Сөк сұлтан Абылайханұлы туралы бірер сөз
Жақын күндері (2019. Қазан), тарихшы досым, Р.О... сұрауымен, Алматыдан келген, көптеген жылдар бойы Қазақстанның рулары орналасқан ескі карталарды жинақтаушы, зерттеуші Ә.Т... ағамен бірге Сөк Төре Абылайхановтың (тегін әзірге орысша жаза тұралық) басына барып қайтқан едік. Қазақтың Ұлы Ханы Абылай ұрпақтары Жетісуға қалай келгені, қашан келгені туралы бірталай тарихи мәліметтер, оның үстіне ел аузынан жеткен біраз деректер баршылық. Әйткенмен, қазағымның өткен тарихты аңызға айналдырып жіберетін әдетімен және орыс зерттеушілерінің толық түсінбегендіктерінен (мысалы, Аткинсонның қателесіп, Сөкті «Зука» деп жазып, Тезек Төренің әкесі, Шоқанның қайын атасы дегені бар) кей оқиғалар желісі нақты деректерге қарағанда көбіне әңгімеге ұқсап та кетеді, бірақ сол айтылғандардың көбі тарихи құжаттармен расталып та отырады. Біздің табиғатынан зерек халқымыз еш нәрсені ұмытпайды. Бұл жолы да ескі карталарды зерделей отырып (Орысша «2997 М Секъ тюре» белгісі қойылған, орыс картографтарының ұқыптылығы керемет...), осы орын, Сөк Төренің тура жатқан жері екеніне нақты көз жеткіздік. Бұл кісі туралы бірталай тарихи құжат-деректер бар, алайда, кейінгі зерттеушілердің (өз замандастарының да) оның әлеуметтік-саяси көзқарастары, ел басқарудағы қызметі туралы түрлі теріс пікірлер де (кей Орыс билігі өкілдерінің мысқыл-ирониялық сөздері, кейінгі қазақ зерттеушілерінің «орысшыл, отаршылдықты өзі қолдаған, Кенесарыға қарсы шықты...» деген сияқты...) айтылады.
Кенесары Хан серіктерімен опат-шейіт болғаннан кейінгі, барлық Жетісу өңірінің тарихы, атақты Тезек Төренің есімімен байланысты екені белгілі! Сондықтан, бар қазаққа белгілі осы тұлға туралы біраз деректерді қарағанымызға байланысты, аталып отырған Сөк Төре туралы да біршама оқиғаларды, кейбір белгілі сілтемелерді көрсетіп, іздеп жатпай-ақ, есімізде қалғандарымен оқушылармен ой бөліскім келеді.
Бізге жеткен деректерге сәйкес (ауыз-екі; Румянцев; Уәлиханов т.б.), Ұлы Хан Абылай бастаған Қазақ елі, ата жұрт Жетісуды жоңғардан босатқан соң, ел біртіндеп, осында қайта қоныстана бастады (кейбір аздаған ру адамдарының шапқыншылықта үдермей, осында, қалмақ қарамағында қалып қойғандары да бар). Абылайхан сол тұста өз балаларын жан-жақтағы елдерге (көбіне сол елдердің игі-жақсыларының сұрауымен) жіберіп отыру саясатын ұстанған. Ханның бұл көрегендігі бар қазақты біріктіруге арналып, сол заманға сәйкес, өте оң нәтижесін көрсетті. Ондай жерлерге барған ұрпақтары елмен тез арада ағайын-туыс, құда-жегжат болып, бар қазақты басқаруға оңтайлы болды.
Жетісу еліне алдымен үлкен ұлдарының бірі (Хан Уәлимен бір анадан, яғни, қарақалпақ бегі Сағындықтың қызы Сайман Ханымнан туған), Абылай атынан Цин империясына аманат-елші болып барған, Ташкенттен бастап бар Үйсін, яғни, Ұлы Жүз елін басқарған, талай шайқастарға да қатысқан, қазақ баласы хан атаған – Әділ сұлтанды жіберген. Бұл сұлтанға Цин империясы да оң қарап, өз тараптарынан үлкен дәрежелі «Гун» атақ-шенін берген.
