Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4499 1 пікір 25 Қараша, 2019 сағат 11:02

Қызылорда облысының әкімі есеп берді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қуанышбек Ысқақов  ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шеңберіндегі Қызылорда  облысының басты жетістіктері, сондай-ақ 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

"Осы жылдың 10 айының қорытындысымен бірқатар бағыттарда оң нәтижеге қол жеткіздік. Тұтастай алғанда, жалпы мемлекет саясатын  жүйелі іске асыру нәтижесінде соңғы жылдың өзінде өңдеуші өнеркәсіпте өндіру көлемі 5,4% ұлғайды, жұмыспен қамтылғандар саны 71% дерлік, ал, шикізаттық емес экспорт көлемі - 49%  астам өсті", деп атап өтті Қуанышбек Ысқақов.

Өңір экономикасын әртараптандырудың негізі индустрияландыру саласы. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіптің шикізаттық емес секторындағы өндіріс өсімі 4,4%  құраған. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылған 24 жобаның 18-і жоспарлы қуаттың 90% дан 100% жеткен. Жыл соңына дейін Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында тағы да 3 жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 200 астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында "Арал тұз" АҚ 2 испандық цехты іске қосты.  Бүгінгі таңда бұл кәсіпорын өз өнімінің 79%  экспортқа (Украина, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, сондай-ақ Ресей Федерациясының 82 қаласына) жіберетін табысты кәсіпорынның бірі. Шетелде өнім қажеттілігінің артуына байланысты биыл  тұз өндіру көлемін 25%, яғни жылына 400-ден 500 мың тоннаға дейін жеткізген, ал 2022 жылы өндіру көлемін тағы 75%  жылына 700 000 тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.

Сыр өңірінде ауыл шаруашылық саласына аса мән берілуде. Агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттауға қатысты жұмыстар күшейтілуде.  2016 жылы бақша  дақылдарының экспорты жанданды,  2017 жылы  көкөністер мен малды (Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Монғолия және Өзбекстан) экспорттау жұмыстары басталды, 2018 жылы Қытайға алғаш рет мақсары майы жіберілді. ал, биыл осы елге жүн экспорттау жолға қойылды. 10 айдың өзінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,5 пайызға артқан.

2015 жылы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына шамамен  9 млн. АҚШ доллары тартылса, 2018 жылы аталмыш 15 млн. АҚШ долларынан асып түскен.

Күріш - сыр өңірінің бренді. Биыл күрішшілер әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна күріш салысы қамбаға құйылып, осылайша  жаңа рекордқа қол жеткізді (әр гектардан 108 центнерден алған өнім алған күрішшілер де бар).

Үстіміздегі жылы 7,3 мың тонна майлы дақылдар, 66,4 мың тонна картоп, 115,3 мың тонна көкөніс, 187,4 мың тонна бақша жиналды. Шаруалар биыл 50 га соя егіп, жақсы нәтижеге жеткізді, сондықтан 2020 жылы оның көлемін 500 га ұлғайту жоспарлануда. Мал шаруашылығында мал басының ең жоғарғы деңгейі 1991 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 45,2% (223,1 мыңнан 324 мыңға дейін), жылқы 91,4% (71,3 мыңнан 136,4 мыңға дейін), түйенің басы 76% (26 мыңнан 45,7 мыңға дейін) артты. Ағымдағы жылдың 10 айында 25,7 мың тонна ет, 63,6 мың тонна сүт, 6,4 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, ет өндіру 3,4% сүт өндіру 1,7% жұмыртқа өндіру 7,7 % өсті.

2018-2020 жылдар Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жарияланды. Жүйелі шаралардың нәтижесінде облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы жылдарда  9% өсті.

Соңғы 3,5 жылда облыс аумағында 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылдың  өзінде облыста 48 көппәтерлі тұрғын үй салынуда.  Бұл 2000 - нан астам пәтер. Сол жағалаудағы жаңа қалада 320 орындық балабақша, облыстық жастар ресурстық орталығының ғимараты, "Рухани жаңғыру"орталығы, "Болашақ" университетінің кампусы салынды.

