Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 3948 2 пікір 10 Қаңтар, 2020 сағат 12:59

Қырдың бір уыс гүлі...

Қала орталығынан шеткері зауыттағы жұмысынан күнделікті дағдылы уақытында қайтқан Қали үшінші қабатқа көтеріліп, пəтерінің есігін ашқанда іштен əдеттегіден бөлек бір өзгерістің барын бірден байқады.Кіреберістегі əдепкі орнында əншейіндегі сықасып тұратын сыртқы қалың киімдерден ілгешектердің босап қалғанына да аңғарды. Беті ашық шкафтан етек-жеңі тысқа теуіп тұратын қауқиған тондар мен күртелерден арылған дəліз кеңейіп, тыныс ашылып қалғандай сезіледі. Басқа да артық-ауыс мүліктен тазартылған кəдуілгі аядай қуыс аршылған жұмыртқадай жұтынып тұр. Алақыстайғы қағынан жуылып-сүртіліп, мұнтаздай тазарған қабырғалар төбедегі электр жарығына жалтырап көрінеді. Кейбір тұстарына көктем көріністерін кестелеген шағын көлемді графикалар ілініпті. Дуалға кісі кеудесімен тұрғылас етіп бекітілген шарайнаның астындағы қоңыр тумбаның үстінде тұратын бұрынғы қара телефонды алмастырған алқызылының шошайған антеннасына қарап, радиобайланыспен істейтін жаңа аппараттың жайғасқанын да көрді. Оның қасындағы шыны вазаға салынған бір буда ақ раушан да назарын аудармай қоймады. Қауызын жаңа жарған шоқ гүлдің жұпары танауға ұрады. Ішкі бөлмелерден де əртүрлі хош иісмұрын қытықтайды. Төр жақтан ұлы мен қызының емен жарқын, көңілді үндері естіледі. Отағасының келгенін олар əлі білген жоқ. Асхана жақтан пісіріліп жатқан тамақтың бұрқыраған иісі де жұмыстан енді оралған отағасының қарнын шұрылдатып жіберді.

Үйдегі бүгінгі бұл алабөтен ерекшеліктің мəнісін қапелімде əр саққа жүгіртіп, состиып тұрып қалды. Айтпақшы, университетте оқитын қызы таңертең емтиханын тапсырып еді, содан көңілдегі бағасын алған шаттықтан жасап жатқан жаңалығы ма? Жоғары оқу орнын үздік бітірсе де, өзіне лайықты жұмыс табылмай, біраз мекеменің есігін қағып жүріп, бұдан бір ай бұрын ғана таңдаған мамандығына сай қызметке орналасқан ұлы республикалық əлдебір байқауларға жобаларын жібергенін айтып қалып еді, əлде солардың бірінен жақсы хабар келді ме? Бəлкім, биылғы ұзаққа созылған қыстың əзер дегенде көбесін сөккен көктемнің жылы белгісі ме? Əйтеуір, не де болса шаңырағындағы əдеттегі үйреншікті біртоға көріністі жаңартқан мына тосын, бірақ шуақты жағдай жанын тербете жөнелді. Жиырма бестегі жігіт шағынан ыстық үйелменіндегі дəл осы бүгін күтпеген тосын, əдемі, нұрлы құбылыстың мəнісін ажырата алмай таңданып əрі сүйсініп дəлізде сəл кідірістеген Қали сыртқы киімін шешу керектігі есіне енді түсті. Осы сəтте төргі бөлмеден басын қылтитқан қызы Айсара əкесін көрді де:

– Төлеу! Ура! Папам келді. Тез бол. Мен қазір, – деді де ары қарай зып берді.

Ағалы-қарындас екеуі іш жақтан бірге шықты. Қызының қолында бір буда қалампыр.

– Папа, туған күніңізбен!

Жүзі бал-бұл жанған Айсара ұсынған гүлін абдырап қалған əкесінің қолына ұстатар-ұстатпастан бауырына тығылып, бетінен сүйіп жатыр. Ұлы болса ерке қарындасының еркіндігіне жол беріп, байсал қалыппен кезегін күтіп тұр.

– Папатайым менің, мерекеңізбен құттықтаймыз! – деп қызы əкесін балаша өбектеп, мейірленіп босатар емес. Бұған ақыры төзімі таусылған Төлеу де шыдай алмай екеуін қапсыра құшақтай

алды.

– Папа, өмірге келген күніңіз құтты болсын!