Абылай Хан қайтқан соң, Қоқан хандығы нығайып, жергілікті қазақтармен бақталастық күшейген, соның арты көтеріліс-соғысқа алып келіп, «тәшкендіктер» Жүніс қожаның бастауымен қазақтарды (дулат т.б. рулар) ығыстырып шығарды. Сол кездердегі қақтығыстарда, Әділ Сұлтан 1815 жылы Ташкент түбінде опат болды деген ойдамын. Тағы бір деректе 1820 жылы Мерке түбінде делінеді, алайда, сол кездегі оқиғаларды саралай келе, бірінші дерек тура деп есептейміз (сұлтанның жатқан жері белгісіз, әзірге, нақты білем дегенді естімедім. Ташкент архивінде деректер болу керек). Міне сол, Хан Әділдің ұлдары (орыс деректерінде он, қытай деректерінде он екі, қазақ шежірелерінде тағы екі-үшеуінің есімі қосылады) Ташкент түбінен ығысып келіп, қазіргі біраз Жамбыл, Алматы облыстарының жеріне ие болды. Іле өзенінің сол жағындағы Албан (бір бөлігі), Дулат, Ысты, Ошақты, Шапырашты, Сіргелі т.б. руларды (көбіне Әли Әділұлы Сұлтан, орысша Али (Гали) Адылов) басқарып тұрды (Нессельроденің рапортында қарамағында 165 мың ер адам бар делінген). Оған, 1846 жылғы Лепсі өзенінің бойындағы Орыс билігінің қысымымен өткен, Ұлы Жүздің 5 руын (Дулат, Албан, Суан, Шапырашты, Жалайыр) Империя құрамына алу және Кенесарыны қолдамау туралы қаулы қабылданған съезде, Ұлы Жүздің Аға Сұлтаны және майор шені берілді. Осы қаулыда Сөк Төренің де қолы, мөрі бар (Румянцев, Аткинсон). Алайда, бұл жерде Орыс билігінің өздерінің де мойындайтынындай, «...олар Кенесарыдан толық бас тартып кеткен жоқ, жасырын болсын байланыстары бар...» болғанын айта кетуіміз керек.
Іле өзенінің оң жағынан Талдықорған өңіріне дейінгі аралықтағы (Албан (бір бөлігі), Жалайыр, Шапырашты (бір бөлігі), Суан (бір бөлігі), Қарақалпақ, Түрікпен т.б. руларына Әділ ұлдары Абылай (Құлан), Ералы, Нұралы (Тезек Төренің әкесі), Мамырхан, Төлек, Бегалы, Тінәлі т.б. сұлтандар төрелік құрды (1825 жылғы Зибберштейн жазбалары мұны толық растайды). Орыс билігінің айтуынша «бұл сұлтандар өте ауызбірлікті, үлкендері Құлан сұлтанды (жатқан жері, Шоқанның «Могила Кулан Хана» еңбегінде айтуынша Талғар өзені бойында), бәрі де тыңдайды, ол сұлтанмен Цин империясы жақсы қарым-қатынаста, толық санасады және барлық сауда жолдарын солар бақылауда ұстайды» делінеді. Ел сөзі де бұны толықтай мақұлдайды. Осы аталған адамдардың біразының ұрпақтарын қазіргі күнде түгелдей білеміз.
Абылайханның Жетісудағы ұлдарының бірі – Рүстем Төре. Иә.., сол Кенесары Ханның Балхаш жағасына (Жетісу жағындағы) келуіне себепкер болған адам (деректерде Наурызбай алдын-ала келіп, ол кісімен келісіп кеткен). Бұл жерде (С. Мұқанов т.б. қателескен) «Кенесарыны жау қолына тастап кеткен осы Рүстем» дегеннің жалған екенін айта кетейік, өйткені, Рүстем Төре ол кезде қартайған адам еді, Кене Ханмен бірге Алатау жорығына барған жоқ (Осы айтқанымыз туралы зерттеуші досым Арман Қиятпен бірге талай пікір алысқан едік және ол дерек-ойларын жазып шықты. Сол жазбасын келітіріп, «Кене Ханды жауға тастап кеткен қай Рүстем» атты, көпшіліктің саналуан пікірталасын тудырған мақала жазған едім, интернет арқылы табуға да болады...). Бұл сұлтан туралы аса деректер білмедім, танитын ұрпақтарының кейбірі Жамбыл облысында тұрады. Ол кісі қайтыс болғанда, Өкіметтік жерлеу комиссиясы құрамында Сөк Төренің де болғаны туралы жазба материалды көргенім бар.
Ендігі айтайын деп отырғанымыз Абылай Ханның Жетісудағы (Талдықорған өңірі) үш ұлы туралы мағлұматтар. Ел аузындағы деректерге сүйенсек, Жалайыр елінің игі-жақсылары ханнан өздеріне төрелікке осы Сөкті сұрап алған екен, хан оларын мақұл көріп, онымен бірге бір анадан туған, Сығай, Тағай сұлтандарды қоса жіберген. Сығай мен Тағай кәдімгідей ер жетіп қалған кездері болса, Сөк өте жас бала болған. Алдыңғы жазбаларымызда айтқанымыздай, қазақ ақсақалдары өздеріне төре сайлағанда ру қасиетін (менталитетін) бойына әбден сіңіру үшін жасырақтарын таңдайтын. Бұл дәстүрді Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігіндегі «Найман» руларының да өздеріне Әбілмәмбет Ханның (иә.., сол Әбілмәмбет, хандықты өз баласына бермей, Абылайға берген дана кісі) ұлы Әбілпейізді де жас кезінде сұрап әкелген! Қазіргі ұрпақтарының біразын білеміз (Үшарал өңірі).
1825 жылғы Зибберштейн және кейінгі архивтік құжаттарға, оған қоса, ауызекі әңгімелерге сүйенсек, Сығай сұлтан да (жатқан жері Лабасы тауының Алмалы мекенінде) ел басқаруға белсенді араласқан, ұрпақтары Жалайыр елінің бір бөлігін басқарған, кейінгі ұрпақтарының бірі Ханқожа, ұлы Тәжі сұлтан, болыстықтар құрылғанда «Тау Жалайыр болысында» басшы болып, елді жинастырып, «Мырза-Қарашапан» руларының биі болған кісі. Тезек Төремен тығыз байланыста болып, ел ісін бірлесе шешіп отырған (Қытайға қарсы соғысқа, өз қаражатымен қару жинап, төртжүзден астам жасақты бастап барғаны туралы тарихи құжаттар бар). Қазіргі ұрпақтарының біразын білеміз.
Ал Тағай сұлтанға келсек, көбіне інісі Сөктің қасында өмір сүрген (жатқан жері Жалғызағаш-Биғаш ауылының маңы деген сөз бар, анығын білмедім). Қазіргі кейбір ұрпақтарын білеміз.
Сөк Төре (азан шақырып қойған аты – Сүйік, орысша документтерде Сюк Аблайханов) Абылайханұлы, ел айтқандай 52 жыл бойы Жалайыр, Шапырашты (бір бөлігі) руларына төрелік етті. Ел аузында «...Шүйіркелескің келсе Сөкке бар... Тентек көпке көнеді, көпке көнбесе Сөкке көнеді...» деген мәтелдердің кейіпкері болған, елге Сөк атымен танымал болған осы кісі.
Деректер бойынша Сөк Төре, Абылайханның қайтарының алдында туған кенже ұлы (зерттеушілер 1779-1853...55 жылдар дегенді көрсетеді), яғни, туған жылы екі-үш жыл бұрынырақ болуы мүмкін (хан көзі тірісінде Жалайыр ақсақалдарына бергені рас болса) десек, ұзақ өмір сүріп, сексен-сексенен асқан шағында қайтыс болған.
Аткинсонның 1850 жылдары салған суретінде де ол кісі қарт адам екені көрініп тұрды, кей зертеушілер, қасындағы үш әйелдері және ұлы деседі (Аткинсонның суреті астына Сөк Төре және отбасы деп жазғаны рас, алайда, бұл үш әйел өз әйелдері ме, әлде, келін(дер)і де бар ма және суреттегі ұлы ма, ол жағы белгісіз). Бұл жерде зерттеушілердің суретте неге 3 (үш) әйел деп жазғандары түсініксіз, суретті мұқият қарасаңыз, Сөк Төреден басқа екі әйел және екі жігіт екені анық көрініп тұр! Осыған байланысты айтарымыз, кей орыс тілді қазақ зерттеушілер біздің көптеген ғұрыптарды ұқпайтынын ескеру керек-ау, сондықтан, бұл жерде ақсақалдың артында отырған (атасының алдына шықпай) жас әйел келіні болар деген ойдамын!
Жалпы, Аткинсонның ол кісі туралы кей айтқаны, мысалы «...ол әйеліңді сат деп айтты» дегені мүлде шындыққа жанаспайды, көп жерінде Абакумовпен бірге қалжыңдап-мысқылдап (мысалы: кәрі қарақшы) айтқаны көрініп тұр (қайтерсің, «озық» мәдениет өкілдері ғой).
Қай жерде екені есімде жоқ, Сөк Төре туралы «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханның архивінен табылған, тарихшыларға беймәлім мағлұматтар келтірген арнайы мақаласы бар дегенді бір жерден оқыған едім.
...Сөк Төренің заманы Жетісу тарихындағы ең бір драмаға толы ауыр уақыт дер едік: Шығыстан Цин империясы «бұл жерлер біздің жер» деп, жылда әскер шығарып, жергілікті қазақтардан жалдық ақы жинап отырған (жылына 60 жылқы); Іленің сол жақ қанаты Қоқан Хандығына қарап қалған және содан кейін Цин империясының Шығыс Түркістандағы мұсылман көтерілістеріне байланысты әлсірегенін пайдаланып, Іленің оң жағалауын да игермекке ұмтылысы; Солтүстіктен Ресей Империясының Аягөзден кейін Ілеге дейінгі жерлерге «Сыртқы округ» салып, өз қарамағына алмақшы ниеті т.б. саяси оқиғалар желісіне толы кезең!
Солай бола тұра, алдында айтқан 1800-ші жылдардан Кене Хан опат болғанға дейінгі жылдарда Іленің оң жағалауынан Аягөзге дейінгі ел-жерлер дербестеу (анклавты сияқты) өмір сүрді. Әрине, Семей-Ыстықкөл-Бұқара-Құлжа бағытындағы керуен жолдары (оларды алдында айтқан Абылайұлы Хан Әділдің ұлдары бақылады) осы жерлерден өтетін себепті сол елдермен сауда қатынасы жақсы дамып, ел, мал шаруашылығымен қоса, кен игеру, егіншілік, қолөнер, аңшылық т.б. кәсіптерді игеріп әлеуметтік жағынан тыныштау өмір сүріп жатқанымен, саяси өмірде тыныштық болмады. Оның себептерін айттық.
