тұсында атты әскерлер ұзақ жорықтарда жүргенде үзiлiстерде алқа-қотан тұра қалып, жаппай би билейтiнi, ол бидiң "Жылқы биi" ("Ма у") деп аталатыны жөнiнде ертедегi қытай жазбаларында сақталған».
Қаршадайынан «Қара жорғаны» көріп өскен кісі осылай дейді. Бірақ биді қорғап қалу дегеніміз, оны көрінген жерге тықпалау деп түсінген де абзал емес. Мысалы, Рүстем Әбдірәшев түсірген «Балалық шағымның аспанында» 1945 жылы қуаныштан жүрегі жарылған қазақтар «Қара жорғасын» билейді-мыс. Оу, ол кезде «Қара жорға» қайда еді, біз қайда едік? Талғат Теменовтің «Менің күнәлі періштем» деген жаңа фильмінде де «Қара жорғаны» билейтін көрініс бар. Қателеспесем, «Елім-ай» фильмі де онсыз өтпейді. «Нұрғиса» деген хореографиялық қойылым қойылды. Онда да сол «Қара жорға». Театрдағы қай премьера болсын, «Қара жорғаның» қимылын кіргізіп жібереді. Буын биін шығармаға қосу-қоспауда емес, мәселе. Оның тарихи шындыққа сәйкес келуінде. Мәселен, «Жезтырнақ» секілді, немесе «Қыз Жібек» сияқты ұлттық балетте би өзін ақтап тұр. Тіпті ол жерге «Қара жорға» керек. Ал «Балалық шағымның аспаны» сияқты, тұрмыстық дәлдікке құрылған, дәуір жылнамасы есепті шығармаларға «Қара жорғаны» қосу - жалған қиқу, сол баяғы дарақылық.
Бізге қазір артық бояу емес, ақиқат қымбат. Сорақысы, соны ажыратып берер маман болмай отыр. Әйтпесе, «Қара жорға» қазақ даласында қашанға дейін биленіп келді, халық одан қашан ажырап қалды, қай өңірлерде көбірек биленді, қандай жағдайда биленді, қанша адам, қандай сүйемелдеумен билеген еді? Осының бәріне ғылыми тұжырым жасайтын, соны зерттейтін кез баяғыда келген. «Беу-беулеп» жүріп биікке шықпаймыз. Мектеп түгіл, балабақшадан бастап үйретсең де ғылыми негізі болмаса, би қазіргі «бәрекелді» күйінде қалып қоя береді. Сосын ертеңгі ұрпақ биді болдырмай тастаған Болат Аюхановтардың сөзіне сүйенетін болады...

 

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/710

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502