Смағұлға тағзым – бүтін Алаш пен зиялылар ісіне тағзым!
ОТАНШЫЛ ҰЛЫ АЗАМАТ
Біздің ұлттық тарихи жадымыз советтік идеология пресімен жаншылып, терең уланған. Жаңа буын, жас ұрпақ бұл дерттен арылып келеді. Бұл – расында, жақсы үрдіс. Тәуелсіздікке жеткен қоғамның ең үлкен жетістігі. Ал қоғамдық өмірге енді аяқ басқан ұрпақтың талғам-түсінігін ғылыми негізде қалыптастыруға, бағыттауға, біз - аға ұрпақ жауаптымыз. Ол ата-баба моласына тағзым етуден, олардың бізге қалдырған аманатына адал болудан басталады. Осы ретте бүгінгі ұлттық жадымыздың әлсірегендігін көрсетіп тұрған мына фактіге көңіл аудару парыз.
Осыдан сегіз жыл бұрын профессор Дихан Қамзабекұлы бастап, қайраткердің ағайын-туысынан Қапар ақсақал Айтуғанов, Ғимадиден Ожаров, журналист Жақсыбай Самрат сынды ел азаматтары Мәскеуден Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына) Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлін жеткізді. Осы елдік істің заңдық негізін қоғам қайраткері, қазіргі «Қаһармандар» қоғамдық қорының төрағасы, экс-сенатор Сабыр Қасымов жүйеледі. Бұл факті, әрине, ұлттың тарихи жадын бүгінгі сұранысқа лайық жаңғырту әрекеті еді. Бірақ жеткізілген сүйек күлін жерлеу ісі біраз кедергіге тап болды. Бұл жағдайды, сөз жоқ, саналы түрде жасалған қарсылыққа балау тура болмас. Анығырақ айтқанда, ол қоғамның бүгінгі рухани өміріне тікелей қатынасы бар тарихи фактіні өз дәрежесінде түсіне алмаушылық деп топшылаған жөн шығар. Біраз уақыт мешіттің жаназа шығару бөлмесінде 4 айдай сақталып, «Алаш арысы сүйегінің мәселесі» парламентте сөз болып... ақырында С.Сәдуақасұлы сүйегі қаладағы ескі зиратқа елдік дәстүрге лайықты қойылды. Оған да шүкір! Көп кешікпей елорда зиялылары қауымдасып, басына жақсы белгі де қойды. Құлпытасқа «Артымызға – анық көңілмен, алдымызға – ашық көзбен қарайық!» деген қайраткердің өз сөзі жазылыпты. Мұны бүгін мен болашаққа аманат деп түсінейік!..
Смағұл Сәдуақасұлы кім? Бұл арада «еді» деген сөзді саналы түрде айтпай отырмын. Өйткені кезінде қалыптасып келе жатқан советтік отарлау жүйесіне теориялық тұрғыдан негізді, практикалық тұрғыдан сауатты, қарсылық күресін бастаған тұлғалардың бірі де бірегейі Смағұл Сәдуақасұлының айтқан пікірі, көрсеткен үлгісі бүгін де өзектілігін жойған жоқ.
Бұл арада мен кезінде Смағұл тарапынан айтылып, кейінгі өмір туралығын көрсетіп берген екі-үш фактіге ғана жүгінейін. 1923 жылы Орынбор қаласында өткен ІІІ партия конференциясында келімсек, гастролер-басшысымақ Вайнштейн деген (сол кезде үкімет төрағасының орынбасары) Қазақстанда құрылуға тиіс болған социалистік қоғамның материалдық техникалық базасын құру жолдары туралы баяндамасын жасап, «жол көрсеткенде, Смағұл оған жауап сөзінде «жолдас Вайнштейн, сіз арқылы айтылып отырған «база» деген сөзді теріс оқысақ «азаб» болып шығады. Сол социализмнің бізге азап болып келмеу жағын кім қарастырды екен?» деген сұрау тастаған.
Араға үш-ақ жыл салып, яғни 1926 жылы партияның ІІ пленумында келесі гастролер-келімсек Голощекин «қазақ ауылы үстінен «кіші октябрьмен» қайта жүріп өту қажет» деп ұран тастап, И.Сталиннің қолдауын алғанда, оған Смағұл тағы да «Голощекин сөзінде демагогиядан басқа ештеңе де жоқ. Ондай революциялық шараларға ешқандай да қажеттілік жоқ. Біздің қазақ қоғамындағы ендігі кезеңдегі ұстанымымыз азаматтық соғыс жолы емес, азаматтық бірлік тұтастық жолы болуға тиіс!» деп, жадағай конфискация, төтенше отырықшыландыру, ұлттық мәдениетке шабуыл, зиялыларды жою курсына ашық қарсылық танытты.
1928 жылы ол Мәскеуден шығатын «Коммунист» журналына мақала жариялап, советтік индустриализация саясатының қазақ үшін жаңа отарлау саясаты екендігін нақты дәлел арқылы әшкереледі. Мұндай мазмұндағы оның кемелдік және кемеңгерлік үлгісін тізбелеп айта беруге болады.
Смағұл Сәдуақасұлы 1927-1928 жылдары Ф.Голощекинді Қазақстандағы басшылықтан кетіру әрекетін бастап, Троцкий және Зиновьев сияқты оппозициялық ұстанымдағы топпен келіссөз жүргізіп, елге төніп келе жатқан апатты (1929-1933 жж.) болдырмауға жанұшыра кірісіп, советтік ессіз реформаларға ашық қарсылық күрес жүргізді.
Ал сол Смағұл сүйегінің күлі біраз уақыт өз орнын таба алмай, жетімсіреп тұрғаны қандай өкінішті? Әйтеуір тағы да сол әзиз сүйек күлін жеткізген азаматтардың парасатты әрекеті арқасында қаладағы ескі зиратқа жерленді. Өйткені мұнда бір кездері ұлт-азаттық көтерілісінің әйгілі көшбасшысы, соңғы қазақ ханы Кенесары Қасымұлы сарбаздарының да сүйегі жерленген болатын.
Ұлт қайраткері Смағұл Садуақасұлы сүйегінің елге жеткізіліп, дәстүрге сай қайта жерленуі - біздің жаңа саяси өміріміздегі аса маңызды жаңалық еді. Бірақ сол тарихи оқиға билік тарапынан қолдау таппағандығы елдің ойлы азаматтарының көңіліне күдік ұялатқанын жасыруға болады ма? Оны жасыру кімге пайдалы, кімге зиян? Осыны ажырата алмай, екі ағаштың арасында адасқандай күйдеміз. Өкінішті-ақ!
Егер бұл мәселе әлі де ресми негізде ескермесе, осы істі астанадағы зиялылар мен жастар ұйымы қоғамдық негізде қолға алып, жыл сайын желтоқсанның бір күні (Смағұлдың өмірден озған күні) ОТАНШЫЛ ҰЛЫ АЗАМАТТЫҢ басына тағзым етіп, дұға бағыштауды неге дәстүрге айналдырмайды?! Бұл елдік-отаншыл әрекеттен әлдебір құпия саяси астар іздеуге ешқандай да негіз жоқ. Мұндай әрекеттен көмескіленген, лайланған жадты аршып тазарту әрекетін ғана көрген жөн.
Мәмбет Қойгелдиев,
академик.
Abai.kz