Сөк Төренің де Әділ ұрпақтарымен (өз немере ағайындарымен) бақталастығы осы кезде көрініс береді, оған Қытай империясының (ол тараптан Сөк Төреге ешқандай шен-атақ берілмеген) және Қоқан Хандығының оны аса көзге ілмей, Әділ балаларымен іс жүргізгені де себеп болса керек! Мүмкін, өзін сол кезде Абылайханның тікелей мұрагері ретінде есептеуі де болар (Абылайдан кейінгі Уәли Хан қайтыс болып, орнына Ғұбайдолла Хан болып, оны орыстар ұстап алып кетіп, Қазақ Хандығын, Кенесары қайта қалпына келтіргенше, жойған уақыт қой)! Қалай болғанда да, орыс Империя билігі өздерінің тыңшылары, татар молда-саудагер-тілмаштары (деректерде Ташболат, Сейфулмулик деген кісілердің аты аталады) арқылы Сөк Төрені өздеріне тарта білген. Соның әсерінен 1818 жылы, Сөк Төре Ұлы Жүзді де, Орта Жүз сияқты Орыс Империясы қарамағына алуды сұраған. Оны патша Александр қолдап, 1819 жылдары Көксу-Қаратал өзендері бойында бекіністер де салынған. Алайда, Қытай Империясының ноталық қарсылықтарынан кейін, 1825 жылдары ол бекіністер, құрылыстар бұзылып, алынып кеткен.
Орыс билігі Сөк Төренің бар Ұлы Жүз атынан сөйлеуіне құқы жоқ екенін аңғарса керек, оны, 1825 жылғы Зибберштейн жазбаларынан байқаймыз (онда Сөк Төренің бауырлары Сығай мен Тағай сұлтандардың балаларымен бірлесіп жүргізген билігі Жалайыр мен Шапыраштының бір бөлігіне ғана жүргені, өзінің орысқа көз қарасы жақсы екені, жалпы елі де, өзі де жуас екендігі айтылады). Қырғыздардың өздерін Орыс Империясы құрамына алу туралы сұрауымен шыққан бұл әскери экспедиция Семейден шығып, Ыстықкөлге дейін барып, талай нәрсені анықтаған, яғни, Жалайыр мен Шапыраштының бір бөлігі және Албан-Дулат т.б. рулар Әділ ұлдарының басқаруында екенін нақты көрсеткен (мысалы, Әли Әділұлына қарасты рулар қажет болса 60 мың салт атты адам шығара алатыны айтылады).
Бұдан кейінгі деректерден Орыс Империясы Қытай империясының Шығыс Түркістандағы мұсылмандармен соғысып, әлсірегенін тиімді пайдаланып, Жетісуға өз әсерін барынша жүргізе бастағанын және Қоқан Хандығына да Шу өзенінен бері аспауы туралы шарт қойғаныны да белгілі. Осыдан кейін Кенесары 10 мыңдай елімен Жетісуға келді және Көксу-Қаратал өзендеріне дейінгі аймақта, Орыс билігінен аса ыға қоймады. Ағасы Көшек Сұлтанды жіберіп, егер Жалайыр қолдамайтын болса аямай шабатынын да ескертті. Бұны жақсы түсінген Орыс билігі екі жақтан қарулы әскер шығарып (есаул Нюхалов көп белсенділік танытты), оған Орта Жүздің жасақтарын қоса білді (Бөлен, Қарақ атты адамдардың бастауымен мыңға тарта жасақ шығып, орыс жағында болған). Ұлы Жүздің басты адамдарын «енді Орта Жүзбен татуластырып, шабыстырмаймыз» деген желеумен, Лепсі өзені бойына шақырып, өз қарамағына алатындықтарын, және Кенесарыны қолдамауды қатаң ескертіп, қаулы қабылдатты. Бұл жерге Сөк төре, Кенесары сарбаздарынан елімді қорғаймын деген сылтаумен, өзі бармай орнына Жалайыр Мәңке Биді жіберді деген дерек бар (Сөк Төремен бірге бұдан басқа Жалайыр Қарынбай Бидің де есімі көп аталады).
