Бір видеоның «сыры»...
«Qazaqstan РТРК» АҚ басқарма төрағасы
Лəззат Танысбайдың назарына!
Мен "Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ел Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған Тұңғыш һәм Ұлы саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған батыл әрі тарихи шешімі!"-деген сөзді үнемі айтып та, жазып та жүрмін.
Шынында солай!
Бірақ, сол Нұрсұлтан Əбішұлы жолға қойған осынау Ұлы саясаттың жолы үнемі ыңғай түзу бола қойған жоқ. Отыз жыл ішінде шарықтаған "Алтын дəуірді" де бастан кешірді, ішкі жəне сыртқы қарсы күштердің кесірінен тұралап тоқтап қала жаздаған кездері де болды.
Сондай естен кетпес дағдарыстың бірі – 2013 жылғы 15 желтоқсандағы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заңның қабылдануы.
Көзді ашып-жұмғанша, дұние құбылып шыға келді. Жиырма жылдан астам толасыз жалғасқан Қазақ көші үзіліп кете жаздап барып, аман қалды. Биліктің үлкен басылымының өзі бас мақала жазып, шеттен оралғаган қандастаоымызды жұртқа сұраншақ, бəлеқор, жексұрын етіп көрсетуге тырысып бақты.
Бекер обалы қане, Ұлт Көшбасшысы кемеңгерлік танытып, кеткен қатені тез орнына келтірді.
Əділеттілігін айтуымыз керек, Нұрсұлтан Əбішұлының шеттегі қазаққа деген көңілі мен мейірімі аппақ қардай тап-таза-тұғын. Мен оған имандай сенем!
Себебі, Қазақ радиосының эфирінен өз аузымен жолдаған атақты «Алыста жүрген ағайынға ақ тілегі» мен Дүниежүзі қазақтарының бірінші жəне екінші құрылтайында сөйлеген сөздері – алыстағы ағайынның жүрек түкпірінен өшпес орын алған болатын. Əсіресе, 2002 жылы Түркістан қаласында өткен екінші Құрылтайда жасаған баяндамасы Елбасының алыстағы ағайынға деген ақжарма тілегі мен оттай ыстық мейірімін көрсетті. Мен ол кезде Алматыда болатынмын. Аталған Құрылтайға алыс және жақын 32 шет мемлекеттен 400-ден астам өкіл қатысты. Қытайдан келген делегацияны, жаңылмасам, сол кездегі Шынжаң өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Асхат Керімбай бастап келді.
Шыңжаң қазақтарымен қоса, Қазақстанға көшіп келіп алған ағаларымыздың да біразы қатысыпты.
Əлі есімде, Елбасының аталған баяндамасын ақын досым Қайрат Құл-Мұхамедтің Мұқағали Мақатаев көшесінің бойындағы ескі үйінде отырып, «Қазақстан» ұлттық арнасының тілкелей эфирінен тыңдадық.
Екі сағатқа жалғасқан баяндамасында Нұрсұлтан Əбішұлының бар күшін салып дайындалғаны, шекара сыртында жүрген қандастарына деген ыстық сағынышы мен көл-көсір мейірі əр сөзінен сезіліп тұрды. Кейде тіпті алдындағы қағазын сырып қойып, өз ойларын ашық, бүкпесіз айтты. Дауысы да сондай жағымды әуенмен тас бұлақтың суындай сыңғырлап, кейде көлден ұшқан аққудай мамырлап шықты. Жан тебірентерлік сол сөздерге соғылған шатырлаған шапалақ пен көзден аққан ыстық жаста есеп жоқ!
Əр сөзі – алтын болып, төгіліп жатты...
Демек, 2013 жылы қатаң заң қабылданғанда менің құлағымның түбінде Нұрсұлтан Әбішұлының сол сөздері əлсін-əлі жаңғырып, келбетті бейнесі көз алдымнан кетпей тұрды. Əттеген-ай деп, тек бармақ тістеумен ғана болдым.
