Теміртаудағы қазақтар қазақ мектептері жетіспейтінін айтады
Олар бұған жергілікті басшылар кінәлі деп, қазақша мектеп ашуын немесе әрбір шағын ауданда аралас мектеп болуын талап етеді.
Олар бұған жергілікті басшылар кінәлі деп, қазақша мектеп ашуын немесе әрбір шағын ауданда аралас мектеп болуын талап етеді.
ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІ ЖЕТІСПЕЙДІ
– Теміртауда қазақ тілді мектеп те, балабақша да жетіспейді. Бізге №24 мектепті толықтай орыс тілді ететіндіктен, қазақ тілді сыныпта оқитындар №9 немесе №16 мектепке ауысулары қажеттігін айтты. Бізге мектептен күнде телефон соғып, «құжаттарыңды алып кетіңдер» дейді. Ал ана екі мектепке екі автобуспен жету керек болғандықтан, ол жаққа ауысу тиімсіз. Біз осында қазақ сыныптарын қалдырып, балаларымыздың мектепті
аяқтап шыққанын қалаймыз. Оларды басқа жаққа ауыстырудың қажеті қанша? Біз «мектепті толықтай қазақ тілді етіңдер» демейміз, тек аралас болса болғаны, – дейді Насихат Досмағамбетова.
Теміртаудағы балалары қазақша оқитын басқа ата-аналар да осындай пікірді ұстанады. Мұнда қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны соңғы жылдары артып келе жатқанымен, қазақ тілді мектептер жетіспейді.
Биылғы оқу жылының аяғындағы мәлімет бойынша, Теміртауда 29 мектеп, ал қалаға жақын Ақтау ауылында 3 мектеп (лицейлер мен гимназияларды қоса есептегенде) бар. Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз хабарындағы мәлімет бойынша, бұл 32 мектептің ішінде: 4 мектеп – қазақ тілінде, 16 мектеп – орыс тілінде, 12 мектеп – «аралас».
Бұл мектептерде 18 200 оқушы бар: 5 400 оқушы – қазақ тілінде (2 145 оқушы қазақ тілді мектептерде, 2 899 оқушы «аралас» мектепте оқиды), 13 156 оқушы – орыс тілінде білім алады.
Қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша, соңғы оқу жылында Теміртаудағы 700 оқушыға арналған №5 қазақ мектебінде 769 оқушы екі ауысыммен оқыған. 520 оқушыға арналған №8 қазақ мектебінде де 533 оқушы екі ауысыммен оқыпты. №17 қазақ гимназиясында 397 оқушы екі ауысыммен оқыған. Ақтау ауылындағы 980 оқушыға лайықталған мектепте қазақ тілді 446 оқушы екі ауысыммен оқыпты.
Қазақ тілді мектептердің жетіспеушілігі – Теміртаудағы өзекті мәселе. Ата-аналар қазақ тілді мектептер ең алдымен қаланың орталығына қажет деп отыр. Олар «кейбір мектептерде оқушы саны шамадан тыс көп, ал кейбірінде орын аз, ойластырылып салынбаған» дейді. Кейбір ата-аналар заманға лайық қазақ мектебін ашу қажет деп санаса, енді бірі әрбір шағын аудандағы мектептерде бір-бір қазақ сыныбын ашып қойса жеткілікті деп санайды. Алайда жергілікті билік аралас мектептердің болуына қарсы.
Теміртау қаласының тұрғыны Бибіайша Ысқақова «әзірше қазақ тілді жаңа мектептер салуға мүмкіндік болмай тұрған кезде қаланың әрбір мектебінде қазақ тілді сыныптар ашу қажет, себебі баланың өзі тұратын жеріндегі мектепке баруы жеңіл болмақ» дейді.
– Біздің бармаған жеріміз жоқ, бірақ билік сөзімізді тыңдамайды. Жоғарыдағы басшылар төмендегілерге сілтейді, ал олар бізбен кеңескілері келмейді. Бізге Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Жулин қазақ тілді жаңа екі мектеп ашылады деп уәде берген. Бірақ оған кепіл бар ма? Енді тағы да балаларымызды тұратын жеріміздегі мектептерге сүйрелеуге тура келеді, – дейді Бибайша Ысқақова.
Мереке Қуатов өзі тұратын шағын ауданда екі мектеп бар екенін, бірақ екеуінің де орыс тілді мектеп екендігін айтып шағымданды. Оның
балалары өздері тұратын жерден алыста, №24 аралас мектепте оқиды екен.
Ербол Қосаев бұдан үш жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келіпті. Ол өздері бұрын тұрған Науаи қаласында қазақ тілді мектеп болмағанын, тек орыс және өзбек мектептері болғанын айтады.
