Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7153 2 пікір 25 Қараша, 2019 сағат 11:30

У мен уылдырық

Повестен үзінді  

... Күн жылынып, топырақтың  тоңы жібіп, құм жағадағы қаңқиған қайықтар біртіндеп суға түсе бастаған көктем айының алғашқы жұмасында артынып-тартынып, «оу, мен келе жатырмын ғой, күтіп алсаңдаршы» деместен, жол талғамайтын көлігімен Есберген баяғы қақыра тамға алқын-жұлқын көшіп келді. Келді де дереу іске кірісті. Қыс бойы оты жағылмаған үйдің қамыс қабырғалары сыз тартып тұрған-ды. Сексеуілдің томарын қаластырып, екі күн ошақ отын өшірмеді. Шойын плитаның бет шарпитын қызуы ылғал бөлмені жылдам құрғатты. Керексіз заттарды сыртқа шығарып, бензин құйып өртеді. Ішкі есіктің сынған топсасын жаңалады. Құм басқан терезелерді ерінбей-жалықпай ыждаһатпен тазалады.

Тосын сыбдыр естілсе жалт қарасатын ауыл Есбергеннің жыл құсындай қайта оралғанын неге көрмесін, неге сезбесін! Бір-бірінен сүйінші сұрамаса да «күткеніміз келді ғой» дегендей, көздері күлімдеп, ескі қыстау жаққа иектерін көтеріп, кәдімгідей елеңдесіп қалған-ды. Қызық болғанда сұрамаңыз, өткен күздің қара суығында әлдекімге өкпелегендей бір күннің ішінде шұғыл жиналып, қақыра тамды сыртынан бекітіп, қымбат моторды кездейсоқ мәшиненің жүк салғышына лақтыра салып, қаладағы мекен-жайына суыт аттанып кеткен. Жасыратыны не, онсызда жапырағы жайқалып тұрмаған төңірек тапа-тал түсте құйын соғып өткендей біртүрлі мұңайып, жетімсіреп, сылқ етіп, көңілсіз күйге түсті де кетті. Әрине, оның бәрі көзге бірден баттиып көрінбес, дегенмен жалғыз адамның да орны ойсырайып, бірнәрсенің жетпей тұрғандығы анық аңғарылып тұрды... Ол кісі жоқта шөпкетышар бірлі-жарым атқамінерлер бұрын-соңды кезікпеген тосындау мінез көрсетті. Үйдің салығы төленбеді, суға, электр қуатына қарызсыңдар деп кемпір-шалдарды қыспаққа алудың қажеті қанша еді. Бүгін-ертең бұл ауылдан көшіп кетсе сөз бар ма, арғы күні де көретінің сол... жүздерін күн тотықтырған және өмірі бірнәрседен құрқалам-ау деп асықпай баяу қозғалатын баяғы жерлестерің болған соң, ол оғаш қылықтан не тапты?! Бұл сұрақты төтесінен қоятын да, оған толыққанды жауап беретін де жөні түзу пендені кезіктірсең кәнекей!

Ине ұшында отырғандай үнемі үркектеп, ескі ғимараттың ертеңгілік есігін ашарда да саусақтары дірілдеп, кілтті әзер бұрайтын әпенділеу бір адам болса, ол сөз жоқ, пошта бастық. Пенсияға бірер жылы қалғанда қиян-шеттегі елді-мекенде мынадай жылы орын қайда?! Ал сол жылы орыннан жылжып кетуің де көзді ашып-жұмғанша. Өзінің де бейнеті бесбатпан. Майлы қасықтай кісімен ылдым-жылдым араласуға келгенде барып тұрған мақұрым. Ілері жылжуға мойны жар бермейді. Әйтпесе, Есберген әулие жүрді ғой осы ауылда шаруа тындырғансып, аяғын алшаң-алшаң басып. Оның немен айналысқанына бас ауыртқаны не?! Мұнысын тірі жан естімесін, бұл өзі ашқан жаңалық – балықтың желбезегіндегі кісіні қартайтпайтын түймедей дәріні тапқыш адамды әулие демегенде не демексің?! Әулие ғой, әулие! Құрдастары ол дәріні қолға қайтіп түсірсек екен деп, түні бойы дөңбекшіп, жынданған кісіше жұлдызды аспаннан жәрдем тілеп, ауыздарының суы құриды. Өзіне салса, ол дәріге әуестігі шамалы. Ол дәріні ішкен соң жап-жас боп, екі иықты жұлып жеп, екі көзі аларып, кімге тиісерін білмей елеріп жүруді де жүрегі қаламайды. Дәрісі бар болсын, қартайтпайтын дәрі несін алған!.. Құдай беріп тұрған несібені ауызға салып, талмап жұтудан да құр қалды ғой бұл сорлы! Өзін өстіп жерлесе ғана тынысы кеңейіп, жүйкесі жөнге түседі. Оу, жұрт не демейді, жұрттың айтқанына сенсе, әлдеқашан арам қатар! «Есберген шақырған жерге бармай, оқтау жұтқандай сіресіп жүретін ерекше жаратылған адам!» Бәли, сөз болғаныңа! Өстіп те кісі алжасады екен-ау, ә?! Келмесе өзі виноват... мұның міндеті: «Елге келген қонақсыз, біздің үйдің де сізге деген дастарқаны жаюлы. Кесімді уақытын айтыңыз!» Міне, тілді түртіп тұрған болар-болмас бір ауыз сөзді батылы барып айта алмаған соң, өзгесіне не жорық! Келмесе тіпті алақай! Ішім-жемге текке шығынданбайды. Теңіз астында дем алмастан жүзе беретін кісінің де жүрегі жұмсақ болуға тиіс қой әсілі! Сол жұмсақ жүрек бірде болмаса бірде, пошта бастыққа да иіліп, ілтипат танытпас па еді?! «Бұл өзі тумысынан дұрыс адам ғой» десе, мұнан артық мақтау-марапатты қайдан таппақ?!  Газет-журналды мезгілінде жеткізіп беретін еді демей-ақ қойсын. Бәрінен бұрын әлгі теңеудің құдірет-күшін айтсаңшы! Пошта бастық өзгелердей емес,  сырттай болса да Есбергенмен аз-кем араласты ғой. Сондықтан мұның өтінішінің ескерусіз қалуы бекер-ді. Ендігісінің бәрі кеш,  ендігісінің бәрі – бәлду-бәлду бәрі өтірік... Үнемі үрей мен қорқыныш. Есберген елмен араласады, құлашы кең. Бір кәделі жиынның келе жағында: «Сол ауылдағы анау пошта бастық қандай адам өзі?!» – дейтін жүрдім-бардым айтыла салатын жүгіртпе сөздің өзі-ақ мұның түбіне жетеді. Анық жетеді. Оқыс соғылған қоңыраудан зәресі ұшады. Аудан шақыртса, шаруаның біткені.

