Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6707 11 пікір 18 Қаңтар, 2020 сағат 14:06

Мейрамбек Бесбаев: Әбден жем болдық, біреуге...

Өткенде Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып, белгілі әнші, Алматы қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Мейрамбек Бесбаев сайланған еді.

Бұл зияткерлік меншік құқығын қорғайтын ұйым. Ол осыдан 10 жыл бұрын құрылған. Өткенде біраз әнші одақ басшылығымен кездеспек болып, жиын өткізген. Ол жерде әншілер бірнеше жылдан бері қаламақы алмағанын айтып, мәселе көтерген. Ал Қазақстан орындаушылар одағының негізгі қызметі - өнер адамдарына, олардың туындыларына қаламақы төлеу болған. Яғни, әншінің әні мейрамханада, телеарнада немесе басқа жерде орындалған кезде тиісті мөлшерде қаламақы төленуі тиіс болған. Алайда, жиналғандар бірнеше жылдан бері қаламақыға соқыр тиын алмағанын айтып, наразылық білдіріпті.

Ол жиынға одақ басшылығы келмеген. Сөйтіп, ұйымның ең жоғарғы басқару органы - басқарма мүшелері толық құрамда дауыс беріп, төрағалыққа Мейрамбек Бесбаевты сайлаған. Су жаңа төраға Бесбаев бұл мәселені бұрыннан білетінін және оны шешуге әзір екенін айтып, БАҚ-қа сұхбат берді.

Похожее изображение

Бесбаев: Әбден жем болдық қой біреуге...

«Бұл орындаушылардың қоғамдық ұйымы. Бұл жерде негізі әңгіме көп. Жиында біраз әнші болып ұйымның басшылығына наразылығымызды білдірдік. Мені аяқ астынан бәрі бірауыздан сайлап жіберді.

Ол жерде жалпы не болып жатқанын білемін. Жалпы өнер адамдарының құқығы қорғалып жүрген жоқ деп ойлаймын. Ол бұрыннан келе жатқан ұйым. Бірнеше автор, жазушы, әнші бар. Қазір сол саланың мамандары, заңгерлерді жинап жатырмын.

Мендегі ой - әр әншінің ақшасын үлестіріп, тиісті сыйақысын алса. Жалпы өнер саласын түсінетін адамбыз ғой. Құдай қаласа кірісеміз. Ол ұйымда мәселе көп. Әншілердің бірігетін кезі келді ғой деп ойлаймын. Әбден жем болдық қой біреуге», - деді әнші.

Кейін әнші өзінің «Instagram» желісіндегі парақшасында одақтың бұрынғы басшылығы тарапынан қоқан-лоқы жасалып, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева тарапынан қысым болып жатқанын жазды. Оның айтуынша, қаламақы бермей қаңтарылып тұрған одақтың бұрынғы басшылығы жаңа басшылыққа қоқан-лоқы көрсетіп, қарсылық білдірген. Ал оның артында Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева мен оның ұлы тұрған көрінеді.

Бесбаев: Сіз неге әншілердің шаруасына араласып, алашапқын боп жатырсыз?!

«Құрметті Зағипа Яхияқызы! Мен 2020 жылдың 15 қаңтар күні Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы боп сайландым. Дауыс беруге ұйымның ең жоғарғы басқару органы - құрылтайшылардың жалпы жиыны жасақтаған басқарма мүшелерінің барлығы қатысты. Сайлау өткізуге қажетті кворум болды. Барлық регламент пен заңдылық толықтай сақталды. Хаттама толтырылып, мені бас директор қызметіне кірісуім туралы бұйрық та шығып қойды. Енді келіп, бұрынғы басшылық жаңа басшылыққа қарсы қоқаң-лоққы көрсетіп, әртүрлі жағымсыз әрекеттер арқылы қарсылық көрсетуде. Бұрынғы басшылықтың артында Сіздің ұлыңыз және өзіңіз тұр екенсіз. Сіз заңды түрде сайланған маған, басқарма мүшелеріне қысым көрсетіп, әртүрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына телефон шалып жатыр екенсіз. Мұныңыз мүлде дұрыс емес деп білеміз! Неге сіз әншілердің шаруасына араласып, алашапқын боп жатырсыз?! Біз соны түсінбей отырмыз. Бұл әрекет-қылығыңыз сіздей үлкен мемлекет қайраткеріне жараспайтын шаруа. Әншілерге тиесілі ақшаға тек сіздің балаңыз иелік ету керек деген ой сізге қайдан келген?! Біз өз шаруамызды өзіміз шешуіміз керек, өзімізге тиесілі қаражатты өзіміз тиісінше жұмсауымыз қажет. Еңбектен түскен қаражат бір қалтаға, нақтырақ айтқанда сіздің балаңызға емес, мың қалтаға яғни маңдай терімен тауып жүрген әншілер мен ән өндеушілердің қалтасына түсу керек. Сізден осындай әрекеттеріңізді тоқтатуды талап етеміз!», деп жазды Мейрамбек Бесбаев.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты әншінің айыптауына жауап беріп те үлгерді. «Tengrinews.kz» сайтының жазуынша, Мәжіліс депутаты Мейрамбек Бесбаевтың өзімен сөйлесіп, бұл іске өзінің қатысы жоқ екенін айтқан.

Похожее изображение

Балиева: Ештеңе білмеймін, қатысым жоқ

«Мейрамбекпен сөйлестім. Ештеңе білмеймін, қатысым жоқ. Күні бойы телефон соқтым, тұтқаны көтермеді. Кейін әлеуметтік желіде сөйлестік. "Неге жала жабасың? Бір нәрсе істеп жатқанымды қайдан көрдің? Құжаттардың бәрін көріп алып, маған телефон соқпайсың ба?" дедім. Енді келістік, ол ертең құжаттардың бәрін қарайды, анықтап алады, қажет болса, сосын тағы бір пост жазады», - деді Зағипа Балиева.

Ал жиынға қатысқан әншілер БАҚ-қа пікір айтып, бірнеше жылдан бері төленбей келген қаламақының тым болмаса жарты сомасы қайтарылуы керектігін талап қылыпты. Бұл туралы «Tengrinews.kz» сайты жазды.

Картинки по запросу жеңіс ысқақова

Жеңіс Ысқақова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

-Біз сеніп, тіркеліп, сол ұйымға мүше болдық. Тоғыз жылдан бері қаламақының қайда кеткенін сұрадық. Жиында «Басшылық біздің алдымызда жауап бере алмаса, заң алдында жауап берсін» деп айттым.

Осы күнге дейін біздің қаламақымызды ақыры құртқан екен, енді соның ең болмаса жартысын қалпына келтіріп қор ашылсын. Себебі егде жастағы әртістер, жалпы өнер адамдары бір зейнетақымен отыр. Бірақ халықтың алдында жасаған еңбегі зор емес пе? Біз сол кісілердің өнерімен өстік. Кез келген жағдай болуы мүмкін: біреуі ауырып қалуы мүмкін. Қиналған кезде, науқастанып қалған әншіге сондай қор ашылса ақша бөлінуі керек. Бірақ ол ұйым енді әншілердің сыйақысын қалпына келтіре ме, жоқ па, кім біледі...

Похожее изображение

Мұқасан Шахзадаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ол орындаушылық құқықты қорғайтын ұйым. Қанша жыл бойы әншілердің сыйақысын төлемеуі туралы жиын болды. Оның алдында тек кішігірім ақы төленген. Кейін 4-5 жыл бойы ешқандай қаражат төленбеді. Кейінгі жылдары ешқандай сыйақы төленбегендіктен басталған дау. Әншілер сол ұйымға тіркеледі. Яғни, менің орындауымда қанша ән болса, соның барлығы тіркеледі. Сол әндердің қолданылуына қарай ақы төленеді.

Похожее изображение

Өмірқұл Айниязов, ҚР Еңбек сіңігрен қайраткері:

- Ұйым ашылғалы әркімге әртүрлі қаржы түскен. Негізі мардымсыз: біреуге 5 мың, біреуге 10 мың, ең көбі сол 30 мың теңгедей түскен. Соңғы бір жылдықта мүлде төленбеген. Ол ұйымның адамын да танымаймыз. Оның басшысы өнерді түсінетін адам болуы керек деп есептейміз. Барлығы ашық түрде болса деген ой. Біз қыруар қаражат алсақ деп ойламаймыз әрине. Тек бізден кейін келе жатқан жас әншілер өз құқықтарын білсе дейміз.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499