Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3604 0 пікір 1 Қыркүйек, 2011 сағат 07:51

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ. «МЕН – ҚАЗАҚПЫН!» деп таңба салған ақын

Таңертең университетке бармақ боп, жинала бастаған едiм:
- Саған айтып беретiн тақырып бар, - дедi Баукең көңiлсiздеу тiл қатып.
- Мен жұмысқа кешiгем, деканымыз...
- Бүгiн ешқайда бармайсың! - деп Баукең сөзiмдi аяқтатпай бөлiп жiбердi.
Мен таңырқаған күйi тосылып қалдым. Бұрындары жұмысыма телефон шалып: "Бастығыңнан сұранып кел, тәртiпке бағын, тәртiпке бағынбасаң, оңбайсың" - дейтiн кiсi ендi тәртiп бұзуға өзi себепкер болмақшы ма?
- Отыр!
Мен Баукеңнiң бұйрығына үнсiз бағынып, қарсысындағы орындыққа жайғастым.
- Я скоро буду шагом марш...
Бұл сөздердi Баукең жай, сабырмен айтты. Тұла бойым мұздап кеттi. (Ерекше таң қалғаным, жоғарыдағы сөзiнен кейiн Баукең араға төрт ай салып, жарық дүниемен қош айтысты).
- Қайғыратын ештеңе жоқ, мен ата-бабамнан әулие емеспiн!
- Басқа әңгiме төңiрегiнде сөз қозғалықшы, - дедiм мен сасқалақтап.
- Дұрыс. Саған қазiр найзағай ақын Қасым Аманжоловқа байланысты бiр оқиғаны айтып берсем деймiн. Кейiн ұмытып қалуым мүмкiн. Бүгiн жұмысқа бармайсың дегенiмнiң себебiн ендi түсiндiң бе?
- Түсiндiм.
- Түсiнсең, маған ренжiме. Ертең үйiме қайтам. Келiнге де, саған да рақмет.

