Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2243 0 пікір 20 Қыркүйек, 2011 сағат 07:04

Қуандық Шамахайұлы. Тәуелсіздік кепілі – инвестиция емес (Басы)

Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда, әлемдік геосаяси мүддені көздеген ірі державалар белгілі бір елді өз отарына айналдырудың 483 технологиялық әдістемесін жасағаны ғылыми түрде анықталған көрінеді. Ал, оның сыртында әлі ашылмаған,  құпия күйінде сақталып жатқандарының қанша екені бір Құдайға ғана аян шығар. Олай болса, шет елдік геосаясатқа таңылған гео-стратегия, гео-отарлық, «шектеусіз соғыс» пен түпсіз ықпалды технология атаулының бәрі жабылып келіп шикі заты мен табиғи байлығы мол бола тұра даму деңгейі төмен елдерді шайнамай жұта ма деген қауіптің бұлты қоюлана түспек. Ендеше, ұлттық қауіпсіздік,  құқықтық база, кез-келген пәленің алдын алу, бола қалғанда жедел қимылдау секілді іс шаралар қашан да күнтәртібінен түспесе керек.

Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда, әлемдік геосаяси мүддені көздеген ірі державалар белгілі бір елді өз отарына айналдырудың 483 технологиялық әдістемесін жасағаны ғылыми түрде анықталған көрінеді. Ал, оның сыртында әлі ашылмаған,  құпия күйінде сақталып жатқандарының қанша екені бір Құдайға ғана аян шығар. Олай болса, шет елдік геосаясатқа таңылған гео-стратегия, гео-отарлық, «шектеусіз соғыс» пен түпсіз ықпалды технология атаулының бәрі жабылып келіп шикі заты мен табиғи байлығы мол бола тұра даму деңгейі төмен елдерді шайнамай жұта ма деген қауіптің бұлты қоюлана түспек. Ендеше, ұлттық қауіпсіздік,  құқықтық база, кез-келген пәленің алдын алу, бола қалғанда жедел қимылдау секілді іс шаралар қашан да күнтәртібінен түспесе керек.

Әлем елдерінің жүйелі дамуын, олардың жасаған  даму бағдарламаларының әдістемесін, бағыт-бағдарын зерттеген ғалымдардың жазуларына қарағанда, көптеген елдер стратегияларын 2050 жылға дейін, кейбірі тіпті 2100 жылға дейін белгілегендерін кездестіруге болады. Оның қасында біздің әлгі «2030»-дың өзіне күмәнданатындар бар. Жалпы жоғары дамыған өркениетті елдердің стратегиялық даму саясатына зер салып қарасаңыз, екі мәселенің басы ашықтығына көз жеткізуге болады екен.  Біріншісі, даму стратегияларын 50-100 жылмен айқындаса, екіншісі, ұзақ жылдарға арналған тұрақтылықты, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бағдарлама белгілеп, іргесін нығайтады екен.

Қысқасы, ұлттық дамудың стратегиясы қауіпсіздік деген ұғыммен жіті сабақтасып, ажырамас бөлігіне айналғанын анық аңғаруға болады. Оның өзінде ол жай декларация тұрпатта емес, өте нақты белгіленеді. Айталық, ұлттық қауіпсіздік пен стратегиялық даму қауіпсіздігі деген мәселе қалай анықталады, оның өлшемі нешік, қандай тәуекелдіктен нендей салдар туындауы ықтимал және ол қоғамға қаншалықты залал тигізуі мүмкін, егер қателік болса, оны түзетуге мүмкіндік бар ма, қандай қателікті түзетуге болатынға және болмайтынға жатқызуға болады дегендей бәрін шынайы талдап, есептейтін көрінеді.

Жалпы қоғамдық дамуды ешбір қателікке ұрынбай мінсіз атқару дегеннің болмайтынын, оның утопия екенін мойындау әлем елдерінің бәрінде бар үрдіс. Адам баласы өз тарихында қателесе жүріп, жетестікке жетіп дамыған. Сол қателіктерді ішінара түзелетін және түзелмейтін деген екі топқа бөле отырып, түрлі елдер өздерінің тұрақты дамуы мен ұлттық саясатын белгілемек. Сол саясаттың қаншалықты негізділігі елдің алдағы тағдырын шешетіндігі аксиома.

