Жұма, 4 Қазан 2024
Анық 6690 9 пікір 27 Қаңтар, 2020 сағат 13:39

«Қытай құлдырап барады»

Жуық жылдары, өте-мөте онымен АҚШ арасындағы сауда соғысы басталғалы бері, “Қытай құлдырап барады”, “Қытай экономикасы дағдарыстың батпағына батуда”, “АҚШ-тың сауда соққысы Қытайды есеңгіретіп тастады” сықылды пайымдаулар мен дақпырттар көбеюде. Айтса айтқандай, соңғы 30 жылда екі орынды санмен өскен Қытай экономикасы, жақынғы жылдардан бері қарқынын бәсеңдетіп алғаны белгілі. 2019 жылғы 6 пайыздық өсімге қанағатпен қараған ел, келесі жылда 5 пайыздық қарқынды сақтай алар-алмасына бәс тіге алмай отыр. Әрине, оның себептері алуан түрлі. 

Әрқандай экономиканың бір мезгіл қарқынды өскен соң бірте-бірте “сабасына түсетіні” бар. Бұл - экономиканың заңы. Қытай экономикасы да осындай байыздайтын мезетіне жеткен сыңайлы. Мұнан сырт, мынадай факторлардың салдары да оған ықпал еткені де сөзсіз.

30-40 жылдық экономикалық өсім Қытай тұрғындарының қалталарын қалыңдатқаны белгілі. Бұл өз кезегінде еңбекақының өсуіне алып келді. Еңбекақының өсуі Қытайға инвестиция салудың ең қызық тұсы — арзан жұмыскүшке қолжетімділікті мансұқтап, инвестицияның өзіндік құның арттырып жіберді. Осыдан кейін шетел инвестициясы жұмыскүші арзандау Въетнам, Бангладеш сынды елдерге кете бастады. 2008 жылғы оңтүстік-шығыс Азия экономикасының дағдарысының кері әсерінен басын алып қашу үшін, Қытай ішкі сұранысты арттыруға жүгінді, атап айтқанда, авто және теміржол төсеу, көпір салу, тунел қазу, ұшқыр пойыз жасау сынды инфрақұрылымға триллиондап  инвестиция салды (2009 жылы бір жылдың өзінде осы мақсаттағы инвестиция бірден 50%-ке өскен!). Осының өзі экономиканы біраз жерге сүйреді. 10 жылдан соң оның да демігі басылды. Осылайша, ішкі сұраныстың саябырсуы экономика өсімінің бәсеңдеуіне алып келді. Трамптың соққысы да осал тиген жоқ. Мысалы, 2018 жылы Қытайдың экспорт-импорт көлемі бірден 28%-ке құлдырап кеткен. Бірақ, мұның барлығы да объективтік факторлар болатын. 

Мәселенің түпкі мәні субъективті ынта-мұратқа саятын еді. Қытайдың елдегі “реформалау мен сыртқа есігін ашқан” 40 жылдағы жетістіктерін өзінің социалистік түзім мен нарық экономикасын жанды ұштастырғандығының жемісі санайтыны белгілі. Тіпті мұны өзінің тыңнан сүрен салған, адамзат дамуының капитализмнен бөтен сара жолы деп әспеттеп, “Қытай моделі”, “Қытай парасаты” деп айдарлап, әлемнің дамушы елдеріне белсенді ұсынып келе жатқаны да бар.

Қытай билігі, атап айтсақ ҚКП, 40 жылдағы ұланқайыр табыстар социалистік түзімнің (жүйенің) абзалдылығының арқасы деп есептейді. Даму мен ілгерілеудің алғы шарты да, кепілі де осы социалистік түзім, ал нарықтық қатынастар оның кемелденуінің құралы немесе тетіктерінің бірі деп пайымдайды. Сондықтан да, елдегі реформа басталғаннан 10 жылдан кейінгі, реформалық үрдістердің өзі туындатқан зат бағасының көтерілуі мен табыстың тең бөлінбеуіне наразылықтарға (1989 жыл) нарықтық қатынастар жазықты танылып, реформа бір мезет тоқтап та қалған (ҚКП органы «Халық газеті» нарық экономикасы дегеніміз тұп-тура жалпылық меншікті жою, комрпартия басшылығын жоққа шығару, социалистік түзімді жоққа шығару, капитализмді жолға қою болып табылады. 17.12.1990). ҚКП сол тұстағы төрағасы Жянь Зэмин жалпы реформаның мақсатының өзі “социалистік түзімнің өзін өзі жетілдіруі мен дамытуы, жүйенің түрлі-түсті кінараттарын сылып тастап, оның абзалдылығын жеткілікті паш ету болып табылады” деп көрсеткен-ді (28.11.1990. реформа жетістігінің жарқын үлгісі саналған Шэн зжэн (Shenzhen) ерекше аймағаның құрылғандығының 10 жылдығын атап өту жиналысында). Демек, Бұл Қытайлық реформаның түбегейлі нарыққа — батыстық классикалық үлгідегі нарыққа — ниеттенбегендігін дәйектейді.

1986 жылы “саяси түзім реформалары мен экономикалық түзім реформалары өзара ұштасып жүргізілуі керек. Тек экономикалық түзімді реформалап, саяси түзім реформаланбаса, экономикалық реформа да діттеген жеріне жете алмайды, өйткені ол мұндайда адами сyбъективтік факторлардың кедергісіне ұшырайтын болады” деп мәлімдеген “Қытай реформасының бас жобалаушысы атанған Дэннің өзі, 1989 жылдың көктемінде демократиялық еркіндік пен саяси өзгерістер талабымен шыққан студенттердің әрекетін социялистік жүйеге төнген қатер санап, оны жаныштауға пәрмен берген-ді. 1993 жылғы ҚКП 14 съезд 3 пленумы елдің экономикалық жүйесінің мақсаты нарықтық эконономика құру деп жариялағанымен, оны социалистік нарықтық экомика деп сыйпаттаған-ды. 

“Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” демекші, билікке Ши Жинпиң (Xijinping) келгелі бері Марксизм-Мао Цзэдон идеологиясына қайта оралу мен оны құбыланама есебінде әспеттеу догмалық соқыр сенім дәрежесіне көтеріліп кетті. Маоды дәріптеу, партияның елдің барлық тірліктеріне болған басшылығы мен қадағалауын күшейтуді нәсихаттау, Дэнның ұстанымдарын ішінара терістеу, экономиканың жеке секторына қырын қарау, мелекеттік кәсіпорындарға айырықша қолдау көрсету нысайы белең алып барады. ҚКП 19 съездінің 4 пленумында қабылданған “ҚКП-ның Қытайлық өзгешелікке ие социалистік түзімге табанды тұру мен оны жетілдіруге, мемлекетті басқару жүйесі мен басқару әлеуетін осызамандандыруға қатысты бірқатар аса маңызды мәселелер жайындағы шешімі”: “Қытайлық өзгешелікке ие социалистік түзімінің партия мен халықтың ұзақ уақыттық практикалық ізденісінің арқасында қалыптасқан ғылыми түзім жүйесі екендігін” қадап көрсетіп, оның 13 абзалдылығын жіпке тізіп береді.

Соның біріншісі “партияның орталықтандырылған бірыңғай басшылығына табанды тұрып, мемлекеттің бастан-ақыр социалистік бағытта ілгерлеуін қамтамасыздандыруы” екен. Әмәлиятта, Төраға Ши өзінің алдынғы буындарына қарағанда партияның абсолютті басшылығын барлық салада, барлық тірлікте, барлық уақытта, барлық аумақта кіріктіруі мен орнықтыруын айырықша қадағалауымен ерекшеленеді (“партия, үкімет, армия, қарапайым халық, студенттер мен оқушыларға, отанның оңтүстік-солтүстігі мен шығыс-батысына, бәр-бәріне партия басшылық жасайды”. Ши Жинпиң: ҚКП 19 съезінің баяндамасы).

Шетелдік саяси сарапшылар бұл жағынан оның Маодан асып кетпесе, кем түспесін жарыса бағалауда және мұны Шидің өзінің жеке билігін қамтамасыз етуінің қамы тұрғысынан қарастыруда. Нәтижеде, Қытай билігімен ілесе бүтін елдің ауқымы солшыл бағытқа жылдам ауытқып барады және оның белгілері ҚКП-ның саяси шешімдері мен елдің күнделікті өмірінде жиі көрініс беруде. Ши басшылығындағы ҚКП-ның, партияның ішкі тәртібін реттеу мен жөнге келтіруді партия басшылығының абсолюттігін қамтамасыздандырудың алғы шарты деп есептейтіндігінен, ілгеріде болып көрмеген “партияның ішкі ережелерін бекітудің бес жылдық жоспары” деген тұжырымдаманың бірінші бес жылдығын ақырлап (2016-2017ж.ж), екінші бесжылдығына кірісіп отыр (2018-2022ж.ж). Сәйкесінше, аталмыш тақырыпты зерттеуді объекті ететін “партия тәртібін тану” ілімі дүниеге келді. Қазірше 40-тан аса ЖОО-да партия тәртібін тану орталықтары ашылып, докторлық дәрежесіне дейін ғылыми атақ беретін мамандық пайда болды және бұл соңғы 3 жылдың әңгімесі!

2019 жыл 27 желтоқсанда “саясат пен бизнестің қара жәшігі” сайыты “Шин жиң газетіне” сілтеме жасап, Қытай комсомолдары орталық комитетінің “ауыл-қыстақтарды көтеруге жастық көктеммен есе қосу шарасын ілгерілей өрістету туралы үндеу” деген құжатты жариялады. Құжаттың талабына сай, 2022 жылға дейін 10 млн студент жастарды еріктілер форматымен ауылдарға барып, ауыл-қыстақтардың мәдениетін, ғылым-техникасын, денсаулық саласын көтеруге жұмылдыру көзделген. Бұл анау ғасырдың 60-жылдары Мао заманында жастарды әңбекке баулу ұранымен ауылдарға айдаудың осызаманғы нұсқасы іспетті  (төраға Ши тура осы науқанның түлегі-тін). Ши төрағаның сонау Маодың батыстың санкциясына қарсы көтерген “өз күшімізге сүйеніп өмір сүреміз” дейтін ұран мен коммунистер социализмнің басымдылығы санайтын “күшті шоғырландырып ауқымды істерді еңсеру” сынды тұжырымдарға үйір болуы да тегіннен тегін емес-ті.

17 желтоқсанда ҚХР білім минстрлігі сайтында әйгілі Фу дан, Нан жиң университеті, Шаан ши педуниверститетінің жарғыларына өзгертулер енгізу туралы шешімі жарияланды. Қытайдың “мемлекеттің орта және ұзақ мерзімдік білімді реформалау мен дамытудың тұжырымдамасында”: “әрқандай ЖОО ағымдағы заңдарға сәйкес өз жарғыларын жасақтаулары, сол жарғының белгілемелеріне сай оқу орынын басқарулары шарт. Ғылыми еркіндікті құрметтеп, тынысты ғылыми орта жасақтаулары лазым” деп айқындалғанымен, Фу дан университеті жарғысының өзгертілген  нұсқасында “университеттің партияның тұтастай басшылығын қабылдауы”, “университет парткомының университет басшылығының ұйытқысы болатындығы”, “университеттің бастан ақыр халық мүддесіне, ҚКП-ның елді басқаруына, Қытайлық өзгешелікке ие социалистік түзімді нығайту мен дамытуға, реформа мен есікті ашық ұстау және социалистік осызамандандыру құрылысына қызмет етуі” керектігі енгізіліпті. Керісінше, бұрынғы жарғыдағы “ой еркіндігі”, “білім ордасын оқытушы-студенттер билеу, оны демократиялық басқару”, “университет - ғылымды өзек ететін қауымдастық” сыңайлы мазмұндар алынып тасталған.

Қытайлық дағдыға салынса, бұл үрдістің осы аталған ЖОО-ымен тоқырап қалмасы анық. ҚКП-ның 19-съезі баяндамасында: “жалпылық меншікті қалтқысыз орнықтыру және дамытумен қатар, басқа меншік түрлерін қапысыз ынталандыру, қолдау, бағыттау, түрлі ресурстардың орналасуында нарыққа шешуші рөл ойнатқызу” атап көрсетілгеніне қарамастан, практика соңғы жылдары биліктің мемлекеттік меншікке айырықша ынта танытып, өзге меншік субъектілеріне қырын қарай бастағандығын (қаржыландыру, салық, несиелеу, нарыққа кіру, т.с. жақтарда) дәлелдеп беруде. 18 съезден кейін-ақ мемлекеттік кәсіпорындарының егделеп, жеке сектордың шегінуі үрдіске айналып, қоғамда қатты талқыға түсуде. Мұның өзі ЖІӨ-нің 70%-ына жуығын беріп отырған секторға соққы, экономикалық өсімнің құлдырауына жығылғанға жұдырық болып тиіп отыр. 

Айта беруге сөз көп, дәлел де жетіп артылады. Қорыта келгенде, Ши басшылығындағы ҚКП соңғы 40 жылда жеткен жетістіктерінің елдің ғаламдық нарыққа кіріп, өзге мемлекеттермен барыс-келіс, алым-берім жасауының, ішкі экономикада нарықтық қатынастарды енгізудің нәтижесі екендігін терістеп, Дэн салып кеткен прагматизм жолынан тайқып, социалистік идеологияға тізгін беріп, елді әлемдік ілгерілеудің үрдісінен бөтен бағытқа алып барады. Осызамандану мен реформалаудың жемісін енді көре берген Қытай халқы үшін мұны кері кету деп бағаламасқа амал жоқ...

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

9 пікір