Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
1131 1 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 13:36

31% мектеп техникалық дайындықсыз болса да, «Күнделік» жүйесін енгізу қаншалықты дұрыс?

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Ғ.Д.Нұрдәулетовке

Құрметті Ғизат Дәуренбекұлы!

«Ақ жол» партиясы Сізге 2,8 миллион оқушы мен олардың ата-аналарының және жарты миллионға жуық мұғалімнің қызығушылығын тудырған «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жөнінде сауал жолдап отыр. Жүйенің мектептерде міндеттелуі заң және құқық нормаларына сәйкестігі күмән тудыруда.

1. «Күнделік» бағдарламасының сайтында үнемі түрлі тауарлар мен қызметтердің коммерциялық бағыттағы жарнамалары шығып отырады. Осыған байланысты, білім беру ісінде міндетті саналатын қорда коммерциялық жарнаманы жариялауға қаншалықты болатынын тексеруді сұраймыз.

Біздің ойымызша, бұл оқушылардың тұтынушылық психологиясы мен тәртібіне, балалардың қатаймаған санасына теріс ықпал етеді.

БАҚ-да айтылғандай, дінге қатысты немесе түрмелерге тауар жеткізу қызметтегі туралы мазмұндағы жарнамалардың балаларды тәрбиелеу мен мәдениетке баулу жүйесінде болуы орынсыз.

2. Ата-аналардың айтуынша, сайт операторы білім беру ісіне қатысты қажетті ақпаратты алу үшін төлем жасауды енгізген. Мәселен, мобильді қосымшаларға, мұғаліммен кері байланыс жасау, сабақ үлгерімі туралы дерекқорларға өту үшін ақы төлеу керек.

Ал, Ата Заңымызда тұрғындарға мемлекеттік орта білім беру мекемелерінде тегін оқу кепілдендірілген.  Осы Заңның аясында мектептерде кез-келген шығындарға ақша жинауға тыйым салынған. Күнделік білім беру ісінде маңызды элемент екені белгілі. Алайда, ол үшін компания қалтасына ақы төленуі түсініксіз.

Осыған орай, «Күнделіктің» кейбір функцияларын пайдалануға ақы төлеу тәжірибесі Қазақстан Республикасының тегін білім беру нормаларына қаншалықты сай екенін тексеруіңізді сұраймыз.

3. Сайттың операторы «Күнделік» ЖШС-нің шетелдік компанияға қатысы бар. Ал, жүйеде Қазақстанның барлық мектептерінде оқыту үрдісі туралы жеке деректер мен толық ақпараттар орталықтандырылған.

Біздің пікірімізше, ақпарттың мұндай шоғыры барынша қорғалуы тиіс және шетелдік үлесі бар жеке компаниялардың басқаруына берілмеуі керек.

Бұл жағдайдың жас қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау бағыты бойынша заңнамаға қаншалықты сай екенін тексеруіңізді сұраймыз.

4. 2016 жылдың наурыз айында ресейлік «Дневник.ру» ООО қатысуымен бұл жоба асығыс жасалған болатын. Сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрінің түсініксіз себептермен жобаны қолдап, сайттың операторы ретінде «Күнделік ЖШС-і танылғаны көкейде сауал тудырады.

«Ақ жол» партиясына бірқатар ІТ-өнімдерін әзірлеушілер «Күнделік ЖШС-інің жүйе операторы болуымен келіспейтіндігін айтып, жүгінген болатын. 2010 жылдан бері еліміздегі мектептерде осындай жүйені сәтті енгізіп жүрген қазақстандық мердігер компанияның конкурсқа қатысуға берген сұранымы ескерілмегені Ұлттық экономика министрілігі бекіткен «Мемлекеттік-жеке серіктестік жобаларын жобалау және жүзеге асырудың Ережелерінің» (№725 25 қараша 2015 жыл) бұзылуын сипаттайды.

Осы тақырыпқа байланысты 2018 жылдың 11 сәуірінде жасаған депутаттық сауалымызға жауап ретінде бұрынғы ҚР Білім министрі конкурсқа екінші қатысушының «Мемлекеттік-жеке серіктестік жобасының Тұжырымдамасы» жоқтығы Ережені 134 тармағын бұзатындығына сілтеді.

Алайда, Ереженің аталған тармағында Тұжырымдама талап етілмеген. Бір сөзбен айтқанда, министрдің сөзі шындыққа жанаспайды.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2017 жылдың 4 наурызындағы конкурсты қайта өткізу жөніндегі ұсынысы жүзеге аспады.

«Ақ жол» партиясының депутаттары мұндай жобалар нарықтық әрекеттердің орындалуын қадағалауымен әділ бәсекелестік шеңберінде өткізілуі керек деп санайды.

Осыған орай, әділ бәсекелестіктің талаптарының негізінде «Күнделік ЖШС-нің автоматтандырылған ақпараттық жүйеде оператор болуының заңдылығын анықтау үшін :

5. «Бірыңғай электронды күнделік» жобасын жүзеге асыруда «Күнделік» ЖШС-нің Қазақстан Республикасының азаматтарының деректерімен жұмыс істеуі қаншалықты заңға сәйкестігін тексеруге;

6. 100% мемлекетке тиесілі және мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұйымның ресурстарына шетелдік қатысумен серіктестіктің IT-өнімдерін орналастырудың заңдылығын анықтауға;

7. Автоматтандырылған «Күнделік» жүйесін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қорында жыл сайын жариялауға қанша қаржы жұмсалатынын және қаржыны кім төлейтінін анықтауға;

8. ҚР білім министрлігінің Еліміздегі мектептердің 31%-ның техникалық тұрғыдан дайын болмағанына қарамастан «Күнделік» жүйесін барлық мектептерде енгізу әрекетіне құқықтық баға беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, «Ақ жол» партиясының депутаттары

Abai.kz

1 пікір