Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3477 0 пікір 26 Тамыз, 2011 сағат 07:59

Шара Құрбанова. Қазақ ұлтшылдары, қайда барасың?

Ұлты мен елінің келешегін ойлап, өз беттерінше ұйымдар мен қозғалыстар және партия құрып, ел қамына кіріскен ұлтшылдар аталмыш бағыттарымен қарапайым халыққа не берді?
Осы бүгінге дейін, 1990-шы жылдары құрылған ұлтшыл бағыттағы дара күш деп танылған «Азат» қозғалысы, 2000 жылдан соң құрылған «Ұлт тағдыры», бертіндегі «Ел болашағы», «Арман», сондай-ақ Желтоқсанға қатысты оннан астам ұйымдар, немесе «Аллажар» секілді бірнеше қорлар мен халық қозғалыстарының пайда болғанына аз уақыт болған жоқ. Бірақ осы ұлтшыл ұйымдардың басы-қасында кімдер жүргенінен мүлдем бейхабар қарапайым халық бұлардың бірін білсе, бірін біле бермейді.

Ұлты мен елінің келешегін ойлап, өз беттерінше ұйымдар мен қозғалыстар және партия құрып, ел қамына кіріскен ұлтшылдар аталмыш бағыттарымен қарапайым халыққа не берді?
Осы бүгінге дейін, 1990-шы жылдары құрылған ұлтшыл бағыттағы дара күш деп танылған «Азат» қозғалысы, 2000 жылдан соң құрылған «Ұлт тағдыры», бертіндегі «Ел болашағы», «Арман», сондай-ақ Желтоқсанға қатысты оннан астам ұйымдар, немесе «Аллажар» секілді бірнеше қорлар мен халық қозғалыстарының пайда болғанына аз уақыт болған жоқ. Бірақ осы ұлтшыл ұйымдардың басы-қасында кімдер жүргенінен мүлдем бейхабар қарапайым халық бұлардың бірін білсе, бірін біле бермейді.
Дегенменде, жұмыссыз, баспанасыз - күйсіз жүрген халықты соңынан ертпек болған ұйымдардың арасындағы серкелігінен «серілігі» асып түсетін кейбір топ жетекшілері жұртты айтқан жерге жинап алып, билікке емес, тек өздеріне сенуі керектігін айтып жар салса, жұрт сенбегенде қайтсін? Сайлау науқаны кезіндегі: «Мені депутаттыққа сайласаңдар - аспандағы айды қолдарыңа ұстатамын» деп қарындарын дауылпаз етіп соғатын депутаттар сайланып алғаннан кейін, айды емес, көбінесе дауылпазының таяғын халықтың қолына ұстатып кететінін бұл күнде «екінің бірі егіздің сыңары» біледі. Сөйткен ел қалаулыларын тек телеарнадан ғана көріп жүреміз. Осы кезде тағы да күйі болмай күйбең тірлікпен арпалысқан халықты, Көктен түскен Пайғамбарлар секілді «жарылқаймын!» дегенге ерткен қандай оңай десеңші! Кедейшілік дегбірін алып, болашаққа аз-кем үмітпен жүрген кезде біреу келіп: «Барлық мәселеңді шешіп береміз. Біз биліктің сендерге жасамаған кереметтерін жасап береміз! Жұмыссыздықты жоямыз! Жер алып береміз! Кредит деген тажалға тосқауыл қоямыз!» деп тұрса, сөнуге шақ қалған үміттің қайта лапылдай жөнелмесіне кім кепіл?! Бір қарағанда ұлтшыл ұйымдардың жетекшілерінің бағытындағы осы бір «эпизодтары» ел қалаулыларынан асып түспесе, бір елі қалыспайтын сыңайлы. Өйткені, олардың да басында дүркіреп аттары шығады да, кейін келе сиырқұйымшықтанып, ең соңы «өзінен-өзі» жоғала салады. Сосын кейінгі кезде көптеген ұйым мүшелеріне белгілі болғандай, бұл жарылқаушы ұйымдар өздеріне «ұлт мүддесі үшін» әлдебір жақтан бөлінген ақшаны жеке бастарына пайдаланып кететіні тағы бар. Міне, сондықтан бүгінгі күнде саны бар да, мәнісін ұғу қиын ұйымдардың жаңадан құрылып, жаңаша атауға ие болып отырғаны - қазығы түпсіз қаржыға кеп саятындай.
Кеңестер одағы кезінде Алладан бұрын бірінші орында Компартияға сеніп жүрген халқымыз, еліміз егемендігін алған соң, керісінше, жаңа қоғамды тануда өзгеше бір дағдарысқа кезіккендей.
