Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 24137 0 пікір 22 Қыркүйек, 2011 сағат 05:53

Мырзагелді Кемел. Шәкәрімнің өмірі

Үстіміздегі жылдың қазан айында Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеден өткеніне 80 жыл толады.

Осыған орай Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мырзагелді Кемелдің «Шәкәрімнің ар ілімі» атты кітабынан Шәкәрімнің өліміне қатысты бөлімін жариялап отырмыз.


Абай заманы мен ХХ ғасырдың алғашқы бөлігіндегі ақын-философ, қазақтың дара туған, дана туған ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры өте күрделі. Ол 1931 жылы дүние салғаннан кейін елу жылға жуық ұмыт қалған тұлға.

Абайды қазақ түгел біледі, бірақ Абайды терең түсіндім деп айта алатын адамдар аз. Абайды жан-жақты танып-білу қиын. Абайдың тұңғиық әлеміне үңілген сайын оның одан әрі тереңдей түсетіні, заңғарына көз тастаған сайын биіктей беретіні ұлы ақын поэзиясының халықтың жүрегін бекем жаулап алғандығынан болса керек. Шәкәрім де Абай секілді дара әрі күрделі тұлға, оны таныған әрбір қазақ азаматының да оны терең түсініп, жан-жақты танып-білуі оңай емес. Шәкәрім де Абай сияқты адамгершілікті, тазалықты, ар-ұятты, елдікті, татулықты, мейірімді, рақымшылықты, әділдікті ұстану арқылы қазақты ешбір елден кем болмай жетіледі деп санаған. Шәкәрім шығармашылығын оқыған әрбір адам оның халқын қаншалықты сүйгенін, қазақты өрге сүйреуге барынша ниеттенуін түсінеді.

Үстіміздегі жылдың қазан айында Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеден өткеніне 80 жыл толады.

Осыған орай Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мырзагелді Кемелдің «Шәкәрімнің ар ілімі» атты кітабынан Шәкәрімнің өліміне қатысты бөлімін жариялап отырмыз.


Абай заманы мен ХХ ғасырдың алғашқы бөлігіндегі ақын-философ, қазақтың дара туған, дана туған ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры өте күрделі. Ол 1931 жылы дүние салғаннан кейін елу жылға жуық ұмыт қалған тұлға.

Абайды қазақ түгел біледі, бірақ Абайды терең түсіндім деп айта алатын адамдар аз. Абайды жан-жақты танып-білу қиын. Абайдың тұңғиық әлеміне үңілген сайын оның одан әрі тереңдей түсетіні, заңғарына көз тастаған сайын биіктей беретіні ұлы ақын поэзиясының халықтың жүрегін бекем жаулап алғандығынан болса керек. Шәкәрім де Абай секілді дара әрі күрделі тұлға, оны таныған әрбір қазақ азаматының да оны терең түсініп, жан-жақты танып-білуі оңай емес. Шәкәрім де Абай сияқты адамгершілікті, тазалықты, ар-ұятты, елдікті, татулықты, мейірімді, рақымшылықты, әділдікті ұстану арқылы қазақты ешбір елден кем болмай жетіледі деп санаған. Шәкәрім шығармашылығын оқыған әрбір адам оның халқын қаншалықты сүйгенін, қазақты өрге сүйреуге барынша ниеттенуін түсінеді.

Қазақ ақындарының ішінде Шәкәрімнің өлеңдері мен өзге де шығармалары алғашқылардың бірі болып баспа бетін көрген, сондықтан ол қазақ жазба поэзиясының негізін салушылардың бірі ретінде аталуы орынды. Шәкәрімді бүгінгі ел ренессанстық тұлға ретінде танып, оның шығармашылығы жан-жақты зерттелуде. Шәкәрім шығармашылығы әлі толық зерттеле, ойшылдық, даналық келбеті ашыла түсуі, адамдық, арлылық, адамгершілік, ақыл мәселелеріне арнап жазған дүниелері талдана түсуі тиіс.

