Жұма, 22 Қараша 2024
Асқанға - тосқан 7259 15 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 16:36

Салықтан қашқан миллионерді халықтың қалтасынан іздеудің қажеті жоқ

Қаржы министрлігі енді қарапайым азаматтардың ақша аударымдарын тексеретін болады. Министрліктің бұл ұсынысын депутат Азат Перуашев мырза Мәжілісте мәселе етіп көтеріп, министр Смайыловқа депутаттық сауал жолдапты.

«Ақ Жол» партиясы фракциясының депутаттық сауалын жеткізген партия төрағасы Азат Перуашев, Қаржы министрлігінен «азаматтардың банк карталары арқылы жасалатын ақша аударымдарына салынатын салық жобасын» тоқтатуды талап етіпті. Біз әуелі Азат Тұрлыбекұлының пікірін сұрадық...

 

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты, «Ақ Жол» партиясының төрағасы:

- Вице-министрдің мұндай шешімі екі мақсатқа негізделген екен. Біріншісі, кәсіпкерлердің жасырын табысын анықтау, екіншідсі – бюджетке түсетін салықты арттыру. Алайда бұл мәлімдеме қоғамда сынға ұшырап, қызу пікір-талас тудыруда.

Естеріңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында Үкіметке 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнесті салық төлеуден 3 жылға дейін босату туралы тапсырма берген болатын. Сондай-ақ, 3 жыл көлемінде орта және шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізілген.

Халық миллиондап ақша аударып жатыр дегенге кім сенеді?

Шағын және орта бизнестің кіріс салығына өзгертулер енгізіліп, жергілікті бюджетке берілген. Сондықтан, бұл мәселе бойынша жергілікті жағдайларға қарап барып, шешім шығарған жөн.

Азаматтар жеке карталары арқылы миллиондап аударым жасайды дегенге сенудің өзі қиын. Көпшілік жұртта мұндай ақша жоқ та.  Азаматтар банк карталары арқылы төлем жасаса, сол – азық-түлік, дәрі-дәрмек, балалар тауарларын, шаштараз қызметтері мен көліктерді техникалық тексерістен өткізгенде ғана жасайды.

Рас, анау «Золотой теленоктағы» Корейко секілді бірлі-жарым жасырын миллионерлер бар шығар, алайда олардың үлесі жалпы жүргізілген операциялардың 1%-ын ғана құрауы мүмкін.

0,4% үшін қалған азаматтардың 99%-ын жаман етіп көрсетудің қажеті жоқ

KPMG-нің мәліметі бойынша, қазақстандықтардың тек 0,4%-ы ғана жылына 100 мың доллар табыс табады. Ал 97%-ының жылдық табысы 10 мың доллардың айналасында. Жаңағындай миллиондап табыс табыс табатындар бар болғаны 0,001%. Яғни, 162 адам ғана. Қазақстанның жарты байлығын иемденіп отырғандар солар. Сол, 0,4% үшін қалған азаматтардың 99%-ын жаман етіп көрсетудің қажеті жоқ.

Карта иелерінің көпшілігі несиеге өмір сүреді. Бұл сатып алушыларға да, кәсіпкерлерге де қатысты. Сондықтан, жасырын миллионерлерді төлем карталарын тексеру арқылы іздеудің қажеті жоқ. Бұл адамдар мемлекеттен ештеңе сұрамай, өз бетімен күн көріп, нан тауып жүрген азаматтар.

Одан да, миллондап пара алатындарды, оффшорға миилардтап ақша аударатындарды іздеген жөн.

Егер елімізде жалпыға бірдей табысты декларациялау жүргізілсе, онда жаңағы карталарды тексерсе құп. Сонда ғана фактілерді, шығындарды салыстыра отырып, жасырын айналымдағы ақшаларды анықтауға болады. Бірақ, жалпыға бірдей табысты декларациялау 2025 жылға шегерілген. Сондықтан, министрліктің бұл бастамасы қазір қисынсыз.

Өткенде ғана Парламент депутаттары табысты арттыру мен мемлекеттік мекемелердің тиімсіз шығындарын қысқарту туралы бюджетке ұсыныстар енгізді.