Қос перзентінің жайбарақат мұны мүлдем қаперінде жоқ жерден мəз-майрам қуанышпен қарсы алғанына жүрегі елжіреп кеткен Қали əп дегенде аузына жөндем сөз түспей:

– Өй, айналайын, қарақтарым-ау, қайдағы туған күн. Қос қарашығым менің. Несіне босқа əуре болдыңдар? Екі қанатым ғана сол.., – дей берді.

– Папа, ас əзір. Кəне, киіміңізді тездетіп ауыстырып, жылдам жуынып, орныңызға отырыңыз, – деп тағы да қызы шапшаңдық танытып, асықтырып ала жөнелді.

Көңілі толқыныстан аласұрып жүріп, күндегі əдетінше сырт киімдерін үй жағдайына алмастырып, үш бөлмелі пəтердің ұлы жататын үлкен бөлмесіне, яғни, кейде ішіндегі заттарын жинастырып, қонақ күтуге лайықтауға тура келетін залға енді. Бұл жолы да Төлеудің мұндағы өзі тұтынатын бұйымдарын басқа жаққа шығарып, кеңейген ортасына ұзын үстел қойылыпты. Жайылған ақ дастарханды түрлі жеміс-жидектермен, көкөністермен, тағамдармен толтырып тастапты. Тек арақ-шараптан басқаның бəрі бар дерлік. Жалпы бұл үйде ыңғайына қарай атап өтіп тұратын мерекелерде ол пəлеңе қашаннан орын жоқ. Жəне де оны ешқайсысы да татып алмайды.

Бүгінгі көл-көсір өзгеріске Қали əлі де аң-таң күйде төргі орындыққа келіп жайғасты. Дəмнен алып отырғанмен əрі-сəрі сезімнен бəрібір арылар болмады. «Менің туған күніме бола, сонша несіне төгілді екен балалар? Бекерге анау-мынау қарыштауға кеткен қаржыны одан да өздерінің қажетіне жаратқаны əлдеқайда оңды болар еді-ау. Жарық дүние есігін ашқанымды бүйтіп ағыл-тегіл тойлауды ұмытқалы да қаншама уақыт. Құр босқа-ақ əуреленіпті», – деп ойлады. Бірақ, көкейіндегі іркілгенін сыртқа білдіруге балаларының көптен бері көрмеген қазіргі шадымандығына кіреуке түсіріп алудан тетки берді.

Отағасы жалпы əуелден адам жасының дөңгелек датаға, онда да ауыз толтырып айтатындай қомақтысына толғанда ғана шама-шарқынша мерекелеуді ұнатады. Ал жыл сайынғы қайталанатын туған күнін атап өтуді елеусіз қалдыруды қалайды. Ашығы – соған бола азды-көпті шығын жұмсауды артық санайды. Ұлы мен қызы да əкелерінің бұл үрдісіне қаршадай шақтарынан бойлары əбден үйреніп кетіп еді. Ал отанасы өмірден озғалы бері қалыптасқан жағдайдың осы жолы күрт құбылғанын жанына бірден қабылдай алмай отырған себебі де осы еді. Шай арасында қызы орнынан тұрып, ішкі бөлмеге кіріп кетті де, одан лезде қайта шықты. Қолына ұстаған бір жапырақ қағазы бар. Əкесінің қасына тұра қалып, иығынан құшақтады:

– Папа, мынау сізге курортқа демалып қайтуға он күндік жолдама. Мұның бəрін қайдан тауып жатыр деп алаңдап отырған да шығарсыз. Төлеу ағам кеше бұдан бір ай бұрын өскен қызметінің жалақысын алған еді. Екеуміз ақылдаса келіп, сіздің туған күніңізге «сюрприз» жасауды ұйғарған едік. Мінекиіңіз. Сыйлығымызды тапсыруға рұқсат етіңіз, – деп қолындағысын ұсынып, əкесінің бетінен сүйді.

– Папа, қанша жыл болды ел құсап тынықпағаныңызға. Біздің қамымыз деп, тыным таппайтыныңызды кішкентай болсақ та түсініп өстік. Кезекті еңбек демалысында да жұмыс істеп жүретініңізді біліп есейдік. Енді денсаулығыңызға да бір мезгіл мойын бұруыңыз керек, папа. Біз таңдаған шипажайда əрі тынығасыз, əрі емделесіз. Жолдаманың жарнамасына қарағанда жүрек пен қан тамырлары сырқаттарына пайдасы аса зор көрінеді. Бұл сауықтыру орнының кереметі жөнінде оған үнемі барып жүрген таныстар да тіл майын тамызады. Міне, көктем де жаңа басталды. Демалысыңызды алып, сол жаққа барып қайтыңыз, папа. Бізге көп қарайлай бермеңіз. Айсара да оң-солын ажырататын жаста қазір. Мен де орнымда орнықтым, алаңдамаңыз, – деген сырмінез сабырлы ұлының байыпты сөзін де үнсіз ден қойып тыңдады.