Таңертең университетке бармақ боп, жинала бастаған едiм:
- Саған айтып беретiн тақырып бар, - дедi Баукең көңiлсiздеу тiл қатып.
- Мен жұмысқа кешiгем, деканымыз...
- Бүгiн ешқайда бармайсың! - деп Баукең сөзiмдi аяқтатпай бөлiп жiбердi.
Мен таңырқаған күйi тосылып қалдым. Бұрындары жұмысыма телефон шалып: "Бастығыңнан сұранып кел, тәртiпке бағын, тәртiпке бағынбасаң, оңбайсың" - дейтiн кiсi ендi тәртiп бұзуға өзi себепкер болмақшы ма?
- Отыр!
Мен Баукеңнiң бұйрығына үнсiз бағынып, қарсысындағы орындыққа жайғастым.
- Я скоро буду шагом марш...
Бұл сөздердi Баукең жай, сабырмен айтты. Тұла бойым мұздап кеттi. (Ерекше таң қалғаным, жоғарыдағы сөзiнен кейiн Баукең араға төрт ай салып, жарық дүниемен қош айтысты).
- Қайғыратын ештеңе жоқ, мен ата-бабамнан әулие емеспiн!
- Басқа әңгiме төңiрегiнде сөз қозғалықшы, - дедiм мен сасқалақтап.
- Дұрыс. Саған қазiр найзағай ақын Қасым Аманжоловқа байланысты бiр оқиғаны айтып берсем деймiн. Кейiн ұмытып қалуым мүмкiн. Бүгiн жұмысқа бармайсың дегенiмнiң себебiн ендi түсiндiң бе?
- Түсiндiм.
- Түсiнсең, маған ренжiме. Ертең үйiме қайтам. Келiнге де, саған да рақмет.
Баукең орнынан тұрып, терезе алдына барып, сыртқа көз салды. Мен iшiмнен: "Деканымыз Темiрбек Қожакеев қатал кiсi, жұмысқа бармағаным үшiн сөгiс жариялайтын шығар. Мейлi, нендей жаза болса да күтiп алдым" - деп өзiмдi-өзiм жұбаттым.
Баукең орнына жайғасысымен:
- Мәскеуде әскери академияда оқып жүрген кезiм, - деп бiрден әңгiмесiн бастады. - Алматыға оқта-текте соғып кетем. Үйге Мұхаң (Мұхтар Әуезов), Сәбең (Сәбит Мұқанов) бастаған, тағы басқа дос-жарлар, туған-туысқандар келiп жатады. Ондайда бiздiң үй кiшкене жәрмеңкеге айналатын.
Бiрде дос-iнiм босағамнан аттады. Қасында өңi сары, көзi көк, орысқа ұқсас әйелi бар. Әлгi iнiм бұрын да үйге келiп-кетiп жүретiн. Мiнезi жiбектей есiлген биязы болатын. Ендi қарасам, тiптен өзгерiп кетiптi. Бiресе сызылып, бiресе шiренiп отыр. Қызметтен сәл жоғарыласа, қазекеңнiң айналасына "сен кiм, мен кiм?" деп қарайтын жаман әдетi бар ғой. Сөйтсем, ол Алматы қалалық партия комитетiнiң хатшылығына жоғарылаған екен. Костюмiне сыймай, "менi көрдiң бе?" дегендей, өзiнен-өзi iсiп-кеуiп, шiренiп отырған сырын түсiне қойдым. Iшiмнен: "Мынау өзi қып-қызыл ақымақ жiгiт екен ғой, менiң үйiмдi кабинетiне айналдырмақ па?!" - деп қитығып қалдым.
Үйге келген кiсiге кет дей алмайсың ғой. Амалсыз әңгiмелесiп отырмын. Бiр кезде:
- Қасым Аманжолов адам емес, ит екен, пәлен-түген, - деп жамандай бастады.
- Е, не боп қалды?
- Мен туралы өлең шығарыпты, ақымақ ит!
- Е, ол қандай өлең?
- Менi хатшы етсе, партия еттi. Қасым еткен жоқ қой. Надан жiгiт екен, ақымақ ит екен. Қолымнан келсе, ендi оған ешқандай жақсылық жасамаймын, - деп тас-талқан болды.
Бақытжанның шешесi тектi жердiң қызы едi, оның айтқандарын жақтырмай қалғанымды сезе қойып, сөздi басқа жаққа бұрып жiбермек едi, алара қарағанымнан қаймығып, үнсiз отырып қалды.
- Айтып бершi, өлеңiн мен естiген жоқ едiм.

- О, ақымақ ит өстiп жазыпты, - деп Қасымның "Берсең бер, бермесең қой баспанаңды" деген өлеңiн жатқа айтып бердi. Мына шумағы есiмде қалыпты.

