Латын әліпбилі қазақ жазуы: Р.Сыздықтың концептуалды ойлары
2006-2008 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімі «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде негізгі даму үрдістері мен бағыттары» бағдарламасы аясында ф.ғ.д. Қ.Күдеринованың жетекшілігімен «Қазақ жазуының қалыптасу кезеңдері мен даму жолдары» атты іргелі зерттеу жұмысы жүргізілген болатын. Зерттеуде қазақ мәдени өмірінде қолданылған жазу түрлері, жазу түрлерінің ерекшеліктері, даму жолдары қарастырылды. Аталмыш жоба бойынша қазақ жазуының теориясы көне түркі, араб, төте, латын, орыс графикасы бойынша тұжырымдалды. Қазақ қоғамында қолданылған әліпби түрлері мен ұстанылған емле ережелері талданып, болашақ латынәліпбилі қазақ жазуының емлесі қандай болмақ деген сұраққа да жауап іздестірілген болатын. Осы мәселеге байланысты (2008 жылы) академик Р.Сыздық өзінің қорытынды есебінде латын жазулы қазақ емле ережелерінің жобасын жасауда ескерілетін негізгі талаптар мен ескертулерді атап өткен болатын.
Ғалым өз сөзінде «Соңғы 15-20 жыл барысында үздіксіз айтылып, ауық-ауық белсене кірісіп кетіп отырған іс-қарекетіміз – бүгінгі қолданылып отырған жазу – кириллицаны өзге жазу – латынға ауыстыру проблемасы екені аян. Бұл жазуға арналған емле ережелерінің қазіргіден өзгеше болады (болуға тиіс екендігі)... Дәл қазір оның баптарын тізіп толық кодексін ұсыну қиын, өйткені алдымен графиканың қазақ тіліне сай нақты әліпбиі түзілген жоқ» деген-ді. Шындығында да, ғалым айтып өткендей, орфографияны болжау үшін әліпби қажет. Ғалымның бұл сөзінен әліпби дұрыс болса, орфография да дұрыс болмақ дегенді де түсінуге болады. Жоғарыдағы ғалымның «емле ережесі қазіргіден өзгеше болмақ» деген сөзіне де ерекше назар аудару қажет деп білеміз. Біздіңше, латын әліпбиіне көшу тек әріп ауыстыру емес, бұл түбегейлі тілдік реформа.
2018 жылдың ақпанында жаңа әліпби бекіп, осы жылдың қаңтар айында жаңа емле мақұлданды. Емленің алғашқы жобасы Ұлттық комиссияда мақұлданып, алғашқы жобасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Емле ережесі жарияланған күннен бастап, қазақ жазуының болашағы ғылыми ортада қызу талқыланды. Қызу талқыға негіз болған тілдік проблемалар туралы бұдан он жыл бұрын профессор Рабиға Сыздық өзінің іргелі зерттеу қорытынды есебінде емле ережесін екшеуде негізге алынатын концептуалды ойларын жазған болатын. Қазақтың маңдайалды грамматологының концептуалды ойлары қазіргі кезде орфограммаларды жаңа емле бойынша кодификациялауда аса құнды болады деп сенеміз (Ескере кетерлік жайт, жарияланымға беріліп отырған материал Р.Сыздықтың келісімімен берілді. Ереже мәтіні 2008 жылы жазылғанымен, жарияланбаған).
Профессор Р.Сыздық біріншіден, «латынәліпбилі жазуда қазақ тілінің өзіне тән ерекше (ұлттық) дыбыстардың таңбалары (ә, ө, і, ұ, ү, қ, ғ, ң) түгел болуға тиіс. Бұл жағдайда осы әріптердің жазылуына байланысты емле баптары негізінен сақталады, тек иллюстративтік материалдары (мысалдары) өзгертіліп, қысқартылып, толықтырылып берілуі мүмкін» деген сөзіндегі «қазақ тілінің өзіне тән ерекше дыбыстардың таңбалары түгел болуға тиіс» деген ойы әліпби құруда ең маңызды принцип болып табылады. Р.Сыздық көрсеткендей, жаңа емледе әріптердің емлесіне қатысты біршама баптар кириләліпбилі жазудағы дәстүрді сақтады.
Екіншіден, проф. Р.Сыздық «Кириллица мен емле жазуына бірдей келетін тақырыптарға қатысты емле баптары да негізінен сақталады, яғни қос сөздердің бөлек жазылатын сөздердің, бірге жазылатын сөздердің, шылау сөздердің, бас әріптің жазылуына қатысты ереже баптары көп өзгермейді. Тек бөгде тілдік сөздерге қосымшалардың жазылуына байланысты бірді-екілі өзгеше баптар мен ескертулер болуы мүмкін» деп арнайы көрсетеді. Ғалымның бұл сөзіне қосыла отырып, қазіргі жаңа емле ережелерінде аталмыш тараулар жазу практикасында қиындық туғызған мәселеге байланысты ішінара жаңарып отыр. Мысалы, сөздерді бірге жазудағы проблемалардың бірі сөз ішінде қатар келген дауысты дыбыстардың жазылуы не жазылмауы қазақ орфографиясындағы проблемалардың бірі болып табылады. Осы мәселеге байланысты Р.Сыздық «Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер немесе әр түрлі есім сөздер, екінші сыңары ағаш, шөп, гүл, тікен, жапырақ, тамыр, құс, балық тауық, құрт, жидек, жеміс сияқты жалпы атаулар болып келетін тіркестер қосылып жазылады: қараторғай, қарағаш, қарақұрт, қаражидек, қарабидай, қызылжидек, сарышөп, сарағаш, қаракүйе, қарақат, қоңыраушөп, сәлемшөп, тарақбалық, күркетауық, түйетауық, қояноты, киікоты, түймежапырақ, сужапырақ, сүтжапырақ, әректікен» деген ереженің ішінде осы мәселеге байланысты мынадай мысалдарды да келтіріп өткен: қарағаш, сарағаш. Байқағанымыздай, ғалым екі дауысты дыбыстың біреуін түсіріп жазуды дұрыс деп санайды.
Үшіншіден, «Кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады» деп көрсеткен. Айта кетерлік жайт, Р.Сыздықтың «бөгде тіл» деп отырғаны шеттілдік сөздер. Жаңа емледе шеттілдік сөздерге қосымша жалғануына байланысты көп болмаса да өзгерістер бар. Мысалы, «Сөз соңындағы -нг әріп тіркесі ń әрпімен жазылады, қосымшалар үндестік заңына сәйкес жалғанады: boýlıń (-niń, -ge, -i, -der), brıfıń (-niń, -ge, -i, -der), reıtıń (-niń, -ge, -i, -der)» деген жаңа ереже кирилден өзгеше. Кириләліпбилі қазақ жазуында брифингіге болса, латынәліпбилі жазуда brıfıńge.