Отағасы балаларының аяқасты ұсынысына əуелгіде жауап қатпай, толғанып отырды. «Өзі тұратын облыстан шеткері ұзамағанына бақандай жиырма жылдан асыпты. Үйден он күнге шығандап кеткенім қалай болар екен? Нəресте сəтінен көз алдында тəй-тəй қадам басып ержеткен қос қарғашын күн де көрмесе жаны қалай шыдайды-ай. Қос қуанышым, екі қанатым бір пəс жанарымда жүрмесе жүрек шіркін төзе ме? Өмірі табаны тимеген сол курорты құрғырға кежегем кейін тартып-ақ тұр. Бармай-ақ қойсам қайтеді осы?..»

Іштей осылай алабұртып, арпалысқанымен екі жақтан қолқалаған сүйікті перзенттерінің меселін қайтаруға көңілі тағы дауаламады. «Екеуі ес білгеннен өзіне берік серіктес, сырлас та мұңдас болып келе жатқан жоқ па! Қос қарашығымның мұның ауанын аулаған шынайы пейілін қайтіп қайтармақпын? Жəне əкелеген шықтай мөлдір ниеттеріне қалай дық түсірмекпін?..» Қаласынан, турасында шаңырағынан аз да болса ұзақ уақыт санап алыстауға қанша беттегісі келмесе де, бауыр еті балаларының ұсынысына амалсыз қарсы тұра алмады. Көп толғаныстан соң ақыры тілектерінің ыңғайына бағынды.

* * *

Əкелерін уəждеріне көндіріп, көңілдері жайланған балала- рымен шүйіркелесіп ішкен кешкі астан соң күндегі дағдысымен тамақтың тоғын басуға аулаға шығып, біраз қыдырыстап қайтты. Теледидар қарағансыды.

Дастархан үстін, ыдыс-аяқты жинастырып, бір-біріне жəрдемдесіп жүрген ұлы мен қызына «қайырлы түн болсын» айтты да өз бөлмесіне өтті. Жарықты өшіріп, төсегіне қисайғанымен ұйқысы келе қоймады. Алма-кезек арпалысқан бір өкініш, бір қуаныш ойлармен көпке дейін көзі ілінбей, дөңбекшіп жатты...

* * *

Мектепті бірге оқып, институтты да жұптарын жазбай қатар бітірген жылы тұрмыс құрған қосағы Айданадан қыршын жасында қапияда көз жазып қалды. Сап-сау күйінде, айы-күні жетіп, босануға перзентханаға түскен жары дəрігерлердің салғырттығы салдарынан жарық дүние есігін ашқан шақалағымен қоса қапылыста өмірден озып кете барды. Артында алды төрттегі, соңы екідегі сəбилері, отандас болған жеті жылда қас-қабағын бағып, шəй деспеген ерін тағдыр талқысына тастап, ылғи-дағы жайдары жүзін де көрсетпей, тым құрығанда қоштаспай да оқыстан жүре берді.

Жан-тəнімен сүйіп қосылған зайыбының əулетіне əне-міне тағы бір ұрпақ əкеледі деп қаперсіз күтіп жүргенде аңдаусызда нерестесімен бірге ақ желең киген абзал жандар емес, кесепатты тажал жандардың – дүмбілез дəрігерлердің кесірінен екі бірдей ет жақынынан айырылғаны қабырғасын қайыстырып жіберді. Əйтпесе нағыз мамандар болса, тоғыз ай бала көтеріп, дені сырқырамай-ақ, əлденеге қауіптеніп алаңдамай-ақ толғағы келгенде ғана перзентханаға өз аяғымен аман-есен барған əйелін тірі туған шаранасымен қоса екі күннен кейін өлі денелерін қолына ұстатар ма еді? Бұған дейін екі сəби сыйлаған жұбайымен бақыттың шуағына шомылған Қалиға қапелімдегі қайғы басына төбеден аямай қатты ұрған ауыр соққы ес жиғызбастан есеңгіретіп тастады. Белі омырылғандай бүк түсті. Қапыстағы қасіреттің күйігі өзегін өртеді. Сүйіктісін сарсыла сағынып, тұңғиық мұңға түсті. Жанын жегідей жеген сары уайымнан суырып шығаруға қолдан келген əрекеттерін жасап баққан туған-туыстарының, дос-жарандарының, жора-жолдастарының жұбатуына да иліге қоймай, саяқ тартты.