- Сыртынан көремiз де сүйiнемiз,
Пәленшеев жолдастың үйiне бiз.
Қашан түсiп қалғанша хатшы болмай,
Неге ақын болдық деп күйiнемiз.
Мен күлгенiм жоқ. Бақытжанның шешесi мырс етiп:
- Ойбай, шайым не болды екен, барып бiлейiншi, - деп орнынан тұрып, ас үйге кеттi.
- Сен Қасымды ақымақ деп қапаланып отырсың. Менiңше, сен оған қайта рақмет айтқын.
Өзiнiң де, әйелiнiң де көзi бақырайып кеттi.
- Бауке, бұл қай сөзiңiз?
Сол жылы ол тарих ғылымының кандидаты дәрежесiн аламын деп диссертация жазып, қорғағалы жүр едi.
- Тарихшысың. Тарихшы боламын деп диссертация дайындап жүрсiң. Сен қайта Қасымға рақмет айт. Қолыңнан келсе, "құртамын-пұртамын" дегенiңдi қой. Мұны менен басқа ешкiм естiмесiн.
- Бұл қай сөзiңiз, Бауке? Сiз де қызық екенсiз!
- Әй, сен оған рақмет айтқын! - деп ашуландым. - Өзiң тарихшысың ғой. Түсiнсең, ол сенi тарихта қалдырыпты.
Қара адам ашуланғанда көкпеңбек боп кетедi екен. Көгерiп, әйелi қып-қызыл боп кеттi.
- Сен туралы Қасым Аманжоловтан басқа бiр тарихшы бүйтiп жазбайды. Бағаналы берi Қасымды
ит деп оттап отырсың. Ол сенi тарихта қалдырыпты. Ашулана көгерiп:
- Туу, Бауке, сiздiң үйiңiзге келiп жүрген мен де ақымақ екенмiн! - деп столды итере-митере
, орнынан ұшып тұрды. Әйелi де тұрды. Ашуланса, екеуiнiң де түрi түрге ұқсамай кетедi екен. Бақытжанның шешесi жүгiрiп келiп:
- Ойбай-ау, не боп қалды? - дедi сасқалақтап. Дос-iнiм көгергенi былай тұрсын, дiр-дiр етедi.
- Әй, бiр қызық әңгiме болып едi, соған күлiп отырмыз, - дедiм мен.
Бақытжанның шешесi түсiндi.
- Ал, жеңгей, рақмет. Бұдан былай сiздiң үйiңiздiң есiгiн ашпайтын болдым.
- Тұра тұрсаңдаршы? Жөндеп шай да iшпедiңдер. Ағаларыңның мiнезiн бiлесiңдер, ашуды қойыңдар...
Мен безiрейiп отырып алдым. Әйелiн ертiп шығып кеттi. Ол осы уақытқа дейiн есiгiмдi ашқан емес
. Топтың iшiнде жолыққанда лаж жоқтықтан бас изесемiз. Сөйтiп Қасым марқұмның өлеңi дос-iнiм екеумiздiң арамыздағы қарым-қатынасқа қып-қызыл "пайдасын" тигiзген.
Баукең iшегi қата күлiп, "түсiндiң бе?" дегендей маған иегiн қақты.
- Өзi ақымақ жiгiт екен. Қасымның өлеңiн дұрыс дедiң деп менi осы уақытқа дейiн атарға оғы жоқ. Әрине, мына соңғы шумағы ақынның жинағында басылмаған. Мүмкiн мұны менен басқа да бiлетiндер бар шығар? Сол шумақтың бiр данасын саған сыйлап отырмын, қарағым. Қалай түсiнсең, олай түсiн.
Баукең темекi тұтатып, көк түтiндi үрлей ойға батып, бiраз үнсiз отырды.
- Бұл өлең жалғыз оны кемiткен өлең емес, бұл - кейбiр құтырған жiгiттердi де жазғыру. "Әй, сендер кадрлардың қадiрiн бiлмейдi екенсiңдер, сен хатшымын деме, ертең түсiп қаласың. Әрiберiден кейiн ақындардың қадiрiн бiлмейдi екенсiңдер" - деген кiнәлау. Бүгiн де құтырып жүргендер бар ғой...
Қарағым, бiлсең, бұл өте салмақты өлең. Мұны көме алмайсың!
"Жұмеке, жолың болсын, жолың болсын,
Биылғы жыл қамбаға астық толсын" -деген өлең бе? Астық дайындау маңызды науқан деп жазып жүрген ақымақтар әлi аз емес. "Қашан түсiп қалғанша хатшы болмай, неге ақын болдық деп күйiнемiз". Бұл - образ. Ақымақтарға бұдан артық мiнездеменiң керегi жоқ. Халық ақынының:

"Жiгiттiң алған жары жақсы болса,
Тұсынан үйрек ұшып, қаз қаңқылдар" - дегенi образ ба, образ емес пе? Бұлар маған кезiнде ұмытылмас әсер еткен жолдар. Оларды мен жатқа алам дегем жоқ, жадымнан шықпай қалған өздерi. Ақындық деп, мiне, осыны айтқын!
Баукең темекiсiн құшырлана тарта отырып:
- Кейiн бiлдiм, Алматыда Қытай өкiлi тұрады екен, - деп күлдi. - Сол елiне қайтып, үйi босайды. Жеке кең сарай, ауласы, бау-бақшасы, көк шарбағы бар. Сол үйге әлгi дос-iнiм көшiп, кiрiп алады.
Қасым қаңғып жүр. Дос-iнiм Алматы қалалық партия комитетiнiң хатшысы, пәтер мәселесiн шешетiн сол. Қасым өтiнiш айтып алдына кiредi.
- Қасеке, тұра тұрыңыз - деп менсiнбестен сөйлесiптi. Бiр барады, екi барады, үш барады. Еститiнi "тұра тұрыңыз". Үшiншi барғаннан кейiн Қасекеңнiң көңiлi қалып: "Ой, мынау азамат емес екен ғой, құрып кетсiн, ендi алдына бармаспын" - деп жоғарыдағы өлеңдi шығарыпты.
Ол кезде де, бұл күнде де жағымпаздар жетерлiк қой, қарағым. Қасымды жек көретiндер де аз болмау керек.
- Ойбай, сiз туралы Қасым өстiп өлең шығарды, - деп хатшыға жамандап, сөзге сөз қосып жеткiзедi. Бұл - бiздiң бiр надандығымыздың куәсi. Қасымды көзiнiң тiрiсiнде қадiрлей алмадық. Бұл - бiздiң екiншi надандығымыздың белгiсi.
Бала күнiмде әкем жарықтықтың аузынан:

- Болғанды да көргенбiз,
Толғанды да көргенбiз.
Болып, толып, ақыры,
Солғанды да көргенбiз.

Асқанды да көргенбiз,
Тасқанды да көргенбiз.
Асып-тасып болған соң,
Сасқанды да көргенбiз, - дегендi естiп едiм. Соған ұқсап, әлгi көп ұзамай орнынан ұшып кеттi. Ұшып кеткенi дұрыс. Ақымақ адам хатшы, басшы болып жарыта ма? Бәрiнен оның бiздiң поэзиямызға кесiрi тидi... Бұл, түсiнсең, кешiрiлмес күнә...
Араға екi апта салып Баукеңнiң үйiне барғанымда, сәлемiмдi алысымен:
- Әнеукүнi саған Қасым ақын туралы көзқарасымды бiлдiрдiм ғой. Денсаулығым жоқ, қолымнан қаламым түсiп қалды. Әйтпесе, Қасымның өлеңдерiне талдау жасар едiм, - деп төсегiнде жатқан күйi көңiлсiз тiл қатты. - Сен оның поэзиясымен таныссың ба?
- Таныспын. Бiрiншi курста оқып жүргенiмде ұстазым Әбiш Байтанаев аға үйiндегi кiтапханасынан Қасым ақынның қалың бiр том өлеңдер жинағын маған берiп: "Кiрлетпей оқып, қайтып әкел" деген едi. Сол үшiн ұстазыма шексiз ризамын.
- Сен Қасым ақынға қандай баға бересiң?
- Өз басым Қасым ақынды поэзиямыздың Алатауы деп бiлем.
- Дұрыс. Соғыс тақырыбы - ең қасиеттi, ең ұлы тақырып. Соған бiздiң "мен классикпiн" деп кеуде керiп, өз буына өзi мас боп жүрген ақынсымақтар үн қоса алмады. Бұл нағыз бейшаралық! Керiсiнше "сауатсыз" қарттарымыз Жамбыл Жабаев, Нұрпейiс Байғанин үн қосты. Жәкең "Ленинградтық өрендерiм" атты тамаша өлеңi арқылы бүкiл адамзатқа ақсақалдық ой айтты. Жастарымыздан Баубек Бұлқышев одақ көлемiнде жарқырап көзге түстi. Егер қыршын кетпегенде ол бәрiмiзден озар едi. Ал Қасым соғыстың қаҺарлы бейнесiн тамаша сомдай алды. Одақ көлемiндегi соғыс тақырыбына жазған ақындардың алдыңғы қатарында болды. Гитлердiң кiм екенiн танытатын мына шумаққа ой бөлшi?