Проф. Р.Сыздық «кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады» деп көрсетеді. Қазіргі кезде емле ережелерін кодификациялау барысында осы проблема ең үлкен әрі айтыс-тартыстарға негіз болып отырған басты проблемалардың бірі. Бір топ ғалымдар шеттілдік сөздер айтылым заңдылықтарына негізделіп жазылу керек десе, екінші бір топ ғалымдар кириләліпбилі жазу бойынша қалуды жөн деп санайды. Р.Сыздық өзінің зерттеуінде шеттілдік сөздер дәстүрлі нормамен жазылу керек дей отырып «сөз басында не соңында келетін екі дауыссыз дыбыстың не алды-артынан ы, і әріптері жазылмайды. Мысалы, prezident (pіrezidenіt, не pіrezident емес), student (іstudent, ystudent istudenіt емес), sport (ьsport емес), kristal (kіristal емес), matros (matьros емес), març (?) (бұл сөздегі ш дыбысының латынша таңбасы әзірге дәл жазылып тұрған жоқ) (marьç емес), traktьr (tьraktьr емес)» деп көрсетеді. Жаңа емлені екшеу барысында шеттілдік сөздерді қазақ тілінің заңдылығына бағындыру не кирилдегі базалық норманы сақтап жазу мәселесі пікірталастарға негіз болып отырған ең негізгі мәселе. Р.Сыздық «Бөгде тілдік (араб, парсы, орыс) сөздерде қазақ тілінің үндестік заңдары сақталмайды, яғни жуан-жіңішке болып келетін аралас буынды сөздердің орфограммасы орын алады. Сингармонизм заңдылықтары кейбір біріккен сөз, қос сөз сияқты қазақ сөздерінде де сақталмайды. Мысалы, бүгін де кириллицамен көгал, келсап, бесатар, баспасөз, Гүлшат, Ерболат түрінде аралас буынды жазылып жүрген сөздер латын әріптерімен осылайша үндестік гармониясы жоқ аралас буынды болып жазылатын болады» деп көрсетеді. Ғалымның бұл пікіріне толық қосыла отырып, үндесім табиғаты төл сөздермен байланысты деп айтқымыз келеді. Ал шеттілдік сөздердің барлығы бұл табиғатты (заңдылықты) қабылдай алмайды. Бұған дәлел, орыс тілі арқылы кірген сөздер ғана емес, әбден сіңісіп кеткен араб-парсы тілінен енген кітап, мұғалім сияқты сөздерді де жатқызуға болады. Шеттілдік сөздердегі екі дауыссыз аралығында, қатаң дауыссыз дыбыстардың алдынан не соңынан естілетін ы мен і дыбыстарын қалдырмай таңбалау сөздің түрлі жазылымына әкеледі. Латынәліпбилі жазуға көшкен әзербайжан тілінде шеттілдік сөздерде естілетін дәнекер ы, і дыбыстары барлық позицияда таңбаламайды. Шеттілдік сөздердегі е, и дыбыстарын әзербайжан тіліне икемдеуде е-ні – і әрпіне, и-ді – і-ге алмастырады. Мысалы: министр – minister, печенье – рicine. Ал естілген барлық жерде ы мен і әрпін жазбайды. Мысалы: пластик – plastik, шпион – şpion, шплинт – şplint, шпон – şpon, шпонка – şponka, литр – litr, хлор – xlor, дендрит – dendrit, дендролик – dendroliq, дендрометр – dendrometr түрінде жазылады.
Емле ережелерін кодификациялау барысында сөздердің соңғы буынындағы екі дауыссыз дыбыс арасында келген о дыбысының жазылуына байланысты көзқарастар екі түрлі. Бірі қазақша айтылым бойынша директор, профессор, автор сияқты сөздердегі о әрпінің орнына ы әрпін жазу керек десе, екінші бір тобы бұл пікірге келіспей докторантура сияқты сөздерді мысалға келтіре отырып, бұл ереже барлық позицияға сәйкес келмейді, сондықтан бұрынғы жазу дәстүрі бойынша -тор формасын сақтау керек дейді. Ал проф. Р.Сыздықтың бірнеше жыл бұрын жазылған зерттеуі бойынша екпін түспейтін сөздерде ы болып жазылуы керек деп көрсеткен екен. Мысалы: redaktьr (redaktоr емес), автыр (аvtor емес). «Қазақ сөздеріндегі о дыбысы соңғы буындарда келмейді, біріккен сөз, қос сөздерде келсе, ол өзгертілмей о түрінде жазылады: қолма-қол (қолмақыл емес), аяқдоп (аяқдып емес). -қой, -қор жұрнағымен келген сөздерде де соңғы буындағы о дыбысы өз қалпында айтылады: әзілқой (әзілқый емес), шайқор (шайқыр емес). Осы заңдылықты білетін, бірақ орыс тіліндегі айтылуын білмейтін қазақтар avtor, redaktor деп, соңғы tor буынын ашық толық айтуы мүмкін. Бұл тәрізді ереже ерекшелігі сөздерді дұрыс жазумен қатар, дұрыс айтуға да септігін тигізуі үшін алынуы тиіс» деп көрсеткен болатын.
Сонымен қатар ғалым қазақ әліпбиінен алынған әріптерге (я, ю, ц, щ, ь, ъ...) арналған жеке баптар емле ережесінде көрсетілуі тиіс, бұл өзге тілдік сөздердің дұрыс жазылуы үшін аса маңызды болмақ деп санайды. Қазіргі кезде жаңа емле ережелерін әзірлеу барысында әліпбиден алынған шеттілдік кірме элементтердің жаңа ережеде арнайы баптар арқылы берілмеу керек деген пікірлерге Р.Сыздықтың бұл концептуалды тұжырымы жауап бола алады деп ойлаймыз. Әзірленіп жатқан Ереже баптары «өтпелі кезеңдегі» ереже болғандықтан я, ю, щ, ц сияқты әріптердің жаңаша жазылымы жеке-жеке ереже баптары арқылы берілуі тиіс деп білеміз.
Ғалым өзінің емле жобасында «ІІ Дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы» атты тараушада б, в, г, д әріптері сөздің басында, ортасында және орыс тілінен енген сөздердің соңында жазылады деп көрсетеді. Қазіргі кезде осы мәселеге байланысты пікірлер бар. Кейбір ғалымдар шеттілдік сөздердің жазылымы толық «қазақилық» сипат алуы керек, қазақ тілінің заңдылығы толық сақталуы керек деп шеттілдік сөздердің соңында келетін б, г әріптерін жазбай, оның орнына қазақ тілінің айтылым заңдылығына сәйкес п, к дыбыстарына алмастыру керек дейді. Мысалы: клуб сөзін кылуп, педагог сөзін педагок т.б. Р.Сыздықтың пікірінше, шеттілдік сөздердің түбір тұлғасы сақталуы керек. Себебі шеттілдік сөзге қосымша жалғанғанда негізгі фонеманың түрін жазбай айналып кетпейтініміз хақ. Мысалы, педагок болғанымен, педагокика болмайды, клуп болғанымен клупына болмайды. Бұл ереже қазіргі қабылдану алдында тұрған жаңа емледегі ережемен үндеседі. Сонымен қатар ғалым сс, мм, лл, тт, фф, нн, бб, рр, пп, гг, дд, кк, уу дыбыстарын білдіретін әріптердің бірі түсіріліп жазу керектігі туралы ережесі қазіргі жаңа емледегі ережемен сәйкесетінін көрсеткіміз келеді. Ғалым «§18. Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен орыс орфографиясы бойынша, ал қазақ әліпбиінен шығарылған әріптермен келген сөздер ол дыбыстардың таңбасын алмастыратын әріптермен жазылады. Мысалы: вагон, гидрологийа, биологийа, комитет, агроном, агротехника, педагог, медитсина, спорт, хирург, конститусиа, клуб, кино, радио, адвокат, ракета, молекула, буджет, кредит, банк, транш» дей отырып, осы ереженің ескертуін былай береді: «сс, лл, кк, тт сияқты біркелкі екі әріппен келген кірме сөздердің соңындағы қос әріптің біреуі түбір түрінде де, қосымша жалғанғанда да түсіріліп жазылады. Мысалы: прогрес – прогреске, метал – металдар, грам – грамы, бал (баға) – бес балдық жүйе, Донбас – Донбастан».
Төртіншіден, тіл білімінде ауызша және жазбаша тілдің өз нормасы мен жүйесі болатынын, сондықтан оларды бір-біріне айналдырып алып қолдану керектігін өзінің жазуға қатысты еңбектерінде дәлелдеген Р.Сыздық жазба тіл мәтінін сол қалпы қайталамай, ауызша тіл тезіне салып оқу керек дейді. Ғалым осы концепциясы негізінде «-йы, -йі дыбыстар тіркесі мен ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің -и жұрнағы жалғанғанда, соңғы ый, ій әріптерінің орнына бір ғана и әрпі жазылады. Мысалы: байы+й+ды – байиды (байыйды, баиды емес), кейі+й+ді – кейиді (кейійді, кеиді емес), оқы+й+ды - оқиды (оқыйды емес), ірі+й+ді – іриді (ірійді емес), суы+й+ды – суиды (суыйды емес), мойы+й+ды – мойиды (мойыйды, моиды емес), шірі+й+ді – шіриді (шірійді емес), құры+й+ды – құриды (құрыйды емес)деп көрсетеді. Жаңа емле ережелерін саралау барысында кейбір ғалымдар ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің -й жұрнағы жалғанғанда, негізгі түбір сақталып жазылу керек деген пікір айта отырып, оқыйды, ірійді деп жазуды ұсынады. Біздіңше, «түбірді сақтау» жазылым жүйесі қабылданар болса, -й дыбысына бітетін етістіктерге жалғанатын тұйық райдың -у жұрнағы мен көсемшенің -а жұрнағын қабылдайтын буынның да түбірі сақталуы керек. Сонда қи емес – қыйу, жи емес жыйу болмақ. Ал ый немесе ій арқылы жазу не жазбау мәселесі 1920-жылдан бастап қазіргі кезге дейін талқыланып келеді. Бұл қазақ грамматологиясының ең өзекті әрі бірбайламға келмеген проблемаларының бірі. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, кирил әліпбиіне көшкеннен кейін орыс графикасы негізіндегі қазақтың жаңа әліпбиі мен орфографиясы жобасы СССР Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының қазақ тілі секторы С.А.Аманжоловтың басшылығымен жасалып, емле ережесінің тақылауға ұсынылған ресми нұсқасы 1953 жылы газет бетіне жарияланды. 1956 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінде Е.Қуанов өзінің «Қазақ алфавиті мен орфографиясын жетілдіре түсейік» атты мақаласында қиын/қыйын, жиын/жыйын, құриды/құрыйды сияқты жазылымының нормалануына тікелей ықпал еткен оқу-педагогика баспасының редакторы Р.Сыздық деп көрсетеді.
