Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4488 17 пікір 6 Желтоқсан, 2019 сағат 12:47

Келімбетовтер 2 миллион теңгеге жуық айлық алады. Басқалары ше?

Өткенде Мәжіліс «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заң жобасына түзетулерді мақұлдады. Мәжілісте сөз алған орталықтың басшысы Қайрат Келімбетов қаржы алаңы арқылы тартылған инвестиция мен қарыз капиталы туралы мәлімет берді.

Оның айтуынша, 2018-2019 жылдары АХҚО арқылы елімізге шамамен 2,5 млрд доллар инвестиция тартылған. Оның ішінде қарыз капиталы 2 миллиардтан асады. Ал, меншікті капитал 216 миллион теңге болған көрінеді.

Сонымен қатар ол АХҚО қызметкерлерінің қанша жалақы алатыны туралы айтыпты. Біздің көңілімізді аударғаны да осы болды.

Келімбетовтың сөзінше, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшылығындағы азаматтарға бонустар берілмейді екен. Және олар «Бәйтерек» холдингінің қызметкерлерімен деңгейлес көлемде жалақы алады. Келімбетов келтіріп отырған  дерекке сенсек, «Бәйтерек» басшыларының айлығы шамамен 5 мың доллар көлемінде болады.

Енді осы 5 мың АҚШ долларын қазіргі курспен есептеп, теңгеге аударсақ - 1 938 500 теңге болады. Бұл жаңағы Келімбетов басшылық ететін орталық басшыларының айлық жалақысы.

Миллиондап айлық алатын жалғыз Келімбетовтер емес. Ақорда мен Үкіметті айтпағанда, түрлі лауазымдағы әкімдер мен Парламент депутаттарының айлық табысы да миллионның төңірегінде екені біраздан бері айтылып жүр.

Жалпы, лауазымды қызметтегілердің табысы туралы ашық мәлімет аса көп емес. Десе де, әкім-қаралардың кейбірі жалақысын жасырмай айтып та жүр. Мәселен, Батыс Қазақстаннан Елордаға көш түзеген Көлгінов мырзаның айлығы 770 мыңнан жоғары екен. Астанаға ауыссам да айлығым сол мөлшерде қалады деген Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтандағы жұмыстың қанша дегенмен ауыр екенін айтады.

Ал, Елорданың экс-әкімі болған Бақыт Сұлтанов сол қызметте отырғанда 960 мыңнан астам айлық алғанын айтқан. Алайда, Сұлтанов та мұны ең төменгі 34 жалақының қатарына жатады деп ренжігендей болып еді.

Алматы әкімінің айлығы 950 мың теңге. Бірақ, Сағынтаев оның 200 мыңын салыққа төлейді екен. Ал, Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек бұл қызметте жүргенде 600 мың теңге айлық алатынын айтқан.

Енді аймақ әкімдерінің айлығына аз-кем тоқталып өтсек:

2018 жылдың қазан айындағы мәліметтер бойынша, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың айлығы - 744 мың, Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев 742 мың алатынын айтқан. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов 766 мың теңге алады екен. Басқа өңір басшылары әзірге айлық табысы туралы айта бермейтін көрінеді.

Ал, министрлік өкілдері ше?

Бізге белгілісі БжҒМ вице-министрі Шолпан Каринова 600 мың айлық алатынын айтқан. Тағы бір БҒМ вице министрі Рүстем Биғари 640 мың айлық алады. Ал, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов 650 мың алатынын айтады.

Депутаттардың жалақысы туралы нақты мәлімет жоқтың қасы. Оған себеп те жоқ емес. Осыдан екі жыл бұрын олардың айлығы 1 млн. теңгеге дейін көтерілетіні жария болған. Ол қоғам тарапынан қызу талқыға түсті. Тіпті, экс-сенатор Уәлихан Қайсар парламенттегі 150-ден астам депутатты бағу мемлекетке үлкен шығын, деген болатын.

Экс-сенатордың сөзінше, депутаттар Елорданың ортасындағы «Нұр Сая» кешеніндегі пәтерде тегін тұрады. Қызметтік көлік және медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Оған қоса, әр мереке сайын миллион теңге көлемінде сыйақы алатынын айтқан еді.

Ал, ең мықты жұмыс істейді деген депутат күніне ең көбі 80-100 бет қағаз оқиды екен. Осы үшін оларға миллион жалақы төлеу қаншалықты әділетті, деген...

Салыстыру үшін айтайық, 2019 жылғы есеп бойынша, Қазақстандағы ең төменгі айлық жалақы - 42 500 теңге болса, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері - 16 037 теңге. Ал ең төменгі зейнетақы - 36 108 теңге.

Жәрдемақы мен тұрмыстық-әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ, айыппұлдар мен басқа да төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 525 теңге деп белгіленген. Ал базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі - 29 698 теңге екен.

Ал ресми статистика түзушілер елдегі орташа жалақы мөлшерін есептегенде жаңағы 2 миллион алатындар мен 42 мың теңге алатындардың жалақысын ортақ есеп қылады. Содан шыққан қорытынды сан - Қазақстандағы орташа жалақы болып белгіленеді.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373