Сәкен Бозаев. Қызығымыздан қыжылымыз көбейіп тұр
Қазақтың қанында бар дарқандығы мен ақкөңілділігі шектен тыс сенгіштік пен бейжайлыққа ұласып, бойымызға кеулеп кіріп барады.
«Өзіңді итке қаптырғанша, оған жол бер», - деген момындығымыз бұқпалыққа айналып, қырдан аса алмай, ойпаңда тезек теріп жүрген секілдіміз. Түлкі ішік кимек болған аңшының қашқан түлкіні қуып келе жатып «ішін таптым сырты жоқ, қырылғырдың қыздары тігіп берер дейсің бе?» дегеніндей елес үмітке малданып жүрміз. Алдаушысы мен арбаушысы көбейген түлкі бұлаң кезең тірлігінің қырық қабат қатпарланған боқтығын ажырата аларлық ой кеңістігіміз өріске шыға алмай жатыр.
«Өркешің неге қисық дегенде «немене, менің басқа жерім келісіп тұр ма еді», - деген екен түйе жарықтық. Сол айтқандай байлығымызға шайлығымыз сай келмейтін келеңсіздіктер көзге ұрып тұр. «Әлсіздердің ақысын күштілерден алып бере алмаған ел қуатты бола алмайды», - деген бар. Алшағыр бидің: «басшысы келіспесе - ел жетім, ұқпасқа айтқан - сөз жетім» деген сөзі бүгінгі күйімізді бейнелеп тұрғандай.

Ешкімге жағынбай, жалтақтамай, жарамсақтанбай жүргендердің бабы қанып, бағы жанар емес. Терең қазылған ордан аттап, қамшы тастап айтарынан қаймығып, «...сөйлеп жүрміз, айтып жатырмыз», - деп айтылуға тиістіні түгендей алмай жүрген өзіміз. Киікбай шешен айтқан: «... сөзден адасқан жан - көнекөзден сұрайды. Көнекөз адасса - көрегендіден сұрайды. Көрегенді адасса - көптен сұрайды» деген ұлағатты сөз бар еді. «Ішімдегіні тап» дегендей, айтарымызды ашып айта алмай жүрген күйімізге сырт жұрт « айтқаныңа болайын» деп жүргенін біліп жатырмыз. Қыздырма тілмен оңынан да, солынан да сілтей беретін меншіктеніп алған тақырыптарымыз бар. Сол тақырыптар төңірегінен ғана орнықты, ордалы ойымызды айтқан болып жатамыз... Кейде асып-тасып , кейде қолында құрығы бар шабармандардың қотырын қасудан әріге ұзай алмай, шаң шығара алмай жүрміз.
Құйрығын тазыға жұлдырған түлкінің ормандағы аңдарға «құйрығымызды кесейік» дегені секілді ақыл айтатын қалаулылар мен таңдаулыларымыз да бар. Айтқан ақылын өздері орындап жатса жөн болар еді. Аузы тесіктің бәріне бірдей пәтуалы сөз айту бұйыра бермегендігі белгілі. Басып жемей, ұрлап - шашып жеуге үйренгендердің қатарында қаздиып тұрғандардың тегін ақылының құны болмай тұр.
Өмір өзегі мен өрісі туралы замана аңғарын болжай білген дана би Мөңке Тілеуұлының:
«...Алашұбар тілің болар, дүдәмал дінің болар,
«алһам» дегенді айта алған адам молда болар,
Әйел - базаршы, еркек - қазаншы болып,
Ертеңіне сенбейтін заман болар», - деген сәуегейлігі бүгінгі тіршілігімізден тыс болмай тұрғаны алаңдатады. Әр заманның өз қызығы, өз қыжылы болады дегендей, қызығымыздан қыжылымыз көбейіп тұр.
Атырау облысы
«Абай-ақпарат»