- Қандай ғана дозақтан түстiң сен сұм,
Қандай умен тәнiңдi бояғансың?
Қандай әйел тапты екен сенi, неге?
Қандай сайтан енгiздi дүниеге?

Немесе оның майданға аттанып бара жатқандағы:

- Қош болшы ендi, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда.
Айтпақшы қайда бораның,
Кетейiн алып майданға, - деген көңiл күйi елiн сүйген ерлерiмiздiң көңiл күйi емес пе? Ол өзi
ғана емес, туған жердiң боранын да ала кетiп соғыспақшы. Қандай құдырет?! Қанды жорықта жүрiп сүйген жарын сағынып, ақша бұлт арқылы сәлем жолдаған Әбу ақын өлеңiне жауап ретiнде:
- Аспандама, ақша бұлт,
Алдандырма ақынды.
Жер деп жонын тосты жұрт,
Жерде оқтар атылды, - деп жауынгерлердiң алаңсыз соғысуын қалауы да жауға деген шексiз ыза-кектiң бұлқынысы.
Менiң iштей таң қалғаным - Баукең бұл өлең шумақтарын жатқа айтты. Тек бұрынғы күн күркүрiндей даусы жоқ, шаршап, қажығаны анық сезiлiп тұрды. Екi қолын таяныш етiп, төсегiне қайта қисайды. Көпке дейiн көзiн жұмып, үнсiз жатты. Мен де үнсiзбiн. Әдеттегiдей сұрағым бар едi деуге батылым жетпедi. Әлден кейiн:
- Белинскийдiң: "Пушкин қайтыс болғанда орыс поэзиясының құлап бара жатқан туын Михаил Юрьевич Лермонтов құлатпай ұстап қалды" - деген жазбасын оқыған едiм, - дедi ақырын сөйлеп. - Ал мен Абай қайтыс болғанда жазба поэзиямыздың туын құлатпай ұстап қалған Мағжан Жұмабаев, одан кейiн Қасым Аманжолов дер едiм.
- Кешiрерсiз, ол екi аралықта Iлияс Жансүгiров бар емес пе?
- Ол кiсi елдiктi, ерлiктi жырлауда Мағжан, Қасым шыққан биiкке шыға алған жоқ. Бұл - менiң жеке пiкiрiм. Мүмкiн қателесермiн. Қателессем, дәлелде, кешiрiм сұрауға дайынмын.
Баукең жастықтан басын көтерiп, түзулене отырып, қолымен ымдап темекi тұтатып бер деген белгi жасады. Мен тез қимылдап, айтқанын орындадым. Көк түтiндi құшырлана жұтып:
- Әй, қарағым, ертең кiтап дүкенiне бар, - дедi сыбырлағандай ақырын сөйлеп. - Онда кiмдердiң кiтабы өтпей тұр, байқашы. Неге өтпей тұр? Оларды газет-журналдардың беттерiнде өлтiре мақтап едi ғой.
Әрине, сен сараң емессiң, өзiң жазушысың, кiтапты көп оқисың. Құдайға шүкiр, басқалар да сараң емес. Бiрақ ана "мақтаулы" кiтаптарды сатып алмайсыңдар. Шын ба?
- Шын.
- Мен барсам, мен де алмаймын. Жан сусыныңды қандырар шығарма кездейсоқ түсе қалса, бас салып аласың. Мен де бас салып аламын. Түсiндiң бе?
Мен үндемедiм.
- Түсiнбесең, түсiнбей-ақ қой! - дедi Баукең кiлт ашуланып. - Жасым жетпiстен асты. Мен сенен қорықпаймын. Сен түгiлi менi басқалар да қорқыта алмаған. Егер айтқаным әдiл болмаса, "аға-ау, мынауыңыз дұрыс емес" дегiн.
Бiр ғана мысалға жүгiнейiн. Қасым Аманжолов менен бiр-екi жас кiшi едi. Оның кiтаптарын дүкеннен iздеп таба аласың ба?
- Жоқ.
- Әрине, таба алмайсың. Сол себептi, қарағым, ақын-жазушының бағасын халық бiледi. Ол лауреат па, Еңбек Ерi ме, халықтың онымен мүлде iсi болмайды.
Қазақта таңба дейтiн сөз бар. Бұрынғылар жақсы көрген атына таңба салған. Ол түсiнгенге "мынау менiкi" деген сөз. Бiздiң талантты ақын-жазушыларымыз да өз шығармаларында "Мен - қазақпын!" деп таңба салып кеткен. Бiздiң Қасым сондай ақын. Оны танымау, елемеу мүмкiн емес...
- Қасыммен оңаша сырласқан кезiңiз болып па едi?
- Жоқ. Соғыстан кейiн Алматыға оралдым, үйiмде Мұхаң (Мұхтар Әуезов), Сәбең (Сәбит Мұқанов) бастаған ақын-жазушылар болды деп айттым ғой. Сонда Қасымның бiздiң әңгiмемiздi тыңдап босаға жақта отырғанын бiлем.
- Сiз туралы тамаша өлең жазған ғой. Бәрiнен бейнеңiздi сомдағанына таңым бар.
- Ол өлеңдi сен жатқа бiлесiң бе?
- Жоқ.
Баукең сұқ саусағымен оң қапталдағы кiтап сөресiн нұсқай көрсетiп:
- Қасымның өлеңдер жинағын ал да, өлеңдi тап! - дедi бұйыра сөйлеп. Мен шалт қимылдап, айтқанын тез орындадым.
- Дауыстап оқы!