– Балаларымды қазақ мектебінде оқытқым келгендіктен осы жерге көшіп келдім. Бірақ ол мүмкін болмай отыр. Бізді басқа мектепке қуып жатыр. Қазақстанда тұрсақ та, өз тілімізде білім ала алмаймыз. Бұған билік кінәлі, олар жыл сайын оқушылардың тізімін жасап, тұратын жерлері бойынша бөлу керек, – дейді Ербол Қосаев.
Кейбір қазақ тілді оқушылардың ата-аналары Теміртауда қазақ мектептерінің жетіспеуіне билік кінәлі деп санайды. Олар қалада пединститут бітірген қазақтілді мұғалімдер көбейгенін, бірақ жұмыс таба алмай жүргендерін айтады.
– Билік «мұғалімдер жетіспейді» дейді. Бұл қалай екені біле алмай-ақ қойдым. Қалалық білім басқармасында жатқан резюме көп. Мен де – қазақ тілі пәнінің мұғалімімін. Мен де ол жерге резюмемді апарғанмын. Бірақ, неге екенін білмеймін, мені жұмысқа алмады. Ал енді келіп «қазақтілді педагогтар жетіспейді» дейді. Мысалы, Өзбекстаннан келген жоғары математика пәнінің мұғалімі балабақшада жұмыс істеуге мәжбүр болып жүр. Жыл сайын қазақ тілді бөлімдерден көптеген маман оқу бітіріп шығады. Неге маман жетіспейді? Себебі оларды жұмысқа алғылары келмейді. Өзбекстаннан жоғары білімді мамандар көптеп келеді, бірақ мұнда олар жұмыссыз отырады. Біз Теміртауда қазақ мектептерінің жетіспеушілігі мәселесін ақылмен шешкенін қалаймыз, – дейді Насихат Досмағамбетова.
АРАЛАС МЕКТЕП ТӘЖІРИБЕСІ
Теміртау қаласының тұрғыны Гүлмира Ысқақова ата-аналардың бастамашыл тобының мүшесі екенін айтты. Ол бірнеше ата-анамен бірге Теміртаудағы қазақ мектептерінің жетіспеушілігі мәселесін бұрыннан көтеріп келе жатқан көрінеді.
– Бұдан алты жыл бұрын «№24 мектепте қазақ сыныптарын ашпаймыз» дегенде біз қарсы болғанбыз. Біз осы мектептегі қазақ сыныбына баласын оқытқысы келетін ата-аналармен бірге әкімшілікке бардық, хат жаздық.
Ақыры қазақ сыныбы ашылған. Сосын шенеуніктер бұл мектепте бірінші сынып ашылмайтынын айтып, құжаттарыңды алып кетіңдер деп, жыл сайын қайталап айта берді. Міне, осымен бесінші жыл күресіп келеміз. Сол жылы балаларымыздың жоғары сыныптарға барғанын қаламай, сыныпты жабамыз деді. Сол кезде біз тағы да әкімшілікке барып, біраз жерге хат жазған соң осында алтыншы сыныпты ашып берді, – дейді Гүлмира Ысқақова.
Ол бесінші сыныпқа көшкен оқушының енді ол мектепте оқи алмайтынын айтады. Ата-аналарға балаларының құжатын әкетуді, тұратын жерлерінен алыстағы өзге мектептердегі қазақ тілді сыныпқа оқытуларын сұраған.
– Сол жылы тіпті мынадай бір жағдай болған. №24 мектеп бала жетпей жатыр деп, бірінші сынып ашпайтындарын айтқан. Бірақ 29 бала жиналғанда қайда барарларын білмей қалды. №19 мектептен бірінші сынып ашты. Мұны қалай түсінуге болады? Өзіміздің шағын ауданды аралап, қол жинаған кезде бәрі №24 мектепті қолдап шыққан. Балаларымызды осы мектептен басқа мектепке ауыстыруды шешкен шенеуніктерді біз де сотқа тарта алатын едік. Бірақ бұған абыройымыз жібермеді. Қазақстанда тұрып қазақтармен соттасу деген мүлдем ұят нәрсе ғой, – дейді ата-аналардың бірі.
Олар биліктің қазақ мектептерінің жетіспеушілігі мәселесін дұрыс шешпей жатқанына наразы.
– Бізді басқа мектепке ауысуға мәжбүрлеп отыр. Бірақ біз ешқайда бармаймыз. Егер мәселені шешпесе, мектепке жібермейміз. Сосын
№24 қазақ мектебінің оқушылары. Сол жақтағы - Бибіайша Ысқақованың қызы Үміт Ысқақова. Теміртау, 14 тамыз 2011 жыл.