Қалбалақтап жүріп, пошташы келіншекті ертеңгі шайын ішкізбестен дереу шақыртып алды. Қозы қарын бүлк-бүлк: – Менің орыным керек болып жүр ме?

Жібек аң-таң. Бастығының әпенделігін түсіне қояды да қулыққа көшеді: – Сауатым шамалы, оқымағам...

–Оқу-шоқудың қажеті жоқ бұл араға. Шоқпарың мықты болсын! – Пошташы келіншектің Есбергеннің үйіне жиі соғып тұратындығын араға тықпалап, әлденені түтіндеткісі келіп оқталғанымен, арыға бара алмады. Қозы қарынның қозғалысы жылдам: – Шыда, құтыларсың менен де...

–Не дейсіз, пенсияға ма?

–Иә, пенсияға... Ал, әзірге... Әлгі кісінің поштасын жеткізіп бер!

–Кімді айтасыз?

–Есберген деген әулиеге.

–Сіз, сізге не болған! Жеңгемізбен ұрысып қалғаннан саусыз ба? – Жібектің жүзіне күлкі үйірілді: – Ол кісі өткен айда көшіп кеткен.

–А...а. солай, солай де, мен оны әлі осында жүрген шығар десем... Жә, бопты, боссың. Шаршаған шығарсың, дем ал! Керек кезінде шақыртып аламын.

Есбергеннің төбе көрсеткеніне бәрінен бұрын қариялар қуанышты. Қымбат дәрі әзір қолға түспесе де, жасарып кеткендей бір күннің ішінде. Жүрістері қунақ, ыңқыл-сыңқыл азайған. Сандық түбіне жасырған азын-аулақ тенгесі бар түйіншекті балалардың көздерін ала бере сыртынан сипап қояды. Дайын жүргендері абзал. Көнебөгендегі ескі қыстауға күн сайын үлкен үмітпен көз тігеді. Жақсы хабар жеткізгендерге сүйінші дайын.

Жоғары сынып оқушылары ауылға Есберген қайта келіпті дегеннен сымдай тартылып, жөнге түсе қалған. Бірде-бір сабақтан кешікпейді. Селтеңбай жүріс пышақ кескендей тиылған, қыздарға да жөнсіз тиісуді жөн көрмейді. Сыпайы, салмақты. Дені география пәнін шұқшиып оқиды. Есбергеннің өмірбаянын айшықтайтын ол жүріп өткен жолдар: жер шарындағы мұхиттар мен теңіздер сан түрлі бояулармен картаға түседі. Мектеп мұғалімдері де қулыққа көшкен. Есберген келе ме, келмей ме, о жағымен есептеспейді: «Ағаларың келер айда мастер-класс өткізеді» деп ауызша құлақтандыруды апта сайын жарнамалайды. Бұрынғы директор ауысқан. Өткен жолғы «кездесуді» еске түсіретіндер жоқтың қасы.

Түбіт мұрттылар маңдайға түскен шашты кейін серпиді. Әрбірінің көкірегінде маздаған бір-бір жанартау. Кіші теңіз жағалауына қоныстанған жатаған ауыл – атамекен  өмір бойы естен шықпайтын бойтұмар. Ұмытылмайды. Бұл – мәселенің бір жағы, екіншісіне келгенде жұдырықтай жүрек кеудені қақыратып, құс болып ұшып кете жаздайды. Құмды өңірдің келешегі, кіші теңіздің болмашы береке-байлығы жер басып жүрген балықшы қауымның бүгінгі ұрпағына-ақ бұйырсын! Ендігілердің өрісі алыста, қиял жетпейтін қиырда. Жағалаулықтар үлкен теңіздің де, кіші теңіздің де қасиеті мен қасіретін тұла бойға толық сіңірген. Толқын шайған балғын дене шып-шымыр. Асау мұхиттар мен тепкісі күшті теңіздердің түйеөркеш толқындарымен айқасқа түсуге тас-түйін дайын. Дүние аласапыран, күн сайынғы өзгерістердің ұштығына шыға алмайсың. Бүгін бірін бағындырсаң, ертең екіншісі. Құдды айдын төсіндегі ала құйын теңіз мінезінен аумайды. Теңіз мінезді жігіт болсаң, кәне, мұхиттағы дүлей дауылдан қиналмай аман өт. Мұхит – өмірлік сынақ. Осы сынақтан сүрінбей өтсең азаматсың! Мұхит толқындары тірі жанды аямайды. Шыда, шыдамасаң ағаш жаңқасы тәрізді жағалауға лақтырып кетеді. Одан қайтып қатарға қосылуың екіталай. Дүние өзгерісінде есеп жоқ. Жұмыр жердің кез-келген нүктесі егер сен жан-жақты жетілген нар тұлғалы, намысшыл азамат болсаң... жатсынбастан құшағына қысуға әзір...

Есберген ағайдың шеберлік сабағында ортаға тасталар әңгіменің өзегі осыған ұқсас болар деп топшылайды көпшілігі. Әлем адамы атанған Есбергеннің осы ауылдан шыққаны қандай мақтаныш!.. Сіз аман жүріңіз Есберген аға!..

Есбергеннің жол талғамайтын көлігін алғаш көргендердің бірі Жібек еді. Тұла бойы күйіп-жанды. Неге бүйткенін өзі де түсінбеді. Себепсізден- себепсіз үйге бір кіріп, бір шықты. Кішкентайы қыңқылдап жылай берген соң оның да амалын тапты. Шкафтағы тас кәмпиттің бір талын қолына ұстатқан. Жым болды. Береке тапқыр-ау, басқасы басқа, ал мына қылығына не дерсің?! Көршіден көже қатыққа деп сұрап алған бір тостаған сүтті тасытып алды. Сүттің төгілгені қайбір жақсылық. Күйіктің иісі жуық маңда тарқамады.

Мектептен келген үлкен қызы гүлді көйлегін киіп, шашын тарап, айна алдында сәнденіп тұрған шешесін көргенде таңданыспен демін ішке әзер жұтты.

–Әсемкүлдің туған күніне барасыз ба?

–Әсемкүлі кім? – Жорта білмегенсіді. Жуанданған бөксесі жарып жіберетіндей тарылған көйлектің етегін әлденеше төмен тартқылады. Айнаға қарап шыр айналды. Әсемкүлі ауыл шетінде тұратын жамаағайын туысы. Өткенде аздап жүз шайысып қалған. Жоқ, жынын келтіріп, жер астынан шыққандай кісімсігені. Мұның күйеуі оның байын әдейі мас қылып кетіпті-міс. Жинаулы көрпе-жастық арасына тыққан тенгені қалай тауып алған. Қолдарында ақша іздейтін құралдары бар ма? Тыртыңдап балалардың күзгі оқуға барар киімдері үшін жинаған. Тап бүгін Әсемкүл түгіл әкесі шақырса да барайын деп тұрған ниеті жоқ.

–Жараса ма?

–? – Қызы үндемеді. Мақұлдағандай әнтек қана иығын қозғады. Ол көйлектен өзі де үмітті-тін. Бойжетті. «Зауыт директорларының қыздарына еліктеме. Өңшең шөпжелкелерді қайтесің. Одан сабағыңды оқы» деп ақылгөйсиді шешесі. Бұлар ақыл айтуға шебер ғой. Көйлегі құрығыр жыртылып-ақ кетсін, енді бұған да бәрібір.

–Тамақ тоңазытқышта, жылытып іш. – Шешесіне шынымен не көрінген, а?! Бір түрлі ғой өзі, бір түрлі. Бұрын түстік асты өзі әзірлеп, үйдегілерге теңдей бөліп беретін. Төргі бөлмеден әкесінің міңгірлеген дауысы естілді.

–Басың ауырса ішіңкіре, – деді шешесі айна алдынан ұзамаған күйі. Осындайлардың ұзақ өмір сүретіндігіне қайран.

–Түндегіден бірнәрсе қалды ма? Жылытпа ішсем, жағдайым жақсарар ма еді?

–Жылытпаны түсіңде ішерсің.

–Қалай? Мені тірілей өлтірейін деп пе ең?

–Өлмегенде нең қалды?! – Екі бүйірін таянып, есік көзінде талтайып тұр.

–Бәли, биге бармақпысың? – Көзі кіртиген күйеуі сәнденіп алған әйеліне тіктеліп мойын бұрды. – Шығарарсың...

–Балаларға бас-көз бол. Мені іздеме. Жұмыс бастан асады. Айдың соңы, атшот. Естіп тұрмысың?! – Дауыс екпінін күшейтті.

Поштаға газет-журнал әкету үшін емес, көз қылу үшін соға салды. Есбергеннің атына жазылғандарды әкетуге арба керек. Тау боп үйілгендерді бәрібір оқымайды. Маңай ұйқыдан жаңа оянғандай тып-тыныш. Жағалаудан қайық жөндеп жүрген әлдекімдердің сұлбасы қарауытады. Ертең балық аулау маусымы басталғанда жан мұрын ұшына тіреледі. Қыс бойы қаңырап тұрған зауыттар үйреншікті тірлігіне баяу кіріседі. Әзірге балықшылардың бәріне бірдей балық аулауға рұқсат берілмейді. Уылдырық шашу қатаң бақылауда. Жазатайым уылдырық шашу кезіндегі жарлықты қыстырмай, жаңбыр-жаңбырдың арасымен бұқпантайлап, аман құтылармын деген есекдәмемен балық сорпасын ішкісі кеп, қызылсырап жүргендер ұсталса, айыппұлдің мөлшері жыл бойғы жарты табысқа тең. Оған тәуекел ететіндер шамалы. Дегенмен бірлі-жарымы табылмай қалмас. Оған дейін қол қусырып қарап отыруға басшылар да маза бермейді: – Қайықты майладың ба? Ау-құралды әзірледің бе? Алғашқы айдың жоспарын ұмытқан жоқпысың?!..