«Шәкәрімнің мейір мен зорлық, әділет пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары екі ғасыр шегіндегі қазақ қоғамдық ойының марқайған қалпын, бүкіл түркі әлеміндегі биік өресін айғақтаса керек» дейді жазушы-ғалым Мұқтар Мағауин.

Шәкәрім жүйесіз заманда өмір сүрген. Абайдың уақыты отаршылдық - бір жүйеге бағынған, белгілі бір талаптарға мойынсұнған заман болса, Шәкәрімнің кезі патша үкіметі мен большевиктер, алашордашылар үкіметі, одан кейінгісі зобалаң жылдарға ұласып, нағыз бейберекет, жүйесіз заманға тап келген. Шәкәрім өз дәуіріндегі қазақ елінің түсінік-танымының дәрежесін, әлеуметтік-мәдени тұрмысының жайын, халықтың психологиялық күйін, ой-сана деңгейін, әлемдік кеңістік пен уақыт ауқымындағы орнын, олардың өзге елдермен салыстыруға келмейтіндей деңгейде екенін жақсы түсінген. Осындай қилы заманның өзінде арлылықты, даналықты, білім-ғылымды бәрінен биікке қою арқылы рух биігіне жеткен Шәкәрімді туған халқы ешуақытта ұмытпақ емес.

Бұл еңбегімізде Шәкәрімді атай алмаған, тани алмаған уақытымызға салауат айтып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміздің жанғанын бағалап, асылымыздың қадірін біле түссек дегенді мақсат тұтындық.

Шәкәрімнің интеллекті, ішкі дүниесі, парасаты мен пайымы, философиясы көп рет талдап-талғауға лайық. Шәкәрім жастайынан өлеңмен, дастаншылықпен қатар, философия, теология, география, тарих іліміне ден қойған. Бұлардан түйгенін бірде өлеңмен, бірде қара сөзбен жазып отырған. Шәкәрімнің қай шығармасы болмасын, онда пафос жоқ, ол - шындыққа, дәлдікке негізделеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыстаудың етегінде дүниеге келді. Шәкәрім - Абайдың немере інісі, Құнанбайдың үлкен әйелі Күнкеден (Әйбөбек) туған Құдайбердінің Төлебике (Дәметкен) деген бәйбішесінен көрген төрт ұлдың кенжесі. Олар - Омар, Мұртаза, Шаһмардан және Шәкәрім. Шәкәрімнің шешесі шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын ісмер адам болыпты. Ол араб тілін жақсы білген, «Мұхтасарды» тауысқан.

Шәкәрімнің ұлы нағашысы, Құнанбайдың бәйбішесі Әйбөбектің әкесі Ағанас би - Найманның терістаңбалы руының аға биі. Құнанбайдың әкесі Өскенбай Ырғызбайұлы Ағанас биді Наймандағы тіректі орын санап, арнайы құда болған. Құнанбай атасы Ағанас биді алғыспен атап, жиі ауызға алады екен.

Абайдың әкесі Құнанбайдың бәйбішесі Күнкеден Шәкәрімнің әкесі Құдайберді туса, Құнанбайдың Күнкеден кейінгі әйелі Ұлжаннан Абай туған. Сонымен Шәкәрім - Абайдың немере інісі.

Абайдың: «Атадан алтау, анадан төртеу» деген өлең жолдарындағы алтаудың біреуі - Құдайберді. Құдайберді Шәкәрімнің алты жасында қайтыс болады, содан Шәкәрім атасы Құнанбайдың бауырында өскен. Қаршадайынан-ақ ерекше зеректік танытқан Шәкәрімді Абай өз қамқорлығына алған. Ол Абайдан 13 жас кіші, демек Абайдың үлгісі - Шәкәрімнің өмірде көрген ең басты үлгісі. Бір әулеттен екі ақын, ақын ғана емес, философ, сазгер, қайраткер адамның шығуы бұл әулеттің тектілігінің белгісі. Шәкәрім өзінің алғашқы өлеңін әкесі қайтыс болған соң ақ шығарыпты. Шәкәрім шығармаларында ол өлең 1866 жылмен таңбаланыпты, демек Шәкәрім бірінші өлеңін бар болғаны 8 жасында жазған. Ол өлеңнің мазмұны былай: далада ойнап жүріп бала Шәкәрім жерде өрмелеп бара жатқан жауынқұртты басып өлтіріп алады. Қасақана жасамаса да, сезімге толы бала сол жауынқұрт атынан өлең шығарады. Онда: «Өлімнің қандайлығын көзің көрді,