Сонымен қорыта айтқанда, жоғарыдағы санамалап көрсетілген мәселелерді профессор Р.Сыздық жаңа латын жазулы емленің ең негізгі көңіл аударылатын сәттері деп санайды. Орфографиялық қағидалардың толық кодексін түзген кезде орфография саласының дамуы мен қалыптануына бірнеше жылдарын жұмсаған, қазақ грамматологиясының негізін қалаушы, қазақ тілінің дұрыс жазу қағидаттарының қыр-сырын, оның қат-қабаттарын саралап, емле заңдылықтарын ғылыми тұрғыда жүйелеген ғалым апайымыздың жоғарыдағы концептуалды ойларын емле ережесін бекіту барысында естен шығармауымыз керек деп ойлаймыз.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі
Әміржанова Назира Серікқызы
Латын жазулы қазақ емле ережелерінің жобасын жасауда ескерілетін негізгі-негізгі талаптар мен ескертулер
Соңғы 15-20 жыл барысында үздіксіз айтылып, ауық-ауық белсене кірісіп кетіп отырған іс-қарекетіміз – бүгінгі қолданылып отырған жазу – кириллицаны өзге жазу – латынға ауыстыру проблемасы екені аян. Бұл жазуға арналған емле ережелерінің қазіргіден өзгеше болатыны (болуға тиіс екендігі) жоғарыда айтылды. Дәл қазір оның баптарын тізіп толық кодексін ұсыну қиын, өйткені алдымен графиканың қазақ тіліне сай нақты әліпбиі түзілген жоқ. Әр алуан теориялық негіздерге сүйеніп жасалған (ұсынылған) нұсқалар баршылық. Солардың ең дұрысы таңдалып, түпкілікті қабылданнан кейін ғана оның емле ережелері түзіледі. Сондықтан әзірге латын жазуының орфографиялық тәртібін түзуде ең басты назар аударылуға тиіс тұстарды (ұсыныстарды) атаумен шектелуге тура келеді.
1. Бұл графикада қазақ тілінің өзіне тән ерекше (ұлттық) дыбыстардың таңбалары (ә, ө, і, ұ, ү, қ, ғ, ң) түгел болуға тиіс. Бұл жағдайда осы әріптердің жазылуына байланысты емле баптары негізінен сақталады, тек иллюстративтік материалдары (мысалдары) сәл өзгертіліп, қысқартылып, толықтырылып берілуі мүмкін.
2. Кириллица мен емле жазуына бірдей келетін тақырыптарға қатысты емле баптары да негізінен сақталады, яғни қос сөздердің бөлек жазылатын сөздердің, бірге жазылатын сөздердің, шылау сөздердің, бас әріптің жазылуына қатысты ереже баптары көп өзгермейді. Тек бөгде тілдік сөздерге қосымшалардың жазылуына байланысты бірді-екілі өзгеше баптар мен ескертулер болуы мүмкін.
3. Кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады.
а) сөз басында не соңында келетін екі дауыссыз дыбыстың не алды-артынан ы, і әріптері жазылмайды. Мысалы, prezident (pіrezidenіt, не pіrezident емес ), student (іstudent, ystudent istudenіt емес), sport (ьsport емес), kristal (kіristal емес), matros (matьros емес), març (?) (бұл сөздегі ш дыбысының латынша таңбасы әзірге дәл жазылып тұрған жоқ) (marьç емес), traktьr (tьraktьr емес).
ә) бөгде сөздердің соңғы буынындағы екі дауыссыздың арасында келген о дыбысы екпін түспейтін сөздерде ы болып жазылады. Мысалы: redaktьr (redaktоr емес), автыр (аvtor емес). Қазақ сөздеріндегі о дыбысы соңғы буындарда келмейді, біріккен сөз, қос сөздерде келсе, ол өзгертілмей о түрінде жазылады: қолма-қол (қолмақыл емес), аяқдоп (аяқдып емес). -қой, -қор жұрнағымен келген сөздерде де соңғы буындағы о дыбысы өз қалпында айтылады: әзілқой (әзілқый емес), шайқор (шайқыр емес). Осы заңдылықты білетін, бірақ орыс тіліндегі айтылуын білмейтін қазақтар avtor, redaktor деп, соңғы tor буынын ашық толық айтуы мүмкін. Бұл тәрізді ереже ерекшелігі сөздерді дұрыс жазумен қатар, дұрыс айтуға да септігін тигізуі үшін алынуы тиіс.
б) кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздерге қазақ тілі қосымшалары жалғануы саласында да азды-көпті өзгешелік болады. Мысалы, бөгде тілдің соңындағы к, г дыбыстары мен бль,брь, кль сияқты жіңішкелік белгісімен келетін сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жіңішке дауысты дыбыспен жалғанады деген ереже нақтылана түсуі мүмкін;
в) қазақ әліпбиінен алынып тасталған әріптер келетін өзге тілдік сөздердің жазылуында осы әріптердің орнына жүретін табалдырық жазылуына арналған жеке-жеке баптар болады.
4. Жаңа латын әліпбиімен жазу емлесінде де сөздің екінші, үшінші буындарында ерін үндестігі сақталмайды, бұрынғыша езулік дауыстылары жазылады: qulьn (qulun емес), qudьq (quduq емес) күmіs (куmуs емес). Бірақ бұл жерде дәстүрлі принциппен жазылатынына байланысты ескертулер орын алады.
5. Бөгде тілдік (араб, парсы, орыс) сөздерде қазақ тілінің үндестік заңдары сақталмайды, яғни жуан-жіңішке болып келетін аралас буынды сөздердің орфограммасы орын алады. Сингармонизм заңдылықтары кейбір біріккен сөз, қос сөз сияқты қазақ сөздерінде де сақталмайды. Мысалы, бүгін де кириллицамен көгал, келсап, бесатар, баспасөз, Гүлшат, Ерболат түрінде аралас буынды жазылып жүрген сөздер латын әріптерімен осылайша үндестік гармониясы жоқ аралас буынды болып жазылатын болады.
Бұл көрсетілгендер – жаңа латын жазулы емленің ең негізгі көңіл аударылатын сәттері. Орфографиялық қағидалардың толық кодексін түзген кезде, сөз жоқ, жеке өзгешеліктер, толықтырулар, ескертпелер болуы әбден мүмкін. Біз жаңа емленің жобасына сілтеген пікірлерімізді, нақты ережелерді рет-ретімен, оған келтірілетін иллюстративтік материалды жазып көрсетуге бара алмай отырмыз, өткені әрі әліпби түзіліп қандай болатыны белгісіз. Мысалы, қазіргі ұ, ү, ә, ө, о, ң, ғ, ж, қ әріптерінің қазақтың әліпбиіне жаңа латынша нақты қалай берілері белгісіз (бірнеше нұсқаның қайсысынан қандай таңба алынатынын әзірге білмейміз). Сондықтан мысалдарды шамамен 1929-1940 жылдары қазақ жазбасында қолданылған латын таңбаларымен көрсетіп жаздық. Сол себептен біздің жаңа латын емлесін түзуде ескерілетін жалпы шартты нұсқауларымыз деп қабылдау қажет болар.