Аймақта сумен қамтамасыз ету және газбен жабдықтау мәселелері қатар шешілуде. Бұл да халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырудың маңызды факторлары. Бүгінгі күні облыс халқының 97% орталықтандырылған суға қол жеткізіп отыр, ал, халықтың 63% табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алды. 2018 жылы 3 аудан орталығына - Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа көгілдір отынды жеткізіп, биылғы жылы кентішілік газ желісінің құрылысы басталды. Осылайша, 2020 жылы осы кенттердің тұрғындары көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне ие болады.

Үкіметпен бірлесіп Байқоңыр қаласын және оған іргелес Төретам және Ақай елді мекендерін дамытуға республикалық бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту бойынша шаралар қарастырылуда. Биылғы жылы, Байқоңыр қаласындағы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін бес 50 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, тағы 5 көппәтерлі үйдің құрылысын бастау туралы шешім қабылданды.

"Байқоңыр" арнайы экономикалық аймақ  құрылады. Бүгінгі күні  Байқоңыр қаласында табиғи газды тұтыну тарифі Қызылорда облысы бойынша бірыңғай тарифпен теңестіріліп, 20,7 тг/м3 құрап отыр. Айта кету керек, "Байқоңыр" қаласында  қазақстандық газға қосылғанға дейінгі тариф құны 850 тг/м3 құрайтын.

Облыстың білім беру саласында 2015 жылы 3-6 жастағы  дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызға жеткізілді, апаттық жағдайдағы мектептер және үш ауысымдық мектептер мәселесі де толық шешілді. Енді жеке мектептерді дамыту, жатақханалар мәселелерін инвесторлардың көмегімен шешілмек. Жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында білім беру саласындағы барлық мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшуде. Ал, 1 қарашадан бастап облыстың барлық мектептері  бірыңғай сайттарға қосылды.

Медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) дәрігерлік учаскелерді ірілендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы 3 жылда қосымша 61 дәрігерлік амбулатория ашылды. Ағымдағы жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім - жітім көрсеткіші – 11,3 %, жарақат, улану және жазатайым оқиғалардан – 0,6%, қатерлі ісіктерден -21,4% төмендеді, ал онкологиялық ауруларды бастапқы кезеңде анықтау көрсеткіші 15% өсті.

Қазіргі таңда облыста 574 мектепке дейінгі тәрбие мекемелері жұмыс жасауда. Оның ішінде мемлекеттік балабақша саны - 161 болса, жеке балабақша саны - 413. Қазір денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа салаларда 116 жоба бар. Олардың 40 бойынша инвесторлармен жобаларды жүзеге асыру туралы келісім шартқа қол қойылған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында облыстық филармонияның камералық оркестрі түркі тілдес елдердің қатысуымен Босния-Герцеговина мемлекетінде өткен классикалық камералық оркестрлер фестивалінде, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі сәуір айында Ғарышкерлер күніне орай Мәскеудің Кремль сарайында өнер көрсетсе, Өзбекстан Республикасында Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қазандағы №800 қаулысымен Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «Академиялық» мәртебесі берілді. Сондай-ақ, ежелгі және ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Шірік-Рабат, Жент, Бәбіш-мола, Қышқала қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. Биыл Сығанақ қалашағындағы қазба жұмыстары кезінде «ежелгі қорымнан» ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы алтын бұйымдар (сырға, алқа, қапсырмалар, моншақтар, керамикалық қаптамалар) табылып, ғылыми зерттеуге жіберілді.

Биыл облыс спортының әлеміндегі ең басты жарқын жаңалығы «Қайсар» футбол командасынын Қазақстан Кубогы ойындарында жеңімпаз атануы. 20 жылдан кейін «Қайсар» екінші рет финалға жолдама алып, жеңіске жетті. Команданың алдағы міндеті – Европа Лигасында лайықты ойнау. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыс спортшылары Әлем және Азия чемпионаттарында 168 (66-алтын, 53- күміс, 49- қола) медальға қол жеткізді.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058