Сергелдеңге салған зарлы күндерінің бірінде, құдай оңдап абырой бергенде анасыз қос жетіміне пана керектігін түсінді. «Періште бүлдіршіндерінің жұртқа жəутеңдейтіндей жазығы не?! Шешесі жоқ болса, əкесі бар емес пе! Бейкүнə балапандарымды қалайда жетілдіріп, балиғатқа жеткізіп адам қатарына қосуым қажет. Бұл менің Алла алдындағы да парызым. Айдана алдындағы да міндетім», – деп тас-түйін ширығып еді.

Сол сəттен екі бөбегін тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай, əлқисасы, ешкімге көзтүрткі етпей өсірді. Бірін көтеріп, екіншісін қолынан жетелеп балабақшаға апарды. Ағасы мектепке барғаннан бастап қарындасын ертті. Ұлы мен қызы орта білімді игеруден құрбыларының алды болды. Жақсы оқығандықтарынан институтқа да қиналмай түсіп, бақтары жанды. Тете туылған перзенттерінің бір-біріне қоң еттерін кесіп берердей бауырмал, өте тату тұрғандарын дəтіне қуат тұтты. Мəңгі бақи қастерлеп өтер Айданасының аманаты – балалары да адал азамат болып марқайғандары көңіліне тоқ. Қос құлынын ештеңеден тарықтырмай, киімдерінің көктігін, тамақтарының тоқтығын қамдаумен күні бойы, кейде түнде де белі бүгілмей еткен еңбегінің, беттерінен қақпай алақанында аялағаны зая кетпегеніне шүкіршілік жасайды. Анасының мейіріміне жете алмай өскен балаларының жұрттың мүсіркеуіне ұшырамай, көштің ортасында тіршілік кешіп жүргеніне, қазір үшеуінің айрандай ұйып отырған отбасына айналғанына тəуба етеді.

«Елге теңеліп, санатқа ілікті, өз қолдары өз аузына жетті» деген осы шығар. Сəл болмағанда алтын асықтай ұлы мен қызының – тірегі мен таянышының, сенімді серіктерінің мені төбелеріне тік көтеріп, бəйек болған ақ пейілдеріне аңдамай қаяу түсіріп ала жаздаппын-ау мен бейбақ. Өзбілермендігімді кешіріңдер, айналайындар... Боталарыңның əулетті жерге қаратпайтындай болып ержеткені – өзіңнен айнымай туған артық қасиеттеріңнен, сенің бізді желеп-жебеуіңнен, жаным Айдана!.. Пейіште нұрың тасысын, аруағың осылай бізді демеп, қолдап жүре берсін, өлмес, өшпес рухыңнан шаңырағыңа шашылған шұғыладан арылмайық дəйім. Жетілген шыраққаналарымызды тіл-көздің сұғынан сақтасын құдайым» деп дұға қайырды...

* * *

Үш күннен кейін Қали жолға жиналып, теріскейден оңтүстіктегі Меркі санаториясына аттанды. Солтүстіктен жылы аймаққа поезбен келе жатыр. Жолай байқағаны көктем кешігіп жетсе де қалада да, далада да биылғы қатты қысқан қаһарлы аяздың əлі кетпеген табы сезіледі. Алақыстайғы қалың қарынан əрең арылған, реңі ала-құла, кей тұстарында қарабарқын, енді бір жерінде сұрғылт, келесі пұшпағында қуқыл тартқан бозғылт, жалпы сыйқы сүреңсіз атыраптар дөңгеленіп қалып барады.

Діттеген кентіне түс əлетінде жетті. Темір жол бекетінен жеңіл көлік жалдап, шипажай орналасқан тау қойнауына бет алды. Бұл аумақта өзі туып-өскен өңіріндегідей емес, сəл де болса наурыздың ең бастапқы белгілері бой көрсете бастапты. Жол жағалауында көк шөп тырбияды. Дөңестердің төскейінде де күзден қалған бозамық бетеге мен қурайдың арасынан жасыл түс қылтияды. Қара жер там-тұмдап көгергенімен жол-жөнекей алдынан шыққан дарақтар да, қыр беткейіне біткен бұта-бүргендер де бүршік жара қоймағанын аңғарды. Заңғар етегіндегі санаторияны көмкерген қалың тоғайдың серейген, сидам ағаштары да қойнауындағы барын бүркемелеусіз жайып салды.

