Жұма, 22 Қараша 2024
Зерттеу 8542 9 пікір 28 Қазан, 2019 сағат 12:27

Ләйләні іздеген Мәжнүн

И.Ю.Крачковский: «Шығыстағы Ләйлә-Мәжнүн батыстағы Ромео мен Жулеттаға қарағанда атақтырақ».

...Негiзгi сюжетi солтүстiк Арабиядағы Бани Амир тайпасынан шыққан бұл дастанды орта ғасырда шығыстың классик шайырлары жарыса отырып жазған. Мәжнүн хақындағы алғашқы хикаялар Ибн Кутейбаның, Әбул Фараж әл-Исфаханидың еңбектерiнде кездескенiмен де, бұл шығарманы алғаш болып барша әлемге паш еткен Низами болатын. Парсы әдебиетiнде өз орнын тапқан Мәжнүн бейнесi Низамиден кейiн Әмiр Хосроу Дехлеуи, Әлiшер Науаи, Физули, Шәкәрім секілді белгiлi ақындардың шығармаларының басты кейiпкерiне айналған. Олар дастанды жазу барысында бiрiнде жоқ дүниенi екiншiсi толықтыруға талпынғанымен де, Низами жырлаған қалыптан алшақ кете қоймаған. Десек те уақыт өткен сайын шығармадағы Мәжнүн бейнесi жұмбақталып, сопылық астар алып отырғанын жоққа шығаруға болмас. Алғашында араб әдебиетiнде жырланған бұл дастанда дiни элементтер кездеспеген болса, парсы һәм түркі әдебиетiне келген кезде сопылық әдебиеттiң әсерiне ұшырай бастады. Мәжнүн бейнесi Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақығани, Фаридәддин Аттар мен Жалаладдин Руми, Машраб шығармашылығында Хақты iздеген ғаріп ретiнде көрiнiс бердi.

...Ләйлә-Мәжнүн дастанының бар құндылығы сопылық астар алғанында жатыр. Егер бұл шығарманы сол тұрғыдан талдайтын болсақ, онда дастанның iшкi сюжеттерi тұрмақ, тақырыбының қыр-сыры да ашыла түспек.

...Арабша «Мәжнүн» деген жынды демек,
«Мәжнүн» деп ат қойылды оның үшiн,
деп Шәкәрiм қажы жырлағандай «Мәжнүн» араб тiлiнде «жынданған» деген мағына берсе, сол тiлде «Ләйлә» деген «түн» деген мағына бередi. Ендi жынды адамның қараңғы түнде iздеген нәрсесiн табуы мүмкiн бе?! «Қараңғы бөлмеде қара мысықты iздеп табу қиын, егер мысық бөлмеде болмаса, оны iздеп табу тiптен қиын» деп Қытай ойшылы Конфуций айтқандай, жынды тұрмақ денi сау адамның іздеген нәрсесінтабуының өзi күдiктi нәрсе. Яғни шығарманың тақырыбынан Мәжнүннiң бұ дүниеде өз мұратына жете алмайтындығына шығарманы оқымай тұрыпақ көз жеткiзуге болады. Сонда Қайыс ақынды жынды етiп, есiнен адастырған кiм немесе қандай күш?

Осы орайда Әбу Бәкір Шиблидің:
Адамдар менiң ғашық екенiмдi бiлгенiмен де,
Ғашығымның кiм екенiн еш кiм де бiлмейдi, –
дегенi еске оралады.
Бұл сұрақтың жауабын Шәкәрiм берген:
Менiң жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры...

...Иасауидiң өзiн Мәжнүнге теңегенi сияқты жыр-жолдарды орта ғасырлық сопы ақындардың бәрiнен де кездестiруге болады. Себебi Мәжнүн жолы – жүрек арқылы Хақты тану әрi Онымен қауышу жолы. Атақты мутасаууф Баязид Бистами түсiнiгiндегi Мәжнүн – Хақ жолындағы ғашық адам.