Кешегі тірі жүрген әкең қайда?!» деп келетін, әкесінің өлімін мұңая есіне алатын өлең жолдары бар. Осы өлеңін әжесіне оқып бергенде «бұдан былай өлең шығарма, ол ірі тұқымның айналысатын ісі емес» деп тыйым салыпты. Осы жерде Абай: «жастың талабын шектемеңдер»,- деп Шәкәрімге ара түсіпті. «Осы қолдау менің ақын болуыма тікелей әсер етті» деп Шәкәрім ұдайы айтып жүреді екен.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында екеуі екі анадан туған Құдайберді мен Абай арасындағы жылы қарым-қатынас суреттелген. Онда Құдайбердінің ауырып, төсек тартып жатқан кезі, оның көңілін сұрап Абай келуі, ағалық-інілік көңіл-күй көріністері, қадірлес-қимас ағасының шиеттей балаларына Абай қамқор болатыны бейнеленген. Романда: «Қарашоқыдағы қыстауға келген соң, Абай ең әуелі әкесіне бармай, Күнкенің үйіне кірді. Мұнда Абайдың ең жақын көретін туысқаны Құдайберді көптен бері науқас болатын. Алдымен соған амандасып, жайын білмек» - деп жазылған. Әуезов суреттеуіне қарағанда, Құдайберді сабырлы, ұстамды, ойлы, жас інісі Абай тартыс-жала, сұмдықтарға ілігіп кетпесе екен деген қамқор көңілді, ізгі жүректі адам болған. «Құдайберді өлерде Абай оған: «Балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар, жетімдік көрсетпеспін» деп ант еткендей болатын. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететін» деп жазды.

Шәкәрім жеті жасқа жеткенде әкесі Құдайберді 37 жасында дүние салған. Содан кейін 18 жасқа дейін ұлы атасы Құнанбайдың қарауында, бақылауында болған. Құнанбай дүниеден өткен соң, одан алдын да Шәкәрім Абайдың үлгісімен өмір сүрді, Абай оны өз қамқорлығында ұстады. Құнанбай өлгенде Абай 31 жаста еді.

Шәкәрім атасынан көп ұлағат алған. Атасының «Елге жақсаң, құдайға да жағасың», «Көпті сыйласаң, өзің де сыйлы боласың», «Көпсіз - қол жоқ», «Көпсіз - көмусіз қалады», «Көпке сенген - көгереді, көпті жамандаған - көміледі» деген ұлағатты сөздері Шәкәрімнің көңілінде мәңгі сақталып қалған.

Шәкәрім өз өмірінің біраз жайын өз шығармаларында, әсіресе «Мұтылғанның өмірі» деген ұзақ өлеңінде жазды.

Бесімде оқу білсін деп,

Ата-анам берді сабаққа.

Жеті жаста жетім боп,

Түскендей болдым абаққа.

Ардақты кенже жетім деп,

Әлпештеді мені көп.

Надандыққа болды сеп,

Қақпай ешкім қабаққа, - деді.

Мұхтар Әуезов Абай өлеңге 1884-1886 жылдардан бастап кірісті дейді, ол кез Абайдың 39-41 жасы болады. «Ой кіргелі тимеді ерік өзіме, Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме» дейтін кезі сол кез. Абайдың өз ортасынан басы асқан адам екенін бүкіл қазақ елі, билік мойындай бастаған жылдар осы кез. Бұл Шәкәрімнің отызға жетпеген кезі еді.

Шәкәрімнің өзі «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген еңбегінде: «Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлық атамыз қажы марқұмның тәрбиесінде қалсам да, бұрыннан ауылымыз, қыстауымыз бөлек болғанда қажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, ғылымнан махрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойыма не келсе соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өстім. Әйтсе де түркі танып, орысша хат танып қалдым» дейді.

