Жұма, 22 Қараша 2024
Тұлға 5079 4 пікір 1 Қараша, 2019 сағат 10:36

Бейбіт Қойшыбаев. Ұлт қайраткері

Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай

1917 жылғы қыркүйекте Тұрар Рысқұлов большевиктер партиясының мүшесі болды. Большевиктер сол жылғы 25 қазанда қарулы төңкеріс жасап, елдегі барлық биліктің советтерге өткенін жария етті. Қазан төңкерісінен бір апта өткенде, 1917 жылғы 2 қарашада, Cовет өкіметінің алғашқы құжаттарының бірі – «Ресей халықтары құқтарының декларациясы» қабылданды. Онда билікке келген большевизм жүргізбек ұлт саясатының: халықтардың теңдігі мен егемендігі; олардың Ресейден бөлініп шығуға дейін, сөйтіп дербес мемлекет құруға дейін өз тағдырын өзі еркін айқындауға құқылы болуы; ұлттық және діни артықшылықтар мен шектеу біткенді түгелдей жою; ұлттық азшылықтар мен этнографиялық топтардың еркін дамуын қамтамасыз ету  сынды негізгі төрт принципі жария болды. Алайда Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленин мен Ұлттар істері бойынша халық комиссары И.В. Сталин қол қойған осы аса маңызды Декларация Түркістан өлкесінде төңкеріс жасаған ташкенттік большевиктер үшін – оларды ештеңеге міндеттемейтін жәй ғана қағаз болып шықты. Ташкент большевиктері өлкенің барша халқының бес-ақ пайызын құрайтын кірме жұрт өкілдері екендіктеріне қарамастан, «туземдіктер ішінде пролетариат жоқ» деген желеумен жергілікті халық қайраткерлерін 1917 жылғы 15 қарашада құрған советтік халкомкеңес құрамына енгізуден бастартты. Сол жылғы 28 қарашада Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясын мойындамаудың қилы амалын жасады. Ақыры, 1918 жылғы ақпанда қаланы қанды қырғынға ұшыратып, мұхтарият үкіметін құлатты.   Мұндай масқара озбырлыққа қарсылық білдіргендер көтеріліске шықты. Большевизм көтерілісшілерді басмашылар деп атады, халықтың көңілін аулап, наразылығын басу үшін екі айдан кейін, 1918 жылғы 30 сәуірде Түркістанның советтік автономиясын жариялап, Түркістан Республикасын құрды. Бірақ Түркреспубликаның басшы органдарында жергілікті халық өкілдері санаулы ғана еді.  

Бұл кезде Тұрар Рысқұлов Әулиеата үйезіндегі ауыр экономикалық жағдайға, ашаршылыққа, сан түрлі әлеуметтік қиғаштықтардан туындаған  ағымдағы ауыр жағдайға байланысты туындап жатқан мәселелерді шешудің бел ортасында жүрген. Үйездік советтің осы орайдағы қилы қызметтерін ұйымдастырып, ірі қайраткер ретінде қалыптасудың алғашқы саяси мектебінен өтіп жатқан еді. Ол Әулиеата үйездік кеңесінің мүшесі, төраға орынбасары, төрағасы болып істеді. Қиын ахуалда аянбай еңбек етіп, абыройлы саяси ұйымдастырушылық қызметімен танылған қайраткер 1918 жылғы күзде Түркістан Советтері Орталық Атқару Комитетінің (Түркаткомның) мүшелігіне сайланып, Денсаулық сақтау жөніндегі халық комиссары болып тағайындалды. Тұрар аз уақытта-ақ  Түркреспубликаның көрнекті қайраткерлерінің біріне айналды. Ол жұртты қырып бара жатқан жұқпалы дертті жою жұмыстарын ұйымдастырды. Індеттің түп-тамыры өңірді жайлаған аштықта жатқанын Түркатком мәжілісінде көтеріп, мәселені түбегейлі түрде, жүйелі жұмыс жүргізе отырып шешу жолын ұсынды. Түрлі комиссариат өкілдерінен арнайы ұйым құруды талап етті. Ұзамай Ашаршылықпен күресу үшін құрылған төтенше орталық комиссияның төрағасы болды. Бұл қызметінде ол республикадағы аштықпен күресу ісіне немқұрайды қараған Азық-түлік директориясының, Азық-түлік халкоматының, жергілікті кеңестердегі шовинистік пиғылды қызметкерлердің құлықсыздықтарын үнемі әшкерелеп отырды. 