Ақыры шыдамай, «Нағашыма хатты» жаздым. Хат Елбасына жетті. Сол кездегі Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт аға Қасымбеков мені Ақордаға шақырып, қуанышты хабарды жеткізді...
Бір қызығы, Елбасы «райынан» қайтып, Заң жобасын қайта қарау қолға алынғанымен де биліктің кейбір бұтақтары мен жекелеген тұлғалардың бетін бері қайтару оңайға соққан жоқ. Елбасы бұйрығы шығып, Заң қайта қаралатын болғанымен, қарсы күштер сол оқиғаны сылтау етіп, Мемлекет басшысының атына ауыр-ауыр сындар айтуын қоймай тұрған еді. «Оралман» десе, үрке қарайтын жағдай қалыптаса бастаған...
Дəл сол сəтте соған қарсы қару ретінде Елбасының өткен құрылтайлар мен жиналыстарда сөйлеген сөздерін, əсіресе екінші Құрылтайдағы тарихи баяндамасын пайдалануыма тура келді. Интернеттің мен ақтармаған бұлың-бұшпағы қалмады. Өкінішке орай, ол сөздер ешбір сайтқа жүктелмепті. Сөйтіп, дағдарып, еңсем түсіп жүргенде, Молдабек Сағымбекұлы ағам кездесе кетпесі бар ма!
Молдекеңмен сонау Алматыда жүрген кезден бері таныспын. ҚазҰУ-дың жатақханасында талай шайқағамыз. Өте талантты редактор, ардагер теле-радио журналист және өнер, тағдырлы өнерпаз десе ішкен асын жерге қоятын азамат. Көрген жерден бас салып, құшақтасып амандастық. Амандық-саулық сұрсып, арғы-бергі күндерді аздап еске алған соң, іздеп жүрген жоғымды айтайын.
– Ауытжан-ау, мен Ұлттық Арнаның «Алтын қорының» бастығымын ғой, сен іздеген касета біздің қорда сары майдай сақтаулы тұр. Ертең Құрылтайдың қай жылы, қай айдың қай күні өткені туралы датасын тауып, маған кел, керекті нəрсеңнің бəрін берем! – дегені.
Қуанғаннан Молдакеңді қайта қапсыра құшақтап, бетінен сүйіп-сүйіп алыппын. Қолын әлсін-әлі қысып, қимай-қимай қошстастым.
Бұл – 2015 жылдың ақпан айының он сегізі күні болатын.
Ертесі, датаны қағазға жазып алып, «Қазмедия» орталығында отыратын Молдабек ағама бардым. Молдакең қағазға бір қарады да, сөрелердің бір жерінен қолақпандай дəу кəсетаны суырып алды. Сосын, бір аспапқа салды да, құлағыма наушникті тағып, «Ал асқпай тыңда, керекті жерін белгіле, кесіп, дайындап берем» - деді де өзі жұмысын жалғастырып кетті.
Екі сағаттық баяндаманы, ерінбей отырып, бастан-ақыр мұқият тыңдап шықтым. Арасында көзіме жас алып, Молдакеңе білдірмей, өксіп-өксіп алам.
«Құдай-ау, бір кезде Елбасының бізге деген ықыласы мен пейілі осылай еді-ау, қандай иттің күшігі араға от жағып жіберді екен, әлде көз тиді ме, тіл бодды ма?!» деп, өз-өзіме күбірлеп сөйлеп қоям.
Не керек, дегенмен жолы болғыш жігітпін ғой, іздеген алтын дүнием табылды. Енді мені бұл Көші-қон мәселесі бойынша дауда ешкім де жеңе алмайды. Қарсы келгенді Елбасының алтынға бергісіз асыл сөздерімен қасқа маңдайдан тарс еткізіп ұрам да отырам... Қиял шіркін лезде Сарыарқаның даласын ендей өтіп, бес құрлыққа тарыдай шашырап кеткен қазақтарды кезіп кетті. Бойға буырқанған алып күш бітті, жүрекке нық сенім орнады...
