Жұма, 22 Қараша 2024
3738 1 пікір 29 Қазан, 2019 сағат 15:07

Данипа Төлепбергенқызы: Медицина мамандары ем алушыларға өз балаларына қарағандай қарайды

«Жаны саудың – тәні сау» дейді халқымыз. Бүгінде жаны да, тәні де күйзеліске ұшырап, дертіне шипа іздеген жандар қатары жыл санап көбеюде. Оған әртүрлі факторлар – экология, алкогольдік ішімдік, наркомания, әлеуметтік күйзеліс т.б. көптеген мәселелер себеп болып отыр. Халық денсаулығының кері көрсеткіші мемлекет дамуына да әсер етпей қоймайды.
Ел ішінде «Каблукова» деген атпен танылғанжан дертіне шалдыққандар емделетін аурухана барын білеміз. Алайда, осы аурухана туралы нақты мәліметтер қандай? Ол ауруханаға адамдар қалай түседі? Олардың бәрі тұрмыс тауқыметінен дертті болғандар ма? Жалпы, бұл аурухана туралы не білеміз?
Әлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңында «№1 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директоры Данипа Төлепбергенқызымен сұхбаттасқан едік...

– Бұл мекеме қай жылы ашылған?
–Алғашында «Қарттар үйі» болып 1964 жылы ашылған. Сосын уақыт өте келе «№1 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ болып өзгертілген. Қазір осылай аталады. 18 жастан асқан, психикалық, неврологиялық аурулары бар адамдар үшін жұмыс істейді.
– Қызмет алушыларда қандай диагноздар көп кездеседі?
– Бұл жерде диагноздар өте көп. Ақыл-есі кем, шизофрения, ДЦП, даун синдромы және психикалық сипаттағы түрлі диагноздар бар.

– Олардың өзі әр түрлі шығар? Біреулермен жұмыс істеуге болады, біреулермен мүлде қиын шығар?
– Иә, тіпті қиындары да бар. 71 адам орналасқан «Паллиативті көмек көрсету бөлім» бар. Ол бөлімдегі кейбір үлкен адамдар айырықша күтімді қажет етеді. Бұл орталықта еңбекке бейімдеуге болатын қабілетті жастар бар. Бізде еңбек терапиясы бөлмесі, тігін шеберханасы, бисер моншақтарымен жұмыс істейтін бөлмебар. Ол жерде қызмет алушылар өз қолдарымен әртүрлі бұйымдар жасайды. Сондай-ақ ер-азаматтарымыз ағашпен жұмыс істейді. Түрлі скульптуралар жасайды. Би үйірмелері бар. Түрлі фестивальдерге қатысамыз. Шілде айында Астана қаласында өткен «Асыл жүрек» фестиваліне қатысып, бірінші орын алып қайттық. Әнді өте жақсы айтатын әншілеріміз де бар.

– Қолөнермен,әртүрлі бұйымдар жасаумен айналысады дедіңіз. Сол жасаған бұйымдарын көрмеге апарып қоясыздар ма, әлде сатылымға шығарасыздар ма? Мүмкін, осы орталықта көрме залы бар шығар?
– Міндетті түрде көрмелерге қатысамыз. Арбатта өтетін көрмелерге қатысып тұрамыз. Қолжетімді бағада сатылымға шығарамыз. Иә, өз қолымызбен жасаған бұйымдарымыз сақталатын арнайы «Еңбек терапиясы» бөлмесі бар. Сонда жинаулы, көрінетін жерде ілулі тұр.