Жоспарды ұмытып өле алмай жүрген кім бар. Ұлтаны майланған қайық тікелей түсетін күн сәулесіне құштар. Қарамай бірден қатып кетпесе, ертең саңалау тауып, су шығып кетуі кәдік. Балықшылардың дені наурыздың екі-үш жұмасын амалсыз күтеді. Мына жүргендер құсұйқылы шыдамсыздар. Зауыттардың сорайған қаңылтыр мұржаларынан үздік-создық түтін будақтайды. Балық ыстайтын цехтар әзірлікті өстіп бастайды. Келесі айда дайын өнімді әкетуге келген мәшинелер қақпа алдында кезектесіп тұрғанда, түстік асты асықпай ішетін жағдай туса?!.. Тісті балықтың ішін жарып, қоң етін бөлек, төстігін бөлек айырып, өткір пышақтың жүзін қайта-қайта қайрап бел жазбайтын әйелдердің бір-бірімен амандық-саулық сұрасуға да уақыттары тапшы.

Жібек Көнебөген қыстағына туралап апаратын күре жолдан қиыс бұрылып, ұрлық жасағандай құм төбелердің арасымен жаяу жүргенді жөн көрді. Тірі жанның көзіне түсуден қашқақтайды. Өсек өрттен жаман. Оның бер жағында, ілбіп ілгері жылжыған аяғы ғана. Ал жүректің алабөтен бұлқынысын айтпаңыз! Сүйгенімен алғаш жүздесуге келе жатқан бойжеткеннің қайтіп хал кешетіндігі тап қазір есінде жоқ. Ондай күйді бастан кешті ме, кешпеді ме, о жағын да тап басып айта алмайды. Жүректің аласапыран қан айналысы бас сүйекті қақ айырып, мидың ту-талақайын шығаратыннан әрі. Бәли, Жібек шынымен жынданған шығар. Үйлі-баранды, ақыл тоқтатқан, жақсы-жаманды айыра білетін кертақта ұрғашының бұл желігуі қай желігу?! Масқара! Махаббат, мұның аты махаббат деуге өзін қанша қинаса да, аузы бармады. Әлде еркектік борышты басы бүтін ұмытқандай, жанында күйіп-жанып әйел жатқандығын қаперге алмай, аузына жүз грам арақ тисе көңілі көк тіреп, ізінше әнге басып, артынан қор етіп ұйықтап кететін маскүнем күйеудің көзін бақырайтып қойып, өш алғысы келген әрекет пе?! Несін жасырады, еркектің иісіне өлердей аңсары ауған. Бойын буған ессіз құштарлықтың емі қайда?! Реті келсе ер адамның ауыр салмағына жаншылып, жұлын-жүйесін, он екі мүшесін еркіне жіберіп, ол керек қылған қимыл-әрекеттің қандайына да қарсылық жасамай, бір рақаттың жолына жалған намыс, ұят-аятыңды да құрбандыққа шалып, армансыз ағыл-тегіл терлегісі келеді. Жә-жә, осы қылығын жерден алып, жерге салып, Жібекті күстаналайтындар да табылар! Жазғырсын, мың жерден жазғырсын! Мың мәрте дүрелесе де арқасы дайын.  Айна алдында баланың басындай аударылып-төңкерілген қос анарын уыстап тұрады да, көзін сығып теріс айналады. Ту биедей толыса бастаған дене былқ-сылық. Балық алуға келген бизнесмендердікі  бықсыған бақай есеп. Балықпен байланысы жоқтарға жоламайды. Балықшылардың байсыз отырған балдыздары болса, солай қарай жылыстайды. Бірер шампанды қолтықтарына қысып, түн ауа жағалаудағы жұмысшылар жатақханасының темекі иісі сасыған ыс бөлмесінен табылады. Жібектің ондай-ондай немкетті олжаға жем болғысы келмейді. Әлдекімдердің көзіне түсіп қалдым ба деп, қараңғы қуыстарға бой жасырып, бірдеме болды ма, болмады ма, онысын да анық біле алмай, дамбалының ышқыр бауын жолай байлап, зытып бара жататындарды иттің етінен жек көреді. Ондайларды елемейді, ондайлардың тоят тапқандарына да күмәнді.

Ал Есбергеннің тұлға-бітімін айтпаңыз! Маң-маң басқан жүріс-тұрысы қандай! Көз жанарынан от ұшқындайды. Қиыстап қарағанының өзі көтеріліп-басылған көкірегіңді өртеп жібере жаздайды. Қабағы сұсты, суық. Жасы келсе де бір ұрғашының желігін басуға мықшеге. Жібекке керегі де осындай еркек! Үстінен тер емес, қымбат әтірдің иісі аңқиды. Бара салысымен көптен көрінбедіңіз ғой деп, бас-көзге қарамастан мойынға асыла кете ме?! Сізге өлердей ғашық болғанымды білсеңіз... дегенді қайтіп жеткізеді? Кез-келгенмен тіл табысуға шабан, әр сөзін сатып бергендей ұзақ үнсіздіктен соң ғана дүңк ете қалатын Есберген мұның еркексіреген еркелігін елемей, ұсынған қолын қағып жіберсе қайтпек? А...а? О жағын қаперге алмай еркек иісіне елітіп, тиесілі сыбағадан құр қалатындай қос өкпесін қолына алып, жүгіріп келе жатқаны қалай? Кілт тоқтады. Жыңғыл бұтағының түбіндегі құжынаған құмырсқаның илеуіне көзі түсті де, сол тұрған жерге тізе бүкті.

