Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5331 0 пікір 1 Қыркүйек, 2011 сағат 07:36

Шыңында өскен Алтайдың...

Қадым Бежіңнің  қақ ортасында шағын ғана бамбук тоғайы бар. Қытайлар бұл ауданды Цжюань деп атайды. Біздің қазақтың қара өлеңіндегі «Дүниеде балық үлкен, қамыс жуан» дейтұғын бамбук осы (сол шалдардың «Балқан, Балқан, Балқан тау, О-дағы біздің барған тау» дегеніне сенбей көр, енді). Әрі өткен, бері өткеннің көзін тартатын ескі, жаңа жазулар мұнда көп-ақ. Баяғы «ұсыли жәдид Байтұрсыни» жазу үлгісімен үлкен көпірдің тіреуіне ойып жазылған  «Жете алмай жүзіп Жайыққа, Жағада қалған қайықтай» деген қазақша жазу да бар. "Жылқы ішінде ала -дүр" анадайдан көзіңе оттай басылады. Кім де болса балағында биті бар қазақтың бірі жазған болуға керек. Можантопай тобырға көркемсөздің керегі жоқ. Қытайдың ащы көжесіне тойып алып күнін өткізе береді. Шетелге көп шыққан ағайындар жақсы біледі, қалай екенін қайдам, сан миллион нөпір халықтың арасынан қазақтар бірін бірі оп-оңай тауып алатыны қызық. Қағылез қара бала өтіп бара жатып қайырлып тұра қалады. "Аға, қазақсыз ба? ". Айналайын-ай, осы бір-ақ ауыз сөзде қандай қорғасын салмақ жатқанын білсең ғой сен...Ұзамай қара баланың (оның Қамет есімді ақын жігіт екенін кейін білесіз) маңына,  яки сіздің төңірегіңізге бір топ бала (Ыбырай, Ғұсман, Әлпен, Заңғар, Тізімбек, Ерзат) қалай жиналып қалғанын өзіңіз де білмей қаласыз. Пекиндегі қазақ балаларының бәрі де дерлік Қытай халқы мемлекеттік университетінің студенттері.

Қадым Бежіңнің  қақ ортасында шағын ғана бамбук тоғайы бар. Қытайлар бұл ауданды Цжюань деп атайды. Біздің қазақтың қара өлеңіндегі «Дүниеде балық үлкен, қамыс жуан» дейтұғын бамбук осы (сол шалдардың «Балқан, Балқан, Балқан тау, О-дағы біздің барған тау» дегеніне сенбей көр, енді). Әрі өткен, бері өткеннің көзін тартатын ескі, жаңа жазулар мұнда көп-ақ. Баяғы «ұсыли жәдид Байтұрсыни» жазу үлгісімен үлкен көпірдің тіреуіне ойып жазылған  «Жете алмай жүзіп Жайыққа, Жағада қалған қайықтай» деген қазақша жазу да бар. "Жылқы ішінде ала -дүр" анадайдан көзіңе оттай басылады. Кім де болса балағында биті бар қазақтың бірі жазған болуға керек. Можантопай тобырға көркемсөздің керегі жоқ. Қытайдың ащы көжесіне тойып алып күнін өткізе береді. Шетелге көп шыққан ағайындар жақсы біледі, қалай екенін қайдам, сан миллион нөпір халықтың арасынан қазақтар бірін бірі оп-оңай тауып алатыны қызық. Қағылез қара бала өтіп бара жатып қайырлып тұра қалады. "Аға, қазақсыз ба? ". Айналайын-ай, осы бір-ақ ауыз сөзде қандай қорғасын салмақ жатқанын білсең ғой сен...Ұзамай қара баланың (оның Қамет есімді ақын жігіт екенін кейін білесіз) маңына,  яки сіздің төңірегіңізге бір топ бала (Ыбырай, Ғұсман, Әлпен, Заңғар, Тізімбек, Ерзат) қалай жиналып қалғанын өзіңіз де білмей қаласыз. Пекиндегі қазақ балаларының бәрі де дерлік Қытай халқы мемлекеттік университетінің студенттері. Шыңжаңнан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан оқу озаттарын арнайы жолдамамен орталыққа жібереді. Өздері сүйіп шырқайтын «Шыңында өскен Алтайдың сен бір шынар» дейтұғын әнде айтылатындай, дара бітімді балалар шынында алғыр-ақ. Қай оқуда, қай салада жүрсе де олар үшін қашан да бірінші орында көркем әдебиет тұрмақ. Абай мен Аманханның аралығындағы қалам тартқан қазақтың қай-қайсысын да жатқа біледі. Тату. Ара-тұра "ұйшма" (ұйым), "Жүңге" (Қытай), «орынбасар бастық" (бастықтың орынбасары), секілді "тілбұзарлықтарын" ескермесек, таза қазақша сөйлейді. Ұйымшыл. Қонақжәй. Өздері Пекинде жүрсе де, көздері Алматыда. Кейінгі шыққан Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағыз, Тоқтарәлі Таңжарық, Айгүл Сейілова, Ырысбек Дәбей, Ықылас Ожай, Ерғали Бақаш, Ұларбек Дәлей және Ұларбек Нұрғалым, сондай-ақ Ақберен Елгезек секілді балалар туралы сұрайды. Маралтайдың жаңа кітабын, Әмірханның, Амангелдінің сын мақалаларын талқылайды. Осындайда қазақ деген халықтың қырық жыл қырғын болса да өлмейтініне сенесің.

