Сәрсенбі, 10 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 622 0 пікір 10 Қыркүйек, 2025 сағат 15:42

ЕО Қазақстанға санкция сала ма?

Сурет: probusiness.io сайтынан алынды.

Еуропалық Одақ Ресейге қарсы кезекті – 19-шы санкциялар пакетін дайындап жатыр. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

Бұл жолғы шектеулердің ерекшелігі – алғаш рет Орталық Азия елдері назарға алынуы. Әсіресе, Қазақстанға қатысты санкция енгізу мәселесі Брюссельде қызу талқылануда.

Халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ЕО-ны Қазақстан арқылы Ресейге стратегиялық тауарлардың жеткізіліп жатқаны алаңдатып отыр. Негізгі әңгіме компьютерлік басқарылатын «CNC» станоктары мен машина жасауға арналған жабдықтар жөнінде болып отыр. Бұл қондырғылардың әскери өндірісте қолданылу қаупі жоғары саналады.

Соңғы үш жылдағы сауда көрсеткіштері де осы күдікті күшейтіп отыр. 2021 жылы Қазақстан Ресейге «көлік, құрылғылар, приборлар мен аппараттар» санатында шамамен 471 миллион доллардың өнімін экспорттаса, 2023 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, 2,7 миллиард долларға жеткен. 2024 жылы да көлем жоғары деңгейде сақталып, 2,1 миллиард долларды құрады. Экспорт көлемінің бес есеге артуы Брюссельде сұрақ туғызбай қоймайды (Дереккөзі: Bloomberg).

Алайда ықтимал санкциялар Қазақстан экономикасына ауыр соққы болуы мүмкін. «CNC» станоктары елдің өңдеуші өнеркәсібінің барлық саласына қажет. Мұнай-газ саласында («Қашаған», «Қарашығанақ», «Теңіз») құбырлар мен бөлшектерді өндіруде, тау-кен металлургиясында (ERG, Қазцинк, Qarmet) экскаватордан бастап пеш жабдықтарына дейінгі бөлшектерді дайындауда, сондай-ақ машина жасау мен көлік индустриясында (СемАЗ, КАМАЗ-Қостанай, KIA Qazaqstan, Тұлпар зауыты) бұл жабдықтарсыз өндіріс мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын Агромашхолдинг те толықтай осы технологияға тәуелді.

Сала сарапшыларының айтуынша, мұндай шектеулер Қазақстанда жүзеге асып жатқан қайта өңдеу жобаларына кедергі келтіруі ықтимал. Олардың пікірінше, елдің өзіне де бұл жабдықтар ауадай қажет. Сол себепті Қазақстан билігі ЕО-мен жүргізіліп жатқан консультацияларда барынша ашықтық көрсетуге дайын.

Айта кетейік, ЕО соңғы екі жылда Ресейге қарсы 18 пакет санкция қабылдаған. Оның ішінде қаржы секторына тосқауылдар, мұнай-газ экспортына шектеулер және жоғары технологиялық жабдықтарға тыйымдар бар.

2023 жылы қабылданған 11-ші пакеттің аясында үшінші елдер арқылы Мәскеуге санкциялық тауарлардың жетуіне тосқауыл қоюға бағытталған «anti-circumvention tool» атты механизм іске қосылған еді. Сол кезде 10 микрондық дәлдіктегі CNC станоктары да санкциялық тауарлардың қатарына енгізілген.

Енді Брюссель осы тетікті Қазақстанға қатысты қолдануды қарастырып отыр. Сонымен қатар, ЕО жалпы Орталық Азияға бағытталған жаңа шектеулер пакетін де талқылауда. Ол жоғары технологиялық жабдық экспортына, қаржылық операцияларға және логистика саласына әсер етуі ықтимал.

Қазақстан тарапы үшін басты міндет – қайталама санкциялардан сақтану. Сарапшылардың айтуынша, Еуроодақтың алғашқы нақты шешімдері алдағы аптада белгілі болады. Егер Қазақстанға қатысты санкциялар қабылданса, бұл ЕО-ның аймаққа бағытталған саясатының жаңа кезеңін бастап беруі мүмкін.

Abai.kz

0 пікір