Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2273 0 пікір 22 Тамыз, 2011 сағат 08:59

Таңшолпан БЕКБОЛАТ. Баффеттің не ойлағаны бар?

20.08.11.

20.08.11.
Екінші тамыздан бастап Нью-Йоркте, сонан соң Еуропа мен Азияның қор биржаларында үлкен «былық» басталған еді. Дүрлігіс бір аптаға созылды. Оған тіпті Барак Обаманың байыпқа шақырған сөзі де тоқтау бола алмады. Міне, сөйтіп құлдырап төмен түсіп кеткен қор биржаларындағы индекс-индикаторлар осы аптаның басынан бері қайтадан көтеріле бастады.
Әлемдік қаржы сарапшыларының пікіріне сенсек, бұған дүниежүзінің нөмірі үшінші байы Уорен Баффеттің өткен апта соңындағы әріптестеріне, яғни АҚШ байларына үндеу іспетті айтылған сөзі себеп болса керек. Қаржы әлемінің білгірі Баффеттің әр сөзін біз де қадағалап отырамыз. Иә, онда Баффет былай деген болатын: «байларға салық мөлшерін өсіру жөніндегі Барак Обама бағдарламасын толық қолдаймын. Еліміздің ауқаттылары да, Конгресс те оны қолдаса екен деп тілеймін. Өйткені біздің бәріміз үшін қазіргі таңда Америка экономикасын қалпына келтіруден басқа мақсат болмауы керек». Төрткүл дүниеге түгел танымал аузы дуалы Баффет қаржының қалай жиналатынын жақсы біледі. Ол сондай-ақ Америкада осы уақытқа дейін: «Рокфеллерлерге жақсы болса, Америкаға да жақсы» деген ұстаным болғанын да біледі. Ол - ол ма, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы алапат дағдарыс тұтануына түрткі болған «Смут Хаули» тарифі екенін де білуге тиіс. Бұлардың бәрі де Барак Обаманың жаңа саясаты «ағысқа қарсы жүзу» секілді әрекет екенін көрсетіп тұр емес пе? Бұл жерде біз «осы уақытқа дейін айтқанынан бір қате таба алмаған Баффет мырза неге бүйтті екен?» деген сұрағымызға жауап таба алмағанбыз. Орайы келгенде айта кетейік, Баффеттің әлгіндей мәлімдеме жасауы мұң екен, әуелі Нью-Йорк қор биржасында, сонан соң Еуропа биржаларында, ақыр аяғында Азия биржаларында жағдай түзеле бастады. Нью-Йорк қор биржасының негізгі айқындаушы индекс-индикаторы Доу Джонс апта басынан бергі сауда ішінде осы уақытқа дейін жоғалтқан екі жарым мың пунктінің мыңдайын қайтарып алып, қазір он бір мыңдық деңгейден асып бара жатыр. Жағдай осылай бола берсе, ол көп ұзамай-ақ екінші тамызға дейінгі 12 мың пункттен астам межесіне жетіп қалуы әбден мүмкін. Айтқандай мұнай бағасы да өсе бастады. Қазір брендтің баррелі 110 доллардың сыртында бағалануда. Біз бұрын да мұнай бағасы қайтадан өседі дегенбіз. Айтқанымыз айнымай келді.
Алаңдата беретіні - Баффеттің баяндаған мәлімдемесі. Иә, Американың экономикасы дұрыс жұмыс істеуіне бұл елдің байлары ғана емес, бүкіл әлем түгел мүдделі. Солай бола тұрса да, ақиқатқа тура қараудан, яғни бұрынғы әдетінен Баффет мырза неге жаңылысты? Бұл енді әлі де болса жауабы табылмаған сұрақ. Десек те біз өз білгенімізше болжауға құқылымыз. Сол бағытпен жүріп көрсек мәселе мынада екен: «бір ғана Уорен Баффеттің байлығы 50 миллиард долларға жуық. Ал ол жетекшілік жасайтын хедж қордағы қазына бұдан әлдеқайда көп. Демек, бәрібір «өлмей тынбайтын» АҚШ экономикасын құтқару мүмкін емес екенін сұңғыла қаржыгер біліп отыр. Десек те одан бүкіл қаржыны алып қашу хедж қорларға біріккен байлардың өздері үшін тиімсіз. Өйткені Еуропаның да, Азияның да қорларының сыйымдылығы белгілі. Олардың бәрін қосқанда Нью-Йорк қор биржасындағыдай құнды қағаз таба алмайсың. Демек, мол мөлшердегі ақша «жұмыс істеп» пайда табудың орнына сандықта жатып қалуға мәжбүр болады. Ал бұл шақта мол мөлшердегі қаржы айналымнан шыққан АҚШ қор биржалары экономиканың тұралағанын әлемге жариялап үлгереді. Қысқасы, АҚШ деп аталатын алып мемлекеттің экономикасынан бір мезгілде мол мөлшердегі қаржының кетуі бұл мемлекет үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де, сонымен бірге жекелеген байлар үшін де аса қауіпті шаруа болайын деп тұр. Сондықтан көреген қаржыгер әзірге әріптестерін билікпен мәмілеге келуге шақырып тұр.
Дегенмен Баффет бастамасының тиімділігі ұзаққа бармайтын сыңайлы. Аптаның басында Венесуэла президенті Уго Чавес мәлімдеме жасап, онда бұл мемлекеттің АҚШ құнды қағаздарына салған қаржысы көп ұзамай қайтарылып алынатынын, ол ақшалар енді Қытай, Ресей секілді мемлекеттерге инвестиция ретінде баратынын айтты. Бұл да АҚШ басына төнген бір қара бұлт секілді. Өйткені біздің шамалауымызша, әңгіме 300 миллиард көлемінде болып тұр. Ол қозғалса, басқалар не істейді деген сұрақ тағы алдан шығады. Не керек сұрақ көп, жауап жоқ. Біз білетін бір ақиқат бар, ол - АҚШ экономикасы биылғы жылды осы жықпа-жығылма жағдайда аяқтайды және келер жылы осы жағдай тағы қайталанады деген ғылыми негізді байлам. Бірақ біздің Қазақстан үшін бұл мүлде үрей туғызатын жағдай емес. Өйткені Қазақстанның экспорттық әлеуетінде бақандай 50 пайыздан астам үлесті Қытай және кедендік одақтың екі мемлекеті иеленеді. 25 пайызын Еуропа мемлекеттері еншілеп тұр. Қалған 25 пайызы басқа әлемге тамшылап бөлінген. Қысқасы, біздің экономиканың тапсырыс берушілері осы мықты жағдайын сақтайтындықтан да бізден алатындарын көбейте беретіні әбден мүмкін. Демек, Қазақстанның көмірсутектеріне, өндірістік металдарына баға төмендейді деп алаңдаудың жөні жоқ. Ең кемі биылғы даму қарқыны таяудағы бес жыл бойы сақталатын болады. Ал АҚШ долларының құнсыздану барысына орай жасалуға тиісті қорғаныш шараларын Марченко мырзаның мекемесі шеше жатар.

Таңшолпан БЕКБОЛАТ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445