Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5402 18 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 14:10

Үкімет аналардың алқымынан алғанша, оффшордағы ақшаны түгендесе ғой...

Қазақстанның әр өңірінде аз қамтылған отбасылар мемлекеттен алған жәрдемақыларын кері қайтаруға міндеттеліп жатқан көрінеді. Оған ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шығарған бұйрық себеп болған.

Нақтырақ айтсақ, 2019 жылдың 1-сәуірінде ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов екі жыл бұрын қабылданған "Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы" №290 бұйрыққа өзгеріс енгізді.

Ол бұйрыққа сәйкес, АӘК - Қазақстандағы "ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен 70 пайыздан төмен болмайтын мөлшерде айқындалады". Ал, Статистика комитеті шілде айында еліміздегі ең төменгі күнкөріс мөлшері 29 618 теңге деп мәлімдеген болатын. Демек, сіздің отбасылық кірісіңіз осы күнкөріс мөлшерінің 70 пайызынан асатын болса, әлеуметтік көмек ала алмайсыз. Ал, оны алып қойғандар енді мемлекетке берешек болған көрінеді. Себебі, олар кедейлік деңгейінен жоғары тұр.

Мәселен, Орал қаласында 254 отбасына мемлекеттен алған жәрдемақыларын қайтару туралы хабарлама келген. Бұл туралы "uralskweek.kz" сайты жазды.

Аталмыш ақпаратқа сенсек, енді жергілікті билік осы уақытқа дейін аз қамтылған отбасыларға төленген 19 миллион теңгеден астам қаржыны сол кедейлік шегіндегі адамдардың өздерінен өндіріп алмақ көрінеді.

Осыған дейін мемлекеттік жәрдемақы алған отбасылар 2 млн. 100 мың теңгені қалалық бюджетке қайтарған екен. Енді 254 отбасы 19 миллион теңгеден астам қаржыны қайтару қажет. Егер, жәрдемақыны қайтару туралы хабарлама алған адамдар көрсетілген соманы көрсетілген мерзімде (бір ай ішіндедеп жазады) өз еріктерімен өтей алмаса, жергілікті билік оларды сотқа беруі мүмкін. Бұл туралы Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әсия Құрманқұлова дейтін адам айтыпты.

Оның айтуынша, кедейліктің ресми белгіленген шегінің қысқаруына байланысты, мемлекеттік жәрдемақыларды қайтару талап етіліп отыр.

Дәл осыған ұқсас жағдай биыл қыркүйек айында Нұр-Сұлтанның іргесіндегі Ақмола облысында да орын алған. "КТК" арнасының ақпаратына сүйенсек,  Уәзира Баймұқанова есімді ана 4 баласына 89 мың теңге алып келген. Алайда, жолдасының алған қосымша өтемақысы отбасындағы адам басына шаққандағы 20789 теңгеден асып кеткен. Сондықтан ол төрт айда алған 357 мың 884 теңге жәрдемақыны үкіметке қайтаруға тиіс болған.

Ал, осы уақытқа дейін құзырлы мекемелер ел ішінде "жыр" болған 21 мың теңгелік әлеуметтік көмекті алу үшін жұртты қыруар құжат жинатып, әрі-бері сандалтып қойғаны туралы айтқанбыз. Одан бөлек, "үйдегі теледидар, кір жуғыш машинаға дейін тексеріп, санап жатыр" деген әңгіме айтылды.

Осынша машақат пен мың-сан тексерістен кейін тағайындалған жәрдемақы, айналып келгенде заңсыз болғаны ма? Жоғарыдағы ақпараттан ұққанымыз, әлгі әуре-сарсаңы көп әлеуметтік көмек алған аналар ақшаны қайтармайтын болса, істі болуы мүмкін екен, тағы. Көрдіңіз бе?..

Түйін. Әлеуметтік көмек дедік. Оның да артын сыйырқұймышақтатты, әне. Уәжі - қаржы жоқ. Миллион адамға ай сайын ақшалай көмек беруге қазына-қамбаның қауқары жетпейді. Мақұл. Резеңке емес-ақ болсын.

167 миллиард доллар. Бұл Қазақстаннан заңсыз шығарылған, оффшордағы ақша. Бұл - биыл мамырда айтылған сан. Қазақстанның Ұлттық қорындағы қаражаттан әлденеше көп сома. Одан қалса, жыл сайын, тіпті ай сайын өлермен боп өткізетін Халықаралық жиындар, форумдар мен сансыз саммиттерге жұмсалып жатқан қаражатты тағы есептеп көріңіз. Көз сүрініп, тіл бүгіледі.

Көп балалы аналар Үкіметке алақан жайып отырғанда, жаңағыдай форумдардың керегі не дейсіз ғой. Жауабы да дайын. Елдің имиджі үшін!

Билік аналардың алқымынан алғанша, даңғаза, далақбай жиындарға жұмсалып жатқан миллиардтардың есебін бүтіндесе кәне?! Аз қамтылған отбасыларға заңды және өте әділ тексеріс жүргізетін билік оффшордағы ақшаға бақылау жасап, сол миллиартардың ел қазынасына қайтарылуына қарекет қылса ше?..Әй, қайдам... Үкіметтің бұл ісі "жуас түйе жүндеуге жақсы" дегеннің кері ме дейсің, осыдан соң...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504