Бірақ Шәкәрім бұл жазғанындай ойына не келсе соны істейтін, жеңіл мінезді, ойсыз бала болмаған. Бес жасында өз бетінше сауат таныған, есейген соң көне түрік, араб, парсы тілдерін өзінің анасынан бірте-бірте үйреніп алған. Кейінірек орысша білетін Нұрпейіс деген адамнан орыс тілін де меңгереді.

Шәкәрім біраз уақыт жастық қызығына түсіп, ойын-сауыққа, серілікке үйір болған, домбыра, гармонь тартуды үйренген, саятшылыққа да қызыққан. Осындай кездегі жастық желіктеріне кеткен асыл уақытына Шәкәрім кейіннен өкініш білдіріп, есіне алады.

Әр өнердің үйретушісі болады. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың айтуынша, Абай Шәкәрімнің жасынан домбыраға құмарлығын байқап, күздің басында, керей руынан шыққан атақты домбырашы Біткенбай деген адамды шақыртып алып, Шәкәрімге күй үйретуді тапсырады. Бір жылға тақау уақыт ішінде Шәкәрім одан көптеген күй үйренеді. Шәкәрімнің анасы Біткенбайға көйлек, шапан кигізіп, сауынға бір сиыр, мініске бір бесті ат беріп, рахметін айтады. Шәкәрім: «Менің домбыра ұстазым - Біткенбай, оны тауып алдырып беруші - Абай ағам» деп ризалық білдірген.

Шәкәрімнің әкесі Құдайберді қазақтың көне қисса-дастандарын, ескі кітаптарды жатқа айтады екен. Осы үлгі мен өнер-білімге асықтық Шәкәрімнің ой-өрісін тез кеңейтіп, өлеңге деген құштарлығын оятады. Ол білім-ғылымның қасиетін кештеу болса да терең түсініп, өз бетімен оқып, үйреніп, рухани қазыналарға көп үңілген. Өз елінің ауызша сөз мұрасына қоса, басқа жұрт асылдарын меңгерген Шәкәрім өндіртіп өлең жаза бастайды, кең құлашты дастандар жазады. Іздену, еңбектенудің нәтижесінде арнайы оқу орнын бітірмесе де, Абайдың басшылығымен және өз бетінше іздену нәтижесінде Шәкәрім сол замандағы қазақ арасындағы, қазақ қана емес, сол кездегі бүкіл Түркі дүниесіндегі ең ғұлама адамдардың бірі болып шығады.

* * *

Шәкәрімді тану үшін ол өскен жердің табиғатын да тану керек. Академик Лихачев айтқандай: «Шығарманың қайда туғанын білмей түсінемін деу, онда жазылғанның тілін білмей тұрып, ойын түсінемін деумен салыстырғанда жеңіл емес. Поэзия да, басқа шығарма да өздігінен өмір сүрмейді, ол өзі өскен топырақтан өніп шығады және оны бүкіл туған өлкесімен байланыстырып қана түсінуге болады».

Шәкәрім туып-өскен, бүкіл өмірін өткізген жер Шыңғыстау өңірі деп аталады.

«Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай сайыпқырандарды қолыңмен жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып, суалғаны да болды.  Талай-талай талпынған жас жүрек мақсатына да жетті. Талай бақытсыздың жарық күндей үміті үзіліп те кетті. Сенде неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап, мал да бақты. Сенде талай-талай сабаздың қаны судай да ақты. Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүректі айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шешен билерді де жерошақтай жер қазып, үңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да, бақайыңнан келмей түк көрмегендей-ақ маңқиып тұра бересің-ау! Осымен де қоймай, қысқы күнгі шығыстан ұзақ күнгі күн батысқа қарай керегедей жайылған кең қолтығыңды ашып үңірейтіп: «Кел, кел! Тағы менің қолтығыма кіріп, біресе рахат, біресе бейнет көріп, аз күн арпалысып өтетінің келіңдер» - деп үнсіз дауысыңмен шақырып тұратыныңды қайтемін!...

