Сенбі, 8 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 97829. Жазылғандар — 70680. Қайтыс болғандар — 1058
46 - сөз 1109 2 пікір 14 Қаңтар, 2020 сағат 11:30

Бертран Рассел "Батыс философиясының тарихы"

Атақты Борхес «Егер де мен Робинзон Крузе болсам, адам аяғы баспаған аралға бір ғана кітапты - Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихын» алып кетер едім» деген екен. Мүмкіндік тауып, ағылшын ойшылының мың беттен асып кететін осы көлемді зерттеуін оқып шыққаннан кейін аргентиналық жазушының айтқан сөздеріне еріксіз қосылғым келіп кетті. Шынымды айтсам, оқиғасымен еліктіріп әкететін көркем туынды емес, философия тарихына арналған, қалыңдығы нән кірпіштен де үлкен кітапты, соңына шейін оқып шығатыныма аса сене алмай, оны жүрексініп қолыма алғанымды жасыра алмаймын. Бірақ, бас салып оқи бастаған сәттен-ақ үйіріп әкеткен, өте түсінікті тілмен жазылған, баяндау мәнері көркем шығарманың стиліндей өте жеңіл шығарманы екі-үш күннің ішінде қалай тауысып тастағанымды өзім де байқамай қалдым.

Ғажап! Өз еңбегінде Рассел философия тарихын баяндап беріп қана қоймай, көне заманнан бергі мәдениеттің күні бүгінге дейін қалай дамығанын суреткерлік шеберлікпен жеткізе білген екен. Кітаптан алған әсерімнің көл-көсір болғаны соншама, оны сіздерге жеткізуге асығып, жерден кесек алтын тапқандай қуанышты күйді басымнан кешіп отырған жағдайым бар. Кітапқа жазған алғысөзінде автор бүгінгі әлемнің де мәселені шешуде ежелгі замандағы бағыттан алыс кеткені шамалы екенін тілге тиек етіп, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажынан гөрі, билікке жақындардың мүддесін білдіретін зорлықпен орнатылатын әлеуметтік тәртіпті сынға алады. Рассел жаңа дәуірдің басталуын Философия түсінігі дін ілімінің қызметшісі болуды қойған кездегі Италияның қайта өрлеу дәуірінен бастайды. Шіркеудің беделі құлдырап, догмалары жоққа шығарыла бастаған кезден адамдарға философияның жаңа парадигмаларының қажеттілігі туды. Қайта өрлеу дәуірі білімді адамдарды орта ғасыр мәдениетінің шектеулілігінен азат етті. Өз кітабында ағылшын ойшылы Қайта өрлеу дәуірінің ғұламасы Никола Макиавели еңбектерінің қатқыл тұстарына тоқталып, атап айтқанда, билікті сақтап қалау үшін кез-келген қатал әрекеттен бас тартуға болмайтынын тілге тиек ете келіп, бүгінгі күнгі әлемнің де Макиавели заманынан алыс кетпегенін өкінішпен атап өтеді.

Алайда, әйгілі ғалымға әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Сократқа дейінгі кезеңнен бастап бүгінгі уақытқа дейінгі философия тарихын зерттеген іргелі еңбегі үшін емес, педагогика тақырыбына арнап жазған «Неке мен мораль» кітабы үшін берілгеніне ерекше тоқталғым келеді. Өйткені, қарапайым оқырмандар түгіл, кейбір мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздері Бертран Расселге әлемге әйгілі марапат «Батыс философиясының тарихы» еңбегі үшін берілген деп жұртты шатастырып жүр. Осыған орай Расселдің педагогика ғылымына сіңірген еңбегінің де зор екенін еске салғанның артығы жоқ. Педагогика саласына қатысты ғылыми еңбектерінде ол балаларды еш мәжбүрлеусіз ізгілікке баулып, саналарына қоғамдағы моральдық нормалардың пайдалылығын сыналап сіңіруміз керек екенін қадап айтты. Философ экономикалық жағдайына, жынысына, нәсілі мен ұлтына қарап балаларды бөлуге қарсы болды. Расселдің айтуынша білім берудің басты мақсаты – шовинизмнен, бюрократиядан, таптық стереотиптен арылып адам баласының шығармашылық мүмкіндіктерін қорғау. Міне сондықтан да педагогика тақырыбына арналған ойшылдың «Білім туралы», «Неке мен мораль», «Білім және қоғамдық құрылыс» атты еңбектері әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ.

Амангелді Кеңшілікұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

2 пікір