Өзі де лажсыздан келген курортының осы бəденсіз, сұрқай табиғатына əп дегенде көңілі толмаған Қали аңғардың қос қапталын байланыстырған енді, ұзын көпірдің шетіне аяқ басқанда əнтек кідіріп, төменге қарады. Қыры қиғаш биік сайдың терең шұңғылында арыны таудай қой тастарға соғылып, толқыны шапшып, ақ көбігін аспанға шашып жатқан асау өзеннің күркірі елең еткізіп еді. Мұндай ерекше өктем сарынды бұрын-соңды естімепті. Буырқанып, бұрқ-сарқ қайнап, ақ күмістей ақшылт түйіршіктерді лақылдата бұрқақтатқан тасқыны жойқын, ашулы ағысты көрген, көрмегені де есінде жоқ. Бəлкім жастау кезінде кезіккен де болар, жадында жаңғырмады. Одан бері де жаратылыстың осындай қызығына кенелетіндей, тұрған қаласынан əріге аттап баспағалы қаншама уақыт. Қалай десе де, екпіні күшті ағысы андыздаған, толқыны бірін-бірі қуалай тулаған, үстем үнімен төңіректі билеген өзеннің бітімі жанына бірден əсер етті. Сан қырлы саз ойнатып жатыр. Түсінуі қиын түрлі əуезіне еліктіреді. Табиғат – домбырашының арқалана тартқан жаубасар күйіндей бойды шымырлатады. Басбілгі бермей айдалаға ала қашқан бұла тарпаң күліктей əлдеқайда жалданып, жонданып жосылта жүйткиді. Соңынан шаң шашып, бұғаусыз, тұлан тұтып алысқа ағындайды.

Биік көпірдің үстінде айналадағы басқа көріністердің бəрінен гөрі көңілін тербеткен төмендегі өзеннің сұлу көрінісіне сүйсіне үңіліп, көңілі едəуір бөгеліп қалғанын аңғарған Қали шипажай ғимаратына қарай жүрді.

Курорттың тіркеу бөліміндегілер өзін көптен күтіп отырғандай-ақ, бар ілтипатты қызметімен қарсы алды. Жақсы жайғасты. Көктемнің басы болса да, елден жырақ тау қойнауындағы, бірдестен бес жүз адам қабылдай алатын санаторияда демалушылар қарамы да əжептəуір көрінді. Екікісілік бөлмедегі жас шамасы өзі құралыптас қазақ көршісі Ақтау облысынан келіпті. Қали «əлі кеңірек таныса, білісе жатармыз» деп уақытты ұттырмау үшін корпус дəрігерінің айтқан, белгілеп берген ем-домдарын қабылдауға бірден-ақ кірісіп те кетті.

Өмірінде бірінші рет келген шипажайға да бойы бейімделе бастады. Түстен кейін қолы бос. Тамақтан соң жалғыз өзі қырқа басындағы санатория етегіндегі бітік тоғай арасындағы сайдың шыңырауында сарқырап ағып жатқан өзен жағасына түседі. Дүрілдеген даусынан күй тыңдағандай өзге дүниені бір пəске ұмыттырғандай болады. Су жағасында айқыш-ұйқыш ойлардан жанды тыныштандыратын тұнық дыбыс, əуезді сарынға құлақ түріп, ұзақ тұрады. Сыйдиған тал-терегі, қайыңы, емені, қылқан жапырақты дарақтары, басқа да алуан ағаштардың ішіндегі жіңішке соқпақпен арлы-берлі серуендейді. Бір мезет курорт кітапханасына кіріп, газет-журнал ақтарыстыруды да əдетке айналдырып алды. Кешкісін бөлмесінен шықпай ұйқыға кеткенше теледидар қарайды. Бір орнында байыз таппай тықыршып жүретін сабырсыз мінезін біліп қалған қоңсыласы «анда барайық, мұнда барайық» деп ду-думанға кеу-кеулейді. Бұл қызықшыл топқа алғашқы сəттен-ақ қосылуға зауқы соқпады. Қатарласының тамашаға, «жүр-жүрге» елп ете қоймайтынына көзі жеткесін бөлмелесі сүйрелеуін сап тыйды.