Молдакең айтқандай, Елбасы сөзінің өзіме ең керек деген 19 минут, 43 секунд жерін кесіп, дискке қатырып тұрып жазып берді.
Сол күні Қазақстан халықтары ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы жиналысы өтіп жатыр екен. Шыны керек, өзге ұлт өкілдерінің қошаметіне бөленіп отырған Елбасымды іштей қатты қызғанып кеттім. Менің жерлестерім де, Құдай қаласа, осы биікке жетеді, жеткіземіз деп, жұдырығымды түйіп-түйіп қойдым.
Үйге келдім де, «Қандастар Нұрекеңді Ассамблеядан алпыс есе артық қолдайды!» деген мақаланы сарт еткізіп жаздым да, оған манағы Молдабек аға жасап берген Елбасының видиосын қосып, «Abai.kz»- бұрқ еткіздім!
;feature=emb_titleСөзде құдырет бар. Ал, ол жай біреу емес, президенттің сөзі болса ше?!
Содан бері бұл сөздердің, ретіне қарай, ең керек жерін қағазға түсіріп алып, қанша мақалама арқау еттім деші! Тіпті, бір үзігін «Заң түзелді, қандасым, сен де түзел!» деген кітабымның бірінші бетіне анататция етіп бердім. Сөйтіп, талай жаудың бетін қайтардық, әлі қайтарып келеміз...
Сенесіз бе, қасиетіңнен айналайын Нұрекеңнің осы сөзін кеше ғана тағы пайдаландым. Салған жерден кесіп түсті, депутат Нұрлан аға Дулатбековке хатпен қоса жіберіп едім, Нұрлан Орынбасарұлы тартпасында бір-екі айдан бері сар тап боп сарғайып жатқан бір ұсынысымды Мəжілістегі Жұмыс тобының талқысына бірден салды!
Қорытып айтқанда, Нұрсұлтан Əбішұлының бұл сөзі – кейінгі буынға, əсіресе билік тұтқасын ұстап, көш бастаған азаматтарға қалдырған аманаты.
Ал, біз жəне біздің жолымызды қуып, көші-қон саясатымен айналысам дегендер, жүйеден Қазақ көші үшін – Паспорт!
Қазақ көші десе, аузы қисая қалатындарды түзейтін – емен тез!
Қарсы келгендерге, қасқайта сілтейтін алмас қылыш!
Құдайға тəубе, қазір көші-қонның беті бері қарады.
Заңдар мен нормативтік құжаттардағы кедергілер алынып, көшке даңғыл жол ашылды.
Қандастарының Елбасына деген құрметі мен алғысы да шексіз!..
Бұл сөзді енді ешкім, ешқашан аттап өте алмайды. Аттатпаймыз да!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған команда мен Ақордадан ақ бата алып шыққан талантты үш жүз жас кадр көкейіне түйіп, көштің көрігін одан ары қыздыра түсетініне менің сенімім бек кəміл!
Елбасымыз аман болсын!
Жамбыл атамның жасына келсін!
Енді Лəззат қарындасыма бір өтініш:
Құрметті Лəззат Мұратқызы!
Қазірге дейін Дүниежүзі қазақтарының бес Құрылтайы өтті.
Сол бес Құрылтайдың бесеуіне де Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, өте маңызды сөздер сөйледі. Керемет шешімдер хабылдады. Соның бəрі Қазақ көші үшін тəрихи құжат!
Сізден сол видиоларды архивтен шығарып, жаңа форматқа көшіріп, Ұлттық Арнаның сайтына жəне басқа да əлеуметтік желілерге жүктетіп қоюыңызды өтінем.
Жұрт тыңдап, Елбасымыздың туған халқына деген қалтқысыз жүрегін, тардай шашырап кеткен қандастарын Отанына оралтқан Ұлы еңбегін көрсін, көкейлеріне түйсін! Ұрпағына ұлағаттап отырсын!
Құрметпен,
Ауыт Мұқибек.
Abai.kz