Солай бола тұра жергілікті қазақтардың «Кенесарыны қолдамаймыз» дегеніне Орыс билігі толық сенбейтіндіктерін білдіреді дегенді айттық. Ауызекі деректерде де осындай қалыпта жетті. Мысалы, кейінірек табылған Алтынемелдегі Көшен Төренің (Шоқанның қайын атасы, яғни, Айсараның әкесі) қызы Сұлушаштың әкесін жоқтағандағы ұзақ жырда:
... Наурызбай менен Қожықтан, (Наурызбай – Кене ханның інісі, Қожық қолбасшы)
Үйсін мен Найман сескеніп.
Сізден кеп ақыл сұраған,
Жүрер деп Кене кектеніп.
Әскерлер жинап беруге,
Шықпаған ешкім белсеніп.
Сөк ата менен екеуің, (Сөк – Абылай ханның кенжесі),
Ел-жұртқа ақыл бергенін.
Тыныштығын мән халқыңның,
Шынымен мақұл көргенің.
Тон менен шекпен жинатып,
Ат, түйе, қойлар бергіздің.
Нарларға астық теңдетіп,
Науанға тағы бергіздің.
«Келер жыл әскер беред» деп,
Науанға елді сенгіздің.
Аралтөбе жер басында,
Құрметін елдің көргіздің.
Наурызбай мен Қожықты,
Шығарып салдың құрметпен.
Жалайыр, Найман, Суанды,
Құтқардың адал ниетпен.
Көшен сұлтан атанып,
Жайлы болдың халқыңа.
Қалдырмадың тірлікте,
Жаман атақ артыңа.
Хүкім келсе Алладан,
Пенде бар ма алмаған.
Нәмруд отқа салғанда, (Нәмруд – патша),
Ибраһим де жанбаған...
- деген үзіндіден-ақ, жергілікті елдің Кене ханға көптеген көмек көрсеткені көрініп тұр. Жалпы Кене Ханға Аягөз-Үшарал-Қапал өңіріндегі Найман жұрты да көп жәрдемдескені туралы деректер жеткілікті.
...Кенесары Хан опат болған соң, Қазақтың тәуелсіздік арманы да желге ұшты! Орыс Билігі енді ешкіммен де санаспайтынын білдіріп, Сыртқы Округтер, уездер ашып, қарулы зеңбіректерін сүйреткен әскерін қаптатып, қарашекпендерін әкеп, қазақтың ең шұрайлы жерлеріне (өздерін құмға, тақырға қуып), қоныстандыра бастады. Бұларын осы күнге дейін миымызға құйып тастағандай «қазақты Қоқанның езгісінен құтқардық» деп ақтады (ең «қызығы» осы тәуелсіздік заманында, кейбіреулеріміздің соны айтатынын қайтерсің?!).
Ол жылдардағы Сөк Төренің өміріндегі деректерге келсек, оған Аткинсонның бірнеше рет келіп, суретін салғанын; Аткинсон мен әйелі Люсидің Сөк Төренің музыканы жақсы көргенін, тіпті өзімен бірге алып жүретін оркестрінің де болғанын; Аңшылықты жақсы көргенін; Олардың айтуынша «сексенге келген жасына қарамай, әлі де барымтаға баруға дайын екенін; Бұрынғы бір шайқаста мұрнына балта тиіп қисайып қалғанын; Отаршыл Патша Өкіметінің жылдық 347 рубль күміс ақша жалақы тағайындағаны т.б. оқиғалар желісі бар. Архивтік деректерде Сөк Төренің өз ауылында малшы, көмекшілерімен 125 үй екендігі де айтылады.