Қазақ әліпбиі
(қысқартылған нұсқасы)
Баспа түрі | Кіші әріп | Әріптердің аты |
Бас әріп | ||
А | а | а |
Ә | ә | ә |
Б | б | бы |
В | в | вы |
Г | г | гі |
Ғ | ғ | ғы |
Д | д | ды |
Е | е | е |
Ж | ж | жы |
З | з | зы |
И | и | и |
Й | й | шолақ и |
К | к | кі |
Қ | қ | қы |
Л | л | лы |
М | м | мы |
Н | н | ны |
Ң | ң | ың |
О | о | о |
Ө | ө | ө |
П | п | пы |
Р | р | ыр |
С | с | сы |
Т | т | ты |
У | у | у |
Ұ | ұ | ұ |
Ү | ү | ү |
Ф | ф | фы |
Х | х | хы |
Ч | ч | че |
Ш | ш | шы |
Ы | ы | ы |
І | і | і |
Қазақ тілінің емле ережелері
І. Әріптердің емлесі
І Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы
1. а, ә, о, ө, ү, ұ, ы, і әріптері жалаң дауыстылардың, ал у, и әріптері ый, ій ұу, үу деген қосынды дауыстылардың таңбасы болып жұмсалады. Мысалы: ки (айтылуы – кій), киім (айтылуы – кійім), қи (айтылуы – қый), қиын (айтылуы – қыйын), жиі (айтылуы – жійі), жинақ (айтылуы – жыйнақ), сурет (айтылуы – сүурет), шумақ (айтылуы – шұумақ).
2. а, е, ы, і әріптері сөздің барлық буындарында жазылады. Мысалы: ал, қала, шағала; ер, ересек; ыс, бақытты, айыр, қатысты, қорыту, құмырсқа, жапырақ; іс, білімді, көкірек, үкімет, әсіресе, мәжіліс.
Ескерту. а) Сөз басындағы ж, ш дыбыстары мен и дыбысының ортасында келген а дыбысы көбінесе жіңішке ә болып айтылады, бірақ а әрпі жазылады. Мысалы: барлық мағынадағы жай сөзі және оның туынды тұлғалары (жай сөйлем, жайыңа жүр, жай түсті, дастарқан жайды, жайғызу, жайбарақат, жайдан-жай, жай-жапсар, жай-күй, жайлы орын, жайсыз тиу, жайлап айту), шай (шай іш, шайға кел), шайы (шайы орамал).
ә) Сөздің алғашқы буынындағы не алдыңғы буындарындағы жіңішке айтылатын (естілетін) ә дыбысының орнына а әрпі жазылады: ләззат (айтылуы – ләззәт), рәсуа (айтылуы – рәсуә), Жәмила (айтылуы – Жәмилә), Фәрида (айтылуы – Фәридә), тәкаппар (айтылуы – тәкәппар).
Екі буынның ортасындағы дауыссыз дыбыстардың түйіскен жерінде ы, і дыбыстары айтылса, араларында ы, і әріптері жазылып, сөз үш буынды болып танылады. Мысалы: топырақ, жапырақ, үкімет мағына, мәжіліс, қатынас, қағілез, құдірет, көкірек, әсіресе.
Қазақ орфографиасы ұстанатын принсиптердің бірі – дәстүрлі принсип бойынша емле, мемлекет, сахна, сіңлі, қаңлы, мұңлы сияқты 5-10 сөз араб, латын жазулы кездерден бергі келе жатқан дағдымен араларына ы, і әріптерін салмай жазылады.
3. ә, о, ө, ұ, ү әріптері жалаң сөздердің бірінші буындарында жазылады. Мысалы: ән, әнші, сән, дәлел, дәрігер; орын, жолаушы; өлең, көлем, көбелек, төртеу; ұлы, құлын; үндеу.
Бұл әріптер біріккен сөздер мен қос сөздердің екінші сыңарларының басқы буындарында да және бөгде тілдік сөздерде жазылады. Мысалы: Есенәлі, дәрі-дәрмек, тәлім-тәрбие; Қызылорда, Талдықорған, жөн-жосық, өте-мөте; басқұр, қаламұш, жазғытұры, кешқұрым, тарс-тұрс; бүрсігүні, еңбеккүн, сәйгүлік; кино, трикотаж, трилогиа.
Ескерту. ә, ұ, ү әріптері кейбір араб, парсы сөздерінің және жалқы есімдердің екінші буындарында жазылады. Мысалы: сірә, кінә, күнә, куә, іңкәр, күмән, шүбә, зәмзәм, мүсәпір, дүдәмал, Күләш, Күләнда, Мүтән, Күләй; мағлұм, бұлбұл, мақұл, байғұс; мәжбүр, әңгүдік, дүлдүл.
4. и әрпі мынадай орындарда жазылады:
а) түбір сөзде де, туынды сөзде де жіңішке естілетін жалаң и дыбысының және жуан естілетін қосарлы ый, ій дыбыстарының таңбасы ретінде и әрпі қолданылады. Мысалы: иіс, иін, ине, имек, илеу, тиын, тиін, қиын, киін, сирек, сирақ, ти, тиімді, тиіс, жиналыс, тарихи, сайаси, йағни, ылғи, қағида, ақиқат, Иса, Иманбай, Әли, Сағира, Қалима, Кәлима, кино, кредит, комиссиа, идейа, иероглиф;
ә) бұрынғы я, ю әріптерінің орнына йа, йу әріптері жазылады. Мысалы: тақиа, дариа, дүриа, сиа, қиа, миа, Әсиа, Ғалиа; қиу, жиу, тиу.
Ескерту. Қосарлы ый әріптері тек сый, тый, мый сөздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да) жазылады. Мысалы: сыйлық, сыйлау, сыйымды, сыйу, сыйады, тыйым, тыйылу, тыйу, тыйады, мыйғұла, мыйсыз.
б) йы, йі дыбыстар тіркесі мен ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің -и жұрнағы жалғанғанда, соңғы ый, ій әріптерінің орнына бір ғана и әрпі жазылады. Мысалы: байы+й+ды – байиды (байыйды, баиды емес), кейі+й+ді – кейиді (кейійді, кеиді емес), оқы+й+ды - оқиды (оқыйды емес), ірі+й+ді – іриді (ірійді емес), суы+й+ды – суиды (суыйды емес), мойы+й+ды – мойиды (мойыйды, моиды емес), шірі+й+ді – шіриді (шірійді емес), құры+й+ды – құриды (құрыйды емес);
в) и дыбысына бітетін етістіктерге жалғанатын тұйық райдың -у жұрнағы мен көсемшенің -а жұрнағы тікелей жалғанады. Мысалы: и – иу, ки – киу, жи – жиу; қи –қиады, жи – жиады.
5. у әрпі мынадай орындарда жазылады:
а) түбір сөзде де, туынды сөзде де бірде жуан, бірде жіңішке естілетін дауысты у дыбысының, сондай-ақ дауысты дыбыстан бұрын және кейін келетін үнді у дыбысының таңбасы ретінде қолданылады. Мысалы: су, гуіл, у, жуа, қуат, уыз, қалаулы, селеу, тіреу, түйреуіш, уәде, дәулет, дәуір, шу-шуледі, шулады, гу-гуледі, тулады;
ә) ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге тұйық райдың -у жұрнағы жалғанғанда ы, і дыбыстары түсіріліп жазылады. Мысалы: оқы – оқу, тоқы – тоқу, жібі – жібу, ірі – іру, суы – суу;
б) у дыбысына бітетін етістіктерге тұйық райдың -у жұрнағы жалғанғанда оның түбірі өзгертілмей жазылады. Мысалы: сау – сауу, бу – буу, ту – туу, қу – қуу, ау – ауу, жу – жуу;
6. Орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздерде ғана жазылатын э, ë әріптерінің орнына е, йо әріптері жазылады: економика, етика, естетика, дует, еволутсиа, експорт, електр, пулемйот, Пиотр.
7. Бұрынғы ю әрпінің орнына йу қосар таңбасы жазылады. Мысалы: айу, ойу, кейу, көркейу, айуан, айуанат, хайуан, хайуанат, кейуана, миуа, диуана, қиуа, қиуаз. Орыс тілінен енген сөздерде йу дауыссыз дыбыстан кейін келгенде дара у әрпі жазылады. Мысалы: буджет, полус, лукс.
8. Бұрын я әрпі жазылған сөздерде йа, йә әріптері жазылады: а) сөз басында және дауысты дыбыстардан кейін қосынды й+а дыбыстарының орнына қолданылады. Мысалы: иәки, йағни, қойан, тайақ, айа, майа, сайа, қиа, сиа, тұйақ, сайақ;
ә) Орыс тілінен енген кейбір сөздерде дауыссыз дыбыстардан кейін келген я әрпінің орына ә әрпі, дауысты дыбыстан кейін және сөз басында келген сөздерде йа қосар әріппен жазылады. Мысалы: отрәд, снарәд, аккумуләтр; йадро, йахта, йарус.