Әне, кешегі бір кезде амал жұлдызының орта шенінде қайтпас қара желінің дауылы соғып, қардың суын сай-сайдан сарқыратып, соққан жел, аққан судың жан-жануарға рақат болса да, бір жағынан, ұшқан қаңбақ, аққан дөңбек сияқты тамырсыз, көмексіздердің есін шығарып, дегбір тапқызбай, сандалтып апарып бірін құлағалы тұрған жарға тығып, бірін құдыққа салды.

Онымен де қоймай, кейбір жердің шымын аударып ағытып, жаңа өспірім жастардай жаңа ғана шыққан жасыл шөпті танымайтын жат жерге апарып та тастады.

Әне! Сол амал жұлдызының аяқ шетінде жер кепті деп, қолтығыңдағы ел мал ащылатамыз деп бауырға қарай көшті. Атты-жаяу айдаған қойдың жас төлі шаршаған соң, қойды жусатып, жаңа туғанын ауыздандырып, шаршағанын тынықтырып, қоймен бірге барған балалар жалма-жан қу топайды доп қылып, жерді шұқырлап орда қылып, доп ойнай бастады. Қыстаудан жаңа көшкен елдің жүгі орнықпай аударылып, бірі түйесін бақыртып қайта артып, бірі жүк артқан сиырын ауһаулап қуалап, ауған жүгін басып, ерлі-қатынды, бала-шағасымен шулап жүр.

Отардан қайтқан жылқыны алдынан шыққан жас жігіттер көшке қарсы айдап келіп, аты жоқтар жүгенін ала жүгіріп, әрқайсысы бір-бір жылқыға құрық салып, жылқыны алды-алдына бөліп қуалап жүр. Жаңа туған жас құлынды тәлтіректетіп құрығымен түртпектеп, шидем киген күләпаралы жылқышы жылқының артында келе жатыр. Сонда сен, кәрі Шыңғыстау, көшкен елге қара құжыр қабағыңмен ашулана қарап: «Ала қыстай менің ығымды қорғалап, қыстан аман шығып, бүгін иесіз тастап кеткенін қарашы!.. Қап, бәлем, қайта бір келерсің» - дегендей үнсіз едің-ау! Жотадағы биіктерің: «Батыр-ау, мыналар қайда барады? Ана біреулер не қылып жатыр?» - дегендей алдындағы аласа төбелерден аса қарап, кейбір биіктерден созылған жота қыр алдыңғы төбенің иығынан тапқан ана биіктің қолы сияқтанып; «Былай тұршы! Еңкейе берші!» - деген сияқтанып, бөктерге жақын, тіпті, аласа төбелер: «аналар көрмей қалар» дегендей-ақ еңкейіп құржия қарап, бәрінің көзі көшкен елде сияқты.

Әне! Осы көшкен ел сәуір жұлдызын бауырда өткізіп, малы ащыға, адамы аққа қанып, төрт түлік малдың төлі әбден аяқтанып, асыр салып, енді жайлауға шықпақ үшін қайта көшті.

Әттең, көркем көктем-ай! Сен жан-жануардың қайғысын ұмытқызып, бейіш ауасын жұтқызып, қабағын ашқызып, үмітін ілгері басқызып, тозбас өмір, таймас бақ бергендей алдайтының-ай! Жайқалған жасыл шөпті қуартатын, жалбыраған жапырақ пен жайнаған гүлдерді жанынан айрылтып ұшыратын күз болмайтындай-ақ, мұқым Шыңғыс даласымен қар астында қалып, қайғылы ақ бүркейін жамылып, жорғалаған жыландай, жорға мінген жастардай жылмаңдап аққан мөлдір сулар, мұнан былай рақат-қуаныштан үміт үзген мұңлы жүректей мұз болып қататын қыс болмайтындай-ақ, сен көркем көктем, жан-жануардың да, адамзаттың да артын ұмыттырып, алдын ойлатпайсың-ау!».

Шәкәрімнің туған жері Кеңбұлақ - Шыңғыстаудың төр жайлауы. Ол Балашақпақ тауының шығысы мен Байқошқар өзенінің батыс жағалауындағы қоныс. Кеңбұлақ Балашақпақтың кең аңғар сайын бойлап Байқошқар өзеніне ұштасады.