– Ал орталықта қандай бөлімдер бар? Қанша бөлім бар?
– Жеті бөлімнің алтыншы бөлімінде жағдайы төмен ем алушылар тұрады. Оларға айырықша көмек жасалынады. Жеті бөлім жас айырмашылықтары бойынша бөлінген. Ерлер блогы, әйелдер блогы болып бөлінген.
Әлеуметтік-медициналық мекеме болғаннан кейін, медблок бар. Әлеуметтік жағына көп көңіл бөлінеді. Біздің мекеме дәрілермен, уколмен емдейтін медициналық мекеме емес. Ең алдымен жандүниені емдеуге көбірек көңіл бөлеміз. Тұрмыс-шаруашылық бөлімі бар. Біздің көмегімізге жүгінетін адамдарды арнайы мамандар 14 күн бақылайды. Сосын ол адамдарға нақты қандай көмек қажет екені белгілі болады. Мүмкін біреу ән айтады немесе билейді, мүмкін біреу сурет салатын шығар. Сол арқылы қай бөлімге баратынын анықтаймыз. Массаж кабинетіміз бар. Дәрігердің нұсқауымен ем қабылдайды. Кейбір жандар жандүниесін жетілдіру арқылы ем қабылдайды. Ол емделуші күні-түні дәрі қабылдайды деген сөз емес. Қызмет алушылар күніне 5 рет тамақтанады, 2 рет таза ауада серуендейді. Қаладағы түрлі саябақтарға, «Көктөбеге», кинотеатрларға апарамыз. Жаз мезгілінде тауға барамыз. «Инво-такси» деген бар. Соны тегін қолданамыз. Тыныс жолдарында ақауы бар адамдарды арнайы таулы аймаққа апарамыз. Түрлі фестивальдерге, концерттерге, іс-шараларға барып тұрамыз. Ел арасында «қап-қарашка» атанып кеткен әнші Нұржан Керменбаевтың концертіне бардық. Емделушілеріміздің біреуі соның киген қалпағындай қалпақ сатып алып беруімізді өтінді. Алып бердік. Сол қалпақты киіп қуанғанын көрсеңіз! Біздің көмегімізге жүгінетін адамдар түрлі мәдени іс-шараларды тамашалайды. Біздің спортшыларымыз «Special Olimpiks» командасымен бірге Каунас қаласына жарысқа барып, 3-орын иеленіп қайтты. Астанаға «Асыл жүрек» фестиваліне бардық. Қалада өтетін кез-келген іс-шаралардан қалмауға, белсенді болуға тырысамыз.

– Қазіргі таңда бұл орталықта қызмет алушылар саны қанша?
– 700-ге жуық адам бар қазіргі таңда. Нақты айтсақ – 698.

– Олар өмір бойы осында өмір сүре ме? Әлде жазылғасын туыстары алып кете ме?Жақындары келіп тұра ма?
– Әзірге толық айығып кететін адамдар жоқ. Салыстырмалы түрде денсаулығы жақсаратын адамдар бар.
2018 жылы 9 адамды үйлеріне жібердік. Әртүрлі себептері бар. Оларды алдымен алдын-ала демалысқа шығаруды ұсынамыз. Сол кезде ата-аналарына, туыстарына оларды бақылауды ұсынамыз. Үй шаруасына көмектесе алатыны, оңай жұмыстарды жасай алатыны бақылау үстінде байқалады. Бұрынғыдай әрекеттер жасамаса, ол адамдарды босатамыз. Босату арқылы бақылаймыз. Олардың бейімделгенін байқауға болады. Айтып өткеніміздей, өз бетінше өмір сүре алатынына көз жеткізсек, денсаулықтарының жақсарғанын байқасақ, үйге жіберуге рұқсат беріледі.

–Ең жас емделушілеріңіз 18 жаста болса, ең үлкені қаншада?
– 80 жаста. Егде адамдар көп. Әйел адамдардың саны – 324, ер адамдардың саны – 366. Әртүрлі ұлт өкілдері бар.

– Нақты қандай медициналық көмектер жасалады?
– Медициналық жағынан дәрігер нұсқауымен көмектер көрсетіледі. Өзімізде де дәрігерлер бар. Мысалы: психиатр, терапевт, невропатолог. Біз тек қана олардың денсаулықтарын бірқалыпты, тұрақты болуы үшін ем-домдарды жасаймыз. 700 адамның бәрі орталығымызда тіркеуде. Және №17-ші қалалық емханада тіркеулі. Кәдімгі адамдар сияқты дәрігердің қабылдауына жазылады. Қызметтік көлігімізбен апарамыз. Кез-келген жерге баратын қызметтік көлігіміз бар.

