Бала ісін шала деуге бола ма?
Ата-әжелеріміздің әңгімелеріне құлақ түрсек: «Баланың ісі шала», – деген сөзді жиі естиміз. Ондағысы – бала бастаған ісін аяғына дейін жеткізбейді дегені. Шынтуайтына келсек, кейде тіпті ересек адамдардың өзі тартқыншақтап жүрген мәселелерді көтеріп, қоғамдық өмірге белсене араласып кеткен балалар бар. Айталық, француздың атақты ержүрек қызы Жанна Д’Арк Орлеан қаласын жаудан азат еткенде небәрі 17 жаста болыпты. Бойжеткен қалың қолды бастап, бүтін бір қаланы жаудан азат еткен.
Ал, тарих парақтарын ақтарып отырсақ, 1212 жылы ұйымдастырылған Крест жорығына 25 мыңнан астам бала қатысқан деген жорамал бар. Олардың барлығы өткен заманның қаһармандары. Десек те, балалардың болашақ жайлы ойланып, ерлік жасау дәстүрі бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді. Олардың ішінде халықтың сүйіктісіне, балалардың үлгі тұтар тұлғасына айналып, аты әлемге танымал болған балаларға тоқтала өтсек. Алысқа бармай-ақ, өткен ХХ ғасырды алып қарасақ, сол жүзжылдықта әлем аспанында жарқ етіп екі жұлдыз ағып өтті. Бірі – Анна Франк болса, екіншісі – Саманта Смит. Өкінішке қарай, екеуінің де ғұмыры қысқа болды.
Анна Франк 1929 жылдың 12 маусымында Германияда еврей отбасында дүниеге келді. Артынша 1933 жылы ел тізгінін ұстап, билікке Гитлер келген соң отбасымен Нидерландыға қашуға мәжбүр болды. Кейін ол жаққа да фашистердің қолы жеткенде тұтқынға түсіп, әуелі Освенцим, кейін Берген-Бельзен концлагеріне жіберіледі. Сол жерде жүріп 1945 жылы ақпан айында небәрі 15 жасында өмірден өтеді.
Қаршадай қызды әлемге танымал еткен оның концлагерде жүргенде жазған күнделігі-тін. «Анна Франктың күнделігі» деген атпен танымал голланд тілінде жазылған қолжазба фашизмді әшкерелейтін құнды құжатқа айналып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, бестселлерге айналды. Ал 2009 жылы күнделік ЮНЕСКО мұралары қатарына да қосылды. Бүгінде Анна Франктің құрметіне ескерткіштер қойылып, өмір жолы жайлы фильмдер түсіріліп, театрлық қойылымдар сахналанды. Алайда оған мұның бәрін өз көзімен көруді жазбады. Көзі тірі болғанда танымал жазушыға айналып, әдебиет әлеміне ұлы шырғармалар сыйлар ма еді.
Бір кездері миллиондаған әлем балаларының кумиріне айналған американдық кішкентай қыз Саманта Смитті бұл күндері Қазақстанда көптеген адамдар танымайды. Алайда, ол Кеңес заманында миллиондаған пионер балалардың жүрегін жаулаған нағыз қаһарман болатын.
Ол 1972 жылдың 29 шілдесінде АҚШ-тың Мэн штатында дүниеге келді. Самантаны КСРО-ның сол кезде жаңадан сайланған басшысы Юрий Андроповқа жазған хаты айдай әлемге танымал етті. Аталмыш хат «Известия» газетінде басылып, Андроповтың өзі американдық оқушы қызды Кеңес Одағына саяхаттап қайтуға шақырды. Саманта Бас хатшының шақыртуын қабыл алды, алайда Андроповтың өзімен жүздесудің сәті түспеді. Себебі, бұл уақытта ол ауруханада қатты науқастанып, өмірінің санаулы күндері ғана қалған-тын.
Американдық оқушы қыздың Кеңес Одағына аяқ басуы сол кез үшін нағыз сенсация ретінде қабылданды. Халық түрлі конспирологиялық болжамдар жасап, шпиондық жанжалдың отын үрлеуге тырысқанымен, ештеңе шықпады. Әлбетте, 11 жастағы бейкүнә періштеден тіс қаққан тыңшы қайдан шыға қойсын?
Кеңестік басшылардың Самантаны елге шақыруының да өзіндік себебі мен жоспары болатын. Себебі, сол арқылы Кеңес Одағының АҚШ-тағы имиджін жақсартуды көздеді. Яғни, Кеңес Одағын көшелерінде аю кезіп жүретін артта қалған мемлекет емес, Америка сияқты дамыған ел ретінде көрсету мақсаты тұрды. Сондықтан да, оған елдің артта қалған қалтарыс-бұлтарыстарын көрсетпейтін. Ол КСРО-ға 1983 жылдың жазында аяқ басты және фотосуреті елдегі барлық газеттерде, тіпті аудандық деңгейдегі газеттерге дейін басылды.
Әлбетте, Самантаны КСРО-да аса маңызды қонақ ретінде қарсы алып, оған коммунизмнің тек жетістіктері көрсетілді. Екі аптаның ішінде ол «Артек» лагерлерін аралап, коммунизмнің болашағына сенетін мыңдаған балаларды көрді және елдегі миллиондаған оқушы жігіттердің жүректеріне шоқ салып кетті. Кейбір оқушылар Самантамен кейін де хат алмасып тұрғандығын айтады. Алайда, олардың жазған хаттарының барлығы КГБ-ның қатаң бақылауынан өтетін.
