Сенбі, 23 Қараша 2024
3936 6 пікір 22 Қараша, 2019 сағат 11:14

Қытай NYT жариялаған Шыңжаң жайлы құпия құжаттарды "фейк" деп атады

Қытай билігі америкалық New York Times газеті жариялаған Шыңжаңдағы "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қатысты 400 беттен құралған құпия құжаттарды “жалған” деп атап, мұны Пекинге қарсы "сыртқы күштер" ұйымдастырып отыр деп мәлімдеді.

New York Times газетінде 16 қарашада жарық көрген құжаттарда Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Шыңжаңдағы түркітілдес ұлттарды қудалау туралы бұйрықтары, шенеуніктерге арналған нұсқаулықтар бар. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген. Нұсқаулық бойынша, "Отбасым қайда?" деген студентке шенеунік "Олар үкімет құрған оқу орталығында" деп жауап беруі керек.

Қытайдың мемлекеттік ақпарат ақпарат құралдарына сілтеме жасаған Reuters-дің жазуынша, 18 қарашада Шыңжаң үкіметі басылымда жарық көрген ақпаратты “жалған” деп атап, мұны Қытайдың “өз ішінде және шетелдегі жаулары” ұйымдастырды деп айтқан. Алайда Шыңжаң үкіметі нақты кімнің "ұйымдастырғанын" ашып айтпаған.

Дәл сол күні Шыңжаң үкіметіне дейін бұл мәселеге қатысты Қытайдың сыртқы істер министрі пікірін білдірген. Ол құжаттың түпнұсқалығына қатысты ешқандай күмән айтпаған, Қытай билігінің "терроризммен күрес" бағдарламасы сәтті жүзеге асты және оның тәжірибесін "өзге елдер қолдана алады" деп қысқа қайырған.

Басылымдағы дерекке сәйкес, 2016 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің басшысы болып Чэнь Цюаньго тағайындалғаннан кейін аймақта "ішкі лагерьлердің" саны күрт ұлғайған. Қытай әлі күнге дейін нақты қанша адамды ұстағанын айтпады.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарды "саяси лагерьге" қамай бастағаны туралы хабар тараған. Өткен жылы БҰҰ Қытайдың Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін "саяси тәрбие лагерьлерде" ұстап отырғанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Қазан айының соңында 23 мемлекет (арасында АҚШ пен Еуропа елдері де бар) ортақ мәлімдеме жасап, Пекинді Шыңжаңдағы ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарды қудалауды тоқтатуға шақырған.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377