– Киноларда көреміз ғой, емделушілер жан-жағын шулатып, қиратып, адамдарды соғып жатады. Осындай жағдайлар бола ма? Мысалға, шизофрениктердің қызметкерлерге қауіп төндірген кездері болды ма?Сондай сәттерде қандай дәрілер, уколдар салуға рұқсат етіледі?
– Мен екі жылдық тәжірибемде ондайды көргенім жоқ. Кинодағыдай укол салып, ұйықтап, сосын тұрып, әлсіреп отыратын емделушілер жоқ. Қызуқанды, ашулы емделушілерді кездестірмедім. Ондай қиын жағдайлар болса, жедел-жәрдем шақырып, ауруханаға жеткіземіз.
Қазіргі кезде әлеуметтік модернизация болып жатыр. Менің ойымша, интернат өте үлкен. 700 адам деген, бұл өте көп. Сондықтан Қазақстанда 2017 жылы 13 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында алғаш рет «Өз бетінше өмір сүру үйі» ашылды.«Психо-аналитикалық ассоциация» жобасымен «Әлеуметтік қызметкерлерассоциациясы» жобасы бірігіп «Адамдар өз бетінше өмір сүре алады ма?» деген тақырыпта сараптама жүргізді. Осы сараптама арқасында Жароков көшесі 260Б мекенжайын бізге бөліп берді. Ол үй «Өз бетінші өмір сүру үйі» деп аталады. Екі қабатты әдемі үй.Онда 20 адам тұрады. Дәл ашылған сәтте біз осында емделіп жатқан 20 адамды сонда бөлек жібердік. Олар оңалту орталығында көп жылдар өмір сүрген еді. Мәселен, Қасымова Диля деген қыз бар. Ол балалық шағын да осы интернатта өткізген. Бөлек шығаратын кезде алғашқы айтқан сөзі «Мен қорқамын» деді. Уақыт өте келе оның сырт келбеті де, ішкі жандүниесі де өзгерді. Олар қазір өз беттерінше қоғамдық жерлерде жүре алады, қоғамдық көліктерге міне алады. Өзге адамдардың көмегінсіз аурухана, кинотеатр, театрларға бара алады. Өз уақыттарын өздері ұйымдастырады. Сондай-ақ, еңбекпен қамтамасыз етілген. Олардың көпшілігі өз киімдерін өздері жуады, үй жинайды, тамақ пісіреді. Ол жақта санитарлар жоқ. Өз-өздеріне қызмет жасайды. Тек түнде ғана С.Асфендияров атындағы университеттің интернатурасында оқитын студент мамандар түнгі кезекшілікке келеді. Ол жердегі адамдар түрлі мекемелерде жұмыс істейді. Мысалы, бізде кір жуатын жерде екі адам, аула сыпырушы болып бір адам жұмыс істейді. Ол жердегі адамдар сот үкімі бойынша еңбекке жарамды болып табылған. Іс-әрекетке қабілетті адамдар жұмыс істей береді. Сот үкімі бойынша қабілетсіз адамдар «Нұр-Алау» жобасымен бірге келісім-шартқа отырған. Ол жоба 2016 жылдың көрсеткіші бойынша «Ең жақсы әлеуметтік жоба» деген номинацияға ие болды. Нұргүл Сейітбекова деген жеке кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы киім-кешек тігеді. Біз Нұргүл Сейітбековамен келісім-шартқа отырдық, біздің қызмет алушылар Нұргүлдің цехында тігін тігеді. Бірінші кезекте біздің емделушілерге киімдер тігіледі.

–Онда қанша қызмет алушы жұмыс істейді?
– Еңбекке жарамды деп танылған Ботагөз, Юлия сонда жұмыс істейді. Ал еңбекке жарамсыз деп танылғандары «Нұр-Алауда» жұмыс істейді. Ол мекеменің басшысы жалақы емес, шәкіртақы төлейді. Біздің ең жақсы жетістігіміздің бірі – өткен жылы бір адамды «қабілетті» деп таныдық. Ол бұрын «қабілетсіз» деп танылған еді. Алдымен арыз жаздық, сосын ұзақ уақыт бойы бақыладық, өз бетінше өмір сүре алатынын көрдік те, қайтадан арыз тапсырдық. Сот сараптамасын жасап, тексеру барысында «қабілетті» деп таныды.

– Оған өзі бастамашы болды ма, «мен қабілеттімін, жұмыс істегім келеді» деп өзі қолға алып па еді?
– Жоқ. Біз, асыраушы ретінде байқап, бақылап жүрдік те, көзіміз жеткен соң, комиссияға арыз жазып, сот арқылы қол жеткіздік. Содан кейін ол «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы аспаз мамандығын оқыды. Аты-жөні – Константин Берючков. Ол үйленді, сол үйде тойын жасадық. Демеушілердің көмегі болды. Қалыңдығы – Нэйля. Ол да біздің орталықтың тұрғыны болды. Костя ер адамдармен, Нэйля әйел адамдармен бірге тұрған. Олар бізге келмес бұрын бір үйдің тұрғындары болыпты. Оны бізге айтпаған. Бір-бірін сырттай ұнатқан, таныған екен. Біздің орталықта қайтадан ол екеуін тағдыр қосып тұр ғой сонда. Қазір екеуі «Өз бетінші өмір сүру үйінде» бір бөлмеде тұрады. Тойда ақ көйлек, фата, торт... бәрі болды. Тек тіркеу – АХАЖ ға заңды неке ретінде тіркеу мүмкін болмады. Өйткені, Нэйля «қабілетсіз» деп танылған. Сол үшін қайтадан тағы арыз тапсырып қойдық. Ол екеуінің өмірі де, еңбекке жарамды, жұмыс істейтін қызмет алушыларымыздың өмірі де өзгелерге біршама үлгі болып жатыр, бүгіндесоларға қарап, жақсы жағына өзгеріп, талпынып жатқандар бар.