Күн райы жылы. Құртқашаштың сабағы жасылданып, енді-енді бой тіктей бастаған. Жабайы жиденің жуандау бұтағына ұя салу қамына кіріскен шымшық торғайлар бөтен адамның тосыннан төбе көрсеткеніне болар-болмас қынжылыс білдіргендей, ащылау үнмен үздіксіз шықылықтайды. Құм суырған өлкенің де көктем уағындағы өткінші жауындай сіркіреп өтетін өз қызығы өзімен. Жағалау қан сасиды. Шағала мен қарғаның құдайлары беріп қалатыны осы тұс. Уылдырық шашуға шыққан сазан балықтың жағдайы белгілі. Жанұшырып құмдауыт жерге бауырын төсеген күй уылдырық шашқанша өлермендікпен ілгері қарай  жылжи береді, жылжи береді. Ілгерісі – қара құрлық. Қайтып суға түсе ме, түспей ме, оған бас ауыртатындар шамалы. Шанышқыға іліккендері қазан қайнатуға сеп. Суға жетпей желкесі қиылатындар қара қарға мен шағаланың жемтігі. Төңіректі бастарына көтеріп, ханбазардың қызығына батқандай шаңқылдайтындар да солар. Түнемелікке қарай жемтікке кірпішешен ие.

Орнынан ұшып түргелген Жібек Есбергенмен қалай жүздесудің жоспар-айласын ойлап келе жатыр. Қиналатын түгі жоқ, жолығыспай жүрген кісі емес.

–Келетіндігіңізді алдын ала хабарламадыңыз, үйдің ішін тазалап, терезелерді айнадай жалтыратып қояр ем, – деп қамқорсиды Жібек.

–Керегі жоқ, керегі жоқ, әзір өз күнімді өзім көретіндей күшім бар. – Есбергеннің жауабы да Жібектің көкірегінде сайрап тұр.

–Дегенмен, еркек адамның үй тірлігімен бүкшеңдеп жүргені... – Жібектің өзімшіл ниеті анық аңғарылады.

–Осы көңіліңе де рақмет, қалқам! – Есберген сәл сынғандай рай байқатады. «Сізді кім шақырды, неге келдіңіз?!» де бұрыңғыша дүрсе қоя берсе, Жібектің де жүні жығылып қалмас па?!

Осындай диалогтың боларына сенім білдірген Жібек қамыс үйдің есігіндегі қара құлыпты көріп, қалт тұрып қалды.

ХХХ

Бұлай боларын кім білген. Балықтың уылдырық шашар мезгіліндегі жан алып, жан беріскен тірлігін көз алдына ойша елестеткені болмаса, әлі де көп нәрседен бейхабар екендігін осы жолы аңғарды. Және осылай қарай шығарда орталық теледидардың басшылары үйге арнайы бұрылып, көптен орындай алмай жүрген арман-мақсаттарын да ақылдасу үшін ортаға салған. «Сіз, сізден басқаның қолынан келмейді, осыған шынттап кірісіңізші!» деп бірден бұйрықты бұрқ еткізбесе де, Есбергеннен көп үміт күтетіндіктерін  ә дегеннен байқатқан. Алдымен Есбергеннің су астына сүңгуден әлемдік рекорд жаңартқанын, талай мұхиттар мен теңіздердің түбіне батқан кемелердің қазына-байлығын мемлекет игілігіне асыру жолында жанқиярлық ерлік істердің басы-қасында жүргендігін, соның арқасында таңғажайып атақ-абырой иеленгендігін және соған қарамай «мен сондай адаммын» деместен қарапайым өмір сүргендігін... әлгілердің ескі хиссаның түйінін тарқатқандай, түннің бір уағына дейін армансыз жырлағаны. Шау тарта бастағандықтың белгісі ме, әлде құлаққа жағымды термедей естілген әуен-сөздің буына балқыды ма, әншейінде өзі туралы мақтау айтылса үн-түнсіз орнынан тұрып жүре беретін Есбергеннің олай-былай қимылдауға шамасы келмеді. Әсілі, шамасын келтірмеген басты себеп ол емес-ті. Бұйымтайдың өн бойынан ізгіліктің иірімі еседі, бір кезде өзі де қиялдаған, кейін алағай да бұлағай қарекеттердің қамымен жүріп ұмытқан, не ұмыттыруға кінәліні алыстан іздемейтін Есберген де бір желпініп қалды. Мыналардың осал тұсты тап басуын қараңыз! Есбергеннің ойын да оқып қойғандай. Тура ондыққа дөп тигізеді. Өткен өмірден қалғаны құр естелік... Естелікті қашанғы сүйрелейсің. Кей тұстары ескіріп, көнереді. Онысын жаңалап, арасына аздап «тұздық» қосып, жұтындырып жіберуге Есбергеннің шеберлігі жетімсіз. Амалы қайсы, ақырында бармағын тістелейді. Кейбір антұрғандар айтқанына сенімсіздік танытып, бастарын шайқаса: «өй, әкеңнің!» деп шапалақпен жақтан тартып жіберуге енді Есбергеннің қолы көтертпейді. Екінші жағынан – ұят. Ардақтап алақанға салған ақсақалдың ұшқалақ мінез танытуы қайбір адамшылық. Ақсақалдыққа әрине, әзір асықпайды. Десе де көптің аузын қайтіп жабады.

