Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Алаш арысы 3351 0 пікір 16 Қаңтар, 2020 сағат 12:54

«Жыр Құлагері» байқауының жеңімпаздары марапатталды

13 қаңтар күні жыр Құлагері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай баспасөз өкілдері мен әдебиетші ғалымдар арасында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, журналистер мен ақынның ұрпақтары қатысты. 

Жиынды белгілі тележурналист, І.Жансүгіров мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының мүшесі Нұртілеу Иманғалиұлы ашты. Ол басқосудың мән-мазмұнын түсіндіре келе, мерейтой аясында жыл бойы толассыз атқарылған шаралардың маңызына тоқталып, баға берді. Н.Иманғалиұлының айтуынша, ақынның тойы Қазақстаннан тыс аумақтарда да аталып өтіп, халықаралық сипат тапты. Түркия, Ресей жұрты ақын өмірбаянына қанығып, шығармаларымен танысты. Мұзбалақ ақынның «Құлагері» неміс тіліне аударылды, ал Ұлттық аударма бюросының жетекшілігімен тәржімаланған жырлары ағылшын тілінде сөйледі.

«Жансүгіров журналист. Ілияс әлі бұл саладағы ашылмаған тың, үлкен публицист. Ілияс қазақтың алғашқы кәсіби журналисі. Мәскеуде ашылған журналистика институтының бірінші түлегі. Ал жасаған еңбегі менің ойымша бұл ғасырдан ғасырға, жылдан жылға үлкен өнеге, үлкен мектеп болатынына мен күмән келтірмеймін», - деді Нұртілеу Иманғалиұлы.

Сонымен қатар, жиында мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, ақынның ұлы Саят Жансүгіров, «Ілиястану» орталығының жетекшісі, ф.ғ. докторы, профессор Мұратбек Иманғазиев, Алматы облысы, Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов, І. Жансүгіров атындағы қор басшысы Сәбит Қорғанбек қатарлы кісілер сөз сөйледі.

ҚР Жазушылар одағы басқармасы, Алматы облысы Ақсу ауданы әкімшілігі мен «Ілияс Жансүгірұлы қоры» ұйымдастырған байқаудың басты мақсаты ілиястануға жаңа серпін беру болатын. Ілияс атын тіл, сөз өнері арқылы ұлықтауға арналған бәйгеге қатысқан әдебиетшілер мен журналистердің қарасы қалың болды. Ұзын саны 132 материал келіп түскен. Оның ішінде зерттеулер мен мақалалар және сұхбаттар бар.

Марапаттауға арналған бәйгенің қортындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сахна саңлағы Болат Әбділманов жариялап, жеті жеңімпаздың есімін атады.

3-орын үшеу: «Мәлім және беймәлім І.Жансүгіров» атты танымдық мақаласы үшін ілиястанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Шара Қияхметова, «Құлагер» поэмасының ағылшын тіліндегі аудармасы хақында» атты мақаласы үшін Дүйсенәлі Әлімақын, оқырман жанын толғантар естеліктер мен сұхбаттар жиынтығы үшін Мәриям Әбсаттар иеленді. 2-орын иегерлері екеу: шығармашылық байқауға «Қызық Ілияс – қыруар қазына» атты көлемді мақаласын қосқан Жемісбек Толымбеков және Ілияс туралы танымдық хабарлар жасап, көпшілікке ақын келбетін көзайым еткен тележурналист Мұрат Жұмабай 2-орын иесі атанды. Қазылар алқасы бәйгенің 1-орнына лайық деп тапқан мақала «Мұзбалақ ақынның мұзқаласы» деп аталады, авторы – белгілі журналист Заңғар Кәрімханға жүлдені мәдениеттанушы-жазушы Мұрат Әуезов табыстады. Ал ұлттың алғашқы Жарғысын жазған заңгер Барлыбек Сыртановтың өмірбаяны мен соңына қалдырған мұрасын зерттеп жүрген зерделі жас, Ілиястың ізімен жүріп отырып, Мәскеу мен Санкт Петербург архивтерін ақтарып, беймәлім болып келген 18 кітабын елге әкелген  жас алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай бас жүлденің иесі атанды. Ілиястың ұлы Саят Жансүгіров тапсырған жүлденің иесін лайықты тапқанына залдағы үлкен-кіші тегіс қуаныш білдірді.

«Үлкен сүйіншілеп айтатын нәрсе араға 60 жыл салып, Ілиястың 18 кітабының табылғандығы және ол кітаптарда айтылған жаңалықтар мен деректер солардың барлығы осы еңбегімде айтылған. Сондықтан бүгін ақтық мәреге шығып, бас жүлде алып жеңіске жеткізіп отыр. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Ілиясты зерттеу мәселесін болашақта да жалғастырамыз»,- деді байқаудың бас жүлдегері Елдос Тоқатрбай.

Сондай-ақ, жиында белгілі ақын Ғалым Жайлыбай, Аманхан Әлім, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин, профессор Т.Кәкішевтің жары Күләш Ахметова ақиық ақын туралы қызықты естеліктер айтты. Ал «Құлагер» поэмасын жатқа айтып, ерекше мақаммен домбырасымен жырлап жүрген Нағашыбай Алпысов Қостанай облысынан арнайы келіп, алматылық қауымның алдында қоңыр дауысымен дастаннан үзінді шырқап берді.

«Жыр құлагері» атанған Ілияс Жансүгіровтің ел біле бермейтін артықшылықтары көп. Ол кісі соңына аса мол мұра қалдырған алып тұлға. Жансүгіров мұрасын ғылыми айналымға түсіру үшін әлі де көптеген зерттеулер керек. Сондықтан, ақын еңбегін зерттеуге арналған ауқымды шаралар бұдан кейін де жалғасатын болады...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991