Біз қашан өзгереміз?
Бұл - химиялық элементтердің 2019 жылғы өндірісі.
Химиялық элементтердің ішінде 20-дан аса түрінен, мөлшері мен қоры жағынан әлемнің алдыңғы 10 еліне кіреміз. 50-ден аса түрінен әлемнің алдыңғы 30 еліне кіреміз.
Ал, өндірісі ше? Кестеде көргеніңіздей, тек жалғыз элемент өндірісінен ғана көш бастап тұрмыз. Ол - УРАН.
Қазба байлығы қоры жағынан әлемнің 30 елі қатарына кірмейтін шығыстағы көршіміз, тұтас периодтық жүйені қызартып тұр. Себебі, өзге елдегі өндіруші компаниялардың үлесі де соларда. Елі ғылым мен білім қуып жүр.
Айтпақшы, өткенде білім сапасы туралы PISA -2018 нәтижесінде де осы шығыстағы көршіміз шығандап алда тұр еді. Сондай білім-ғылымның нәтижесі осындай өндіріс. Өндіріс - экономика, экономикалық қуат - мықты саяси күш һәм қорғаныс.
Ал, біз ше? Ғылым мен білім қайда, біз қайда?
Біз бүкіл әншінің ішкен-жегені мен сыбырлағанына шулап, кредит алып, бір той жасағанға тойып секіріп, экранымызды ғылымға емес, сайқымазаққа толтырып, қазақты масқараласа қарқылдап күліп, мәз боп жатырмыз.
"Ертең, ертеңгі ұрпақ не болады, білім мен ғылымның хәлі нешік, әлем қайда кетіп барады?" деп бас қатырған бай да, бастық та некен-саяқ.
Әнші мен шоуменнің астына темір тұлпар мінгізіп, өзімізді мақтатып қойып, соған масаттанып, мәз боп жатырмыз.
Ал, "білім мен ғылымға мынадай дүние жасайтын едік, қазақ баласы үшін мынадай ғылымға бастайтын кітап жазып едік, қазақ тілін ғылымға әкелеміз деп іс жасап едік, біз нағыз қазақтың сапалы мектебін қалыптастыратын едік" деп барсаң, бәрі сараң. Неге? Неге?
Әлде, бұл қазақ "Кеше алтынға орап адам көметін деңгейдегі ғылыми жетістігіне мақтанып, ертеңгі ұрпағы соны ғана арман етіп кетсін. Енді қайтып ел болмай-ақ қоялық" деп ойлай ма?
Біздің қоғам шоу мен шу қуғаннан озбайды, сөз қуып жүре берсек, біз үшін елу ел - ертегі.
Ғылым мен білім...
Білім мен ғылым - елдің тірегі.
Біз қашан өзгереміз?
Аятжан Ахметжанұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz