«АҚШ Жоғарғы соты 15 қазандағы шешімімен биыл шыққан сот үкімдерін қайта қарау туралы 222 шағымды кері қайтарды. Олардың арасында Қазақстанның АҚШ-тың Колумбия округі апелляциялық сотының шешімін қайта қарау туралы шағымы да бар» деп мәлімдеді министрлік.
2018 жылы қарашада аймақтық сот Статиге Вашингтондағы бұғатталған Қазақстан активтеріне заңдық шаралар қолдануға рұқсат берген. Ал Қазақстан Статиге берілген бұл рұқсатты тоқтатуды сұрап шағымданған еді, бірақ АҚШ соты бұл арызды қанағаттандырмады.
Молдовалық бизнесмен Стати мен Қазақстан билігі арасындағы сот бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Қазақстанның мұнай саласына инвестиция салған Анатол Стати мен оның ұлы Габриэль Стати Қазақстанның мемлекеттік органдары өзін "инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын" айтады. Нұр-Сұлтан бұл айыптауды терістеп, Статиді "алаяқтық жасады" деп айыптайды.
2013 жылы Стокгольмдегі сауда палатасының арбитраж соты Стати шағымын жартылай қанағаттандырып, Қазақстанды 500 млн доллар төлеуге міндеттеген. Сотта Стати 4 миллиард доллар талап еткен еді.
2017 жылы желтоқсанда New York Mellon банкі Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттағаны жария болған.
Биыл мамырда Нидерланд соты құны 5,2 миллиард доллар тұратын Нидерландтың KMG Kashagan B.V. компаниясындағы "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қоры акцияларына салынған тыйымды күшінде қалдырды. Бұл акцияларға Қазақстан үкіметі мен Анатол Стати арасындағы дау аясында тыйым салынған еді.
Abai.kz