РК(б)П Түркістан өлкелік ұйымының 1919 жылғы наурызда өткен 2-ші конференциясында республикадағы партиялық басшылық істері мен ұйымдастырушылық жұмыстарды жақсартуға көмекші құрылым ретінде Мұсылман бюросын құрған болатын. Мұсбюроның төрағалығына Тұрар Рысқұлов сайланды. Ол Мәскеудегі партияның Орталық комитетіне, Шығыс халықтары коммунистік ұйымдарының Орталық бюросына Түркістандағы Мұсбюроның алға қойған мақсаты: кеңес өкіметінің экономикалық құрылысына және республика халқының 95 пайызын құрайтын мұсылмандардың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын қайта құруға көмектесу деп хабарлады. Мұсылман еңбекшілерін мемлекеттік құрылысқа тарту қажеттігіне байланысты  Түркреспублика басшылығына нақты нұсқау берілуін өтінді. Мұсбюро жанынан мемлекеттік және партиялық жұмыстарда істеуге тиіс мамандарды мұсылмандар арасынан даярлау үшін ұйымдық-үгіттік курс ұйымдастырды. Жергілікті халық өкілдерін партия-кеңес қызметіне тартуды көздейтін осы курстың тыңдаушылары үшін арнайы бағдарлама жасады. Курсты бітірген ұллық кадрлар партия-кеңес қызметінде, үкімет мекемелерінде, шаруашылықтың түрлі салаларында жұмыс істеуге жіберіліп жатты. Сонымен бірге Тұрар 1919 жылғы 29 сәуірде Ферғана облысындағы басмашылықпен күресу жөнінде Түркатком құрған төтенше комиссияның төрағасы болды. Көтерілісшілер қозғалысын ауыздықтау үшін большевизм Ферғанаға қызыләскер бөлімшелерін үстін-үстін аттандырып, өлкедегі кірмелерді – шаруалар мен армян-дашнактарды қаруландырып отырған-ды. Комиссиямен Ферғана облысына барып, жағдайды тікелей зерттеп қайтқан Рысқұлов осы жәйтті және көтерілісшілер қатарының ұлғая түсуіне совет қызметкерлері мен армяндардың «Дашнакцютун» партиясының Қоқан қырғынынан бері жалғастырып келе жатқан арандатушылық іс-әрекеттері, бейбіт жұртқа жасаған зорлық-зомбылығы себеп болып отырғанын анықтады. Түркатком мәжілісінде жасаған баяндамасында саяси ахуалды жақсартуды көздейтін шаралар ретінде,  маскүнемдікке салынып, теріс қылықтар жасап жүрген әскери бөлімдерді кері қайтарып алу, «Дашнакцютун» партиясын заңнан тыс деп жариялап, қылмыс жасаған мүшелерін соттау, Ферғанадағы саяси және мемлекеттік билік орындарын жергілікті қайраткерлерге беру, басқа да мәселелерді шешу қажеттігін көтерді. Комиссия атынан арнайы бұйрық шығарып, жергілікті халық арасында орасан зор қылмыстар жасауға жетекшілік еткен «Дашнакцютун» партиясының мүшелері мен қызыләскер қатарында жоқ барлық армяндарды қолдарындағы қаруларын түгел тапсыруға міндеттеді. Өлкелік партия комитеті «Дашнакцютун» партиясының Түркістан өлкесіндегі қызметін толығымен тоқтату жайында қаулы қабылдады. Сондай-ақ Рысқұлов өлкеде көтерілісшілерге кешірім жариялап, құрбашылармен келіссөздер жүргізу арқылы бейбіт өмір орнату әдісін ұсынған, осы саяси жолдың дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеді.

  Рысқұловтың азамат соғысы мен әскери интервенция жылдарындағы саяси және ұйымдастырушылық қызметінің басты бағыты, өзі жазғандай, «отаршылдықпен күресу» болды. «Мен коммунист ретінде эксплуатацияның қилы түріне қарсы тұрдым, Түркістанда отаршылдар озбырлығы жойылмайынша, шынайы Совет өкіметін жасау... мүмкін емес» – деп жазған еді ол өз өмірбаянында.  Өлкенің революцияға дейінгі жарты ғасыр бойы патшалық отары болғаны мәлім. Осы уақыт бойы самодержавиенің басқыншылықпен жүргізген отарлау саясаты патшалықты алмастырған неоимперия қызметшілерінің санасында жалғасып жатқан болатын. Көне отаршылдықтың салдары құрылымы империялық сипат танытатын большевиктер партиясы қайраткерлерінің ұлыдержавалық шовинизмі түрінде көрініс тауып тұрған. Тұрар бұл келеңсіздікке қарсы күресудің өтімді жолы ретінде Мұсбюроның жұмысын жандандыра берді. Мұсбюро Түркреспубликада ұлттық секциялар ұйымдастыру және оларды басқару жөнінен елеулі жұмыс атқарды. Рысқұловтың жігерлі қызметі нәтижесінде 1919 жылдың ортасына қарай өлкеде  Ташкент, Пішпек, Арал, Верный, Наманган, Самарқан, Шымкент, Әндіжан, Керкі, Чаржой, Ош, Түркістан мұсылман секциялары жұмыс істеп тұрды. Жергілікті ұлттар тілдерінде үгіт-насихат жүргізілді, газет-журналдар, кітаптар шығарылды. 