Кезінде жаппай халықтың аузына оп-оңай ілігіп, шайнамға да жетіп, бірақ  өңештен ары қарай өтпей қалған «Ұлт тағдыры» атты болашақ ұлтымыздың жоқтаушысы болар деп күткен бұл қозғалысты, қазіргі күнде халық арасындағы үлкені де, кішісі де, тіпті студенттер қауымы да ұмытқалы қаш-шан! Мұның ішінде қазақтың салт-дәстүрінің, ана тіліміздің өркендеуіне үн қосады деген ниеттегі «Арман» атты қозғалыстың жетекшісі Ермек Нарымбаевтың істі қолға алар-алмаста түрмеге тоғытылғаны тағы бар. 2006 жылдың қыркүйегінде құрылып, құрамында 200-ден асатын мүшесі бар «Ел болашағы» республикалық халық қозғалысының жетекшісі Бағдат Әріпов: «Шаңырақтан» жер алып беремін!» деп біраз халықтың тізімін жасап, сол кездегі Алатау ауданының әкіміне «табыстады» да, бірер жылдың айналасында өзі көзден бұл-бұл ұшты. «Ел болашағы» қозғалысының ұйымдастырған жиналыстарына қатысып, айтқанын екі етпей жүрген халық, қозғалыстың уәде еткен «жерін» аңсап әлі жүр. Ал «Азаттық» радиосында бұрынғы ұйым жетекшісі Бағдат Әріповтың: «Елден кетуге мәжбүр болдым» деген Ержан Қарабекке берген сұхбатында айды аспанға шығарған әлгі зпизодтарындағы кезекті көрінісінің куәгері боласыз. («Азаттық» орг. 2010 жыл, 19 қазан.) «Ел болашағы» атты ұйымның бар екендігінен бейхабар журналист Е.Қарабектің: «Билік тарапынан қандай қудалау көрдіңіз? Қандай қысым жасалды? Сіздер республикалық деңгейде бар-жоғы бір-екі рет қана акция жасапсыздар ғой...» деген сауалына:
-«ҰҚК-лер ұстап, «Шаңырақта» екі адам жалған құжат жасап, жер сатып ұсталғанын айтты. Сол екеуіне маған: «Шаңырақтың» жерінің бәрін сатқызған, халықты билікке қарсы қойып, болашақта революция ұйымдастырмақ болған» деп жалған түсінік жаздырған. «Менен алаяқ жасағысы келді», дей келе, «Осыдан бастап ҰҚК -лер күнде шақырып мазамды ала берген соң елден кетуге мәжбүр болдым, билік соңыма түсті», дегенді айтады. «Болашақ революционердің» тілшіге берген мынадай жауабын - балаға кәмпит ұстатып алдап қоя бергенмен бірдей демеск шара жоқ. Сұхбат соңындағы «болашақ революционердің» мұндай жауаптарына қарсы қарша бораған хаттардан, (бұрынғы ұйым мүшелерінің де, мүше еместердің де) өзін қолдаған бірде-бір адамның пікірін көрмейсіз. Ұзын сөздің қысқасы, олардың интернеттегі жазған пікірлерінде - «АҚШ-тан саяси баспана сұрайтындай сен кім едің? Елде жүргенде саясаткер, патриот ретінде сені кім танушы еді? Саяси баспана сұрап елден безетіндей, билік саған қандай қыспақ көрсетті? Шетелге кетуге мәжбүр болған саясаткерлердің тағдыры халыққа белгілі. Ал сен еліңе қандай еңбек сіңірдің? Патриот болсаң күресудің орнына неге қашасың? «Ел болашағы» атты ұйымның барлығын естіген емеспіз. «Шаңырақтағы» 4000 үйдің құжаттарын жасап бердім дегенің жалған! ҰҚК-нің шақырғанына бола АҚШ-қа кетіп не болды?» осылай жалғасып кете береді.
Түсінбейтін тағы бір жәйт - Бағдат мырзаның жанында «елден қыспақ көрген» тағы екі жігіт бар. Бірақ олардың аты-жөнін, елден неліктен кеткенін айтудан бас тартқан. Сонда олардың алаяқтан несі кем, несі артық?
Ұлтшыл, патриоттардың бағыты осындай сарынмен жалғаса беретін болса, оларға ерген халықтың сеніміне күндердің күнінде нүкте қойылары анық. Дегенмен де, бүгінге дейін 1986-ның желтоқсанына қатысты құрылған ұйымдардан ұлт болашағының тағдырына алаңдайтын лепті байқайсың. Көбінесе ізгі іс-шаралар атқаруында Бейсенғазы Сәдуұлының жетекшілігіндегі «Желтоқсан ақиқаты» қозғалысының жастарға және халыққа берері мол деп ойлаймыз. Желтоқсан көтерілісінің алдағы уақыттағы 25 жылдығы жақындап қалғаны баршаға аян. 25 жылдан бері алғаш рет желтоқсандықтарға байланысты «Желтоқсан ақиқаты» газетін жарыққа шығарып, ұлтын сүйер жандарды бір қуантып отыр.
Енді таяуда ғана құрылған Қажымұқан Ғабдолланың «Қазақ елі» атты халықтық қозғалысы билікті де, бейресми ұйымдарды да бей-жай қалдырған жоқ. Олар 2010 жылы қарашада «Қазақстанның батыс аймағы қазақтарының 1-ші құрылтайын» өткізбекші болған кезде: «Қажымұқан кіші жүздердің құрылтайын өткізбек болды. Қандай мақсаты бар екен?» деген сауал ел ішін дүр сілкінген еді. Бұған куә -  аймақтық және республикалық басылымдардың осы құрылтай жобасы жөніндегі мақалалары, ең соңы Парламенттің Мәжілісінде көтерілген мәселе.