Келесі бір күні дағдысымен өзен бойында өзімен-өзі сейілдеп жүріп, жалғыз аяқ сүрлеумен қырға өрледі. Қалың жынысты беткеймен қиялап, төбеге көтерілгенде алдынан ашық алаңқай шықты. Бұрын жотаға жоғарылап көрмегендіктен бе, маңдайынан жіпсіген тер білінді. Денесі ысынған соң былғары күртешесін шешіп, иығына желбегей жамылды да, айналаға зейін салды. Тепсеңде тұрып, кеудесін кере тыныстады. Таудың салқар ауасы қандай ғажап еді! Жансарайы ашылып жүре берді. Биік белес басындағы далаңқайдан айнала алақандағыдай əдемі көрінеді. Шыңырау шұңғылынан асып-тасқан өзеннің үні бəсеңсіп, құмыға қалыпты. Бұл тұстан төмендегі шипажайдың маңайындағы ғимараттарын, барлық шаруашылығын түгендеп шыққандай екен.

Енді табан тіреген жазығына көз жүгіртті. Кенет жанары шырадай жанды. Назарына бозарған бір дода ескі шөптің таса- сында сап-сары көлкектеген тырнагүл ілінді. Екі-ақ аттап қасына жетіп барды. Тізерлеп отыра қалып, саусақтарымен желкемге діріл қаққан күлтесін сипалады. Үзуге қимады. Жалғыз емес болар деп, жан-жағына қарап еді, екі адым жерде тағы екеуі көзіне оттай басылды. Одан əріректе қаулардың қалқасында күлгін нəуріз- көктер жыпырлап бой көтергенін көрді. Ілгері қадымдаған сайын бəйшешектер де бұрқырайды. Шағын ғана тегіс алаң жаппай шешек атып құлпырған гүлдердің жазирасы нағыз.

Баяғыда Алматыда оқып жүргенде Айдана екеуінің Көктөбеге аспалы сым жолмен барып, қайтарда қалаға қарай жаяу құлдағаны есіне оралды. Онда сəуірдің басы еді. Оңтүстік өңірінің ендігіне енсе де Алатау баурайына көрші аймақтарға қарағанда көктем кешеуілдеп, сағындырып жетеді. Сол жолы тау бөктерінде жаймашуақ күн сəулесіне қыз-қыз қайнаған жердің бетінде буалдыр сағым ойнап тұрды. Төбеден төменге ирелеңдеген жолмен түсіп келе жатқанда қияларына, жарқабақтарына жармасып өскен осындай əсем де нəзік гүлдер теріп қайтты. Қыстан кейінгі жеті қат топырақтың қабатын жарып шыққан саумалдықтың иісі мұрын жаратындай еді. Жатақханаға жеткенше қастарынан өткен жүргіншілер де бұлардың қолдарындағы көктемнің тұңғыш гүлдестесіне тамсанып өтіп жатты. Сəуірдің тау қыраттарында шанақтаған алғашқы үлбіреген түрлі гүлдерінің бір-бір шоғы Қали мен Айдананың бөлмелерінде айраннан босаған бөтелкелерде студенттердің көз құрты болып көпке дейін тұрмап па еді. Беу, дүние-ай! Сағындырған қайран заман-ай!..

Жүрегі шым етті... Кеудесін мұң торлады.

Үстірттің үстін сəн-салтанатқа бөлеген алуан гүлді үзуге қанша қимаса да, бір будасын уыстап оралды. Бөлмесіне келгенсін бір бос баклашка тауып, оны қақ ортасынан қиды да, түбі бүтін жартысына су құйып, əкелген шоқ гүлдерін соған салды. Өзі жататын орынның аяқ жағындағы үстелге қойылған сол ыдыстағы бір уыс гүл бөлме ішін көңілге сəуле ұялатып, кəдімгідей құлпыртып тұратын болды.

Наурыздың нұқыл сұлу нышандары жайнаған сол алаңқайға күнде барып жүрді. Уылжыған нəзік те нəркес гүлдерді қызықтады, бірақ бастапқыдай қайтіп жұлмады.

Бір жолы кешкі тамақтан бір дастархан басында отыратын келіншекпен бірге шықты. Бұрын тез ауқаттанатын да, кешірім сұрап тұрып кететін еді. Əуелде ас ішіп отырып, сөз алмасқанда оның Талдықорғаннан келгенін, есімі Майра екенін білді. Өзі Қалидан ары ұзағанда он жас шамасында кішілігі бар болар. Төрт адамға лайықталған үстелдегі көршілес қалған екеуі – қостанайлық ерлі-зайыпты орыстар. Жұбайлар əлбетте өз тілдерінде шүйіркелесіп отырады. Екі қазақ өз тілдерінде сөйлеседі. Бір дастарханды ортақтасқан соң олармен ара-тұра орысша да тіл қатысады.