Олар өз күштерімен кәсіп ашып отырған адамдар

Мысалға айтайық, «Бизнес бастау» дейтін бағдарлама бар. Оған жылына 6 миллиард теңге бөлінеді. Міне, сол шығынды қысқартуды ұсынды. Неге десеңіз, жаңағы бағдарламаға қатысушылардың 4/1-і ғана бизнеске несие алады екен. Ал вице-министр карталарын тексеру арқылы салық салғысы келетін азаматтар шағын бизнес өкілдері. Олар ешбір мемлекеттік бағдарламаның көмегінсіз-ақ, өз күштерімен кәсіп ашып отырған азаматтар. Сондықтан, оларды салықпен төпелегенше, аяққа тұрып кетулеріне мүмкіндік жасаған дұрыс.

Егер, министрлік президенттің шағын және орта бизнесті 3 жылға дейін салықтан босату туралы тапсырмасын орындағысы келмесе, онда салықты шығыны жылына 4 миллиард теңгені құрап отырған «Бизнес бастаудың» 75% тиімсіз қаржысына салған дұрыс.

Ал егер салықшылар сол салықты арттыруды көздесе, онда салық төлеушілердің қаржыны тиімді есеппен шығындауы туралы сұрақты мәселе етіп көтеруі керек еді. Бізде қаржы қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр? Бұл маңызды мәселе.

Біз, «Ақ жол» партиясы шенеуніктердің тойымсыз тәбеті мен бюджет есебінен шалқып өмір сүруге деген құлшынысын бірнеше мәрте сынаған едік. «Даңғаза іс-шараларды қысқартып, қарапайым көліктер мен кабинеттерге ауысыңыздар – сонда қаржы да жетеді, адамдар да салықтың дұрыстығына сенетін болады» дедік.  

Жұрт қайтадан қолма-қол төлемге көшпесіне кім кепіл?

Қазірдің өзінде, 100 мыңға жетпейтін субьекті қосымша құн салығы бойынша дауласып жүр. Істері тіпті сотқа жетіп жатыр. Ал енді 30 миллионнан астам карта арқылы күнделікті жүргізілетін 1 миллион 300 мың транзакцияларға салық салудың соңы не болмақ?

Сосын, министрлік бұл мәселеде қарапайым халықтың пікірін ескермеген. Қазір, сол банк карталарымен төлем жасау жүйелі түрде жолға қойылды. Төлем жасау электронды форматқа көшіп, көлеңкеден шығарылды. Ал енді министрліктің бұл бастамасынан кейін, жұрт карталарды пайдаланудан бас тартып, бұрынғыдай қолма-қол төлем жасауға көшетіні айдан анық. Заманауи төлем жүйесіне деген сенім жоғалады. Қаржы операцияларының көбі қолма-қол жүргізілетін болады. Мұндай қауіптің бар екені шындық.

Сондықтан, біз Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, министрліктің бұл бастамасын тоқтатуды сұрадық.

(Қаржы министрі Әлихан Смайылов)

Сонымен сараптайық...Қазақстанның Әлихан Смайылов тізгінін ұстаған Қаржы министрлігі енді қарапайым азаматтардың ақша аударымдарын тексеретін болады. Яғни, күнделікті тұрмыстағы банк карталарынан жасалатын төлемдерге тексеріс жасалады. Не үшін дейсіз ғой. Салықтан жалтарып жүрген кәсіпкерлерді әшкерелеу үшін екен. Бұл туралы жаңағы Смайылов мырзаның бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов айтыпты. Айтқанда да, банк көмегімен іске асырылатын ақша аударымдарына салық салынуы керектігін айтқан. Неге десеңіз, әлгі ақша аударымдарынан азаматтарға табыс түседі екен.

(Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов)

«Барлық төлем туралы айтудың керегі жоқ. Балансыңызды толтырған болсаңыз немесе жақындарыңызға көмек берген болсаңыз, бұл есептелмейді. Бәрі жеке қарастырылады. Бұл барлық электронды транзакцияға қатысты. Коммуналдық қызмет ақысын төлесеңіз немесе ұялы телефон баллансын толтырсаңыз, ол сомаға салық әуелден салынған. Жеке аударымдарды, қаражатты алушы бар. Оны салық қызметі бақылайды. Бұл барлық банкке қатысты. Салықты табыс тауып отырғандар ғана төлейді», депті Шолпанқұлов мырза Сенаттағы бір жиында.