Қазіргі заман естеліктен гөрі нақпа-нақ, қолға ұстайтын шындыққа құштар. Ал кезінде әлгі әлемді аузына қаратқан сіңірі шыққан арық шал Жак Кусто секілді жүрген жолын кинолентасына жаза берсе, Есберген де кездесуге шақырғанда сонысын экранға шығарып, өзі шеттеу бұрышта елдің ықылас-пейілін аңдып, бейқам отырмас па еді?! Эх, өттің дүние құрбекер!..

Ішін ұрайын, ішкісі келді сол жайсаңдармен. Мұз салған вискиден біраз ұрттады. Басы дың-дың... «дүниеден түңілетіндей ешнәрсе болған жоқ...»,  «сіздің құраттай шымыр денсаушылығыңызбен теңесетіндер сирек...», «сіз әлі де бір қызды молынан қартайтасыз...»,  «қызық болсын, көре алмайтындар күйініп тұз жаласын, біреуден балпанақтай ұл тудырыңызшы, аға!..»

–Сендер немене, мені мас болып қалдыға санаймысыңдар? – Есберген  ізінше сілкініп бой тіктеді: – Кәне, негізгі шаруаларыңа көшіңдер! Үндемегенге, басқа секірмекшісіңдер ғой, түге!..

Қонақтардың ауыздарына құм құйылған, үндері міңгір-міңгір.

–Сіз, сіздей адам сирек.

–Айтылған. Қайталау. Өз шамамды өзім білемін.

–Білсеңіз, сіздің де немерелеріңіз өсіп келеді.

–Немерелерді неге қыстырасың бұл араға?

–Сол ғой...

–Не сол?

–Бүгінгі балабақшадағы барлық бүлдіршіндер сіздің немерелеріңіз!

–Ал?

–Сол ғой... солардың телевизордан не көретіндігін білесіз бе? Өңкей шетелдің балдыр-батпақ фильмсымақтары.

–Оу, оған менің қатысым қанша?

–Сәл тоқтаңызшы, табиғаты тұнып тұрған елміз дегенде кеңірдегімізді көкке созамыз. Қайда сол тамылжыған табиғат?!

–Оны экологтардан сұраңдар.

–Тоқтаңызшы! Сіз кешегі Арал, бүгінгі кіші теңіздің жанашыр қамқоршысысыз.

–Оны кім айтты?

–Білеміз ғой, білеміз! Сіз бізді де бірдеме білетіндердің қатарына қосыңызшы!

–Ал, ия...

–Кіші теңіздегі қазіргі адамдардың балық аулау процесіндегі ашкөздіктеріне қарсысыз. Басы бүтін қарсысыз. Табиғат-анамыздың сайрайтын тілі болса айтар еді перзеттерінің өзіне жасап жатқан жауыздықтарын. Сол шалажансар табиғат-анамыздың басын сүйеп, тамағына су тамызып жүрген жалғыз адам сіз ғана...

–Қойыңдар-ау, сендер тіпті... көпшік қоюға мұнша мықты болармысыңдар?!

–Бар шынымыз, қылдай өтірігі жоқ, ағасы.

–Ал, иә...

–Сол немерелеріңізді сіз де аяуға, аяушылық білдіруге тиістісіз ғой...

–Қалай, қайтіп?

–Міне, соған келе жатырмыз. Бізде ең құрығанда балаларға көрсететін балықтар әлемі туралы да түк жоқ. Көшірме, көшірме. Мұхитқа түстіңіз...

–Мүйіз шықса...

–Мұхиты бар болсын, өзіміздің кіші теңіздегі балықтар туралы бір фильм түсіріп беріңізші.

–Фильм түсіретін маман емеспін.

–Оған маманның шеберлігі шамалы. Операторға да алаң болмаңыз. Ол сіздің еркіңізге жібермейді, қол байлау. Киноаппарат аласыз да осы қалай-ау деген көріністі шетінен түсіре бересіз. Құрап-сұрау біздің шаруа.

–Бәли.

–Сізден басқа оны бірден-бір пенде түсіре алмайды. Теңіз астына сүңгімек түгілі...

–Болды, жетер!

–Келістіңіз бе?

–Балалар үшін деген соң дымым құрып тұр.

–Қазір балықтың уылдырық шашар мезгілі. Өзіңіз үшін жағалауға кетіп барасыз. Таптырмайтын тақырып. Бала түгілі балықтың қалай уылдырық шашатынын өзіміз де білмейміз. Жапонияда жасалған түсіру аппаратын ертең жеткізіп береміз. Келістіңіз ғой, аға, кәне қолыңызды беріңізші!..