– «Өз бетінші өмір сүру үйі» қанша орынға арналған, қазір онда қанша адам тұрып жатыр?
– 20 орынға арналған, 17 адам тұрып жатыр. Біз 15-ке қысқартқымыз келеді. Егер мемлекет ақша бөлгенде қысқартпас едік. Ол жақтағы адамдардың да жағдайы жақсы болар еді.

– Қызмет алушылар ішкі жансырларын ақтара ма? Өздерінің арман-тілектерімен бөлісе ме? Олар нені армандайды, нені қалайды?
– Астанаға «Асыл жүрек» фестиваліне барған сапарымызда Ақкөл деген жерде орналасқан, біздікі сияқты бір интернатқа бардық, онда 600-ге жуық адам тұрады. Олар да басқа адамдармен сөйлесе алады, қуана алады, дос бола алады. Кетерде жаңадан тапқан достарын қимай, «мүмкін бізді осында ауыстырарсыздар, біз осында қалсақ бола ма?» дегенді айтқанда, кәдімгідей толқыдым. Сол фестиваль аясында эстафетаны бізге берді. Ол жақтағы тұрғындар енді бізге қонаққа келеді. Біздікілер тағатсыздана күтіп жүр. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейді ғой. Оларға психикалық аурумен ауырады деп қарауға мүлдем болмайды. Қандай қарым-қатынас жасасаң, дәл сондай жауап аласың. Олардың әрбірі өз бетінше өмір сүруді армандайды, отбасын құруды армандайды. 233 адамды тұрғын үй кезегіне тіркеп қойдық. Егер, мемлекет дәл қазір үй берсе, олар өз алдына өмір сүре алады. Бірақ, біздің мамандардың көмегімен әрине. Себебі, барып, қадағалап тұру керек.

–1964 жылдан бері 700 дей адам тұрады дедіңіз. Бұл сан өзгеріп тұра ма? Адамдар азайып қалған кездер болды ма? Немесе, керісінше, көбейіп кеткен жылдар болған шығар? Құжаттармен таныссыз ғой, статистикасын білетін шығарсыз?
– Әркез 700 емес. Бір кездері 530 адам болды. Уақыт өте келе 680 адамға дейін саны көбейді. Қазіргі жоспар бойынша 705 адамға орын бар. Өйткені, негізінен Алматы қаласында, статистика бойынша,психикалық денсаулыққа бағытталған орталықтар өте көп. Қазіргі кезде 10700 адам диспансерлік есепте тұр. Әлеуметтік жоспарларды басқаратын жобаның мәліметі бойынша, тағы 100 адам кезекте тұр. Қазір жаңа бір орталықтың ашылуы жоспарда тұр.
Медициналық қызметкерлері осы жердің қызмет алушыларының денсаулығын қадағалайды, күтім жасайды. Алдын-ала вакциналар егеді.
№17-ші емхана қызметкерлерімен бірігіп, алдын-ала тексеруге апарады. Ауырып қалса, бүкіл органдарын тексертеміз. Нәтижесін алып, дәрігерлерге қаратамыз. Дәрігерлердің берген дәрілерін дәріханадан алып,ем-домдарын жасаймыз. Медициналық көмектен бұрын, олардытаңертең тұрғызу, жуындыру, памперстерін ауыстыру, жарасын таңу (перевязкажасау), тамақтандыру т.б. жұмыстардың бәрін медициналық қызметкерлер атқарады. Тамақ ішкен кездерінде де медбикелер қадағалайды. Тамақтарын дұрыс іше алмайтын жандарға тамағын беріп, уақытында төсегіне жатқызып, уақытында серуенге шығарады, серуенге шыққанда медбикелер қастарында жүреді, ауырып қалса, сол жерде көмектерін көрсетеді. Қозғала алмайтындар да, арбада отыратындар да бар. Оларға ерекше күтім жасалынады. Олардың асты ойылмау үшін күнде майларын (мазь, крем) жағады, күнде жуындырады, суға түсіреді, шаш-тырнақтарын алады. Шындығында, медицина мамандары ем алушыларға өз балаларына қарағандай қарайды. Солардың көңілін аулайды, көңілдерін көтеруді ойлайды. Есіктен кірген кезде әрқайсысының жағдайын, түнде қалай ұйықтағандарын, үстіне киімдерін дұрыс киді ме, беті-қолдарын дұрыс жуды ма... бәрін-бәрін қадағалайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Эльенора Әмір

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317