Сонымен, бұл ақпардың тарағанына да аптаға жуықтады. Министрліктің мұнысын жұрт «жөн екен» деп қабылдады десек және өтірік. Дұрыс қой, жеке банктік картаңдағы ақшаны қайда жаратқаныңды, кімге немесе неге жаратқаныңды бұйрық ұстаған бөтен біреу бақылап отырады десе, кім қоштасын?.. Жұрт та қолдаған жоқ.

(Қаржы министрінің орынбасары Руслан Еңсебаев)

Тақырыпқа тұздық. Әлихан Смайылов мырзаның тағы бір вице-министрі Руслан Еңсебаев та өткенде осы тақырып төңірегінде әңгіме жасапты.

«Каспий голдпен төлем жасау бүгінде кең қолданыстағы механизм. Төлем жүйесі туралы заң жөнінен ол барлық талаптарға сай. Ал енді Салық кодексі мен фискализация жөнінен талапқа сай емес. Бұл операциялар бақыланбайды. Біз әуелде, мүлде тыйым салу туралы ойланғанбыз. Бірақ, бұл –экономикаға кесірін тигізеді.

Сондай-ақ, бұл құрал тұтынушыларға тиімді. Сондықтан, мұндай механизмге толық тыйым салу логикаға қайшы әрі қате шешім болар еді. Алайда, кәсіпкерлер осындай төлемдер арқылы төлем қабылдағанда фискалдық чек бермейді. Осылайша, тұтынушылардың құқын бұзады», депті.

Сөйтіп, сөз төркіні «Каспий голдқа» келіп тірелді. Министрліктің шүйлігіп отырғаны да осы «Каспий голд» арқылы жасалатын төлемдер екен. Өздері ашық айтқан, әне. Рас, «Каспий голд» ел-халықтың арасында көп қолданылатын төлем картасы. Былайғы жұрт күнделікті дүкенге, таксиге немесе басқа да тұрмыстық қажеттіліктен туған төлемдерді жасайды.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақта аталған «Каспий голд» төлем карталарын Қазақстанда 5 миллионға жуық адам қолданады екен. Онда да дүкен мен такси қызметі секілді тұрмыстық қажеттіліктен туындаған төлемдер үшін.

Кезек «Каспий банкке» келді ме?

Ал жаңағы министрліктің «салық төлемейтін кәсіпкерлері» осы дүкеншілер мен такси жүргізушілері болса керек. Әйтпесе, миллиондап табыс тауып жатқан таксистті естігендеріңіз бар ма? Иә, кәсіпкерлердің арасында бірлі-жарым адам шығып қалар, қаржысын жасырып жүрген. Болса да, олардың үлесі 0,4 пайыз. Сол 0,4 пайыз үшін қарапайым халықтың қалтасын тінту қаншалықты әділетті?

Әлде, кезек «Каспийге» келді ме? Осыған дейін бірнеше банкті біріктіру операциялары жүргізілгенін көзіміз көрді. Аттарын атап, түстерін түстемесек те, жұрт жақсы біліп отыр. Өйткені, «Каспий банк» қазіргі таңдағы екінші деңгейлі банктер ішіндегі екінші сатыда тұрған банк. Тұтынушылары да аз емес. Біздікі болжам ғана.

Айтпағымыз, онсыз да өлместің күнін кешіп жүрген жұрттың қалтасын ақтарып, қаржысын тінту – қоғамдағы наразылықты одан сайын үдетпесе, «үй, бәрекелді» дегізбейтіні анық!

Қоғамдағы қазіргі протесттік көңіл-күйді, Үкімет те, Ақорда да көріп, біліп отыр. Бұрынырақта Мұрат Телібеков дейтін адам «ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынасына да салық салайық» деп Үкіметтің шектен тыс салықтық саясатын кекесінге алып, келемеж етіп еді. Бара-бара сол күнге де жақындап қалған екенбіз, әне...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1439
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5170