ІІ Дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы
9. б, в, г, д әріптері, негізінде, сөздің басында, ортасында және орыс тілінен енген сөздердің соңында да жазылады. Мысалы: байқа, хабар, гүл, әдет, вагон, авиасиа, клуб, штаб, актив, пассив, (финанс терминдері), педагог, округ.
10. ж, з, к, қ, л, м, н, п, р, с, т, ч, ф, х, ш әріптері сөздің басында да, ортасында да, соңында да жазылады. Мысалы: жаз, жақсы, қажет, құж, лаж, заң, сазан, саз, көл, көңіл, қош, шаш, намыс, нан, самал, фабрика, шкаф, әлманах, хат, химиа, рас, ру, рет, лас, лау, лек, көп, жаздым келдім.
11. ң әрпі сөздің ортасында және соңында ғана, ал ғ әрпі сөздің басында және ортасында ғана жазылады. Мысалы: жаңа, аң, таң, ғалым, аға, ағартушы.
12. ф, ч әріптері орыс тілінен енген сөздерде жазылады. Мысалы: физика, кафе, кофе, лифт, сифр, шрифт, чек, очерк.
Ескерту. Қазақтың байырғы сөздерінде және бөгде тілдерден келген сөздерде щ әрпі келген жерде екі шш және жалаң ш әріптерімен жазылады: ашшы, тұшшы, Шорс. Ф әрпі араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалқы есімдер мен бірен саран жалпы есімдерде де жазылады. Мысалы: Фазыл, Фәрида, Фәтима, саф (алтын), фәни (дүние).
13. й әрпі қысаң ы, і дыбыстарынан басқа дауысты дыбыстардан кейін жазылады. Мысалы: ай, ой, кей, құй, күй, әй, өй, магний, калий, санаторий, ссенарий, коментарий, Маиаковский.
14. Қазақ сөздерінде й, ы дыбысынан кейін сый, тый, мый деген сөздерде ғана жазылады.
15. Х әрпі мынадай орындарда қолданылады:
а) орыс тілінен енген сөздерде жазылады. Мысалы: химиа, хлор, археологиа, бухгалтер, тсех, хирург, зоотехник;
ә) араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалпы, жалқы есімдерде жазылады. Мысалы: хал, хат, халық, тарих, кітапхана, асхана (ондай сөздердің жазылуы емле сөздіктерінде беріледі), Хамит, Ахмет, Халел.
б) ц әрпі тс, сөз басында с әрпімен жазылады. Мысалы: синк (цинк), аксиа (акция), еволутсиа (эволуция), ратсиа (рация).
15. һ дыбысы естілген орындарда х жазылады. Мысалы: қахарман, қахарлы, ехе, гаухар, ух, ахлады, ухледі.
16. Орыс тілінен енген сөздерде айыру және жіңішкелік белгісі ретінде ь, ъ таңбалары келген жерде естілуінше и, ә, ү әріптері жазылады. Мысалы: сиезд, обиект, субиект, әлбом, асфәлт, рүл.
ІІІ Түбір сөздердің жазылуы
17. Сөз тіркесіндегі жеке сөздер естілуінше (айтылуынша) жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады. Мысалы: ала ат (алат емес), бара алмаймын (баралмаймын емес) қара көлеңке (қара гөлөңке емес), көк орамал (көг орамал емес), ақ лақ ( ағ лақ емес), барса игі еді (барсигеді емес), келсе игі еді (келсигеді емес), барып па екен (барыппекен емес).
18. Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен орыс орфографиасы бойынша, ал қазақ әліпбиінен шығарылған әріптермен келген сөздер ол дыбыстардың таңбасын алмастыратын әріптермен жазылады. Мысалы: вагон, гидрологиа, биологиа, комитет, агроном, агротехника, педагог, медитсина, спорт, хирург, конститусиа, клуб, кино, радио, адвокат, ракета, молекула, буджет, кредит, банк, транш.
Ескерту. сс, лл, кк, тт сияқты біркелкі екі әріппен келген кірме сөздердің соңындағы қос әріптің біреуі түбір түрінде де, қосымша жалғанғанда да түсіріліп жазылады. Мысалы: прогрес – прогреске, метал – металдар, грам – грамы, бал (баға) – бес балдық жүйе, Донбас – Донбастан.
Орыс тілінен келген бірқатар кірме сөздер, әсіресе тұрмыс-салтқа қатысты зат, бұйым атаулары дыбысталуы қазақша қалыптасқан түрінде жазылады. Мысалы: жәшік, бәтеңке, сіреңке, божы, бөкебай, бөшке, қалаш, шөген, кір (гира), келі (кило), сот, болыс, облыс, зауыт, тауар. Соңғы дауысты дыбысын түсіріп қалыптасқан газет, минут, гранат, сифр, координат сияқты он шақты сөзден басқа кірме сөздерде соңғы а дыбысы түсірілмей қолданылады және солай жазылады: оптика, кассета, кантата, капсула, тирада.
19. Араб, парсы тілдерінен енген сөздер негізінен қазақша дыбысталып өзгерген күйінде жазылады. Мысалы: әділ, амал, пейіл, ақпар, әлем, мектеп, пән, кітап, бұқара.
Кірме араб сөздерінің ішінде екі-үш түрлі мағынаны білдіру үшін тұлғасын сәл өзгертіп қалыптастырылғандары сол екі-үш вариантта жазылады. Мысалы: үкімет және өкімет, хабар – ақпар, әрекет – харекет, пейіл – пиғыл, ақирет – ақырет (кебін), мәлімет – мағлұмат, қазына – қазине (қазинелі қара нар), қазір – әзір, қақы – ақы – құқ, хақ – ақ, ғашық – асық, ғылым – ілім.
Араб, парсы тілдерінен енген бірқатар кісі аттары әркімнің әр түрлі хат қоюына байланысты сол қалыптасқан күйінде жазылады. Мысалы: Хасан, Хасен; Зәуре, Зура, Зухра; Бәтима, Фәтима, Пәтима; Қали, Ғали, Әли, Әлі; Жүсіп, Түсіп, Нүсіп; Омар, Ғұмар;
ІV. Бөлек жазылатын сөздер
20. Күрделі атаулардың (мемлекет, республика, мекеме, ұйым аттарының) әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: Қазақстан Республикасы, Мәдениет министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Жазушылар одағы, Актсионерлік қоғам.
21. Екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты, құбылысты, ұғымды атап, алдыңғысы соңғысының тегін (неден жасалғанын), неге, кімге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзге заттардан ажыратылатын белгілерін білдірсе, олар бір-бірінен бөлек жазылады, мұндай күрделі тіркестердің алдыңғы сөзі анықтаушы, соңғысы анықталушы болып келеді. Мысалы: жол азық, ағаш күрек, темір күрек, тас жол, су диірмен, жел диірмен, сан ет, қол ет, сұрпе ет, ұл бала, қыз бала, мысық мұрт (жігіт), ала бұлт.
22. Күрделі сан есімдердің, күрделі сын есімдердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: он бір, он сегіз, жиырма бір, жиырма сегіз, жүз он жеті, екі жүз жетпіс төрт, бір мың тоғыз жүз елу үш, төрт жарым, отыз екі жарым; қара ала, көк ала, қара көк, ақ сұр, құла қасқа, құла жирен, торы төбел, ақ шабдар.
23. Күрделі етістіктердің әрбір сөзі бөлек жазылады: Мысалы: жаза бер, жазып отыра бер, жүгіре жөнелді, жүгіріп ала жөнелді, бара алмады, бара алмай қалып еді, жығылып қала жаздады.
24. Есім, еліктеуіш сөздер мен етістіктерден құралған күрделі сөздердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: қызмет ету, жұмыс қылу, жәрдем ету, шап етті, лап қойды, тап берді, қол шапалақтау, ду ете түсу, баж етті.
25. Идиомалық, фразалық тіркестердегі әрбір сөз бөлек жазылады. Мысалы: тайақ жеді, бой ұрды, бас тартты, бас бұрды, қол жалғап (жібер), қол ұшын (берді).