Шақпақ - Шыңғыстаудың сырт жайлауындағы үлкен жоталы тау. Жота - Балашақпақ, орта, үлкен шақпақ деп бөлініп аталады. Сондықтан оны Айыр Шақпақ деп те атаған. Айыр Шақпақтың биігінен оңтүстікте - Қаранай, Тазқызыл, Балға, Тектұрмас, Құр жоталары, шығыста - Буратиген, Егіз қызыл, Жәнібек, Тезек шоқысы, Ақшатау жоталары, батыста - Көксеңгір, Жорға, Жауыртағы, Шорқашқан, Шымылдық, Жосалы биіктері, солтүстікте - Керегетас, Қаражал, Қызылжал, Айдарлы қойтас, Қара қойтас, Бұшантай, Ділдә жоталары, көлденең жатқан Шыңғыстаудың сырт жоталары көрінеді. Шәкәрім өмірінің соңғы отыз жылдай мерзімін осы Шақпақ өңірінде, оңашалықта, шығармашылықпен өткен.

Байқошқар - Бақанас өзеніне құяды. Шәкәрімнің балалық шағы, жасөспірім шағы, жігіт шағы, азаматтық ғұмыры көбіне осы өңірде өткен. Шәкәрімнің қайғылы қазаға ұшыраған жері Керегетас та Байқошқарға жақын орналасқан. Керегетас - Шақпақ өзенінің бауырында, Жыланды өзені мен Ділдә өзенінің түйісер тұсындағы биік жота. Оның шығыс іргесінде кереге бітімді тұтас тас қабырға бар, сондықтан оны Керегетас атаған. Тас қабырғаның бауыры терең қара су. Тастың қабырғасында бес-алты адам сиятын үңгір бар. Шәкәрімді осы Керегетас маңында атып өлтірген.

Шыңғыстаудың ең биік жотасындағы асу - Ақбайтал асуы деп аталады. Оның биіктігі 1100 метр. Бұл асудан бастау алатын Бақанас, Байқошқар, Құр, Тай өзендері Балқашқа дейін созылып жатыр, ал Құндызды, Шет, Қарауыл, Шаған өзендері Ертіске құяды. Жайлауға шығарда және түсерде ел осы асудағы көш жолмен өтеді. Шәкәрім бұл асудан талай мәрте асқан, әсіресе Қырғыз шатына құс салуға барғанда осы асу арқылы өтетін болған.

Сарыарқаның оңтүстік-шығысында, Тарбағатай мен Шыңғыстаудың ортасында орналасқан Ақшатау атты тау бар. Таудың тасы әкті, ақшыл түсті болып келеді. Қырғыз шаты осы Ақшатаудың бір саласы. Шәкәрім де жылма-жыл салбурынға келіп мұнда саятшылық құрған. Салбурын деп ұзақ уақыт аңға шығуды (бүркіт салып, арқар, бұғы, киік ату) айтады.

Шәкәрім атасы Құнанбайдан, ағасы Абайдан өнеге, тәлім-тәрбие алған жері Ақшоқы аталатын тау жотасы. Ащысу өзенінің батысында жеті шақырым. Созылған үш биіктен тұрады, олар Шеткі Ақшоқы, Үлкен Ақшоқы және Кіші Ақшоқы аталады. Үлкен Ақшоқыда 1860 жылы Құнанбайдың Ұлжаннан туған тетелес екі ұлы - Ибраһим мен Ысқақ жеке отау болып шыққанда қыстап шығып, жеке-жеке отау үй-жай салған, Абайдың сол қыстауының сілемі әлі де көрініп жатыр. Абайдың тұңғыш ұлы Ақылбай Үлкен Ақшоқыда туған.

Архат - таулы қоныс, қой тастары қолмен жиғандай қойындасып жатыр, бұрынырақта керуен жолы болған. Шәкәрім онда бүркіт салады екен.

Шыңғыстауда Ащысу деген өзен бар. Басы Тарбағатай - Қалба тауларынан басталып, Архат пен Орда тауларының арасымен ағып өтеді. Ащысу бойында Еңлік-Кебектің ескерткіші, Құнанбай қажы қабірстаны бар.

Қарауыл-Семей күре жолының бойындағы 82-ші шақырымда Бөрілі ауылы бар. Осы ауылдан бір шақырым батыс терістігіндегі Аяққараған қонысында Мұқтар Әуезов дүниеге келген.

Күшікбай бұлағы - Семей-Қарауыл жолындағы бұлақ. Абай, Шәкәрімдер Семейге барар жолдағы аялдайтын, қонатын орын болған.

Қасқабұлақ. Шолпан-Сарыадыр адырының іші-сыртынан ағып жататын, тау, төбе төскейінен жалтырап көрініп жататын бұлақ болғандықтан Қасқабұлақ атанған. Ондай бес бұлақ бар. Соның біреуі Шәкәрімнің Қасқабұлағы деп аталады. Шәкәрім Семейге барып-қайтар жолында бұл орынға соқпай кетпейтін болған.

Саятқора - Шәкәрімнің Шақпақтағы Қарабұлақ басына оңашалықта шығармашылықпен айналысу, қыстыгүні аң аулап демалу үшін саман кірпіштен салғызған орны. Ол - арнаулы салғызған қысқы мекеннің екіншісі. Біріншісі - Ділдә өзенінің бойындағы өзі қаза болған Керегетас іргесінде.

Саятқорада Шәкәрім «Әділ-Мария» романын, «Ләйлі-Мәжнүн», «Айсұлу-Нартайлақ», «Мұтылғанның өмірі» деген көлемді шығармаларын, «Боранның» аудармасын және бірнеше өлеңдер мен прозалық шығармалар жазған.

Қазір Саятқораның кейбір қабырғалары ғана мүжіліп сақталған. Ол Абай-Шәкәрім кесенелерінен ұзақ жерде орналасқандықтан ол жерде 2000 жылы «Саят қора» экспозициясына арналған үй салынған.

 

* * *

Шәкәрімнің әкесі Құдайберді үйленгеннен кейін 3-4 жыл анасы Төлебике бала көтермей, Құнанбай келініне кісі жіберіп: «Құдайберді бір анадан туған жалғыз еді, ұрпағы қалмай жүрмесін, келінім рұқсат етсе, балама бір әйел әперсем деп едім» дейді. Төлебикенің ризалығымен Құдайберді Ботантайға үйленеді. Бір жылдан соң Ботантай екіқабат болғанда Төлебике оны жұрттан жасырып, өзім екі қабат болдым деп, Ботантай босанғанда «мен тудым» деп баланы туысымен қойнына алған. Сол балаға июінің нәтижесінде екі жылдан соң өзі шын екі қабат болып бірінен кейін бірін төрт ұл туған.

Шәкәрім ер жетіп үйленуге жеткенде оған Мәуен атты қызды алып береді. Ол мінезі шайпау, бірбеткей, тек Шәкәрімді ғана тыңдайтын болыпты. Кейінірек Шәкәрім ноғай қызы Айғаншаға ғашық болып, ноғайлар әйел үстіне қыз бермейтін ұлттық салтымен келісім бермеген соң Шәкәрім Айғаншаны көндіріп оны алып қашады. Бұл іске Абай араласып, қалың малын төлеп, айып-пұл беріп, қыз берісіп бітіседі. Сол Айғаншаны алып келгенде Мәуен: «Келдің бе, қарағым» деп бетінен сүйіп қарсы алған екен.

Шәкәрімнің бәйбішесі Мәуеннен екі ұл болған: Әбусуфиян және Ахметтауфиқ. Әбусуфиян 25-ші жылдары қайтыс болған, одан - Шәміл, одан Бану. Екінші ұл ерте қайтыс болып кетеді.

Шәкәрім Айғаншадан бес ұл, үш қыз көрген. Олар: Ғабдулғафур (Ғафур), Ғабдулла (Қабыш), Жебірейіл, Ғабдулаха (Ахат), Зият, Жәкім, Кәми, Гүллар.