БАУЫРЖАН

Бiр дауыл сапырды да өрт теңiзiн,
Теңселтiп темiр топан дүние жүзiн.
Бетiне туған жердiң өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген iзiн.

Нақ сол кез естiдiм мен ер дүбiрiн,
Атағы атын алып келдi бұрын.
Үстiнде туған елдiң тұрды толқып,
Бауыржан Момышұлы деген бiр үн.

Ақынның ақ сұңқардай жүрегi бар,
Алқындым, бiр көруге болып құмар.
Көктемде күркүреген күн дауысын,
Жер естiп, желкiлдеген күн ынтызар.

Қан майдан қаталатып шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екi көлге.
Көл емес көздерi ғой Бауыржанның,
Елестеп мың көрiнер бiр көргенге.

Бойы бар бiзден гөрi биiгiрек,
Тiп-тiк боп абыройын тұрған тiреп.
Топ жара көрiнсiн деп екi иығы,
Туған ел жаратыпты оны iрiрек.

Кейде ол көк семсерлi генералдай,
Кейде ол күй көңiлдi ақын жандай.
Өмiрдiң ол шетi мен бұл шетiне,
Өресi өрен ойдың тартылғандай.

Жан ұқпас жұмбақ емес бiр жасырын,
Айтады ол тiке қарап жұртқа сырын.
Жаратпас жамап-жасқап жұрт ескiсiн,
Соғады өз дүкенi сөз асылын.

Ойы бар қиялының қанатында,
Адаспас апарып бiр салсаң тыңға.
Бiр дәурен ойнап-күлiп отырғаны,
Жалтылдап екi көзi қарсы алдыңда.

"Батырым - Бауыржаным" дейдi халқым,

Алып ұш ақын жүрек ердiң даңқын.
Келешек келе жатыр көремiн деп,
Тiк басып туған жерде жүрген қалпын.

Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе жаубүйректей етер жәукем.
Емендей ерегiсер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап бiздiң Баукең...

- Қарағым, мақтанғаным емес, мен туралы көп ақын өлең жазды. Бәрiн салыстыр. Олардан Қасымның қабылдауы, сөзбен бейне жасауы қандай iрi?! Ақындық қуаты Пушкиннен, Лермонтовтан, Байроннан асып түспесе, кем емес. Мұны мойындамау - қиянат...

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
Жазушы

01.09.2011 ж.

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=31&id=6555

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340