Қарсы алдында отыратын жылы жүзді, ашаң қыздың инаббаттылығын бірінші күннен-ақ байқап еді. Бəлкім жас шамасына сəйкес келіншек те шығар. Отбасын сұрамағансын, ол жағын қайдан білсін. Оның үстіне жаңа танысының өміріне араласу əдетіне жат. Қалай десе де, осы көршісінің қазақы қалпы лəмінен де, қимылынан да бірден аңғарылып тұрады. Дастархандағы төртеуіне ортақ қойылған ыдыстағы сұйық асты бəрінің табақтарына үлестіріп құйып береді. Əуелгіде Қали: «Қарындас, мен қызмет жасайын» деп сыпайылық ишаратпен ұмтылып еді, Майра: «Аға, əйел затынан емеспіз бе. Біз отырғанда азаматтың астау ұстауына не жорық?» дегенінен əжептəуір қысылып қалып еді. Ежелден жөпелдете іліп əкетер əңгімеге жоқ бұл: «Рахмет, қарағым» деумен тұйықталған-ды.

Міне, бүгін асханада үш мезгіл тамақтанатын кезде əдемі əдебімен ізетін көрсететін ибалы қызбен аулаға іштен бірінші рет қатар шықты. Күндегі жосығымен Қали ғимараттың алдынан аулақтау етектегі көпірге қарай беттей беріп еді:

– Аға, келгелі бері бір өзіңіз меншіктеп алған өзен жағалауын маған да көрсетпейсіз бе? – деген қызға жалт бұрылды да, аңтарылып тұрып қалды.

Осы жолы да күтпеген сауалға сасқалақтап, не деп жауап қатарын білмей дағдарды. «Бұл қыз менің қайда қыдыратынымды байқап жүрген болды».

– Жалғыз баруға біртүрлі ыңғайсыз. Менің де ағыны арынды судың сарынын тыңдағым келеді, – деп бір сəт үнсіз тылсым үнсіздіктен де Майраның өзі құтқарды.

– Жүріңіз...

Ымырт үйірілгенше екеуі етектегі шəлкем-шалыс мінезімен долданып, арқырап-сарқыраған өзен жағалауында серуендеді. Сейіл сəтінде оқта-текте тіл қатысқаны болмаса, судың шуылынан мандытып сөйлесе де алған жоқ. Тау қойнауын ерте тұмшалайтын қараңғылық қоюланғанда жарқыраған телпекті шам астындағы орындыққа бір-біріне айтпаса да келісіп қойғандай тізе бүгісті. Қыз дастархан басындағы сынықтығын байыпты сөзінен де аңғартты. Қали адам танудан жаңылмаса, жасандылықтан ада, жаны таза, кішіпейіл, көпшіл, сыршыл екенін байқады. Ортақ əңгіменің тақырыбы көбінде өнер, мəдениет, оқыған кітаптары, көрген кинолары төңірегінде өрбіді. Көзі ашық, көкірегі ояулылығынан білімділігі білінеді. Жігіт ағасы: «Нені бітіріп едіңіз?» деп сұрауды сөкет санады.

Ерте көктемнің кешінде денелері тоңазығанда ішке кірді.

– Аға, қырға шығып жүрсіз. Барған беткейіңізде көктемнің алғашқы балауса өскіндері бар ма екен? – деп қыз қоштасарда нəзік назын сызылтты.

– Иə, иə, көп гүл көрдім, – дегеннен басқаға тіл-аузы байланып еді.

Сол күнгі сұхбаттан кейін кешкі тамақтан соң тағы да екі рет жолықты. Күндіз бір-бірін тек ас ішу кезінде кездестіргені болмаса, əркім өз ем-домын қабылдаумен, жеке шаруаларымен əуре болып жүреді.

Демалыс мерзімі де бітуге тақады. Бірде түскі дəмнен келген бойда бөлмесінде тынығып жатыр еді. Көршісі теледидар қарап отырған-ды.

– Қали, – деді қоңсысының назарын өзіне аударып. – Мына гүл шоғын əкеп қойғаныңа алтыншы күн. Бұл еркектердің бөлмесіне жараспайды. Яғни, иесіне тапсырылуы керек.

– Кімге? – деді бұл селқос.