Қазақтың болашақ тағдырын ойлаған Қажекең өзінің редакторлық етіп жүрген «Жұмадағы жүздесу» атты газетіндегі пікірінде: «Менің айтқаным: «Қазақстанның батыс аймағы қазақтарының 1-ші Құрылтайы» деп атап, Қазақстанның барлық аймақтарымен қоса, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Түрікменстаннан және басқа да еуропа елдерінен қазақтарды Оралға шақырып, қазақтың болашағы туралы ақылдасып, өз отандастарыма үлгі боларлық шаруа істемекші едім...» деген еді. Бір қызығы - Құрылтайдың тақырыбының аты айтарлықтай-ақ күмән туғызады екен. Бірақ: «Мұқым қазақтың басын қосып, берік біріктіру үшін, бәлкім тұтастай емес, ақырындап аймақтан бастасам қалай болады?» деген ой келді», деуімен түпкі ойын нығыздағысы келеді. («Жұмадағы жүздесу» 2010 ж, желтоқсан). Қалай болғанда да, Қажымұқан Ғабдолланың қазақтың мәселесіне ат салысамын деген ниетін ендігі жерде іске асырамын десе, ешкім қолын қаға қоймайтын болар. Осыған байланысты «Абай. kz» порталында, «Дат.kz» сайттарында жарияланған ақ жүректі адал, сенгіш, момын қазақтың оң болсынды айтып, өздерінің бұл қозғалысты шын ниеттерімен қолдайтындары жайлы толассыз пікірлерін көруге болады. Осындайда, бұрынғы момын, аңғал халықтың жоғын жоқтап, зарын айтып өткен ұлағатты жазушыларымыз - Бейімбет Майлин, Спандияр Көбеев, Қасым Аманжолов, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды қаламының қарымымен ғарышқа үні жеткен майталмандардың жазған өлеңдері, әңгімелері еріксіз еске түседі екен. Неге дейсіз ғой? Себебі, қазіргі қазақтың толқуы мен қазан төңкерісі жылдарындағы қазақтың толқуларының бір-бірінен айырмасы жоқ болып тұр. Аты аталған ақын-жазушыларымыз да шығармаларында нақ осы жағдайды тілге тиек етпеді ме?
Бүгінгі «Қазақ елін» жақтап отырғандарға қоса, сыни пікірлер де жоқ емес дедік. Қайсы бір порталда Салмырза атты кісінің «Қазақ елін» қатты сынға алғанына Қажекең былай деп жауап қатады: «Осы Салмырза секілді салбөкселер өздерінің қампақ қарнын толтырса ғана бақытты. Мал екеш малдың өзі жемге тойса, торсықтай болып, мұрны пысылдап, ұйқыға көшпей ме? Салмырзанікі де сол - жыртқыштық нәпсі. Құлқынының құлы болудан аспаған-ұлтыңды қайтсін?!» деп сын айтушыға үлкен өкпесін жеткізіп отыр. Әйтсе де, Қажымұқан ініміз «аузы күйген үрлеп ішедінің» кейпіне түскен өзге ұлт жанашырларына түсіністікпен қараса екен. Бұл жерде Салмырзаның да, Қажымұқанның да пікірлеріне айтар қарсы дауымыз жоқ. Бірақ дау әлі алда көрінеді. Қажекеңнің Салмырзаға берген жауабы күндердің күнінде өзінің алдынан шығып тұрмас па екен деген ой келеді. Бізді алаңдататыны осы мәселе болып тұр. «Қазақ елі» болашақта шынайы ұлтжанды қозғалыс болуына тілектеспіз. Алайда, өзінен алдыңғы кейбір қозғалмайтын қозғалыстар сияқты бұл да құмға сіңген судай болып кетпесе жарар еді-ау. Өйткені, бұл қозғалыстың да бастапқы арыны басқалар секілді тым-тым биіктен бастау алып тұр.
«Алға» партиясының белсенділерінің бірі, ақын Айсұлу Қадырбаева бұл туралы былай дейді:
«Кеше ғана құрылған «Қазақ елі» қозғалысының болашағы жайлы қазір дөп басып пікір айту қиын. Бұл қозғалыстың атының өзі елдің тағдырының үлкен бір жауапкершілігін иемденіп отыр. «Қазақ елі» деген сөзден мен өзім бір киелілікті аңғарамын. Мұндай қозғалысты алып жүруі үшін Қажымұқан Ғабдолланың өзі дайын болуы керек».
Ендеше, сайттарда жарияланған Қажымұқанның жоспарларын қалай іске асыратындығын болашақ дәлелдеп берер.
Оған дейін «Қазақ еліне» ат салысамын деушілердің еңбегін өз пайдасына асырып, өздерін тақырға отырғызып кетпесе... Әйтпесе, барбидің көйлегін киген кейбір қозғалыс жетекшілері секілді мұхиттың арғы бетін толтыратын түрі бар.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052