Сәтпаевқа жыл арнасақ та, артық болмас еді
Бір халық бір халықтан несімен артық бола алады? Ұлан-ғайыр жерімен, мыңғырған малымен, баға жетпес байлығымен бе? Меніңше, мұның бәрінен де бұрын арыстай тұлғалы азаматтарымен мақтана алады. Бүгінде қазақтан «кімің бар, кәне» дегенде, біз кеудемізді кере, зор мақтанышпен кімдерді атай алар едік? Осы орайда қаршадайынан қазақ жерінің қойнауында жасырынып жатқан қазынаны аршып, халық игілігіне жаратуға жол салып берген Қаныш Сәтпаевтай ұлы есімді қалайша бөліп айтпасқа? Қала, көше, мекеме атауын былай қойғанда, өсіп шыққан гүлден бастап мұздық пенен тау шыңына, тіпті ғарыштағы аспан денесіне дейін аты берілген алып тұлғаның биыл – 110 жылдық мерейтойы. Осы орайда кеше ҚР мемлекеттік Орталық мұражайында айтулы датаға орай мерейтойлық көрме және дөңгелек үстел өткізілді.
Әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі – Ұлытау-Жезқазған мыс кен орнын ашқанынан бастап, металлогения ғылымының негізін салуы, металлогендік болжамдық картаны құрастырғаны – ғалым еңбегінен құралған алып айсбергтің тек теңіз бетіне шығып тұрған ұшы ғана. 1946 жылы Қаныш Имантайұлы Сәтпаев өз қолымен іргетасын қалап кеткен Қаза КСР Ғылым академиясының бүгінгі басшысы, академик Мұрат Жұрыновқа алқалы жиынның алғы сөзі берілді.
Мұрат Жұрынұлы,Ұлттық Ғылым академиясының президенті:
– Қаныш Имантайұлының таланты таудай, ол бір жақты тек жаратылыстану саласының ғана жайын ойлаған жоқ, сонымен қатар әдебиет, мәдениет, химия, ауыл шаруашылығы т.б. көптеген салаларда ұшан-теңіз еңбек атқарды. Сондықтан ол кісі ұлы деп ұлықтауға, Аристотель мен әл-Фарабилердің ізін жалғаған ғұлама деуге әбден лайық. Сонау жас күнінде-ақ Томбы политехникалық институтында оқып жүргенде Қаныш Сәтпаев қазақ тілі мен математикадан оқулық жазған. Сол оқулық қазір Еуразия университетінде басылып шығарылды, біз соны мектептерге таратуға қаржы бөлуді сұрап министрлікке хат жолдадық. Осы жылдың соңы не келесі жылдан үміт күтеміз.
Кеңес Одағындағы әміршіл-әкімшіл жүйе қырқыншы жылдардың соңы мен елуінші жылдардың басында өзінің шарықтау шегіне жетті. Елде Сталиннің жеке басына табыну белең алды. Интеллигенцияға қатысты еркін ойды қудалайтын саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі басталды: Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Бек Сүлейменов т.б. зиялы қауым өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырап, “Бекмаханов ісі” пайда болды. Осы тұста көрнекті ғалым Қаныш Сәтпаевты да қудаламақ болған екен. Бірақ ғалымның беделінің күштілігі сондай, тіпті кеңестік әміршілдік жүйенің де тісі батпаса керек.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, Әдебиет және өнер институтының директоры, академик:
– Қаныш Имантайұлы 50-жылдары қуғын көрген. Ондағы басты сылтаулары – ғалымның Шоқан еңбегін өңдеп жарыққа шығаруы. Сондағы Қаныш Сәтпаевтың Сталинге жазған хаты қызы Шәмшиябанудың кітабында бар. Соған қарамастан ұлт мәселесіне ол кісі бейжай қарай алмаған. Ғылым академиясын алғаш құрғаннан-ақ оған ұлттық мәртебе беру керек екенін айтқан. Шынын айтқанда, сол кездерде Кеңестер Одағында жоқ академия осы Сәтпаевтай ғалымның беделінің арқасында ғана құрылды ғой. Мұхтар Әуезов екеуі қайта-қайта Мәскеуге барып, табандарынан тозып жүріп біздің қазіргі Әдебиет, Тіл институттарын ашты. Сондай-ақ түбінде астананың Ақмолаға ауысатынын алғашқылардың бірі болып ауызға алған да – Қаныш Сәтпаев.
Түйін
Дөңгелек үстелге жоғарыда аты аталған ғалымдармен қатар Жарас Ермекбаев, Нұрлан Жармағамбетов, Аманжол Қошанұлы, Сұлтан Мәжитұлы секілді ғалымдар мен Қаныш Сәтпаевтың ұрпақтары қатысып, ұлы ғалым еңбегі жайлы баяндама жасады. Жиын соңында биылғы жылды «Сәтпаев жылы» деп жариялауға ұсыныс, үндеу тасталды. Сондай-ақ осы күні орталық мұражайда «Академик Қ.И.Сәтпаевтың Мемориалдық мұражайы» мен «Халықаралық Қ.И.Сәтпаев қорының» ұйымдастыруымен Қаныш Сәтпаевтың көзі тірісінде тұтынған жеке заттары, атап айтқанда, жазу үстелі, компасы, қолсағаты, таяғы, қаламсабы мен домбырасы қойылған көрме жасақталды. Заттары сол қалпында, бейне бір сәтке орнынан тұрып кеткен иесін күтіп тұрғандай әсер қалдырды.
Мәриям ӘБСАТТАР
«Алаш айнасы» газеті 19 маусым 2009 жыл