– Е-е, досым, кімге деуің қалай? Сұрағыңа болайын сенің. Бір үстелде отырып, күнде кешке шүйіркелесіп жүретін əлгі қызға ма, əлде келіншекке ме, сыйламаймысың. Не, мені түк сезбес, көрсоқыр кеуде деп пе едің?! Көрмейін десем, көзім бар, менен қанша оңашаланғаныңмен кіммен жақындасып жүргеніңді білемін. Соған бер қырдан əкелген гүліңді. Əлі солмаған күйінде жайнап тұр өзі де. Ол қыз арғы күні кетеді. Ал сен бүгін апар оған. Қабырғаның ар жағында жатыр емес пе? Бөлмесіне жаңа ғана енгенін көзім шалды. Тезірек бар. Əйтпегенде ұшыраса алмай қаласың. Өйткені бүгін кешке жолға шығып кетуі де мүмкін. Маған мұны бірге жататын жерлес əйел айтты. Ал мен басқа ауылдастарыма жөнедім. Сен төрт-бес күннен бері мына мөлтілдеген гүлдеріңді мөлдіреген сол қызға ұсын, – деді де жау қуғандай есікті сыртынан сарт жапты.

Құрдас көршісінің бірдеңеден құр қалғандай қайдағы жоқты апыл-ғұпыл қозғап, табаны жерге тимей зыр қағып ала жөнелгенін ə дегенде қаперіне ілмеген күйі Қали қосулы тұрған теледидарға қарап жата берді. Тыныштығы ұзаққа бармады. Жолдасының жаңағы жаңсақтығы көңілін алай-түлей етіп жіберді. Көзі кереуеттің аяқ жағындағы тумбада тұрған «көк жəшікте» болғанымен, ойы сан-саққа шарлады. «Осы жұрт қызық. Өз бетімен жүрген адамда несі барлығын түсінбеймін. Біреуді біреу түртпектемей жайына

жүрсе қайтеді екен, а?! «Сен өйттің, сен бүйттің» деп бөгденің ішкі дүниесіне қол сұқпаймын ғой мен. Ешқашан ешкімнің тірлігіне килігіп, араласпаймын да...» деп көкке тепсінгенін өзі күнде көретін өзендей бұрқ-сарқ қайнады.

«Қатарлас құрбы. Мінезінде зілі жоқ алқын-жұлқын. Келгелі бері бір бөлмеде бірге жатырмыз. Аузын ашса көмекейі көрінетін ақпейіл қазақ. Өзімсініп əзілдегені болар. Несіне оған сонша бұрқан-талқан ашуланамын» деп аздан кейін кəдімгі байсалды қалпына оралды.

Безбенге түскен тай-талас ойларымен осылай шарпысып жатып, үстелдегі бір буда гүлге көзі түсе кетті. Үңіле жанар тікті. Үзілгеніне аптаға тақау уақыт өтсе де, солғын тартпапты. Тіпті қайта қауашақтары барынша жайыла ашылып, шоқтай жанып тұр. Өзінің кетеріне əлі төрт күн бар. Бұл жол жүргенше құлпырған гүлінің күлтесі төгіліп қалар. Ал Майра бүгін сапар шекпек. Шынында да неге оған тарту етпеске. Ақ ниетпен, кіршіксіз көңілмен ұсынса несі айып? Əй, бірақ қабылдай қояр ма екен... Қайдам... Ай-шай жоқ, «ала қойыңыз» дегенім қай қисынға сияр. «Біреуге гүл беруге де себеп керек шығар» деген ниетпен де тежеледі. Қанша сана сарабына салса да, қолайын таба алмай аунақшыды. «Айтпақшы, өткенде Майраның өзі де «қырда ерте көктемнің алғашқы нышандарын көре алдыңыз ба?» деп наз айтқан жоқ па

еді. Даланың гүлін ұнататынын тұспалдады емес пе. Қолымды қайтармас. Ендеше жолға жүрер алды кешіктірмей жазираның гүлдестесін беріп жіберейін...»

Жатқан орнынан шапшаң көтерілді. Киімдерінің қыртыстарын алақанымен түзегенсіді. Жүрегі аузына тығылғандай дүрсілдеп кетті. «Емтиханға кіретін студенттей неге сонша толқып тұрмын осы! Қой, барайын»…

Қолын үстел үстіндегі құтыда тұрған бір шоқ гүлге соза бергенде кеудесі шаншып сала берді. Көз алды тұманданып, басы айналып, ағаш төсектің қырын ұстай қисая құлады. Дəл осы сəтте ішке алқын-жұлқын, тасырақтап кіріп келген көршісінің:

– Ай, Қали, тыныштық па? Саған не болды? Айтсаңшы! Қали! Қали! Дəрігерді шақырыңдар! Тез! Дəрігер! – деген сөзін еміс- еміс естіді де, есінен танды. Үстел үстіндегі баклашкадан жасалған вазада қырдың үлбіреген гүлі уылжып тұр...

Бақадүр Жеңіс

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383