1919 жылғы қыркүйекте М.В. Фрунзе басқарған Түркістан майданының әскерлері ақтардың қоршауын бұзып, Түркреспублика мен Ресей арасындағы байланысты қалпына келтірді. Содан кейін  ВЦИК пен Совнарком құрамына Ш.3. Элиава (төраға), М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, Ф.И. Голощекин, Я.Э. Рудзутак енгізілген Түркістан істері бойынша арнайы комиссия құрып, Ташкентке жіберді. Түрккомиссияға өлкеде Орталық партия комитеті атынан ең жоғарғы партиялық бақылау жүргізіп, басшылық жасау да міндеттелді. 1919 жылғы 4 қарашада жүз қаралы қызметкерімен келіп түскен Түркомиссия мүшелерін республика басшылары қатарында Тұрар Рысқұлов та қарсы алып, жылы құттықтау сөздерін айтты. Комиссия В.И. Лениннің Түркістан большевиктеріне жолдаған хатын   ала келген. Хатта Ленин: «Түркістан халықтарымен дұрыс қарым-қатынас орнатудың енді Ресей Социалистік Федеративтік Республикасы үшін аса зор, бүкіләлемдік-тарихи мәні бар» екенін жазды. Ол партия мүшелерінен «Түркістан халықтарымен іс жүзінде жолдастық қарым-қатынас орнату, ұлыорыстық империализмнің күллі қалдықтарын... түбірімен құртуды көксеген біздің тілегіміздің шынайылығын іспен дәлелдеу» мәселелеріне бар күш-жігерлерін жұмсауды өтінді. Алайда Түрккомиссия Ленин сызып берген жобамен жүре қоймады. Мұсылман коммунистерінің республикадағы басшы органдарда басымдыққа ие боп бара жатқанын байқап, олармен «жолдастық қарым-қатынас орнату» және өлкедегі «ұлыорыстық империализмнің қалдықтарын» жою жайындағы көсем тілегін жылы жауып қойды да, Түркістан Республикасындағы басты саяси және мемлекеттік билікті өз қолдарына алуға тырысты. Мұсбюро мен бірқатар еуропалық коммунистердің ұлт мәселесіне байланысты қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Республикадағы ең жоғарғы заң шығарушы және атқарушы орган ретінде жергілікті халықтардың ұлттық мемлекетін құруға ниеттенген Түркаткомның аты ғана қалып, іс жүзінде бар билік Түрккомиссияға өтіп бара жатты. 

