Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2341 0 пікір 22 Маусым, 2009 сағат 08:52

Өркениеттер диалогы бейбітшілікке негізделсе ғана береке табады

 

 

Алматыда 9-10 маусым күндері Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәдени саясат және өнертану институтының ұйымдастыруымен «Тарихи-Мәдени Мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция болып өтті.
Ұлтымыздың брендтіне айналған Мәдени мұра бағдарламасының аясында өткен іс-шараға Ресей, Қытай, Үндістан, Италия, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдерден көптеген делегаттардың қатысуы, айтулы бағдарламаға деген шетелдіктердің қаншалықты қызығушылық танытқанын көрсетсе керек.
Көрнекті қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов: «80-ші жылдардың аяғындағы саяси жылымықтан кейін, КСРО мен АҚШ-тің арасында жылы қатынас орнағанмен, философтар Шығыс пен Батыс қайта тартысқа түседі деп сәуегейлік жасады. 2000 жылы Иран президенті Хаттами қарама-қайшлықты болдыртпау алу үшін диалогқа келу керектігін алға тарттты. Бұл пікір ЮНЕСКО тарапынан қолдауға ие болып, он жылдан бері өзінің өміршеңдігін көрсетіп келеді» деп, жаһандану дәуірінде диалогтың аса маңызды екендігіне тоқталып өтті. Ақын ағамыз «Адамзат баласы мәдениетті империализмге шек қоюмен һәм алпауыттар жергілікті өркениеттерге құрметпен қарағанда түпкілікті игере алады» деп өз сөзін қорытындылады.
Италиядан келген «LUISS» халықаралық қатынастар университетінің профессоры Маркетти Рафаэле өркениеттер қақтығысын болдырмаудың бірден-бір жолы диалог екендігін өз концепциясымен дәледеп бақты. Оның айтуынша диалогта тараптардың позициясы айқын болып, бір-бірінің белгілі деңгейдегі еркіндігін шектемесе, өзара құрмет көрестсе, кез-келген мәселені бейбіт келісіммен шешуді қалаған болса, тараптар сұхбаттан ешқандай зиян шекпейді. Диалог идеясын теориялық және тәжіибелік тұрғыдан дамыта беру керектігін ұсынған Маркетти Рафаэле: «Адамзат үшін диалогтың маңызды екендігін түсіндіруге осындай мәдени жиындардың пайдасы зор» деп, сөзін тұжырымдады.
Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов Ресейдің неоимпериализм позициясын сынға алып, алпауыттардың отаршылдық пиғылдан арылу керектігіне назар аударды. «КСРО-ның ыдырауынан кейін, тәуелсіз мемлекттер өз мәдениеті мен тарихын тануға дербес әрекет ете бастады. Осының нәтижесінде әр ел тарихты өз тұрғысынан қорытты. Қәзір, Орта Азия мемлекттерінің тарихында бір тектілік жоқ. Көрші қырғыз елінің тарихына қарасаң, оларға қазақтан асқан жау жоқ. Ертең, мұндай көзқарастан мәселе туындап жүрмесі үшін, бізге мәдени диалог аса қажет» деп, сөзін түйіндеді. 
ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы, Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова жетекшілік жасаған дөңгелек үстелде «Мәдени Мұра» бағдарламасының мәселелері сөз болды. Дәстүрлі музыка зерттеушісі Муптеков Базаралы: «Мәдени Мұра бағдарламасында тарих пен археологиялық зерттеу жұмыстарына көп көңіл бөлінді. Ал, қазақтың дәстүрлі өнері мен саз аспаптарын зерттеуге басымдық берілмеді. Төл өнерімізді дамытпайынша, ұлттың басты құндылығын дәріптеу дұрыс жолға қойылмайды. Сондықтан, Мәдени мұра бағдарламасына қазақтың дәстүрлі өнері мен саз аспаптарын зерттеуді енгізгеніміз жөн. Еліміздегі дәстүрлі жыраулық мектептерді қайта жаңғырту үшін мемлекеттің қамқорлығы қажет. Осыдан жүз жыл бұрын Ресейдің этнографтары қазақтың мыңдаған ән-күйін таспаға жазып әкетті. Мәдени мұра бағдарламасының негізінде осы жинақтардың көшірмесін әкелуге толық мүмкіндік бар. Мәдени мұра бағдарламасының басы-қасында жүрген ағайындар осыған көңіл бөлсе екен» деп, дәстүрлі музыканың жетімсіреп жүрген жайын ащына жеткізді.
Эдуард Жылкелдиев мырза: ««Европаға жол» бағдарламасын оқып отырсам, саясат, экономика, мұнай мен газ ғана әңгіме болады. Мәдени Мұра бағдарламасы туралы неге ештеңе жоқ? Осыны түсіне алмадым. Дәстүрлі музыка, домбыра мен қобыз қазақтың өзінен басқа ешкімге керек емес сияқты. Себебі, еліміздегі орыс ансамбілдерінің бірде-біреуінің қазақтың дәстүрлі әні мен күйін орындағанын естіген емеспін. Сондай-ақ, біздегі тағы бір қателік, өнерпаздарымыз жөнінде толық мәліметтер жоқ. Мысалы, оқулықтардағы Ықылас туралы  мәлімет жарты бетте шықпайды» деп, төл өнердің шетін мәселесін ортаға қойды.
Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова Мәдени Мұра бағдарламасының аясында отандық шығыстанушылар Қытай, Үндістан, Түркия, Мысыр, Франция, Швецария, Ресей мұрағаттарынан қазақ тарихына қатысты 5000-ға жуық қолжазбаларды жинақтағанын айта келіп: «Шетелдік деректерді сүзіп шығып байқағанымыз, Орта ғасырларда қазақтың жазба әдебиеті болмады деген сөз бос сөз екендігіне көзіміз жетті. Қазақтың хандары ордасында канцелерия ұстап, жарлықтар мен хаттарға өз мөрлерін басып отырған. Қазақ хандарының кеңсе тілі қыпшақ, шағатай, парсы тілдері болған» деп, жиылған жұртқа өз жаңалықтарын жеткізді.  
Бүгінгі таңда әлем елдері диалогтың маңызды екендігіне көз жеткізіп келе жатқанмен, конференцияға қатысушылар диалог жөнінде әлі де зарттеулер жүргізілу керектігін алға тартты. Өзбекстандық Арыстан Жолдасов: «Кешеден бері айтылып жатқан диалог және евразия теориясының жақсы да жаман да жағы бар деп ойлаймын. Күрекпен ағаш отырғызуға да болады немесе сол ағашты кесіп тастауға да болады. Евразия елдерінің диалогында Орта Азия мемлекеттері зиян емес, пайда көруі үшін бұл идеяның тәжірибелік мәнін анықтап алуымыз шарт. Бұл анықталмайынша кейбір елдер бұл идеяға күмәнмен қарауын жалғастыра береді» деп, өзінің диалог жөніндегі күдігін жасырмады.
Иә, өркениеттер диалогы бейбітшілікке негізделсе ғана береке табады. Керісінше, империялық елдер диалогқа жаулап алудың жаңа құралы ретінде қараса, тәуелсіздігін жаңа алған мемлекеттер сұхбаттастыққа шошына қарары сөзсіз. Әйтседе, өркениеттер диалогының тәжірибелік мәнін анықтау үшін осындай іс-шараның өтіп тұрғаны жөн.

 


Мұхан Исахан   
«Қазақстан Заман» газеті 18 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512