Енді өлеңдеріне келелік. Жалпы, заманауи қазақ әдебиетінің  ірі бір бұтағы Қытай жерінде мәуелегенін бұрын да айтқанбыз. Содан соң Монғолияда. Басқа  шетелдердегі қазақтарда әдебиет пен өнерден гөрі сауда-саттық, тірлік қамы көбірек дамыған. Шындық солай. Мына жігіттер ертеде өткен Ақыт қажы,Таңжарықтардан бастап кешегі Қажығұмар, Омарғазылардың заңды жалғасы. Әлбетте, негізгі мектебі жоғарыда айтқанымыздай Қазақстандағы қазақ әдебиеті. Сол өлеңдердің бірсыпырасын алып келіп, «Дала мен қала» арқылы қалың оқырманға ұсынғым келді. Оқыңыздар. Сыртта жүрген қандастарымыздың жүрек лүпілі бар мұнда.

Одан бері қанша уақыт өтті, сол бамбук паркіндегі көпірге ойып жазылған екі жол есімнен шығар емес: «Жете алмай жүзіп Жайыққа, Жағада қалған қайықтай...»

 

 

Есенғали Раушанов,

ақын, КР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

 

Әлпен Уәйісұлы

Күзгі арман

 

Соңғы рет бір үнін естіп бұлбұлдың,

Сабағымнан үзілсем деп тұр бір гүл.

Соңғы мәрте самал өбіп жүзімді,

Құласам деп қу жапырақ тұрдың кіл.

 

«Мәз болар ем қу түлкіге құтпан сап»,

Деп сары ағам салпылдайды қысты аңсап.

Ал, жусанның соңғы арманы жүзіне,

Шық тұрса етті күн ұядан шыққан шақ.

 

Сары дала, сағым дала, кешенді,

Аңсайды бір есін алар нөсерді,

Анау айдын соңғы рет бір жүздірмек,

Әні- гәкку, ару аққу- көсемді.

 

Жыл құстары жылар қимай аспанын,

Кәрі кейіп танытады жас талың,

Жел әкетсе жидіп түскен шаштарын,

Күз палеге қарғыс айтар жас қайың.

 

Бұл шақ осы - буар бәрін бұлдыр мұң,

Өкпе арта алман, улы уақыт, құрғыр жыл.

Мауқын бассын, сосын өзгерт заңыңды,

Барлығына мәуліт беріп бір-бір күн.

 

Той-думаның, қастық-достық, силастық,

Қалар бәрі, қалтырармыз мирас қып.

Қимастық қой бізбен бірге кетері,

Қимастық - күз, күз сол үшін қимастық.

 

Түн жыры

Көтерілді көкке әне, күміс табақ,

Күміс табақ төбеге тыныстамақ.

Түн перісі әлемнің ар жағынан,

Алтын шашты аспанға уыстап ап.

 

Жас құрақты жайқалтып жағадағы,

Сай ішінен сыңсиды самал әні.

Ай сұлудың ақ жүзін сипап өтті,

Түн арудың ақ мамық орамалы.

 

Көз жасытып көрші үйден жанған оттар,

Көңде отырмын, дәрмен жоқ қалбалақтар.

Көркем түнның көбесін сөгіп ұшып,

Жалбаң қағып барады жарғанаттар.

 

Көсеп қойып көрші айел жерошағын,

Кешікті деп қарғап жүр «қара санын».

Күңкілдеуік келіншектің күбіріне,

Күледі інім уқалап алақанын.

 

Талып жеткен құлынның құрғыр үнін,

Естіп інім еске алды сырлы мұңын.

Мен отырмын құлын үн құрбымды ойлап,

Інім ойлап қызға еткен «жындылығын».

 

Еміреніп ойларсың енді нені,

(Езілер ме өзгеге ер жүрегі).

Темір қазық маңайын шолып өтіп,

Тентек інім бетіме телміреді.

 

Түн құшағын кеткенде кезіп үміт,

Қиял шіркін қалғиды көзін іліп.

Шәміл шалдың шаңқаны бір мезетте,

Шәуіліне басады мезі қылып.

 

Ай нұрына бөккенде әр сай-белең,

Мамық түнде кеудемде малтайды өлең.

Түн құшағы ашылмай тұрса деймін,

Ал, інім, ол күндізді аңсайды ерен.

 

Білінбейді сәлден соң өзге сыбыс,

Отырамыз інім де, мен де тыныш.

Естуімше түн дейтін тылсым ғалам

Қиғылық пен қиялдың пердесі-мыс.

 

Уыз түнді ірітпе, о, жаратқан,

Түндей ғашық етпейді ғаламат таң.

Дегенімді қосыла құптағандай,

Қос көлеңке байқалды қора жақтан.

 

Ашылғанда сұлу түн терезесі,

Кім-кімнің де қозардай делебесі.

Түнге құштар қиялды құртты-ау, әттең,

Сықыр еткен бөлме үйдің бөренесі.

 

Тектілік турасында

Төбедей көріп сыйлаған төресі халқын,

Тектілер деген түркілер тек осы, бәлкім.

Тектілік емей немене скиф пен сақтың,

Жауына атқан жебесі де алтын.

 

Хандығы берік, ғұндардың қаңғасы да алтын,

Бұлар да сонау сақтардың жалғасы, бәлкім.

Ахина қылыш асынған Аттила дүрім,

Алдаспан жүзін алмас пен қанға суардың.

 

Төскейде түркі төтемін Көкбөрі еткенде,

Күш алған содан өрт жылды өткелектерде.

Тегіне тартқан тебінді бабалар кеше,

Жеңістің туын бермеген жекпе-жектерде.

 

Қуларға елдің бірлігін құлатпай қапыл,

Қайсы бір жұрттан туа алды Шырақтай батыр.

Парсының сан мың жасағын қаңғыртқан ердің,

Айласы асау толқынды тұзақтайды ақыр.

 

Салмаған шиыр бар ма екен сақ пен ғұн, түрік,

Табанда сансыз жау болған жатты ел бұлқынып.

Шу батыр шұрқан салған жұрт сабыры қалмай,

Әмірге басын иді ақыр әбден түршігіп.

 

Арғымағы Айға атылған арыстандарым,

Алмай бір қоймас айқаста алысқан жауын.

Тектілік қой деп тебіренем Дарийдың басын,

Тұмардай әйел толқынға тоғытқанда мың.

 

Ерлердің ісін тарих тезімен екшеп,

Жетті біздерге заманның желімен ескек.

Тентектік етіп алсам да тебіренем сосын,

Тегіне тартқан дейтін сөз тегін емес деп.

