Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 5722 35 пікір 26 Қаңтар, 2020 сағат 16:56

Күшті мемлекет пен дамыған ұлт – баянды болашақ кепілі

ҚР Парламенті Сенатының спикері

Дариға Назарбаеваның,

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы

Нұрлан Нығматулиннің назарына!

1. Қазақ ұлтының рулық жүйесі – қазақ ұлтының пайда болуының негізі

Қазақтың бұрынғы рулық жүйе­сі бүгінде «қазақ» атымен танылған ұлтты (халықты) тарихи аренаға алып келген тарихи құбылыс. Оның тарихы тым тереңде жатыр. Жер бетіндегі барлық биологиялық түрлер  − теңіздегі балықтан бастап адамға дейін – тек қауымдасып өмір сүру арқылы тіршілік етеді. Бұл − Ұлы Жаратушының бұлжымас заңы. Дамудың объективті заңдылығы. Сондықтан, қазақ халқының мыңдаған жылдардан бері жалғасып, күні бүгінге дейін жеткен «рулық жүйесі» біздің арғы-бергі ата-бабаларымыздың ойлап тапқан жасанды конструкциясы емес – өмірді жалғастырудың жалғыз шарты деп санау керек.

Егер, тарихты қопарар болсақ, онда біздің ұлы даламызда қаншама тайпалардың, патшалықтардың, хандықтардың өткенін тізіп шығуға болады... Тарихи тұрғыда ойлағанда − олардың бәрі де бүгінде «мемлекет» аталатын,  қауымдасып өмір сүру формасының прототиптері.  Сол себепті, біз халқымыздың көненің көзіндей сақтап келе жатқан рулық жүйесіне үлкен құрметпен қарауға тиістіміз. Одан қазіргі кездегі ұлттық дамуға кедергі бола бастаған «рушылдық» үшін бас тару −  керісінше, ұлттық-мемлекеттік дамуымызды құрдымға кетіретін қадам болып табылады. Сөзіміз түсінікті болу үшін, енді, осыны рет-ретімен баяндайық.

2. Қазақ халқының тарихындағы рулық жүйенің атқарған функциялары

Өз заманында ол мынадай міндеттерді атқарып шықты:

- Руын сұрастыра келе− жеті және одан да арғы аталарын тарату арқылы қазақтың тарихи жадын, тектік (гендік) қасиетін сақтады;

- Руын сұрастыра келе – «қарға тамырлы қазақ» деген біртұтастық символды жасап шықты;

- Байтақ жеріміз жүздік және рулық иеліктерге бөлініп, жерді қорғау жауапкершілігі сол аймақты мекендеген руларға жүктелді;

- Рулар өздеріне тиесілі жерлерде оңтайлы шаруашылық үрдісін қалыптастырды. Көшпенді мал шаруашылығы рулар арасында тепе-теңдік қатынас орнатты. Әр ру өзін-өзі қамтамасыз етті. Олар бүгінгі «нарықтық жүйеге» табиғи түрде қол жеткізді.

- Рулар ел тұтастығын назарда ұстады. Бақталастық түрі – барымтаны (рейдерлік) билер соты арқылы жазалап, бітімгершілікті қалпына келтіріп отырды.

- Рулық қатынас «қазақ» атымен біріккен рулардың бәріне ортақ: ер, батыр, жігіт, ақсақал, ана, бауыр, қарындас сияқты ұғымдарды қалыптастырды. Сөйтіп, ұлттық дәстүр мен рулықтан жоғары тұрған, бүкіл қазаққа ортақ қазақы болмысты – қазақ ұлтының ділін өмірге келтірді.

- Ал, өз руынан (7 - 12 атаға дейін) қыз алмай, қыздарын өзге руларға атастыру, ұзату арқылы халықтың біртұтастығының рухани бас­тауын — тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін біртекті етті.

3. Рулық жүйедегі әділеттілік пен дала демократиясының көріністері

- Қазақтар жетімін жылатпауға, жесірін жат қолына бермеуге қатты көңіл бөлді. Рулық тұтастықты сақтау – ұлттық намыс діңгегіне айналды. Жетімі мен жесірін қорғай алмау, бұзақысына тиым сала алмау – бүкіл рудың бетіне түскен шіркей ретінде қабылданды. Сондықтан, ондай мәселелер қоғам алдында әділеттікпен билер сотында шешіліп отырды. («Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз содан қалса керек). Мұндай – тентегін тезге сала алатын еркін және тұтас жүйеде түрменің қажеті болмады. Түрме, шын мәнісінде, мәдениеті артта қалған елдің белгісі саналды.

- Қазақтар өз заманында ақ киізге көтеріп, «ханын сайлаған» аз ғана елдердің қатарында болды. Оған бар қазақ рулары қатысып, өз еріктерін білдіруге құқылы болды. Соған сай, хандар да қараның сөз айтуына ерік беретін «дат заңына» жол ашты.

4. «Азаматтық» және «дәстүрлі» қоғамның ерекшеліктері туралы

Әлемдік өркениетте қоғам дамуын екі бағытта қарастырады:

1. Азаматтық қоғам;

2.  Ұлттық дәстүрге негізделген қоғам:

- Азаматтық қоғамда ұлттық ерекшеліктер екінші қатарға сырғып − қоғам ұлтына, ділі мен дінге бөлінбейтін «адам құндылығын» алға шығарады. Ол кезде адамдар арасындағы қарым-қатынастар жалпыадамзаттық моральдік құндылықтар мен мемлекет заңдарына сүйеніп жүзеге асады. Заң және мораль алдында адам құқы тең болғандықтан – қоғамда соған сай қатынас жүйесі орнайды. Айта кетейік, мұндай жүйеге көпеген мемлекеттер ауысып жатыр. Мәселен, Еуропа елдерінің Еуроодаққа бірігуі – мұның еуропалық нұсқасы десе болады. Бірақ, өткен жылы Англияның одан бөлінуі (49% - бөлінбеу, 51%-бөліну) − бұл елде әлі де консерваторлық (дәстүрлі) мәдениеттің басым екендігін білдірді.

- Ал, Ұлттық мемлекетте («дәстүрлі қоғам» деп атайды) адамдардың, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастар белгілі бір құндылықтар жүйесіне, яғни, сол мемлекетті құрып отырған ұлт пен халықтың дәстүріне, салтына сүйенеді. Мемлекеттік заңдар да сол салт-дәстүрді құндылық ретінде ескеріп, соған үйлестіріліп жасалады. Бұлай жасау адамдардың санасында қайшылық туындамауы үшін аса қажет болып табылады.

- Біздегі рулық жүйенің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқаны – оның мәдениетіміз бен дәстүрімізбен бірігіп кеткендігінен. Сондықтан «рулық жүйенің болуы» санамызда қайшылық туғызбайды. Бірақ, қазіргі замандағы мемлекеттік даму үрдісі, ондағы жүріп жатқан процестер бұрынғы дәстүрлі рулық жүйені емес, ол атқарған функцияларды өзгерістерге ұшыратып жатыр: мысалы, қазір жерге қатысты белгілі бір өңірді өз иелігі санайтын рулық қауымдастықтар жоқ, сол себепті, рулар да жерге қатысты «жеке жауапкершілік» міндетінен ажырады – ол маңызын жоғалтты. Қазір мемлекеттің қай жері болса да «қазақтың жері» деп саналып, оны қорғау мемлекет пен халықтың міндетіне айналды. Шаруашылық үрдісте де солай – елімізде мың-мың адам еңбек миграциясымен көшіп жүр...

- Бірақ, кейбір дәстүрде біз әлі де «рулық жүйе» қалыптастырған дәстүрден айнығанымыз жоқ Мысалы, тектілікке қатысы бар «қыз алу − қыз беру» дәстүрін бұрынғы қалыпта сақтап отырмыз. Бұл өте дұрыс. Себебі, оны азаматтық қоғамға сәйкес «заң құқына» берсек – ол қазақ дүниетанымына қайшы келеді. Өйткені, бұл процесті заңмен реттеп отыру мүмкін емес. Одан бөлек, осы мәселеде дәстүрден қол үзу – қазақ ұлтының өзге де дәстүрлерін қиратады, әрі, ұлттың өз ерекшелігін жоя бастауына жол ашады. Ол қатарда – рулық жүйеден туындайтын, ұлтты біріктіріп тұрған «бауыр-қарындас», «құда-құдағи», «нағашы-жиен», «бөле», «күйеу», «құдаша» және т.б. құндылықтар бар. Біз соны жойып алар едік. Ол, өз кезегінде, осы ұғымдарға сай өрбитін «сый-құрметтік» қатынастарды жоққа шығарып, ақыр соңында, «бір атадан тарайтын Алаш жұрты» деген басты құндылығымызға соққы берер еді! Арғы жағын өздеріңіз пайымдай беріңіз...

5. Рушылдықтың пайда болуының объективті және субъективті факторлары:

- Өте ертеден-ақ қазақ даласы Ресей үшін Орталық Азия мен Үнді мұхитына баратын қақпа, ал, Қытай үшін «Ұлы жібек жолының» маңызды бөлігі саналды. Сондықтан, бұл далаға «көз тігу» сол заманнан басталған. Әрине, оның ең оңай жолы − қазақтарды қалайда ықпалына қарату еді. Оның неше түрлі жобаларын Ресей де, Қытай да жасап жатты. Соның бірі − солтүстік көршінің қазақтың әскери мағынадағы жүздік құрылымын және елдік мағынадағы рулық құрылымын өзінің төл мағынасынан ажыратып, оны «жүзшілдік» пен «рушылдық» бағытына ауыстыруды көздегенін атап айтамыз (бұл процесс әлі жалғасып жатыр). Мысалы, соңғы онжылдық көлемінде ресейлік саясаткерлер, баяғы әдет бойынша, қазақтың рулық жүйесін «рушылдық» ретінде көрсетуге тырысып, соның шоғын үрлеумен келеді. Ол аз болып, енді оған «қазақта мемлекет болмаған, шегара болмаған» деген сөздерді қосты. Әрине, мұның астарында әлсіз билік пен халықтың арасына от жағу, сөйтіп, әр руды билікке таластырып қою әрекеті жатқаны анық. Бұл жағдай сыртқы күш әсерінен туындайтындықтан, оны – рушылдықты қоздырудың сыртқы себебі дейміз. Бұл, негізі, шындықтан алшақ жатқан субъективті пікір болып табылады.

Енді, өз рушылдықты өз ішімізден туындататын себептерге тоқталайық:

Оның объективті себебін түсіну үшін, біздегі құрылған мемлекеттік жүйенің қандай сипатта екенін біліп алу маңызды. Қазақстан 2019 жылғы көрсеткіште «коррупцияға бейімділік» жағынан 34 балл  алып, 113 орынға тұрақтады. (0 балл – коррупциядан таза). Ал, мұндай коррупциялық көрсеткішпен ешқандай нарықтық экономика құру мүмкін емес.  Коррупциялық ортада нарықтық экономика және басқа заңдарды сыбайластық қатынастар алмастырады. Бұл жерде: сыбайластықпен ұштасатын рушылдықты (оған ілеспе – жағымпаздық, екіжүзділік, сатқындық, ұрлық, рейдерлік және т.т.) ерекше атап өткіміз келеді. Яғни, мұнда коррупциялық мемлекеттік басқару жүйесі – сыбайластықты һәм рушылдықты тудыратын объективті фактор. Оны түбегейлі іске асырушылар  – дүние, билік, ықпал бөлінісіне қол жеткізген топ өкілдері екенін атап өту керек.  Біздің (Қазақстандық) жағдайда бұл «кланаралық» пен «руаралық» (рушылдық) арқылы көрініс тауып отыр. Бірақ «клан» мен «рушылдық» арасында елеулі айырмашылық бар. Мәселен, кең мағынасында, «кланаралық» дегеніміз − байлық пен билікті бөлісу кезінде өршитін қатынас түрі. Кландар өз мақсаты үшін қажет болса «рушылдықты» сырғыта салады. Сондықтан,  оған рушылдықтың әсері жанама түрде болуы мүмкін. Ал, кей жағдайда, «қазақ рушылдығы» «кланаралық» қатынасқа кедергі болып шығады. Бүгінде «оңтүстүк», «солтүстік» және т.т. бөлінетін кландардың географиялық атаулары  шартты түрде ғана.  Олардың іс-әрекеті рулық негізде емес, экономикалық-саяси негізде түзелетіндіктен – олар бүкіл мемлекет ауқымын қамтиды. Әрине, бастапқы детонатор ретінде рушылдық белгілі бір міндетін атқарады. Бірақ, одан әрі қарай кландар өз бетімен «өмір сүруін» жалғастырады.

6. Рушылдықтың ұлт тұтастығына төндірер қауіптері туралы

- Оның пайдасын азғана топ көреді, зардабын халық тартады.

- Демографиялық өзгерістер Қазақстанды унитарлы мемлекеттер қатарына қосты. Бұл − елдің тарихи егесі саналатын ұлттың (бізде – қазақ ұлты) ұлт ретінде толыққанды қалыптасып, азаматтық-құқықтық қоғам құру жолына қадам басуын талап етеді. Бірақ, жоғарыдан тарайтын сыбайластық пен рушылдық бұған жол бермейді. Өйткені, «мемлекетшілдік» бағыттағы халық талабы мен «жеке пайданы көздейтін» рушылдық (сыбайластық (мүмкін – туыстық)) талабы ешқашан бірікпейді.

- Нәтижесінде, мемлекет пен қоғам өмірінің іргесі сөгіле бастайды. Мемлекеттік қауіпсіздік толығымен регрессивті субъективтік факторларға тәуелді болып қалады. Соның әсерінен қоғам тұрақсыздық күйге түсіп, күйзеліске ұшырайды.

- Осы аталған факторлар себебінен рухани-мәдени тоқырауға ұшыраған халықтың өзін-өзі (мемлекеттілікті) қорғау иммунитеті әлсіреп − рушылдық біртіндеп бұқаралық сипатқа көшіп, қоғамға тарай бастайды. Бұл – осы кеселдің соңғы стадияға, яғни, ұлттық ыдырауға көшкенінен хабар беретін белгі!

7. Рушылдықтан арылудың жолдары қандай?

Бүгінде мұның дайын рецепті жоқ болғандықтан – рушылдықтан арылу жолдарын дөп басып айту мүмкін емес. Дегенмен, бастапқы кезеңде бірнеше батыл қадамдар жасау керектігі айқындалып келеді.

1. (Маңызды) Ел болып барлық саладағы коррупцияға қарсы тұру, барлық деңгейде оған төзімсіздік таныту;

2. Заңдардың толығымен өз мағынасында қолданылуын талап ету, сот жүйесіндегі кездесетін «біреуге – киіз, біреуге − мүйіз» принципті толығымен жоюға ұмтылу;

3. Ұлттық тәрбие жүйесінде рулық бөлінуге жол бермеу. Оны түгелімен ұлт тұтастығы (мемлекеттік) принциптермен алмастыру, сөйтіп, қоғамды «рушылдық синдромынан» тазарту;

4. Ұлттық мемлекеттігімізді күшейтуші экономикалық реформаларды жүзеге асыру. Жастарды кәсіпкерлікке тарту, білім сапасына көңіл бөлу;

5. Билікте «мәке-сәке», «аға-көке» дегеннен арылып, жауапкершілікті күшейту арқылы билікке мемлекетшіл әрі білімді-білікті жастардың тартылуын қамтамасыз ету. Билік жүйесін ықшамдау.

6. Отандық ірі кәсіпорындардың, олигархтардың, ірі бизнесмендердің нақты ауылдарды өз қомқорлығына алып, оны көтеру, дамыту бастамасын іске асыру.

7. Барлық деңгейде қазақ тілінің мәртебесін арттыру.

Сөз соңында айтарым, бұл ұсыныстар экспромт ойға келгендері ғана. Ал, бұл мәселенің қазір ушыққаны соншалық, тіптен, осы мәселе бойынша ұлттық референдуум өткізетін жағдайға жетеғабыл болып қалғандаймыз...

Мүмкін, өткізу де қажет шығар..

Картинки по запросу Әбдірашит Бәкірұлы

Әбдірашит Бәкірұлы,

әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің философия кафедрасының аға оқытушысы.

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2254
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522