Бұл дастанда Жүсiп-Зылиха, Тахир-Зуһра, Фархад-Шырын сиқты әуелi жiгiт аты аталмайды, қайта Ләйлә-Мәжнүн болып, қыздың атымен басталады. Сонда ер кiсінің жолы әйелдікіне қарағанда бiр саты жоғары деп есептейтiн мұсылман жұртында неге әйел затын бiрiншi орынға қойған деген орынды сұрақ туады. Себебі мұндағы Ләйлә қыз аты емес, ол бұл дүниеде Ләйлә сипатында көрiнiс тауып, жұрттың бәрiн өзiне мәжнүндей ынтық ететiн Иләһи бір күш. Яғни ойымызды түрiк ғалымы Усман Нурий Тупбаштың сөзiмен айтар болсақ: «Ләйлә көңiлдердi мәжнүн етiп, тойымсыз нәпсiнi жоққа шығарған илаһи (тәңрiлiк) бiр ғашықтықтың көрінісі".

...Жүрегiнде ғашық оты жанғаннан берi Мәжнүннiң кезетiн жерi бетпақдала. Мәжнүннің жұрттан бөлiнiп, айдалаға қарай қашуы – оның ғашықтық әлемiне бiржолата кiргенiнен хабар бередi. Ал ғаріптердің түсiнiгiндегi бетпақдала – шексiз махаббаттың символы. Дастандағы Мәжнүн сияқты дала кезiп кеткен Ғашықтар аз болмаған. Бұған сопының белдi өкiлi Имам Ғазали мен қазақтың соңғы ғашықтарының бiрi – Шәкәрiмнiң өмiрiнiң соңына таман елден бөлiнiп, жалғыз өмiр сүргендiгi мысал бола алады.
Елсiзге шығып алып Қайыс жатты,
Бiр тауға тiгiп алып алтын шатыр, –
деп жырлаған ақын өмiрiнiң соңында өз кейiпкерiнiң кейпiн киді.

...Айдалада лағып жүрген Мәжнүндi Ләйләнiң өзi iздеп келедi. Ол ұйқтап жатқан Мәжнүндi оятқанда, ғашықтықтан жынды атанған ақын Ләйләнi танымайды. Ләйлә өзiн таныстырғанда ол:
Мәжнүн егер жүз болса да мейлi,
Ләйләнiң екеу болуы көп қате, –
дейдi. Осы жолдарды ақынның өзi былайша түсiндiредi:
Мәжнүннiң қалағаны Мәула (тәңрiнiң нұры) едi.

Яғни мұнда Мәжнүннiң әйел затына емес, Жаратушының жамалына ғашық екендiгi анық айтылады. Мәжнүн «Ләйләнiң екеу болуы көп қате» деп, Жаратқанның жалғыз екенін алға тартып отыр.

Сондай-ақ, «Ғарiпнама» дастанында:
Мәжнүннiң көргенi Мәуланың бейнесi едi,
Алайда Мәжнүн оны Ләйлә деп атады, – деген жолдар бар.

Сондай-ақ:
Аузынан аһ дегенде жалын шығып,
Дедi де талып кеттi, Ләйлә Ләйлә!
Немесе:
«Ләйлә» деп зар қағады тынбай жылап,
Жүредi кешке жақын қайыр сұрап.

...Бiздiң ойымызша дастандағы Мәжнүннiң ауызынан тастамайтын «Ләйләсi» мұсылманша имани куәлiктiң қысқарған түрi болуы мүмкiн. Себебi шығармадағы «Лә иләһә илаллаһ» деп күнiне бiрнеше есе қайталау ақиқатты iздеушi сопылардың негiзгi зiкiрi болған. Бұл тасбихтың өзге зiкiрлерден айырмашылығы, оның сырттай айтылуында жатса керек.
... Егер осы сөзiмiз рас болар болса, онда дастанның тақырыбы не үшiн «Ләйлә – Мәжнүн» деп аталғандығының сыры ашыла түседi. (Низами, Науаи, Физули шығармалары да осылай аталады. Тек Әмiр Хосроу Дехлевиeiң дастаны кейде «Мәжнүн және Ләйлә» деп аталады Т.Қ.). Яғни Усман Нурий тұжырым жасағанындай, бiрiншi Алланың нұры аталады да, екiншi Хақ жолында жынды атанған ғашықтың аты жазылады.

...Сондай-ақ дастанның сюжеттерінде Мәжнүнді шешесі емес, бір кемПІР келіп емізетіні айтылады. Сүт - рухани ілім. Пайғамбар хадистерінде түсте көрілген сүттің өңде ілім, білім екені айтылады.

Сөз соңында айтарымыз, «Ләйлә-Мәжнүн» дастанын жүрек көзiмен оқу керек дегіміз келеді.

Төрәлі Қыдыр

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303