 

Ыбырай Дүйсенұлы

ЕСЕНҒАЛИҒА ХАТ

Серік болған кеште қоңыр, таңда да ақ,

Құсқа жақын, емес тағы малға жат.

Нар туралы жиі-жиі жазатын,

Нар тұлғалы сары қазақ.

 

Бір ақын бар - Үш Құштайдан мекені,

Жетегінде өлең дейтін сетері.

Алматыға ол бармайды, не қылсын,

Алматыға сол сары қазақ жетеді.

 

Құштай, Көксу көкірегіне кең сиып,

Жанарында жүреді ылғи дерт ұйып.

«Қаба жалды қара құнан» секілді,

Қара түнде тұрады үнсіз селтиіп.

 

Күле жылап, жылай жүріп күледі,

Әрі тұйық, әрі ашық бұл өзі.

Миллионға ұқсаса да түр-өңі,

Жүз мың қазақ жүрегіндей жүрегі.

 

Ержетті ол да сынбай, көрмей көп азап,

Кереметтей сүйдірді оны о, ғажап.

Мырзашөлді қимай жүріп ақыры,

Мырзашөлден көшіп кеткен со қазақ.

 

Батып бара жатқан тұста күн өліп,

Күнге қарап көкірегінен гүл өріп.

Мүлгиді-ай кеп, көркем тауыс секілді,

Жыр қанатын көкке жайып жіберіп.

 

Шертетұғын тау-өзенге сырларын,

Ағып өтер жұлдыз еді-ау бұл да бір.

Уа, Ес-аға, кірмеді ме түсіңе,

Сендер жайлы жазылатын жырлары,

Сол баланың алыс елде туғаны...

 

Кемпірқосақ

 

Қызыл-жасыл қойлар көрем түсімде,

Селк оянам, секілденіп шерлі құс.

Аспандағы қазақтардың ішінде,

Аса бір бай кемпір бопты дейді-мыс.

 

Жылайды аспан, көздың жасын көл қылып,

Сонда кемпір, (әйтеу өзім сенемін)

Жаңбыр сайын екі басын жерге іліп,

Аспан жаққа тартады екен көгенін.

 

Тынады аспан, тарқатып бұлт айдарын,

Топырақ исі аңқиды кеп жерден кіл.

Саумақ болып қызыл-жасыл қойларын,

Көгенге әкеп қосақтар-мыс сол кемпір...

 

Беу, дүние-ай, назіктікті талдадым,

Сүйсінемін сұлулыққа тұрып қап.

Қызыл-жасыл қойды кемпір сауғанын,

Жүреді екен жердегілер қызықтап...

 

Заңғар Тұрарбекұлы

 

БАЙҒЫЗ ЖЫРЫ

 

Түн пердесін жамылғанда бар аумақ,

Ай сұлуы сығалайды қыраттан .

Арша отының кыл сәулесі манаурап,

Байғұз үні талып жетер құлаққа.

 

Құс жолына телміремін тек үнсіз,

Аспан маған сезіледі тым ыстық.

Самал жел жоқ, ақ қайыңдар сыбырсыз,

Бұл недеген құлазыған тынштық .

 

Жалғыз қалам,

Жалғыз даптер,

Жап-жалғыз,

Жазғанына басымды идім тағдырдың.

Мұңлы әнін қайталар жақпар- құз,

Байғұздың.

 

Қара түнде қара тауға жеттім де,

Құшағына сүңгіп кеттім - тыныштық.

Байғыз үнін жырыма арқау еттім де,

Байғыз мұңын алдым бірден туыс қып.

 

Сары жапырақ сағыншым бүр жарды,

Алақызып отыра алмай кеш құрым.

Ешкімнен де естімеген жырларды,

Қара тауда қара түннен естідім.

 

Мен бекіндім жазарымды жазып боп,

Жырларымды оқытамын байғызға .

Тұрам сосын көкте Темірқазық боп,

Жүрегімді бөліп беріп бар қызға.

 

Мүсіркеме мылқау түн деп жырласам,

Қасіретім

Емес мұлдем ермек бұл.