Саманта Смиттің Кеңес Одағына сапары әлем баспасөзінің жіті назарында болды. Артынша ол еліне оралған соң сапары туралы кітап жазып, ол жақта да танымалдылыққа ие болды. «Әлем қызы», «Ізгі ниет елшісі» деген атақ алып, түрлі сериалдарға түсе бастады. Осылайша, қырғи-қабақ соғыс жылдарында 11 жасар оқушы қыз бір-біріне жаулық көзқараспен қарайтын екі мемлекетте де бірдей танымалдыққа ие болып, жұлдызға айналып шыға келді.
Сарапшылардың көбі кішкентай қызды жарқын болашақ күтіп тұр деп есептеді. Алайда, бәрі бір сәтте төңкеріліп, жағдай мүлдем басқа лепке ие болды. 1985 жылдың 25 тамызында әлемді дүр сілкіндірген оқиға орын алып, Ұлыбританиядан «Лайм көшесі» деген сериалға түсіп, әкесімен бірге елге қайтып келе жатқан Саманта Смит әуе апатына ұшырап, бақилық болды. Сол апатты арнайы қызметтер қолдан ұйымдастырды ма, әлде кездейсоқтық па, ол жағын кесіп айту қиын. Саманта 13 жасында тағдырдың тәлкегіне ұшырамай есейгенде Америка Құрама Штаттарында ықпалды саяси тұлғаға айналар еді. Америка халқы оны тіпті Американың Президенті болар ма еді деген пікірде. Қанша дегенмен, тағдырдың жазғанына шара жоқ.
Ержүректігі және ерлігімен көзге түсіп жатқан мектеп оқушылары біздің ХХІ ғасырда да бар. Діннің саясатқа араласуының арты жақсылыққа апармайтынының айқын бір дәлелі – пәкістандық оқушы қыз Малала Юсуфзайдың тағдыры. Оның жасаған іс-әрекеттерін атап өтпес бұрын, азды-кем өмірбаянына тоқталып өтсек. Пәкістандық танымал құқық қорғаушы қыз 1997 жылдың 12 шілдесінде Пәкістанның Суат аймағындағы Мингора деген жерінде дүниеге келді. Ол 11 жасында, яғни, 2009 жылдан бастап Би-Би-Си арнасына блог жазып, танымал бола бастады. Онда тәліптер режиміндегі өмірді сипаттап, сақалды радикалдардың қылмыстарын әшкерелей бастайды. Себебі, сол уақытта тәліптер Пәкістан үкіметіне қарсы бас көтеріп, Суат аймағына бақылау орнатқан еді. Одан бөлек, мектептерді жарып жіберіп, қыздардың білім алуына тыйым салды. Осыдан соң Малала қыздардың білім алу құқығын талап етіп, митингтер ұйымдастырып, сөз сөйлеп, Талибан режиміне ашық қарсы шыға бастады. Осылайша, ол бүкіл әлемге танымал бола бастады. Алайда, мұндай танымалдылықтың салдары да ауыр болды.
2012 жылы мектептен үйіне қайтып келе жатқан жолда оны бетперде киген террористер атып кетті. Бұл кезде ол небәрі 15 жаста-тын. Қайткенмен де, қыздың көрер жарығы бар екен. Жарақаттанған оны аса ауыр жағдайда Пешавар қаласындағы әскери ауруханаға жеткізіп, сол жерде бірнеше күн комада жатып есін жиған соң, Пәкістан үкіметі арнайы ұшақпен Ұлыбританияның Бирмингем қаласына емделуге жіберді. Жарақатынан толық айғып шыққан соң, ол бірнеше халықаралық сыйлықтарға ие болып, әлем бойынша әйелдердің білім алу құқығын қорғаумен айналыса бастады. Нәтижесінде 2014 жылы әлемдегі ең беделді сыйлық – Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ие болды және ол осы сыйлыққа ие болған әлемдегі ең жас лауреат атанды. Бүгінгі күні Ұлыбританияда ғұмыр кешіп жатыр.
Ендігі сөз еткелі отырған жас қызды дүние жүзі бойынша білмейтін адам жоқ шығар, сірә. Өткен жылдың 23 қыркүйегі күні БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бойынша саммитінде Швециядан келген бір кішкентай оқушы қыз жалынды сөз сөйлеп, бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Бұл – швециялық 16 жасар мектеп оқушысы Грета Тунберг еді. Ол бүкіл адамзат үшін маңызды экологиялық мәселелерді көтере бастады. Әлем елдерінен Париж конвенциясының шарттарын толық орындауды талап етіп, қарсылық ретінде әр жұма сайын мектепке барудан бас тартты. Оның орнына Швеция Парламентінің алдында қарсылық шараларын өткізетін. Уақыт өте келе қарсылық акциясына қатысатын оқушылар мен өзге де адамдардың саны артып, үлкен қозғалысқа айналды. Қазірдің өзінде ол өзіне әлемнің көптеген елдерінен миллиондаған жақтастар жинап жатыр. 2003 жылы 3 қаңтарда дүниеге келген ол қазір бар болғаны 17 жаста.
P.S. Аталған тұлғалардың барлығы әлемдік деңгейдегі балалар. Кейбіреулер үшін олар белгілі бір дәрежеде саяси құрал болса да, өз рөлдерін сәтті ойнап шықты және ойнап жатыр. Шын мәнісінде, нағыз үлгі етуге лайық жандар. Ең бастысы, ерлік әрекеттерін 18 жасқа жеткенше жасап үлгерді. Ал, сіз(дер) 18 жасқа дейін қандай жетістікке жеттіңіз(дер)?
Оралбек Өтеғұлов
Abai.kz