Бірге жазылатын сөздер
26. Тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздер қосылып жазылады. Мысалы: бүгін, биыл, қыстыгүні, күзігүні, жаздыгүні, алаңғасар ашудас, белбеу, апар, әпер, түрегелді, ерғашті, жарғанат, қарағаш, алтатар, көгөніс, көгала (мылжың), көгала (қойдай сабау).
27. О баста идиомалық, фразалық тіркестер болғанымен, терминдік, атауыштық мәнге ие болып бірігіп кеткен тұлғалар қосылып жазылады. Мысалы: ақсақал, атқамінер, көзқарас, ақсүйек, ойтолғақ, ойтүрткі (бұлар емле сөздіктерінде көрсетіледі).
28. Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздерімен біріккен есімдік, үстеу сөздер түбір тұлғалары өзгертілмей, бірге жазылады. Мысалы: әркім, әрбір, әрдайым, әрқашан, ешбір, ешкім, ешқандай, ештеңе, кейбір, қайбір, қайсыбір, бірдеңе, бірнеше, бірталай, біраз, бірсыпыра, біржолата, бірыңғай, біркелкі, бірқыдыру, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқандай, әлдеқашан.
Ескерту. Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздері зат есімдермен тіркескенде, бөлек жазылады. Мысалы: еш адам, әр бала, қай үй, кей адам, бір жұмыс, әлде жылқы, әлде сиыр.
29. Екі түбірден құралып, ғылымның әр алуан ( саяси-әлеуметік, лингвистикалық, филологиалық, биологиалық, астрономиалық, физика-математикалық, химиалық т.б.) саласында терминдік мәнге ие болған атаулар бастапқы тұлғаларын сақтап, бірге жазылады. Мысалы: баспасөз, өнеркәсіп, кәсіподақ, арасалмақ, арақатынас, келіссөз, көзқарас, еңбеккүн, қонақасы, кемпірқосақ, шоқжұлдыз, оттегі/оттек, сутегі/сутек, қостотық, үшбұрыш, көпмүше, тозаңқап, гүлтабан, тамыржеміс, сүтқоректілер, сөзжасам.
30. Атаулық мән алған және әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы бір ұғымды білдіретін сөзге айналған тұрақты тіркестер бірге жазылады: ақкөңіл, ақкөңілді, басбұзар, басбұзарлық, жатжерлік, басқатырушылық.
31. Адамның әр алуан жағымды, жағымсыз қасиеттерін, мінез-құлқын, түр-тұрпатын суреттеп (бейнелеп) атайтын ақкөңіл, ақпақұлақ, ақпейіл, ержүрек, безбүйрек сияқты тұрақты тіркестер қосылып жазылады. Олар -ды/-ді, -ты/-ті, -лық/-лік деген жұрнақтармен де келеді: ақкөңілді, ақпақұлақтық, ақпейілді, ақжүректі, безбүйректік. Бұлар сөздікте бір сөзтізбе түрінде әліпби ретімен беріледі.
32. -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік, -шылық/-шілік, -лы/-лі жұрнақтары арқылы жасалып, бір ұғымды білдіретін сөзге айналған тіркестердің сыңарлары да қосылып жазылады. Мысалы: көзтартарлық, жатжерлік, бөгдетілдік, адамсүйгіштік, малшаруашылық, жантүршігерлік, сүтқоректі, ашатұиақты, көпшілікқолды.
33. Алдыңғы сыңары бір сөзімен, кейде соңғы сыңарына -ым/-ім жұрнағы жалғанып жасалған өлшем атаулары бірге жазылады. Мысалы: біркөш (жер), біруыс (топырақ), біруыс (болып қалу), сүтпісірім (уақыт), көзкөрім (жер).
34. Бірінші сыңары зат есім, кейде етістік, екіншісі -ты/-ті, -ды/-ді жұрнақты өткен шақтағы етістік немесе -па/-пе, -ба/-бе жұрнақты сөз болса, мұндай бейнелі тіркестер қосылып жазылады. Мысалы: алыпқашпа (сөз), жүрекжарды (қуанышты хабар), жолсоқты (болу), пышақкесті (тыйылу), қағазбасты (болу), баукеспе (ұры).
35. Екі, кейде үш түбірден құралған аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулары түбір тұлғалары сақталып, бірігіп жазылады. Мысалы: қосаиақ, қарақұйрық, ақбөкен, тасбақа, құрбақа, бірқазан, аққұтан, көкқұтан, аққу, қарақұс, есекмиа, өгізшағала, жаужұмыр, түйеқарын, шегіргүл, айдаршөп, қырықаиақ, қаракүйе.
Ботаника, зоологиа терминдерінің ішінде мынадай жолмен жасалған күрделі атаулар біріккен сөз болып, сыңарлары қосылып жазылады:
1) Бірінші сыңары ақ, қара, сары, көк, қызыл, ала, боз деген түс атауларымен келген аң-құс, өсімдік аттары және қой, сиыр, түйе, бота, қозы, ат, қойан, айу, бөрі немесе ит, құм, су, бал, у, сор деген жалпы атаулар мен жеке тұрғандағы лексикалық мағынасынан айырылған сөз тіркесі болып келген терминдер қосылып жазылады: алақоржын (тышқан), қарақанат, қарабай, қаракөз, алабұға (балықтар), қарақұйрық (аң), құмбетеге, субетеге, сиыржоңышқа, қойжусан, қойқарақат, бөріқарақат, аққайың, қотырқайың, итбүлдірген, итқонақ, укекіре, убидайық, балқарағай, балқоға
Ескерту. Ақ, қара, қызыл, қоңыр сияқты сын есімдер аң-құс, өсімдіктердің түсін айыру үшін қолданылатын болса, бөлек жазылады: ақ айу, қоңыр айу, қара бұрыш, қызыл бұрыш.
2) Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер немесе әр түрлі есім сөздер, екінші сыңары ағаш, шөп, гүл, тікен, жапырақ, тамыр, құс, балық тауық, құрт, жидек, жеміс сияқты жалпы атаулар болып келетін тіркестер қосылып жазылады: қараторғай, қарағаш, қарақұрт, қаражидек, қарабидай, қызылжидек, сарышөп, сарағаш, қаракүйе, қарақат, қоңыраушөп, сәлемшөп, тарақбалық, күркетауық, түйетауық, қойаноты, киікоты, түймежапырақ, сужапырақ, сүтжапырақ, әректікен.
36. Екі түбірден құралып, терминге айналған техника, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт т.б. салаларға қатысты зат, құрал жабдық, ұғым атаулары мен әр алуан мамандық, кәсіп, қызмет иелерінің аттары бірігіп жазылады. Мысалы: шаңсорғыш, еттартқыш, бесатар, өнертапқыш, жанкүйер, бессайыс, ақсүйек, қосқұлақ, аққұлақ, соқыртеке, балтамтап (ойын аттары), беташар, тоқымқағар, ақсарбас ( ырым, дәстүр атаулары), тоғызқұмалақ, асатайақ, алыпсатар.
37. Екінші сыңары аралық, тану, сымақ деген сөздер немесе бірінші сыңары фото, електр, радио, авто, авиа, аеро, кино, гидро, агро, транс, пост, инфра, ултра, изо, пост, гипер, ал екінші сыңары қазақ сөздері болып келген тіркестер бірге жазылады. Мысалы: халықаралық, ауданаралық, континентаралық, жаратылыстану, шығыстану, абайтану; фотосурет, електрұстара, радиоқабылдағыш, автоқалам, аерошана, киноқондырғы, агрошаралар, инфрақызыл, ултракүлгін, изосызық, гидрожазықтық, посткеңестік.
Ескерту. Бірігіп жазылуы дәстүрге айналған дүниежүзілік, бүкілодақтық, бүкілхалықтық, қиыршығыстық, ортазйалық сияқты сын есімдер осы түрінде жазылады (олар сөздікте беріледі).
38. Екі, кейде үш сөзден құралған кісі аттары мен географиалық атаулар, негізінен, түбірі сақталып, бірге жазылады, Мысалы: Досжан, Өтепберген, Әбдіманап, Мергенбай, Қартбай, Талдықорған, Жезқазған, Екібастұз, Қызылжарқұдық, Ақтүйесай, Ақдаласар.
Алдыңғы сыңары дауысты дыбысқа аяқталып, екіншісі дауыстыдан басталатын кісі аттарындағы қатар келетін екі дауыстының бірі (алғашқысы) түсіріліп жазылады: Қожа+Ахмет – Қожахмет, Торы+айғыр – Торайғыр, Мырзы+әлі – Мырзәлі (немесе Мырзалы).