О, адамдар, байғыз жырын тыңдасаң,

Шұбәланба, мен деп біл.

 

ТЕҢІЗ СУРЕТІ

Көгілдір теңіз, көгілдір сағым, не түрлі,

Көркіне көзім қараған сайын қанбайды.

Біріне-бірі тым ынтық жандар секілді,

Ақ бұйра толқын жағаны сүйіп ойнайды.

 

Шағалаларда құштарлықпенен қарайды,

Шексіз де түпсіз құдыретіне бағынам.

Күн аруының әлемге нұры тарайды,

Көтерілгенде тынықтың арғы жағынан.

 

Күн аруының керемет шағы шалқыған,

Еріне басып көтерілгенде оянып.

Тұрады сосын магмалардай балқыған,

Көгілдір теңіз қып-қызыл қанға боялып.

 

Сипайды самал жағымпазданып қарадай,

Теңіздің көркем салалап бұйра шаштарын.

Дауыл тұрғанда долданар тентек баладай,

Жартасқа ұрып бастарын.

 

Мөлдірлікпенен қарсы алған күліп сан айды,

Беу, Теңіз, сені аңсаймын, әр күн сағынам.

Күн аруының әлемге нұры тарайды,

Көтерілгенде тынықтың арғы жағынан.

 

Құсман Құмашұлы

Құм жыры

Күн сүйіп жатқан құмдаққа,

Жоғалған мөлдір моншақпын.

Жаңбырдың нілін ардақтап,

Жасыл түс көрсем мұң шақтым.

 

Жыңғылдың түбі жыланшық,

Жылыстап аққан жырымдай.

Сүтсіз құдықтан құм аршып,

Суат қылсам ба суынбай?!

 

Алапат ауыр күнімнің,

Серігі болған сексеуіл.

Түбіңнен сенде жұлындың,

Құба-құп оған ексе гүл.

 

Қаңбақ көшеді мұңдана,

Қонысы болған құба дүз.

Ұшатын жерін сұрама,

Қонатын жерін сұраңыз...

 

Оның жаны

 

О, асыл түн, ғасыр түн,

Даналардың парақтатқан дәптерін,

Оның жаны табиғаттай асыл-тын,

Ай сәулесі сияқты еді ақ керім.

 

Естіп жатып қарсы аламын әр таңды,

Ғұлама түн аударатын хамсаны.

Сонсоң өзім сүйген сол бір қалқаны,

Жырлаймын кеп тамсанып.

 

Бүлк етпейді сайтандары сай қала,

Түн құстары тұр жырлап.

Күздің соңғы жапырағы жай ғана,

Әр немені айтып жатыр былдырлап.

 

Сары жамбас боп әзер жетер ақ таңға,

Қандай ұзақ ғасыр-түн.

Қазақ қызы-ай татитұғын мақтанға,

Оның жаны табиғаттай асыл-тын.

 

 

Әділет  Ахметұлы

ДӘУІР ОСЫ

Тағы келді мағынасыз минуттар,

Сыбдыры жоқ тасқараңғы көрдей түн.

Адымыңды аштырмайды құй- батпақ,

Өлдім - талдым дейсің, бірақ өлмейсің!?

 

Тағы келді мағынасыз сағаттар,

Үрейлі істер көріп шықтың түсіңде.

Бір жалғыздық жүрегіңді азаптар,

Отырсаң да топты жұрттың ішінде.

 

Жетті осылай мағынасыз күн- айлар,

Жүзіңе шын күлкі табы түспейтін,

Төңіректеп суық, сұры сұм айла,

Кең отырып, тамағыңды ішпейтін.

 

Күлімсіреу айналды ұлкен формаға,

Айналаңды бажайласаң отырып.

Мұндағы жұрт жымяды зорлана,

Бір- бірімен силасады отірік.

 

Өз ісіңмен болсаң егер үн қатпай,

Онда біттің, бұл ортаға  жақпайсың.

Амалсыздан тіл - жағыңды құрғатпай,

Зорланасың, жымясың, мақтайсың....