Осындай саяси жағдайда Тұрар Рысқұлов серіктерімен бірге ұлт мүддесін қорғауға бағытталған батыл да кесімді ой қорытты. Сырттан келген бес пайыз еуропалықтардың емес, қара құрым жергілікті халықтың ұлттық бірлігі болғандықтан, мемлекет аталымын ішкі мән-мағынасына сай өзгертіп алған жөн. Яғни өлкеде негізінен түркі тілдес халықтар мекендейтіндіктен, мемлекет – «Түрк (Тюрк) республикасы», саяси билік – «Түрк (Тюрк) халықтарының коммунистік партиясы» деп аталып, қайта құрылуы тиіс. Ал еуропалық азшылықтың құқтары  тиісті заңнамамен қорғалатын болады. Рысқұлов осы екі мәселені 1920 жылғы 17 қаңтарда болған Өлкеком, Өлкемұсбюро, Шетел коммунистерінің орталық комитеті және Түрккомиссияның бірлескен мәжілісінде алдағы күндерге белгіленген 5-ші партконференция мен төтенше 3-ші мұсконференцияның күн тәртібіне енгізуді ұсынды. Конференцияларға әзірлеп жүрген баяндамаларының тезистерін жария етті. Тезистер бірлескен мәжілісте кеңінен талқыланып, қолдау тапты. 20 қаңтарда ашылған 5-ші партконференцияның екінші күнгі мәжілісінде Тұрар «Ұлт мәселесі және ұлттық коммунистік секциялар туралы» баяндама жасап, өлкедегі партия ұйымының үшке – мұсылмандардың бюросы, шетелдіктердің орталық комитеті, орыстардың өлкелік комитеті болып бөлініп отырғанын сынады. Республикадағы саяси жетекшілікті ретке келтіру үшін біртұтас партия ұйымын құру  керек деген ұсынысы конференцияда қолдау тапты. Түркістан компартиясының барлық ұлттық секциялар біріктірілгендегі жаңа аты «Түрк халықтарының коммунистік партиясы» болсын деген ұсыныс та көпшілік дауыспен қабылданды. 25 қаңтарда жаңадан құрылған Түрк халықтары компартиясының Уақытша орталық комитеті ашық дауыспен жасақталды. ТХКП ОК құрамына 17 мүше кірді, оның ішінде 8 коммунист еуропалықтардан еді. Осы күні өткен 3-ші мұсконференцияда Рысқұловтың «Түркістан Республикасының автономиялылығы туралы» жасаған баяндамасы қызу талқыланды. РСФСР Конституциясының 2-ші бабына сәйкес, Түркістан Автономиялық Республикасын Ұлттық Кеңес Республикасы деп санау, мұндағы өзін-өзі билеуші жергілікті түркі тілдес халықтардың ұлттық белгісіне Түркістан Республикасы деген атау сәйкес болғанмен, оны нақтылау, яғни «РСФСР Түркістан Республикасы» деген атауды «РСФСР Түрк Республикасы» деп өзгерту қажеттігі арнайы бабта тұжырымдалды. Осылай, 25 жасар Тұрар Рысқұлұлының саяси өресі биік нағыз ұлт қайраткері ретіндегі іс-әрекеті нәтижесінде, большевизм жүргізіп отырған жаңа отаршылдыққа тосқауыл қоюдың нақты қадамы жасалды. Алайда бұл шешімдерді әуелде қолдаған Түрккомиссия артынан қилы тосқауылдар ұйымдастырды. Ақыры Тұрар Рысқұлов мамыр айында Мәскеуге арнайы делегацияны бастап барып, Предсовнарком Лениннің қабылдауында болды. Көсем оған ұлттық емес, таптық көзқараста болудың коммунист үшін маңыздылығын түсіндірді. 

Сол сапардан Ташкентке оралған соң, Тұрар үзеңгілестерімен бірге лауазымдарын босатып, доғарысқа кетті. Ал Ленин серіктеріне Түркістанның этнографиялық қартасын жасап, өлкені «Өзбекия, Түрікмения, Киргизия (яғни Қазақия)» мемлекеттік бірліктеріне бөлшектеуді тапсырды. Сол тапсырма бойынша 1924 жылы Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеу науқаны жүргізілді. Бұл кезде Тұрар Рысқұлұлы Түркреспубликадан тағы да шеттетіліп, Коминтернде істеп жүрген. Бірақ оның түркістандық үзеңгілесі, республика басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов науқанның астарынан көнеден келе жатқан «бөлшектеп ал да, билей бер!» қағидасын аңғарып, өз ұсынысын ортаға салған. Межелеуден бұрын Орта Азия республикаларын экономикалық бірлестікке ұйыстыру қажеттігін, ғасырлар бойы аралас-құралас тұрып жатқан халықтардың табиғи қалыптасқан шаруашылық өмірін жанды жерден кескілегендей күйге түсірмей, Ортаазиялық Федерация құрудың, сол Орта Азия Федерациясы арқылы КСРО құрылтайшылары қатарына қосылудың маңыздылығын  дәлелдеген. Бұл ұсыныстарымен ол Тұрардың жүзеге аспай қалған бастамасын жаңа саяси ахуалда жаңаша қолдаған еді. Өйткені тек өлке халықтарының бірлігін арттыру арқылы ғана орталықтың озбырлығынан сақтанып, шынайы ұлттық даму жолына түсу мүмкін болатын.  

Тұрар мен Сұлтанбектің кеңестік платформада 1920 және 1924 жылдары ұлт мүддесін көздеп жүргізген күрестері құлатылған Түркістан мұхтариятының премьер-министрі, эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың Түркістан халықтарының бірлігін уағыздаған ойларымен үндесіп жатты. Осы тамаша үш ұлттық тұлғаның ішінде Тұрар Рысқұлов Түрк Республикасын және Түрк халықтарының компартиясын құру жайындағы шешімдерді өлкенің советтік басшы органдарында қабылдата алған саясаткерлігімен ерекше айбындана көрінеді.  

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295