Олай болса, қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін факторлардың өзі технологиялық даму, әлемдік геосаяси құрылымдар, геостратегиялық мүддеден туындайтын жаңа қадамдар,  түрлі тәсілдер мен тактикалық  қадамдар екені айқын көрініп тұр. Оның нақты мысалы ретінде жоғарыда мылтықсыз майданға айналған «шектеусіз соғыс» деген аталымды келтірдік. Оның өзі шын мәнінде ассиметрикалық соғыстың басты құралына айналып отыр.  Симметрикалық соғыс дегеніміз - тең деңгейдегі әскери күш пен қару жарақ әлеуеті ұқсас елдердің өзара жанжалдасуы болса, ассиметрикалық дегені бірінің әскери күш қуаты тым басым, екіншісінің одан әлдеқайда әлсіз бола тұра өзара жауласуын айтады.

Unrestricted warfare - шектеусіз соғыс құралы деп аталатын ұғым әлемде 1999 жылы пайда болған. Ұғымның негізі Қытай халықтық азат ету армиясының қос полковнигі Хиау Лиаң, Уаң Xиңсуй екеуінің жарыққа шығарған кітабынан туындаған екен. Кітаптың мазмұны Қытай мен АҚШ арасында соғыс бола қалса, қандай тактикалық тәсілдер қолданылады дегенді әскери стратегиялық жағынан талдаған көрінеді. Оны Американың барлау қызметінің ағылшыншаға аударуы зерттеушілердің жан-жақты талдауларына мүмкіндік берген.

Мылтықсыз майданның негізгі нысаны ретінде мыналар қарастырылған:

1.    Заңдық, құқтық соғыс;

2.    Экономикалық соғыс;

3.    Жүйелік;

4.    Терроризм.

Мұндай соғыстың іс әрекеттері тікелей атыс-шабыс шайқасынан гөрі шығыны аздау болғанымен зардабы мен қатері тіпті ауыр тиеді дегенді айтқан екен, қытайдың әлгі екі полковнигі. Оған қоса тағы экологиялық, химиялық, микробиологиялық, генетикалық, нанотехнологиялық, психотрондық, ақпараттық, технологиялық, демографиялық секілді қатерлі тәсілдердің пайда болғанын ескерсек, ассиметрикалық соғыстың қаншалықты кең арналы екендігін бажайлай беруге болады.  Олардың ішінен алдымен бастапқы екеуіне тоқталайық.

Заңдық, құқтық соғыс құралының сипаты

Өз ұлтына және оның болашағына қауіп төндіруі ықтимал елді мейлінше технологиялық, әскери күш-қуаты жағынан дамуына жол бермеу саясатын халықаралық аренада ұстанып, жүзеге асыру - аталмыш фактордың негізгі миссиясы. Осы саясатының арқасында олар әскери технологиялық дамуы жағынан өзге елдерден озып шығып, артықшылыққа жетуге тырысады. Ондай озбыр елдер үшін табиғи байлығы мол дамушы елдер басты нысанаға айналады. Оған нақты мысал ретінде Ирак елін алуға болады.  2003 жылы АҚШ  шабуыл жасаудың алдында БҰҰ мен бірқатар елдердің қолдауының нәтижесінде  Иракқа қарсы қаржы-экономикалық эмбарго қолданды.  Ирак елі сол кездің өзінде жыл сайын 300 мың сәбиі шетінейтін, экономикасы күйреген, тұрмыстық деңгейлері күрт төмендеген, сыртқы жауға төтеп бере алмайтын әлсіз күйде болатын. Қарсы жағын әбден титықтатып барып, жаулап алудың сұмдық тактикасын олар осылайша жүзеге асырды.

Аталған соғыстың геостратегиялық мақсаты болғанын да ерекше атап айтуға тиіспіз. 1998 жылы Венесуэла билігі Уго Чавеске көшкен соң мұнай саясатында ірі өзгерістің орын алғаны да зерттеушілерді қызықтырып отыр.  Венесуэла мұнай ресурсы жағынан әлемде жетінші орында. Ал,  логистикалық тұрғыдан келгенде, АҚШ-қа ең жақын орналасқан кішкентай ел. Іргелес көршісі Канада өз мұнайымен әлемде екінші орындағы экономикасы берік, саяси тұрақтылығы жағынан сенімді ел. АҚШ-қа мұнай жөнелтетін басты үш елдің бірі болды. Венесуэладан келетін мұнай тасқыны саябырси бастағанда АҚШ өзге қайнар бұлақтарды іздестіре бастады. «Іздегенге сұраған» демекші, мұнай ресурсы жағынан әлемде төртінші орында тұрған, бірақ, күш-қуаты әлсіз Иракты олар қолайлы көрген.  Иракта адамзатты қырып, жойып жіберетін қару бар дегенді негізге алып соғысты ашып жіберді. Бірақ, онысының еш қисынсыз жалған сылтау екендігі кейін дәлелденді ғой. Осының өзі-ақ, табиғи байлықтың әлсіз елдер үшін опа бермейтіндігін көрсеткен жоқ па.

Сонымен қатар елдің борышқа белшеден батуы да ұлттық дербестіктен айырылудың алғышартына айналады екен. Өзін қорғауға дәрменсіз елдердің барлығында бүгінгі таңда ақпараттық нөпірдің күшімен өз өнімдерін өткізетін стратегиялық алаңға айналдыру ісі қарқынды жүріліп жатыр. Себебі, көптеген елдер геосаясаты мен геостратегиясын жүзеге асыру үшін халықаралық заңдылықтар мен нормаларда көрсетілген нұсқауларды өздеріне тиімді етіп пайдалануға тырысады.  Онымен де тынбайды, өздеріне қолайлы жағдайды қалыптастыру үшін санқилы саяси-экономикалық ахуалды жасауға, өзгеге қысым көрсетуге күш салады.

Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Кезінде біздің де біршама заңдарымыз, әсіресе, табиғи ресурстар туралы заңдық нормалар әлемдік банк пен шетелдік сарапшылардың берген кеңестерінің аясында жасалғаны рас. Заңдарды оңтайландыру, әлемдік стандарттарға сай ету деген желеумен шетелдіктер өздеріне жайлы етіп «миды тазалайды» да еліміздің Парламентінің қос палаталары арқылы заңдастырып ала салады. Ақыр соңында оның өзі шетелдік инвесторлар үшін еліміздің стратегиялық нысандарына ие болуына жағдай тудырады. Келесі бір қадамға келсек, белгілі бір елдің жерін өзіне қаратып алу немесе халықаралық нарықта құнды қағаздар түрінде шығарып кепілдендіру мәселесі деген бар. Енді байыптап қарасаңыз, тәуелсіз елдің заңымен, халықаралық конвенциямен бекітілген нормаларға сай қазіргі заманның заңдық, құқтық соғыстың технологиялық тәсілі бойынша геостратегиялық саясаттың мықтап жүзеге асырылғанын аңғарасыз. Бұл үрдісті енді кеңірек талдап таратайық:

Біріншіден, әлемдегі халықаралық жалпыға ортақ конвенцияларға енген кезде еліміз өзіне қандай міндеттің жүктеліп отырғандығын саналы түрде түсінгені абзал болар еді. Халықаралық заңдылықтарды қабылдағанда еліміз одан туындайтын барлық қолайсыздықтардың ұлттық мүдде мен елдің қауіпсіздігіне нұқсан келмеуіне зер салған саясат ұстануға тиіс. Алайда, бізде оған немқұрайды қарау белең алғаны өкінішті.

Екіншіден, энергетикалық ресурстар мен табиғи байлыққа қатысты заңдарды Конституциямен және ұлттық қауіпсіздік саясатпен жіті байланыстыру жағы кемшін түсіп отыр. Шетел сарапшылары мен кеңесшілердің «ұсыныс, пікірлері» терең зерттелмейді, әйтеуір, халықаралық стандартқа сай болуы керек дегенді ғана алға тартып, өзгенікін білместікпен көшіру жағы басым түскені аңғарылады.

Үшіншіден, табиғи байлық пен энергетикалық ресурстарды игеру, пайдалану туралы заңды бекітерде лоббистер мен азғана топтың мүддесі басым болды ма, әлде, таза патриоттыққа негізделді ме дегенге келгенде тағы да күмілжіп қаламыз.

Төртіншіден, пайдалы қазбалар туралы заңда ресми тұлғалар мен жеке адамдарға берілуі мүмкін лицензияның саны шектелуі тиіс. Бір адам бірнеше учаскеде қат-қабат барлау жасайтындай немесе қазба жұмыстарын бейберекет жүргізетіндей жүгенсіздік болмауы керек.

Бесіншіден, шетел инвестициясына қолайлы жағдай жасау мәселесі тек қана іргесі бекіген, заңдық, құқтық қорғау базасы әлдеқашан қалыптасқан өркениетті жоғары дамыған елдерде жүзеге асырылатын технология. Оны әкеліп, біз секілді дамушы елге тықпалау ұлттық мүдде мен қауіпсіздікті кейін қарай ысырып тастаумен бірдей.

Алтыншыдан, шетелдік компаниялардың құқтық мәртебесі дұрыс белгіленіп отырған жоқ. Олардың «шаңыраққа қарауды ұмытуына» жағдай жасалып отырғаны еш құпия емес. Жергілікті жұмысшыларға төлейтін еңбекақы мен өздерімен бірге келген жалдамаларына беретін жалақысы арасындағы алшақтық шектен шығып кеткен.

Мұның бәрі айналып келгенде елдің экономикасын ірі көлемде қарызға батыруға немесе ұлттық қауіпсіздікке орасан нұқсан келтіруге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.  Себебі, жоғарыдағы ұстанымдардың бәрі өз қолымызбен өзімізді буындырумен бірдей әрекет.  Оның негізін жат жұрттықтар қалап беріп қойған. Алайда, ол үшін әлде бір елді айыптауға негіз болатын ешбір  құқтық акт жоқ. Ал, шетелдіктер табиғи байлығымызды тонап жатыр дегендей  немесе басқаша жолмен сыпайы түрде болса да елдік, ұлттық мүддемізді көздесек халықаралық ережелерді бұзған секілді ұғым тудырамыз. «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі» деп  мәймөңкелеп, ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіпті ескермеу тағы да ағаттық болар еді. Мұның өзі 1973 жылғы Чилидің, 2003 жылғы Ирактың тағдырын қайталауға итермелемесе екен деп бір Алладан тілегеннен басқа жол жоқ.

 

Аталмыш саясаттың құрбанына ХХ ғасырда Африка елдері айналған. Ал, ХХІ ғасырда біздің кезегіміз келмесе игі дейік. Жалпы қырғи қабақ соғыстың аяқталған кезінен бастап постсоциалистік елдерде болып жатқан жағдайларға жіті талдау жасасақ, бізде жүзеге асырылып отырған сыртқы қатынас пен халықаралық ынтымақтастықтың шынайы бейнесін жақынырақ тануға болады.

Экономикалық соғыс құралы деген не?

Экономикалық соғыс құралы ретінде нендей дүниелер қолданылатындығына да аз кем тоқтала кетейік. Бұл жерде қайтарымсыз көмек деген дүние елеулі орын иеленеді. Әлем елдерінің бір-біріне көмектесуі, жалпы ынтымақтасуы құптарлық жайт, әрине. Дегенмен қайтарымсыз көмек арқылы бір ел екінші елдің экономикасын күйрететін технологияның да барын ұмытпауымыз керек. Мұндай технология белгілі бір саланы көтеруді көздемейді. Керісінше, ары қарай дамуына емес, болмашы ғана «жеммен» ілдебайлап отырып, біртіндеп өз меншігіне айналдыруға тырысады. Мысалы, энергиялық қуат көздерін дамытамыз деген желеумен біршама инвестиция енгізеді де қаржы, несиелерін салып, саланы өз еліне лайықталған технологияға көшіру саясатын ұстанады.

Қарызды салаға құйғанда экономикалық тиімділігін ескеруді тапсыруы мүмкін. Ал, ешқашан еліңнің қауіпсіздігін ойла демейді. Осылайша, экономикалық пайдалы әрі тиімді ахуал қалыптастыру үшін әдейі әлемдік нарық бағасынан бірнеше есе арзан бағамен технологиясы мен өнімдерін ұсыну арқылы белгілі өндірісті өзіне тәуелді етіп қояды.  Осыдан кейін бірден өз елінің технологиясына бағынышты болған саланың қосалқы бөлшектері мен технологиялық жаңартуларын қалағанынша өздері жасап, әбден билеп-төстеп алады. Бара-бара елдің энергетикалық қауіпсіздігінің өзін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап өздері талап қойып, онысын сөзсіз мойындататын жағдайға жетеді.

Осылайша, тәуелді етіп алған соң бағаны да өздері белгілейді, халықтың қанын теспей соруға көшеді. Батыстың жоғары дамыған елдерінің тәжірибесіне зер салып қарасақ, ешбір мемлекет энергетика мен байланыс саласын ешқашан жекешелендірмейді және шетелдік ұйымдарға бермейді.

Экономика мен нарықтың белгілі бір саласын импорттық мақсатқа негізделген саясатпен банкротқа ұшырататын тағы бір тәсіл бар көрінеді. Импорттық саясаттың негізгі құралы  стратегиялық «пайдалы» және «пайдасыз» деген топтан тұрады. «Пайдасыз» делінген технологияның өзі 1-3 жыл ғана шығынмен жұмыс істейді. Ал, 5-10 жылдан соң шығынын бірнеше еселеп өндіріп алады немесе бәсекелес жақтың экономикасын күйрету мақсатымен қайта бас көтеру мүмкіндігін біржолата жабу арқылы белгілі бір елді өзінің ықпалына енгізу стратегиясын қарастырады. Мысал ретінде Солтүстік Шығыс Азия елдері арасында 1970-жылдары болған шекаралық қақтығысты еске алуға болады. Оған себеп болған дүниенің өзі тым ұсақ әрі өте қызық жайт еді. Көршілес бір ел екіншісінен сиырдың бір құйыршығын бір ірі қараның бағасымен сатып ала бастайды. Соның салдарынан аша тұяқтының бәрі қырылып, жер жыртатын сиырсыз қалған елді аштық жайлайды. Елде тұрақсыздық орын алып, қауіпсіздікті сақтаймыз деген желеумен әскери күш қолданылып ақыры соғыс басталады. Мұндай жағдайлар әлем тарихында көптеп кездеседі.

«Пайдалы» делінетін технология - өз еліне пайдалы  стратегиялық шикі затты аз қаржымен яғни, көп қиындықсыз жолмен тұрақты әрі ұзақ мерзіммен енгізуге жағдай тудыру. Ол үшін шектеусіз ықпал етудің технологиясын пайдалану. Аталмыш технология аясында белгілі бір шикі затты  экспорттаушы елге шикі затты жартылай немесе толықтай өңдеу кәсіпорындарын салуға мүмкіндік бермеудің стратегиялық саясатын жүзеге асырады. Сөйте келе экономикалық және саяси жанама ықпалға негізделген саясаттарын шикі зат экспорттаушы елге қарсы қолданады.

Импорттық және экспорттық саясат пен оның бағасын да үйлестіріп үлгермеген біз үшін  жоғарыдағы технологиялардың түпкілікті мәні мен залалын айқындап зерттеу көптеген құрбандықтардың алдын алуға көмектескен болар еді. Жалпы өз бәсекелестерінің нарығын құлатудың үкіметтен үйлестірілген технологиясы соңғы кездері құрлықтан құрлыққа жетіп, халықаралық деңгейге көтерілгенін әлем сарапшылары ескертіп келеді.  Кей жағдайда қарсылас жақтың экономикалық базасын бүлдіру жолмен өз ықпалына енгізу саясатының бір құралына айналғандығы белгілі болып отыр.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

журналист-саясаттанушы

«Абай-ақпарат»

(Жалғасы бар)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496