Дәуір осы...

 

 

Бөлтірігінен бөлінген...

Бөлтірігінен бөлінген...

Естіп пе едің ерке құл,

Есіңді жишы, қай уақыт?

Бөрілер жортқан өлке бұл,

Бөлтіріктерін ойнатып.

 

Бұл заман деген қай заман,

Бөктерден барыс көрінген?

Беткейде аң - құс жайраған,

Бөрі мен бөрі бөлінген...??

 

Кезеңдер күнгей ـ теріскей,

Кетілді қалай келте өмір?

Күшік пен ене кезікпей,

Кедергі болды- ау тор темір!

 

Көзіңді ашшы бөлтірік,

Кегіңді қайтар өлекшін.

Кең сахарада желпініп,

Кемсеңдер күнге не жетсін!!!

 

Күлімдей төгіп күн нұрын,

Көк Тәңір енді жолықтыр.

Көріп жүр олар бір -бірін,

Көлденең бір тор бөліп тұр...

 

Көзделіп оған көк садақ,

Көрінді бәрі қас болып.

Күн батыс жаққа көп қарап,

Көзіне тұрды жас толып.

 

Көгінде мынау өмірдің,

Кетпесін кері кей жолдар.

Кесепат болған темірдің,

Кетігі қайда, ей, Көкжал...?

 

Көрінсе егер бір кетік,

Кең қарғып одан өт бері.

Көк белде жылап жүздесіп,

Күшігіңді еміз, Көкбөрі!!!

 

Өлекшін ана жол баста,

Тұрса да мауқың басылмай.

Жетіңдер тезден сол жаққа,

Сахараң күтіп жатыр бай...

 

Сендерге шаттық күн туат,

Әйтеуір кеш пе, ерте ме?

Қоңыр белдерде қыңсылап,

Далаңа еркін еркеле,

Далаңа еркін еркеле!!!

 

Қамет Нұрбазарұлы

Биболға

(Аяулы ақын досым, өмірден 21 жасында аттанған марқұм Бибол Жұмағалиұлына)

 

Өмірдің желі тосын айдаған,

Кетті ғой алыс жаққа алып

Өледі күндер осылай ғана,

Сағынышыма тапталып

 

Серік болмады ақылға сенім,

Қайғыны қолдан жасадық

Зиратың үнсіз жатыр ма сенің...

Өлеңің тасқа қашалып.

 

Жеке күндердің жетім үні ғой,

Ыңырсып менің салғаным.

Сен болып кеткен секілдімін мен,

Сері боп өткен ардағым.

Себепсіз ғана сен кетіп қалдың,

Сағынштағы хал қиын.

Жырыңа сенің шөлдедік тағы,

Жиырма үшке шықтың дәл биыл.

 

Көңілде қайнап жатады ылғи,

Сен жазар жырлар, сендік ой.

Батқанмен күндер бастарын шұлғи,

Алматы үнсіз дейды ғой...

 

Өмірдің желі тосын айдаған,

Кетті ғой алыс жаққа алып.

Өледі күндер осылай ғана,

Сағынышыма тапталып

 

Кеше біз ұлы Қорғанға шықтық......

 

Кетік там,

Қашанғы?

Қайдағы?

Қорыққан , қорқытқан...

Нашардың

Айғағы...

 

Табанға таптадым

Тыңдаймын,

Жел гулеп...

Осы ма мақтаның.......

Біреулер шулайды

-       Өлдім деп.

 

Түнек там,

Қан жапқан,

Тысы аппақ.

Суретке ал

Аруақты.

Құшақтап...

 

«Менің елім»

Оты бар

Шыңда осы

Еңіредім....

Ойымда Отырар

Сұлбасы..

 

Отырдым.

Шайтан мұң

Иектеп.

Көпірдім:

«Бабамның айқайын

сүйем тек...»

 

Серт-өлең

Азғырма,

ішпеймын, мен бүгін.

Қорғанның бетіне

Жасыммен жаздым да

Бабамның ерлігін.........

Қан...

Кек жыры.

Қолтаңба..

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340