Ескерту. а) Адам аттарының ішінде бек, хан, мырза, әлі (әли, ғали), сияқты сөздермен жасалған есімдердің сыңарлары да әрдайым бірігіп жазылады: Мырзалы, Тұрсынзада, Әбуәлі (Әбуәли), Құлмұхамбет, Бекмұхамбет; соңғы кездерде байқалғандай жалқы есімдердің сыңарларын ажыратып жазу (Мырза Әлі, Бек Мұхамбет, Совет хан деп жазу тәжірибесі дұрыс емес.
Ұлы, қызы сөздері фамилианы және әкесінің атын білдіретін сөздермен тіркескенде, жалқы есімге қосылып жазылады. Мысалы: Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Сара Сәтбайқызы Есова.
ә) Екі түбірден құралған бірқатар кісі аттары түбір тұлғалары өзгеріп біріккен түрінде жазылады. Мысалы: Дәметкен, Ұлбосын, Ұлмекен (Дәмееткен, Ұлмаекен, Ұлболсын емес).
б) Екінші сыңары қ, к дыбыстарынан басталатын кейбір кісі аттары екі түбірдің үндесу ыңғайына қарай да жазылады. Мысалы: Күсепқали, Қоскелді, Айтқожа, Сейітқұл, Аққыз; алдыңғы түбір дауысты дыбыстар мен ұяң, үнді дыбыстарға аяқталғанда, келесі түбірдің басқы дыбыстары ұяңдап, ғ, г болып айтылса, ғ, г әріптері жазылады. Мысалы: Амангелді, Нұргелді, Төрегелді, Нұрғиса, Нұрғожа, Есенғұл, Қарагөз, Ботагөз, Айғыз. Ал қатаң түрде айтылса, қ, к әріптер жазылады. Мысалы: Әбілқайыр, Әбдіқадыр, Әбілқасым, Қаламқас, Бибікамал, Шәмшіқамар;
в) Қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздерден жасалған кісі аттары қатарынан екі дауыссыз дыбыстан басталмайды, олардың не алдынан, не ортасынан ы, і әріптерінің бірі жазылады. Мысалы: Ысқақ, (Сқақ емес), Ысқақбай (Сқақбай емес), Сымахан (Смахан емес), Сыматай (Сматай емес), Сыланов (Сланов емес), Ырза (Рза емес), Ырзабай (Рзабай емес), Ырсалды (Рсалды емес);
г) Аттас жерлерді бір-бірінен ажырату үшін алдарынан қолданылатын анықтауыш есімдер бас әріптен басталып, бөлек жазылады. Мысалы: Кіші Азиа, Орталық Азиа, Үлкен Қараой, Кіші Қараой.
VІ. Қос сөздердің жазылуы
39. Қос сөздердің барлық түрі дефис (-) арқылы жазылады. Мысалы: дүркін-дүркін, үлкен-кіші, үлкенді-кішілі, айақ-табақ, қып-қызыл, қолма-қол, көзбе-көз, қолды-қолына, жалт-жұлт, өзінен-өзі, қараптан-қарап, некен-сайақ, жөн-жосық, сайаси-бұқаралық.
Араларында да, /де, та, /те шылауын салып, етістіктің бұйрық рай тұлғаларынан жасалған сипаттама тіркестер қос сөздер сияқты дефиспен жазылады, шылау сөз бірінші сыңарға (сөзге) қосылып беріледі: уда-шу (айғай), аспа-төк (байлық), ұрда-жық (мінез) келді-кет (немесе кел-кет болып отыру).
VIІ. Қосымшалардың жазылуы
40. Қосымшалар сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай, буын үндестігі бойынша, йа жуан, йа жіңішке болып жазылады. Мысалы: жұмыс-шы-лар-дың, инсти-тут-тар, пле-нум-да, белле-тен-дер, мұға-лім-ге, по-ләк-тер, педа-гог-тар, гео-лог-қа.
Ескерту. Күнә, кінә, шүбә, куә, іңкәр, күмән, Күләш, Күләй, Мүтән сияқты соңғы буынында жіңішке ә әрпі жазылатын сөздерге қосымшалар жіңішке жалғанады, тек барыс жалғауы мен етістік тудыратын -ла жұрнағы жуан айтылып, жуан жалғанады. Мысалы: күнәсіз, күнәлі (бірақ кінәға бату, күнәлау), шүбәсіз, шүбәлі, (бірақ шүбәлану), куәсі, куәлік (бірақ куәға тарту), күмәнсіз (бірақ күмәндану), Күләштің (бірақ Күләшқа).
41. Соңғы дыбыстары рк, рг, нк, иг, кс, кт, ск, лк, нкт сияқты дауыссыздар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанады. Соңғы к, г дыбыстарының жіңішке айтылуына байланысты. Мысалы: парктен, паркке, паркі, митингілер, митингіге, фактіге, фактісі, полкке, полктер, полкі, пункттерді, ансамбілге, ансамбілі.
Ескерту. Орыс тілінде брь, бль сияқты әріптерге аяқталатын сөздер бір, біл болып жазылатындықтан, қосымшалар жіңішке жалғанады.
42. Сөздің соңғы дыбысы қатаң болса, дауыссыздан басталатын қосымшаның басқы дыбысы да қатаң, ал сөздің соңғы дыбысы ұяң я үнді болса, қосымшаның басқа дыбысы да ұяң я үнді болып жалғанады. Мысалы: астық-ты, астық-тан, табыс-пен, айт-тыр, трактыр-лар, қағаз-дар, құм-мен, ауыз-бен.
Ескерту. б, в, г, д әріптеріне бітетін сөздерге дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшалар тек қатаң дыбыстан басталып жалғанады. Мысалы: штаб-тан, клуб-қа, парад-тан, парад-қа, актив-ке, пассив-ке, педагог-тар, Мадрид-тен.
43. сөздің соңғы дыбысы с немесе з болып, оған с, ш дыбыстарынан басталатын қосымша жалғанғанда, түбірдің соңғы дыбысы өзгертілмей жазылады. Мысалы: жұмысшы (жұмышшы емес), басшы (башшы емес), сөзсіз (сөссіз емес), жазсын (жассын емес), көзсіз (көссіз емес).
44. Сөздің соңғы дыбысы и болып, оған ғ, г, б дыбыстарының бірінен басталатын қосымша жалғанғанда, ол дыбыс өзгертілмей жазылады. Мысалы: күнге (күңге емес), жанбайды (жамбайды емес), жанға (жаңға емес).
45. -ов, -ев жұрнақтары арқылы жасалған фамилиаларға қосымша түбір сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Мысалы: Әбілтаевқа (соңғы буын – тай – жуан), Әбілбековке (соңғы буын – бек), Жүсіповтың (соңғы буын – сіп).
46. Қосымшалар дауысты дыбыстан басталғанда, түбірдің соңындағы қ, к, п дыбыстары ұяңдап, ғ, г, б (немесе у ) болып өзгерген түрінде жазылады. Мысалы: тарақ – тарағы, тайлақ – тайлағы, қызық – қызығы, жүрек – жүрегі, тік – тігеді, кітап – кітабы, жап – жабады, тап – тауып – табады, кеп – кеуіп – кебеді. Бірақ қазақы (ат), қалмақы (ер) сияқты бірер сөздердің түбірі сақталып жазылады.
Ескерту. а) Соңғы буында ы, і дыбыстары бар кейбір сөздерге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда, ы дыбыстары түсіп қалады. Мысалы: орын+ы – орны, құлық+ы – құлқы, әріп+і – әрпі, ерін+і – ерні, көрік+і – көркі, халық+ы – халқы, ойын+а – ойна, үрік+ек – үркек (мұндай сөздер емле сөздіктерінде толық көрсетіледі).
ә) ауыл, дауыс, дауыл, қауын, құйын, түйін бірқатар сөздерде тәуелдік жалғауы жалғанғанда, ы әрпі түсірілмей жазылады: дауысым, дауылы, қауыны, құйыны, түйіні.
б) п, х дыбыстарына аяқталатын кірме сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда, п, х дыбыстары ұяңдамайды: принсип-і, тип-ін-де – типінде, окоп-ы – окопы, сех-ы – сехы, әлманах-ы - әлманахы, тарих-ы – тарихы.
