Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2429 0 пікір 9 Қыркүйек, 2011 сағат 05:07

Арман Қырықбаев: «Қос қыранымыздың мерейтойын салыстырып, бәсекелестірудің қажеті шамалы»

Суретте - Арман Қырықбаев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары

- Қасым Аманжолов тойының дайындығы аяқталуға жақын қалды ғой, ақынды қандай тартуларыңызбен «аунатып» түсірдіңіздер?
- Иә, енді санаулы күннен кейін дауылпаз ақынымыздың 100 жылдығына арналған іс-шаралар шырқау шыңына жетіп, дүбірлі той өтетін болады. Оған дайындық жұмыстары өткен жылдың соңында басталып кеткен болатын. Ең алдымен, алты Алаштың ардағы, аты аңызға айналған ақиық ақынның еңселі ескерткішін қою қолға алынды. Себебі, «Уа, дариға - алтын бесік, туған жер» деп Отанға, туған жерге деген зор сүйіспеншілігін, ыстық сезімін өлеңмен өрнектеп кеткен асыл перзентінің туған жерінде ескерткішінің болмауы көпшілікті көптен ойлантып жүрген жағдай болатын. Міне, сол олқылықтың орны толып, ардақты арысымыздың ескерткіші, Алла қаласа, қаланың қақ ортасына орнайтын болады.

Суретте - Арман Қырықбаев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары

- Қасым Аманжолов тойының дайындығы аяқталуға жақын қалды ғой, ақынды қандай тартуларыңызбен «аунатып» түсірдіңіздер?
- Иә, енді санаулы күннен кейін дауылпаз ақынымыздың 100 жылдығына арналған іс-шаралар шырқау шыңына жетіп, дүбірлі той өтетін болады. Оған дайындық жұмыстары өткен жылдың соңында басталып кеткен болатын. Ең алдымен, алты Алаштың ардағы, аты аңызға айналған ақиық ақынның еңселі ескерткішін қою қолға алынды. Себебі, «Уа, дариға - алтын бесік, туған жер» деп Отанға, туған жерге деген зор сүйіспеншілігін, ыстық сезімін өлеңмен өрнектеп кеткен асыл перзентінің туған жерінде ескерткішінің болмауы көпшілікті көптен ойлантып жүрген жағдай болатын. Міне, сол олқылықтың орны толып, ардақты арысымыздың ескерткіші, Алла қаласа, қаланың қақ ортасына орнайтын болады.
Бірден айта кетейін, осы тойды өткізу туралы әңгіме қозғалғаннан бастап барлық даярлық жұмыстарын облысымыздың басшысы Серік Нығметұлы Ахметов тікелей өз бақылауында ұстап келеді. Сол кісінің қолдауымен «Қасым» әдеби-мәдени журналы жақында жарық көрмекші. Өздеріңізге белгілі, биылдың өзінде Қасымға байланысты төрт кітап басылып шықты. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты ақын өлеңдеріне жазылған әндердің СD дискісі шығарылды. Осындай игі жаңалықтардың қатарында ақын туралы деректі фильм мен бейнефильмнің түсірілуін, ақын шығармашылығына арналған арнайы ғылыми-танымдық сайттың ашылуын да айрықша атап өтер едім.
- Ақынның 100 жылдық мерейтойына орай көше, мектеп, мекеме, басқа да қоғамдық орындарға оның аты берілді ме?
- Кезінде ақынның кіндік қаны тамған жері Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Фрунзе совхозына Қасым Аманжолов есімі берілген болатын. Қарағандыда Қасым Аманжолов құрметіне көше аталған. Енді даңқты жерлесіміздің есімі Қарқаралы қаласындағы орталықтандырылған кітапханаға берілді. Күні ертең бой көтеретін ақын ескерткішінің жанындағы аллея да Қасым Аманжолов есімін иеленеді.
- «Қасым» журналы тұсауын кеседі, оның құрметіне сайт ашылады, бұл игілікті шаруаны дөңгелетіп жүргізіп отыру үшін де қауқары күшті қолдың қолдауы, қаражаты қажет. Ашыла салып ертеңгі күні түрлі сылтаумен жабылып қалмасына кепілдік бере аласыздар ма? Оның мазмұндық жобалануы мен қаламақы қорына кімдер жанашырлық танытып отыр?
- Қарағанды өңірінде мемлекеттік тілде жарық көретін басылым саны, жасырмауымыз керек, аз ғана. Оның сыртында, ел бойынша көлемі жағынан ең үлкен алқапты алып жатқан облысымызда қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жетерлік. Қасым - солардың бірі ғана емес, бірегейі. Сол себепті «Қасым» журналы - осы өңірдің әдеби, мәдени, рухани қайнары, ордалы ортасы болады деген үмітпен құрылған болатын. Идеяның бастауында қазақтың көрнекті ақыны Серік Ақсұңқарұлы тұр. Әдеби басылым екі айда бір рет шығып тұрады, тиражы 3000 данадан кем болмайды. Алғашқы саны осы қыркүйек айының басында оқырманға жол тартпақшы. Аты да, заты да бөлек журнал болғандықтан, мерейтой тұсында ашылып, уақыт өте жабылып қалмауына барынша күш саламыз. Ал журналда осы өңірдің дарынды қаламгер жастары қызмет етеді. Қарап отырсақ, Қарағанды өңірінде 50-ге тарта жас ақын бар екен. Олардың жиырмаға жуығы ел көлемінде танылып қалған азаматтар, алдының жыр жинақтары мемлекеттік тапсырыспен жарық та көріп жатыр. Осы жастарымыз бен аға буын қаламгерлердің алтын көпір дәнекеріндей болмақшы бұл журнал. Сосын, мұнда тек облыс деңгейіндегі әңгіме ғана айтылмайды деп сенеміз. Журнал авторлары тұтас республикамыздан болуы тиіс қой. Қазіргі кезде шығармашылық ұжым саны 7 адамнан тұрады. Бас редакторы - халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жүлдегері Серік Сағынтай деген ақын бауырымыз. Ал қаламақы жағы редакция алқасы тарапынан қарастырылған.
- Біздегі сын көтермейтін мәселенің бірі - ескерткіштер жайы. Ескерткішті әлі көргеміз жоқ, бірақ барша қазаққа ортақ Қарқаралының ұланы тұғырына қалай қондырылды? Авторы, көркемдік шешімі, орындалу барысында өзгешелік бар ма?
- Жалпы, қазақ елі саналы ғұмырын ұлт мұраты, ұрпақ болашағы үшін сарп еткен ғазиз тұлғалардан кенде емес. Жетіп артылады. Тек солардың қадірін біліп, қасиеттеу, өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа жеткізу - бүгінгі ел тізгінін ұстаған азаматтардың ісі, ардың ісі деп білемін.
Осы тұрғыдан келгенде, Қарағанды төріне қойылар Қасым ескерткіші алдағы уақытта өлеңсүйер қауымның ақын рухына тәу етер жеріне айналатындығына кәміл сенеміз.
Ескеркіш жайына тоқтала кетсек, авторы белгілі мүсінші, көптеген сыйлықтардың лауреаты - Ж.К.Молдабаев. Композицияның биіктігі 7,8 метр, ал таза қоладан құйылатын ескерткіштің өзінің биіктігі - 3,8 метр. Тұғыры Тянь-Шань гранитімен қапталған. Ескерткіштің айналасы тегіс абаттандырылып, тұтас бір аллеяға айналған, гүлзарлар, аспалы шамдар, көкпеңбек көгал, ыңғайлы орындықтар қойылған. Бір сөзбен айтқанда, келген адамға тыныстап, демалу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Әңгіме ауаны ескерткіштер тақырыбына ойысқан тұста айтпай кетуге болмайтын бір дүние бар. Ол Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекеленетін мерейлі жылда кеншілер астанасында Қаз дауысты Қазыбек би бабамызға, ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаевқа ескерткіш орнатылады. Осының бәрі болашақта жастарды отансүйгіштікке, өнерді сүюге, арыстарымызды бағалауға тәрбиелейтін рухани құрал болары сөзсіз.
- Дүркіретіп той өткізудің шебері болып алған қазаққа бұл жағынан ешкім мін таға алмайды. Сөз жоқ, бүгінгі Қасымның тойын республикалық ауқымда дүбірлеп өткен кешегі Мұқағали тойымен салыстырып, бәсекелестіріп шығатындар табылады. «Біз одан кем түспеуіміз керек» деп жалған намысқа салып жанталасып жатқан жоқсыздар ма?
- Иә, өкінішке қарай, сондай келеңсіздіктердің қазақ арасында қылаң беріп, көрініс тауып жататындығы жасырын емес. Дегенмен қазақ поэзиясының тарихында есімдерін алтын әріптермен жазып қалдырған қос қыранымыздың мерейтойын пендешілікке салынып, салыстырып қараудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Себебі, мұзбалақ Мұқағалидың тойы да, дауылпаз Қасымның тойы да, ең алдымен, алты Алашқа ортақ мерейтой, бүкіл қазақтың тойы. Жалпы, мерейтой дегеніміз - құр ас ішіп, аяқ босату емес. Қасымның ғасырлық тойын өткізудегі біздің басты міндетіміз - ақиық ақынның соңында қалған асыл мұрасын насихаттау, өлең мен жырдың өлкесіне бет бұру, зерттелмей жатқан, ашылмай жатқан қырларына үңілу.
Ал енді дүбірлі тойдың өту жайына келер болсақ, Қарағанды қаласында облыстық телеарнадан Қасым Аманжолов туралы әзірленген фильмнің және «Сарыжайлау» кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әзірлеген Қасым Аманжолов туралы деректі фильм көрсетілімдерінен, сондай-ақ Қасым өлеңдеріне жазылған республикалық ән конкурсын өткізуден және республикалық ақындар айтысынан басталады. С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектаклінің көрсетілімі өтеді. 9 қыркүйекте Қасым Аманжоловтың еңселі ескерткіші мен ақын атындағы аллея салтанатты түрде ашылатын болады. Дәл осы күні жоғарыда аталып өткен Қасым Аманжоловтың мерейтойына арналған мерекелік «Қ.Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Алқалы жиын аясында ақынның таңдамалы шығармалар кітабы мен «Қасым» әдеби-мәдени қоғамдық журналының тұсаукесері жасалады. Сонымен қатар республикалық ақындар мүшәйрасы өтеді, соңы концерттік бағдарламаға ұласады. Келесі күні дүбірлі той Қасымның туған жері Қарқаралыда, Кент тауының баурайында тігілген 200-ге тарта ақшаңқан киіз үйлер ауылында жалғасатын болады. Мұнда театрландырылған қойылым, өнер жұлдыздарының концерті болады. Сонымен қатар ұлттық ат спорты түрлерінен аламан бәйге, топ жарыс, қыз қуу, қазақ күресі шаралары өткізіледі.
- Қасыммен мақтану, Қасымға тағзым ету шарасы осы мерейтоймен аяқтала ма? Бұдан ары қарайғы құрметті қалай сабақтастырмақсыздар?
- Қасым жылын, ақиық ақынның асыл жырын ұлықтау жыл бойы толастамайды. Атап айтқанда, 26 қарашадан бастап 15 желтоқсан аралығында «Тәуелсіздіктің 20 шыңы» немесе «Жиырма жұлдызды күн» ұранымен екпінді 20 күн өткізілетін болады. Сол күндері ең айшықты оқиғалар жоспарланған - әрбір күн ел үшін маңызды жетістіктерді бейнелейтін болады. Соның бірі - қыркүйектегі «Руханият» бағыты шеңберінде Қ.Аманжоловтың 100 жылдығына арналған ақындар кешін, мектеп оқушылары, жасөспірімдер арасында «Жасын ғұмыр - Қасым ғұмыр» атты Аманжолов оқуларын өткізу де жоспарланып отыр. Оған тігілетін арнайы бәйгеміз бар. Айта кететін мәселе - бұл сайысқа 16 жасқа дейінгі еліміздің кез келген облысының жастары қатыса алады. Сонымен қатар, жыл сайын ақынның туған күнінде Қарқаралыға жиналып, «Қасым күндерін» өткізіп тұру бастамасы да көтеріліп жатыр. Бастама баянды болады деген сенімдеміз.
- «Тұлғалардың тойы» деп аталатын халықтық шараға қай қырынан келгеніміз дұрыс?
- Сұрағыңызға әлгінде жауап бердім ғой деймін. Қалай айтсақ та, ақындар тойы бәсеке-дәурен құрып, басқадан оза шауып, бәйге тілейтін тұс емес. Бастысы - қазақ поэзиясына деген тағзым. Осы дүбірді көзімен көріп, құлағымен естіген жастар қазақтың ақынын, ұлттық рухты сомдаушыны қашанда сыйлайтынын, басына көтеретінін білсе дейміз. Осылайша қанаттанса, басқа жұрттың алдында мақтанса дейміз. Тойдың мәні де осында деп ойлаймын. Әрбірден соң Қасым, Мұқағали сынды Алаш ардақтылары елді біріктіруші, яғни саяси маңызы шексіз факторлар.
- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Айгүл Аханбайқызы
Қарағанды қаласы

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437