Есберген жағалауға күн шықпай келген-ді. Шағалалардың алабөтен шаңқылы үйде тыныш жатқызбады. Оның үстіне қара қарға қосылып, «оркестр әуені» құлақ құрышын қандырған. Ойпыр-ай, мына дәу бас сазандар шынымен өле ме-ей! Ауға түскенде бұлқынып, аудың көзін жыртып, не балықшының қолын қанататын теңіз тағысы ғой кәдімгі. Ондайда балықшы бауырлардан қулық арылған ба? Қайық ұлтанында жататын жеп-жеңіл ағаш балға маңдайға сарт ете түседі. Оған да бірден беріле қоймай, біразға дейін құйрығымен жер сабалайтын қайран сазанның қор болған түрін қараңыз! «Қор болғаны несі?!..» Ара-тұра өстіп шектен шығып кететіндігіне іштей өкінді. Ұрпақ өсіру, ұрпақ қалдыру жолындағы жанқиярлық десе қандай жарасар еді! Теңіздің терең тұсынан жұлдыздай ағып келеді де, ешбір кедергілерге қарамастан бауырын төсеп, қатқылдау жерге жетісімен уылдырықты бұрқ еткізеді. Уыс толы уылдырық алдымен су бетіне қалғып шығады да табиғат жарықтықтың жазылмаған ережелері енді еске түскендей, біртіндеп терең жаққа жылжи бастайды. Жылжығаны білінбейді. Мойын бұрып бір қарағанша уыс толы уылдырық теңіз суына сіңіп жоғалады. Бәлкім, теңіз жыртқыштарының аузына түспей тұрғанда балдырлардың арасына жетіп жасырынуға қам жасайды. Балдырлардың арасына жетсе, одан арғысына тәуекел. Балдыр уылдырықты өлтірмейді. Бойына жан біткенше құшағына қысып тербетеді. Бармақ басындай бір түйір ұрықтан пайда болған мың-миллион майда шабақ ертең топ құрып, дәу бас сазанның үйреншікті жолымен теңіз астындағы қиын да құпиялы сапарға бел буады. Біразы өлер, ауыру-сырқауға ұшырар.

Майда шабақтарды қамыс собығының түбінде аңдып жатып, оншақтысын бірден қылғыта салатын бір жексұрын жәндік бар. Оны бичок дейді. Көзге түсетіні бұлтиған ұрты ғана. Тұрқы сондай сүйкімсіз. Бұрын бұл өңірден кезікпейтін. Бұл адамның көзсіз ақымақтығы да кісіні қарадай шаршатады ғой. Бірақ ақымақтық жасадық деп кінәсін мойындайтын бір пенде табылса! Бәрі білгіш, бәрі көреген. Кіші теңіздің кенересі тола бастағанда қолында азды-көпті билігі барлар жағалаулықтардың келешек тағдырына бас ауыртқансып, тосын жаңалық ашқансып, ойға-қырға шапқылаған. Тез арада теңіздің пайдасын көріп, баю мақсат. Тәжірибе алмаспақ болып, теріскейдегі әріптестерімен ақылдасты. Мұндайда оқтаулы мылтықтай әзір тұратын «қамқоршылар» табыла кетпей ме?! Камбала өсіріңдер деді, теңіздің толғанына қарамай, олар тайыз суда өсе береді деді. Әрі сырт елге тасымалдауға ыңғайлы. Камбаласы қабырғасынан күн көрінетін әйтеуір, балық тұқымдасқа жататын жыбырлаған бірдеме! Бұл –бағалы бастама, мұхит өнімін кіші теңізге жерсіндіру деп бөсті біреулер. Арасынан саясаттың саябағын іздеді. Әлгі аты өшкір уылдырық жегіш пәле сол камбаланың тұқымымен бірге келген  «ұлы мұхиттың бізге берген сыйлығы». Оу, есті кісі бірер жыл шыдамдылық танытса, осы теңізге жерсінген баяғы балық тұқымы да жетіліп кетпес пе еді!

Жә-жә, Есбергеннің бәрін тындырып тастап, енді соны ойлап, бас қатыруы қалып па?! Ұрты томпайған жексұрынды түп-тұқияңымен құртып жіберуге бұлардың шамасы жетпейді. Мейлі, уылдырықты жей берсін, қалғаны да жетер. Әйтеуір, су бетінде қалқыған уылдырық балдыр арасына жетіп жығылса уәйім жоқ. Балдыр арасына балық түгілі Есбергеннің де аңсары ауады. Мына қым-қуыт дүниенің шаң-тозаңынан шаршап, жан тыныштығын ойлағанда, балдыр арасына барып жата кеткісі келеді.

Уылдырық шаштым, аналық міндеттен құтылдым десе де, одан әрі өмір сүруге қам жасау керек шығар деп, сазан балықтың кері бұрылмайтын  қырсықтығына не берерсің?! Өлуге қайлы. Ішін босатып алған соң, қанат құйрығымен ілгері жылжып, теңізге түсуге не кедергі? Жұмыртқадан шығысымен құм бетіне ирелеңдеген із тасап, теңізге қарай жылжып бара жататын тасбақа құрлы жоқ па?! Қайырлап қалған балықты көргенде ала көзі жылтыңдап, шыбын жаны тырнақ ұшына тірелгендей бірде төмен, бірде жоғары ұшып, шаңқылдайтын шағалаларға керегі осы! Ал дүниенің бар қарғасы осы маңнан табылған. Қарқ-қарқ. Олар да Есбергенге өлердей өкпелі. Бұл өзі қайдан тап болған пенде?! Бұрын-соңды мұндай адамды бұл маңнан кезіктірмеген. Кешегі хал-қарази дәуренді  көрер-көзге бұлардың аузынан жырып әкетпекші, ә?! Қайраңдағы балық біткенді жалаңаяқтанып алып, кеудесінде жаны барларын есі шығып теңізге лақтырады. Түске дейін дамыл таппады. Неткен қайсарлық?! Қимыл-қозғалысына жан леспейді. Токқа қосылған ойын мәшинесі дерсің бейнебір. Бірақ жаңа ғана уылдырық шашқан балық біткенге жалғыз өзінің шамасы жете ме? Оны қаперге алған пенде болса... Есбергендікі қолға іліккендеріне дем беру... Қан сасыған жағалауды көргісі жоқ. Қап, осылай қарай шығарда бәрін қамдастырып, тек мылтықтың еске түспегендігіне қайран. Төргі үйдің төріне ілінген қос ауызды қолға алмағалы қай заман. Мына төбесінде ойнақ салған көрінде өкіргірлерді үркітуге бірер патрон жетіп-артылар еді-ау! Табиғи жаратылыстың бірі болса да, тап осы қара қарғаға жаны ашымас-ты. Көксегені өліксе...

Терлей бастаған соң, былғары бешпетін шешіп тастады. Кешіп барып, теңіздің кермек суын алақанға толтырып, жұтып-жұтып жіберді. Таң атқалы нәр сызбағаны онсызда белгілі. Құйрық басуға шама қайда, күн қыза балықтың қарасы көбейе түсті білім. Қадам басқан сайын қайраңдап қалған балыққа сүрінесің. Есберген уылдырып шашып үлгергендерін есі шыға теңізге жөнелтеді. Осындайда бір адамның көмекке келмегені қалай?! Басқасы басқа, әлгі Жібек шырағымға не болған?! Былайғы уақытта Есбергенмен тілдесуге сылтау таппай дымы құрып жүреді де, керек кезінде қарасын көрсетпейді. Әділдік пе мұнысы?! Есберген назар салмайтын газет-журналды қолтықтап, есіктен сығалып тұратын сол келіншектің көмегі қажет болып тұрғаны-ай! Әлде балалары мен маскүнем күйеуінің бабын таба алмай жүр ме?

Шағаладан гөрі қара қарға өжет. Жағада ебіл-дебілі шығып, біреу жүр-ау дегенді қаперге қыстырмайды. Есберген қос өкпесін қолына алып, ентігіп жетемін дегенше шашау шықандарды бүріп әкетеді. Бүріп әкетеді де аулақтағы құм төбенің басына шығып, «түстенеді». Қарқ-қарқ. Емін-еркін, жағалары жайлауда. Бейтаныс кісінің мына қимыл-әрекеті де қызық тіпті. Ерсіл-қарсыл жүгіріп жүреді де әлденені ұмытқандай, қобдиша секілді қорапты иығына асып, уылдырық шашқан балықтардың үстіне төне түседі. Мылтық шығар деп күдіктенген. Содан бірі қалмастан желдің ығына қарай дүркірей ұшты. Аңдысын аңдады. Мылтық атылса өлімге бас тігіп қайтеді, бұйырған несібені тағы бір тұстан теріп жер. Қобдидай қораптың мылтық еместігіне ақыры көздері жетті. Сол бойда желдің ығымен бірі қалмастан дүркірей «көшіп» келді.

Түс ауа Есберген шынымен діңкелеп шаршады. Аяғымен тік тұру арманға айналды. Қарны ашты, жүрегі сыздады. Сексеуілдің шоғына піскен  қайран балықтың майлы төстігі-ай!. Жо-жоқ, әлі де жағалауды бір айналып шығуға шамасы жетеді... Киноаппарат қолында. Есі ауған кісіше аппараттың тұмсығын төбеден төнген қара қарғаның нөпір тобына қаратып, «пух, пух!» деп «атқылайды». «Сендерде қарғаның жемтігі болудан басқа мақсат жоқ па?» деп ауыздарын ашып, құм жағада пырдай шашылып қалған балықтарға қарап, бірнәрсе айтқысы келеді. Дауысын қатайтып ұрысқысы келеді.

Кенет біреу шалып қалғандай құрғақ жермен ілбіп келе жатып, етпетінен құлады. Ары қарай қимылдауға дәрмені қалмаған. Сулы топырақтың сызын да сезген жоқ. Аяқ-қолын еркін созып, сұлқ жатыр. Дүниенің рақаты тыныштық екен-ау деп тамағын кенеп, әлденені айтуға оқталды. Бірақ оған шөлден қаталаған тілі икемге келмеді. Шөл мен аштық бірге шабуылдады. Теңіздің кермек суы қақыра тамның іргесіндегі гүмпілдеген шеген құдықтың шекеден шығар тастай суындай қайдан болсын. Ең болмаса, соның бір тамшысын тамаққа тамызар иманжүзді пенденің қашан кезігерін кім білсін. Түс көргені де қызық, бір жағынан күлкілі... Су бетіне қалғып шыққан уылдырық атаулы қайыққа айналып кетеді де, Есбергеннің былық-сылық денесін дереу жерден көтеріп алып, балдырлардың арасына қарай ала жөнеледі. Өлі ме, тірі ме? Өзіне салса балдырлардың арасынан мәңгілік орын тапса, ешбір өкінбейді. Былайғы өмірдің қызық-шыжығын бір адамдай көрді ғой. Қалғаны жер басып тірі жүргендерге...

Жағалауға енді табаны тиген Жібек ессіз-түссіз жатқан Есбергенді көргенде жанұшыра жүгірді. Басын сүйеді. Бетіне жұққан құм қиыршықтарын алақанымен сипады, ақшыт орамалын сулап маңдайына басты. Есберген болар-болмас сығырайтып көзін ашты. Жібекті таныды. Аздап ыңырсыды. Бірақ «сен мұнда қайдан жүрсің?» деген жоқ.

Қуаныш Жиенбай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377