Ал 1858 жылы Шоқанның Сөк ұлы Жанғазыны (архив деректерінде одан басқа Жошы, Додан, кейінірек Барақ атты ұлдары, ал қазақ шежіресінде тағы да бірер ұлдары аталады) көргені туралы (ол туралы табиғатынан кірпияз Шоқан, туыс болғанына қарамай, аса жақсы айта да қоймайды, сарказмдық түрде кей қылықтарын мысқылдай келтіреді. Алатау Округінің басшыларын да «бұндай адамды басшы етіп сайлағандары ақылдары аздығынан болар» деп түйреп өтеді) жазғанда, Сөк Төре аталмайды, соған қарағанда Сөк Төренің 1853-55 жылдары қайтыс болғаны тура шығады (Солай дегенімізбен, И. Абрамовтың мәліметінде, Сөк Төре 1863 жылы қайтыс болды және 1858 жылы Қаратал өзені бойындағы бекініс Қарабұлаққа көшіріліп, «Қарабұлақ, немесе Сөк бекінісі (пикет)» аталып, сол жылы басында үш отбасы казак көшіп келген... делінеді. Нақты анықтауға уақытыма байланысты талпыныс жасамадым...).
1863 жылғы Қытай-Қазақ-Орыс соғысына Сөк, әсіресе, Сығай сұлтанның ұрпақтары Тезек Төре бастаған қолда белсенділік, ерліктер көрсетіп, Орыс Өкіметі тарапынан марапаттарға ие болғаны анық жоғарыда айтып өттік).
Кейінгі ұрпақтарының (Абай ауылындағы апа, атын ұмыттым) Сөк Төренің күмбезі туралы, айтулары бойынша «...атамыз қайтар алдында, өзіне арнап белгі қоймауды тапсырған екен! Алайда, ұлдары, ол өсиетті тыңдамай, Ташкент жақтан жеті адамды шақырып, үлкен күмбез соқтырыпты. Сол күмбез аяқталар сәтте, аяқ асты бұрқ етіп құлап, әлгі жеті байқұсты және бір-екі адам бар, басып қалған көрінеді. Бірге болған төренің бір ұлы әрең аман шығыпты!..»,- делінеді. Ол жерді бірнеше рет барып көрдім, үйінді түрінде жатыр (Талдықорған аэропортынан солтүстікке қарай 5-6 шақырымдай жерде, «Дауылбай» тауының етегінде, Сарыбұлақ өзеншесінің бойында. Күре жол, Алматы-Өскемен трассасынан көрініп тұр). Кейінгі кезде (2005-10 болса керек) ұрпақтары атынан әжептеуір қомақты мәрмар тастан жазуы бар ескерткіш қойылған (Бір өкінішті жері жазылған жазуларда, жылдарында, салынған тамғада қателіктер кетіпті).
Сөзімізді қорытындылай айтсақ, кейбіреулер кері айтатындай ол заманның адамдарының істерін қазіргі көзқараспен өлшеуге болмас деген ойдамын. Ол кездегі біздің халық әлемдік өмір бәсекесінде артта қалған болатынбыз, соны ескерелік. Орыс Империясы болмаса Қытай ма, Ағылшын ба бәрібір біреуіне отарлауға ұшырар едік, ол ғылыми-техникалық прогрестен артта қалып, еліміз аңқаулыққа, қараңғылыққа ұшыраған заман болатын. Өзіміздің барымызды жамандасақ, жақсыны қайдан табармыз! Әр нәрсеге уақтына сай баға беріп, түсіністікпен қарауға тырысалық.
...Осыдан 30 жылдай бұрын бір ауылға (Қоянкөз ауылы) барғанымда, бұрыннан ағайын-таныс құрдас жігіт үйіне шақырып, сексендердегі апаның үйіне кіріп қалғанымыз бар, амандасып, «Апа, істеріңіз сәтті болсын! Ескі көрпені сөгіп, қайтадан жаңалайын деп отырсыз ба?», дегенімде, әлгі апа сасқалақтап: «Иә қарағым, иә.., ескі көрпені қақыратып отырмыз...» деді! Онысына таңырқағаныма, әлгі ұлы мен келіні «апамыз Сөк Төреге келін ғой, атын атауға болмайды емес пе, соны да білмедің бе...» деген еді! Міне, осындай қазақи салтты ұстанған, тәрбиелі ата-бабалар мен әже-апалардың аруақтары иманды болсын...
Азкен Алтай
Жетісулық
Abai.kz