47. нд, мн, кт, нг, мб, ск, фт сияқты дыбыстар тіркесіне бітетін сөздерге қосымшалар ы, і дәнекері арқылы қосылады. Мысалы: фонд – фонды-ға, фонд-ы-ны, фонд-ы-дан, фонд-ы-сы; шрифт – шрихт-і-ге; штамп – штамп-ы-лау; факт – факт-і-ге; митинг – митинг-і-ге; обиект – обиек-і-лер, обиект-і-ге; ромб – ромб-ы-ның.
48. ст, зд дыбыстар тіркесіне біткен сөздер түбір күйінде ешбір өзгеріссіз жазылады да, оларға қосымшалар жалғанғанда, түбірдегі соңғы дауыссыз түсіріліп жазылады. Мысалы: трест – трестің, трес-іне; ведомст – ведомос-қа, ведомос-ы; сиезд – сиез-ге, сиез-і-нің; сотсиалист – сотсиалистке, сотсиалистік.
49. Бас әріптерден қысқарған сөздер тек қана дауыссыз дыбыстардан тұрса, оларға қосымшалар соңғы әрпінің жуан йа жіңішке айтылуына қарай үндесіп, йа жуан, йа жіңішке болып, дефис арқылы жазылады. Мысалы: ТМД-ға, АҚШ-қа. Ал араларында немесе соңында дауысты дыбыс әріптері тұрса, қосымша сол дыбысқа үндесіп, жуан не жіңішке болып дефис арқылы жазылады. Мысалы: ИУНЕСКО-ның, НАТО-ға, БҰҰ-ның.
50. Тырнақшаға алынған сөздерге жалғанатын қосымшалар тырнақшаның ішіне жазылады. Мысалы: Ол өлең “Қазақ әдебиетінде” басылды; Лев Толстойдың “Соғыс және бейбітшілігін” қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқыдық.
VIIІ. Шылау сөздердің жазылуы
51. Шылау сөздер төмендегіше жазылады:
а) шылаулар, негізінде, бөлек жзылады. Мысалы: сабақтан кейін, жиналысқа дейін; қағаз да, қарындаш та; қалам мен сиа; аз ба, көп пе?
ә) ақ, ау, ай, мыс, міс, ды, ді шылаулары өздерінен бұрынғы сөздерден дефис арқылы бөлініп жазылады. Мысалы: сен-ақ, келмейді-ау, әдемісін-ай, барыпты-мыс, шамалы-ақ, көретін-ді, қой-ақ қой.
б) ма (ме, ба, бе, па, пе) сұраулық шылауы түбір мен қосымша арасында қолданылғанда, мы, мі, бы, бі, пы, пі болып өзгерген қалпында бірігіп жазылады. Мысалы келемісің? Айтыппысың, Сұлтанбысың?
ІХ. Бас әріптің қолданылуы
52. Нүкте, сұрау, леп белгілерінен кейінгі сөйлемнің бірінші сөзі көбінесе өлеңнің әрбір жолы бас әріптен басталып жазылады.
53. Жалқы есімдер (кісі аттары, географиалық атаулар, кәсіпорындардың аттары, кітап, журнал, шығарма, мереке, мекеме, ұйым аттары т.б.) бас әріптен басталып жазылады. Мысалы: Абай Құнанбаев, Максим Горкий, Балқаш, Алматы, Александр Фадеевтің “Жас гвардйа” романы, Наурыз мейрамы.
54. Күрделі есімдерден құралған мынадай атаулардың әрбір сөзі бас әріппен жазылады:
а) Ең жоғарғы мемлекеттік қызмет аттары мен құрметті атақтар: Қазақстан Республикасы Президенті, Президент Әкімшілігі, Қазақстан Халық Қаһарманы;
ә) Мемлекеттердің, республикалардың, жоғарғы мекемелер мен ұйымдардың күрделі атауларының әр сөзі бас әріппен жазылады: Қазақстан Республикасы, Ресей Федерасиасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблейасы.
Ескерту. Әр түрлі мекемелердің, білім-ғылым орындарының, партиалардың, ұйымдардың, бірлестіктердің, қорлардың т.б. күрделі атауларының бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылады: Сыртқы істер министрлігі, Ғылым академиасы, Тіл білімі институты, Ұлттық банк қоры, Мәдениет министрлігі.
Бұлардың бірсыпырасының алдында келетін Мемлекеттік, Ұлттық, Қазақстан Республикасы деген сияқты анықтауыштардың әр сөзінің бас әріппен жазылуы сақталады: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы, Ресей Федерасиасы Сыртқы істер министрлігі, Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, Өзбекстан Республикасы Жоғарғы соты.
55. Бірінші әріптерден қысқарған сөздердің әрбір әрпі бас әріппен жазылады. Мысалы: ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы), ҚР (Қазақстан Республикасы), БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), АҚ (Аксионерлік Қоғам), КЖД (Кедендік Жүк Декларатсиасы).
Ескерту. Әріптерден қысқарған сөздердің бірқатары өзге тілдердегі тұлғасымен қолданылады: НАТО, ЙУНЕСКО, ГУЛАГ, УАЗ (авто мәшинесі).
Алғашқы сөздің басқы буынынан, соңғы сөздердің бас әріптерінен қысқарып жасалған сөздердің қысқарған буынының алғашқы әрпі бас әріппен, қалған әріптері кіші әріппен жазылады, ал одан кейінгі бас әріптерден қысқарған тұлғалар сол күйінде сақталады. Мысалы: Қаз.Ақпарат (Қазақ Ақпарат Агенттігі), КАЗМҰУ – Қазақ мемлекеттік университеті.
Х. Сөздердің тасымалдануы
56. Жазып келе жатқанда жолға сыймаған сөз буын жігіне қарай тасымалданады. Мысалы: ала-қан, ор-на-лас-ты-ру.
57. Екі дауысты дыбыстың ортасында келген й мен у дыбыстары бар сөздерді буындағанда, бұл дыбыстар келесі буынның басында келеді және солай тасымалданады. Мысалы: да-уыс (дау-ыс емес), са-уат (сау-ат емес), да-йындық (дай-ындық емес), құ-йын (құй-ын емес). Ал ұу, үу, ый, ій қосар әріптердің орнына жазылған у, и әріптері бар сөздер буындалғанда келесі буын дауысты әріптен басталады және солай тасымалданады. Мысалы: бу-ын, су-ық, қу-а-қы, қи-ын, ти-ын, жи-ын (тасымалдаудың бұл түрі қазақ тілі табиғатына қарай емес, қосар дыбыстарды и, у деген жалаң таңбалармен жазуға байланысты қолданылатын шартты ереже).
Ескерту. Сөз ішінде үш дауыссыз дыбыс қатар келгенде, алдыңғы жолда екі дауыссызды қалдырып, келесі жолға үшінші дауыссыз дыбыс әрпін шығарып тасымалдау керек. Мсыалы: құмырс-қа, (құмыр-сқа емес), күңгірт-теу (күңгір-ттеу емес), жаңғырт-ты (жаңғы-ртты емес).
58. Жазып келе жатқанда жолға сыймаса, мынадай орындарда тасымал жасауға болмайды:
а) екі, үш одан да көп әріптерден құралған бір буынды сөздер жеке тұрғанда тасымалданбайды. Мысалы: ай, күн, картс, пункт;
ә) сөздің жеке әрпін сол жолдың өзінде қалдыруға да, келесі жолға тасымалдауға да болмайды. Мысалы: ара (а –ра, ар-а емес), алақан (а-лақан емес);
б) бас әріптен қысқарған сөздерді тасымалдауға болмайды. Мсыалы: БҰҰ Б-ҰҰ немесе БҰ-Ұ емес);
в) кісі атының қысқартылып алынған әріптерін (инисиалдарын), фамилиадан айырып, сол жолда қалдырмаған да, екінші жолға көшірмеген де дұрыс: А.С.Пушкин, М.О.Әуезов, О.О.Сүлейменов, (А.-С. Пушкин немесе А.С.-Пушкин емес, М.-О.Әуезов, М.О.-Әуезов емес, О-О.Сүлейменов немесе О.О.-Сүлейменов емес).
г) сифр арқылы таңбаланатын сандарды оларға қатысты қысқарған атауларынан бөлмей тасымалдаған жөн. Мысалы: 25 га (25-га емес), 50 см (50-см емес), 50% (50-% емес).
Рәбиға Сыздық
Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz