Бізге керегі - қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру!
Тіл – қазақтың жаны. Дербес ұлт екенінің белгісі. Мемлекеттігіміздің символы. Тілді сақтау – әр қазақтың жанын сақтау. Арын сақтау. Тілмен берілетін ұлттық ерекшелігіміздің барын сақтау.
Әлемде 6700-ден аса тіл бар болса, соның жартысы жоғалуға таяу. 10 жыл бұрын осы деректі оқып, жүрегім дір еткен еді. Әр жылда ақпан айының 21-де ЮНЕСКО аясында «Халықаралық ана тілі күні» атап өтіледі. Лингвистердің болжамы рас болса, әр 14 күнде бір тіл жойылып кететін көрінеді. Яғни, ЮНЕСКО-ның әлгі Халықаралық ана тілі күніне жылына неше жүздеген тілдер жете алмай жоқ болады. Тіл ғана жоғалмайды, онымен бірге түгел ұлт жоғалады. Бұл бос қаңқу сөз емес. Қорқыту да емес. Дерек. Сол тіл мамандарының дерегіне қарағанда, 2100 жылға дейін, жоғарыда айтқанымыздай, әлемде 6700 тіл болса соның 3500-і мүлде жойылып тынады. Бұл болжам жүзеге асса, дүниежүзіндегі бүкіл тілдердің тең жартысы жоқ болады. Биыл 2020 жыл. Сонда енді 80 жылдан кейін қай тілдер қалады? Жалпы, тілдің жойылуына не себеп?
Мүмкін... сол ұлттың әр адамының өз тіліне жаны ашымағаны. Өзге тілді өр тұтып, өз тілін қор тұтқаны. Менсінбегені. Ресми жиынын өзге тілде өткізгені. Құжаттарын өзге тілде жүргізгені. Заңын өзге тілде жазғаны. Күштінің тілін білгеніне өзін ақсүйек санағаны. Жаулаушы ұлтқа жұтылып кеткені... Соның кесірінен мемлекеттігінен айырылғаны. Тізе берсек себеп көп.
Иә, заман көз леспес жылдамдықпен дамып жатыр. Ілесе алар емеспіз. Техника, технология тілін меңгеруіміз керек. Заман ағымынан қалып қоймау үшін сол дамуға қажеттінің бәрін меңгеру міндет. Осыдан келіп қазіргі заманда «техникалық тіл», «әлемдік тіл», «ең көп қолданылатын тіл»... деген сияқты ұғым белең алды.
АҚШ-ты алайық. Экономикасы, әскери қуаты лидерлік жасап тұрғандықтан, тілдер арасындағы бәсекелестікте де ағылшын тілінің жолы болып тұр. Өзге де көп қолданылатын тілдер лидерлікке ұмтылуда. Әр түрлі жағдайларға байланысты белгілі аумақта басымдық алып алған тілдер бар. Олар күшейе түскісі келеді. Күшейе береді де. Алайда плюрилингвизмнің Еуропалық хартиясына (2005) сәйкес, әлемде лидер саналатын тілдердің монополиясына жол беруге болмайды. Хартияға сәйкес, әр мемлекет өзінің ана тілін ғылым тілі деңгейіне жеткізуге құқылы. Яғни, қазақ тілін өлтіріп алмаудың жолы - оны ғылым тіліне айналдыруды ең биік мақсат етіп қоюда жатыр. Тілдің қолданыс айналымына ене алмай жоқ болып кетпеуінің бірден бір жолы - қазақ тілін кумлятивтік (білімдерді жинақтаушы қызметін) функция атқаратын деңгейге жеткізу. Қазіргі латын әліпбиіне көшудің қажеттілігінің бір ұшы осында жатыр. «Әлемнің ең дамыған 20 елінің 18-і латын әліпбиінде. Жаңа технологиялардың, білім мен ғылымның 70 пайыздан астамы осы әліпбиде жасалады. Әлемдегі ақпараттың таралу көлемі де осындай мөлшерде. Яғни латын әліпбиі – әлемдегі әрі жетекші, әрі әмбебап әліпби. Бүгінгі сөзбен айтсақ, латын әліпбиі әлемдегі ең бәсекеге қабілетті әліпби. Енді осындай жағдайдан кейін қазақ тілін бәсекеге қабілетсіз әліпбиден бәсекеге қабілетті әліпбиге көшіру қажет пе деген сауалдың жауабы латын әліпбиінің пайдасына шешілетініне күмәндансақ, онда ақиқатқа қайшы келгеніміз». Осылай депті сенатор Мұрат Бақтиярұлы кешегі «Абай» порталына шыққан мақаласында.
Елбасы бастап берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауын жасағанда қуанғандардың бірі менмін. Онда мемлекет басшысы қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту мәселесіне ерекше тоқталды. Президентітің «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» ,- деген сөзі Отаншылдық сезімі бар әр қазақстандықтың мемлекет тілі – қазақ тілін құрметтеуге, үйренуге деген құлшынысын оятты. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіруді тапсырды. "Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек", - деді Президент.
Содан бері үш айдай өтіпті. Не істелді? Осы сауал қоғамда әлсін-әлсін көтеріле бастады. Тіпті, «кирилицада қала берейік те, басты қатырып қайтеміз» деген де пікір айтыла бастады. Жуырда Тіл саясаты Комитетіне төраға орынбасары болып келуіме байланысты латын әліпбиіне қатысты жұмыстар маған тапсырылды. Қайнаған қазанның ішіне топ ете қалғанда байқағаным, ғалым деген халық шулатпай, айғайлатып, аттандатпай тыныш ғана жүріп көп жұмыс тындырып тастапты. Жіліктеп айтсам, осы уақыт ішінде Ұлттық комиссия жанындағы 4 жұмыс тобындағы 70-тен астам ғалым өзінің әліпбиді жетілдіруге арналған 3 отырыс өткізіп, онда жан-жақты ғылыми талқылау өткізіпті. Осындай талқылаулар барысында әліпбидегі кейбір дыбыстардың таңбалануындағы қолайсыздықтарды анықтаған екен.
Ғалымдардың әліпбиді сараптап өз түйіндерін айтқаны дұрыс, әрине. Алайда тіл ғалымға ғана емес, қарапайым халықтың тұрмыстағы тіршілігіне қолданғанына, техниканы меңгеруіне, әртүрлі қаржы-экономикалық жұмыстар жасағанында да қолайлы болуы керек қой. Сондықтан жетілдірілген әліпби нұсқа Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі студенттер арасында және Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерде оқушылар арасында сынамадан өткізіліпті.
Әліпбидің халықаралық Unicode стандартына сәйкестігін анықтау мақсатында техникалық сараптама қорытындысы жасалыпты.
Жалпы, халық латын әліпбиін талдауда өте белсенді. Өз жобаларын қолымен әкеліп жатқаны, БАҚ, әлеуметтік желі арқылы жеткізіп жатқаны қаншама. Барлық пікірді ескеру үшін БАҚ-та, әлеуметтік желілерде әліпбиді жетілдіруге байланысты айтылған ұсыныстар мен пікірлерге де мониторинг жасалған.
Осы кезеңге дейін әліпбиді жетілдіруге байланысты ғалымдардан, әртүрлі сала мамандарынан, қарапайым азаматтардан 25 тен астам жоба келіп түскен. Әлі де келіп жатыр. Тіпті сонау жердің түбінен 80-ді алқымдаған ақсақалдың өз жобасын әкеліп қолыма тапсырып кеткені жанымды тебірентті. Тілге шын жаны ашыған адам деген осындай болса керек. Атым шықсын, автор болам демейді. «Менің кім екенімді айтудың керегі жоқ. Тіпті менің жобамдағы таңбалар түгелдей қабылданып жатса да «бәленнің жобасы өтті» деген мақтанның керегі жоқ. Тек тіліміз әлемдік деңгейде қолданыла алатын әліпби қабылдаса екен. Соған үлесім тисе болғаны. Бұл - менің неше жылғы еңбегім. Өлгенде қазақ тіліне қатысты еңбегімді бірге қойыңдар дедім балаларыма» дейді ақсақал. Міне тілге деген құрмет! Шынайы ұлт рухы!
Әліпбиді жетілдіру, халықтан, ғалымдардан түскен әліпби жобаларын Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарында сараптау, ғылыми тұрғыда талқылау, сынамалар жасау әлі де жалғасуда. Олар латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіру барысында оның жазғанда, оқығанда, техникалық, қаржы, банк, IT салаларында пайдаланғанда еш олқылығы болмауы жағын басты назарға алуда. Ең бастысы қазақтың өз төл әріптерінің дұрыс таңбалануы, және латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиіндегі әр қаріп барлық талаптарға сай болуы.
Әрине, осы сараптаулар туралы халық біліп, өз пікірін ортаға салып отыруға тиіс. Өйткені, ол әліпбиді пайдалатын, қолданатын - халық. Сондықтан қолайсыз саналған әр қаріптің ұсынылған жаңа нұсқасының тиімді жағы мен олқылықтары жайлы ғалымдардың пікірлерін, «Abai.kz» порталында және республикалық, аймақтық БАҚ, әлеуметтік желі арқылы кеңінен таныстырып отыратын боламыз. (Бұл мақалаларды мен де бүгіннен бастап өзімнің фейсбук парақшамда жариялап отыратын боламын.)
...Бірде, әйел адамның суреті жарық көрді. Лив тілінде сөйлейтін соңғы адам екен.103 жасында қайтыс болыпты. Өткен жылы кусунда тілінде сөйлейтін адам - Раджамама Кусунда 65 жасында дүние салды. Ол да өз тілінде сөйлей алатын ең соңғы адам екен. Соңғы адам... неткен өкінішті.
Осы қасіреттен не түюіміз керек?
Керегі - әр қазаққа біздің ынтымақ бірлікпен атқаруға тиісті үлкен істің алдында тұрғанымызды түйсіну.
Керегі, әр азаматтың туған тіліне жаны ашығаны. Керегі, даму жолына түскен елдердің қатарынан қалмай, алға жылжығанымыз. Керегі, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру. Керегі, ұлт тілін білетін соңғы адам қасіретін бастан кешпеу. Керегі, өзіміздің бай тілімізбен әлемді тәнті ету. Керегі, қазақ ұлтының, оның тілінің мәңгі жасағаны!
Әділбек Қаба,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі,
Тіл саясаты Комитеті төрағасының орынбасары.
Abai.kz