шенеуніктер өздері жүгірсін. Енді осындай ұстанымға барамыз. Маған баламды №10 аралас мектепке бергенім ыңғайлы болатын еді, бірақ ол жерге барсам «мектеп толып кеткен» деп алмайды. Қалалық білім басқармасының бізді соттайтынын айтады. Мейлі, соттаса соттай берсін, біз де арыз-шағым түсіреміз, – дейді Бибіайша Ысқақова.
Бұл мәселеде ата-аналардың пікірі екіге жарылып отыр. Біреулері «жаңа қазақ мектептерін ашу қажет» десе, екінші тарап аралас мектептің болғанына қарсы емес. Бірақ қазақ сыныптары қаланың барлық мектептерінде болғанын қалайды. Себебі қазақша оқығысы келген кез-келген баланың өзі тұратын жердегі мектепке баруы оңай болар еді.
Ата-аналардың бірі Гүлмира Ысқақова өзінің де аралас мектепте оқығанын, одан ешқандай жамандық көрмегенін айтты.
– Біз бір қалада тұрамыз. Олай болса неге орыстар мен қазақтар бір мектепте оқымасқа? Қарағанды мен Астанада аралас мектептер жеткілікті. Жақсы білімді барлық жерден алуға болады. Мәселе мектептің қазақ тілінде я болмаса аралас болғандығында емес. Ең бастысы – мұғалімдердің жақсы болғаны. Аралас мектеп қайта керісінше түрлі ұлттарды ұйыстырады, балалар бір-бірлерімен араласады. Бұл жаман емес. Бірақ неге екенін білмеймін, билік «сендерге аралас мектептің қажеті не» дегенді айтады, – дейді Гүлмира Ысқақова.
Ал қазақ тілді бірқатар ата-аналар «аралас мектептер қажет емес» дейді. Олардың сөздеріне қарағанда, қазақ тілді мектептер, гимназиялар мен лицейлер ашылуы керек.
– Онда президентіміз не себепті оралмандарды елге шақырады. Мен Өзбекстаннан келдім. Ол жақта мектептерде «өзбек тілінде оқытатын қыламыз» деді. Солай жасап жатыр. Ал мұнда неге баламды аралас мектепке беруім керек. Себебі онда, мысалы, жақсы тарихшы немесе географиядан сабақ беретін мұғалім жоқ қой. Олар екі сыныпқа бола мұғалімдерге штат ашпайды. Орыстарға қарсылығым жоқ. Мейлі, оларға жаңа мектеп ашып берсін. Бірақ оған дейін бізге мектеп ашсын, – дейді ата-аналардың бірі.
Оның сөзіне қарағанда, қызы төрт жыл аралас мектепте оқыған. Ол оқыған мектепте алғашқы және соңғы қоңырау акт залында емес, рекреация залында өтіпті. Мектеп директоры қазақ оқушыларының аз екендігін айтқан.
БИЛІКТІҢ ҰСТАНЫМЫ
Теміртау қаласының әкімшілігі жаңа оқу жылының басында екі орыс мектебін қазақ мектебіне айналдырмақ. Жергілікті әкімшілік мұны қазақ мектептерінде орын жоқтығымен, ал орыс мектептерінде оқушыладың аса көп еместігімен түсіндіреді. Әкімшіліктің бұл шешімін №9 және №16
Қарағанды облысы әкімшілігінің баспасөз хатында Теміртау қаласында қазақ тілінде білім беретін мектептер санын арттыру қажеттігі айтылған. Ал Теміртаудағы үш қазақ мектебінде әр сыныптағы оқушы 30-35-тен асады. Нормаға сәйкес, жоғары сыныпта оқушы саны 25 адам, ал төменгі сыныпта 20 адамнан аспау керек делінген баспасөз хатында.
«Салыстыру үшін айтайық: орыс тілінде оқытатын мектептердің жартысы – 50 пайыз ғана, қалған жартысы 70-80 пайыз ғана толған. Орысша мектептердің көбі бір кезекте ғана оқиды» дейді бұл баспасөз хаты.
Соңғы бес жылда Теміртауда қазақ тілінде білім алатын оқушы саны 984-ке артқан. Ал қазақ мектептері қаланың барлық жерінде бірдей орналаспаған. «Бұл оқушылар мен ата-аналарға елеулі қиындықтар туғызады» делінген баспасөз хатында.
Облыстық әкімшілік пен Теміртау қаласының басшылығы аралас мектептерде оқу сапасына «аралас тілділік» ұстанымы кері әсер етеді деп санайды. Теміртаудағы аралас мектептердің көпшілігінде педагогтарға арналған іс-шаралардың барлығы орыс тілінде өтеді. Баспасөз хатында мектептердегі басшы қызметкерлер өздері қазақ тілін дұрыс білмейтіндіктен қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдердің жұмысын дұрыс бақылай бермейтіндігі де айтылған.