Айғаншаның төркін жұрты Қазан қаласынан келген ноғайлар. Құнанбай Ысқақ деген ноғаймен танысып, оның қызметі ұнап, өз еліне қоныстандырып, қамқорлығына алады. Ысқақ інісі Махмұтты көшіріп әкеледі, ол Айғаншаның әкесі. Олар байып, өз алдына ауыл болады, ол «Бай ауылы» аталады. Шәкәрім Айғаншаны алып қашып үйленеді. Айғанша икемділігінің арқасында елге сыйлы келін болады, оны Шәкәрім елі «Май апа» деп атайды. Шәкәрім өлтірілген соң Айғанша, балалары Ғафур, Қабыш, немересі Баязит НКВД тарапынан қудаланып, азап пен қорлықтың неше түрін көреді. Қапырды (Ғафур) Абайдың шыққан тегін сан-саққа жүгірткен Кеңестің жарымес қорғаушылары әулет басына зұлмат түсе бастасымен ешбір тексерусіз түрмеге жабады. Өр мінезді намысқой жігіт түрмеде жатып тамағын кездікпен орып жіберіп қаза табады. Оның ұлы Баязит те түрмеден шыққан соң елге оралып, туған-туыстан бірі де қалмағанын, қаңырап қалған жұртын көріп өзіне өзі қол жұмсап қайтыс болады. Айғаншадан туған екінші ұл - Қабыш талма ауруына ұшырап, Абай атасының қабірін құшып жатып, аштан өледі. Оның бала шағасы да аштан қырылады. Айғаншаның қашан дүниеден өткені жайында мәлімет жоқ, көзі ашық ұлы Ахат та ол жайында ештеңе жазып қалдырмаған. Соған қарағанда тағдырдың талайлы жолында екеуінің жолы екі ажырап, бір бірінен көз жазып қалған болуы мүмкін.

Шәмілдің әйелі Зүлипаның інісі Қабыш Шәкәрімді аңдып жүргендерді сырттай бақылай жүріп, Шәкәрімді атып өлтіріп, денесін тастаған құр құдықты белгілеп қояды. Соны ұмытып қалмау үшін өз әке-шешесін соған таяу жерге жерлейді. Шәкәрімнің денесін 30 жыл күзетіп, кейіннен Ахатқа құр құдықты көрсеткен сол Қабыш. Қабыш өзі әнші, өнерпаз болған. Шәкәрімнің қасына еріп, көп жерді көріп, өнер үйренген. Шебер домбырашы, ерен әнші болған. Отырған жерінде жұртты күлкіден ауыз жиғызбайтын әртістігі болған. Цирк өнерінен де хабары болған. Белгілі «Ағашаяқ» әнін кейінгіге жеткізуші. Мерген болған, мылтық көрсе, сіріңкенің бір тал шиін қойып атып көріп тексеретін болған.

Шәкәрімнің өзіне ұқсап туған ұлы Ахат (1900-1984). Шәкәрім мұрасын зерттеуші, жинақтаушы. Шәкәрім өлерден төрт жыл бұрын Семейдегі педагогикалық техникумды бітіріп, Шыңғыстауда мұғалім болған. Сол күндері Шәкәрімнің басқа балалары секілді тергеу, қамау, абақты, айдауды басынан кешірген. Ахаттың туыстары Ғафур, Баязиттер түрмедегі ауыр азапқа шыдамай, өздеріне-өздері қол жұмсап қайтыс болады.  Қабыш аштық пен азаптан Шыңғыстау баурайында қаза болады. Зият Қытайға қашып өткенімен, сол жақта қайғылы қазаға ұшырайды. Түрмеден бір рет босап шыққан Ахатты 1937 жылы тағы да қамап, тағы екі жыл қамауда болады. 1938-1967 жылдары Алматыда да облыс төңірегінде мұғалімдік қызмет атқарып, зейнетке шығады.

Ахат 1958 жылы 29 қазанда ҚСРО Мемлекеттік қауіпсіздікті бақылау органының прокуроры қол қойған ақтау шешімінен кейін ғана жарық дүниеге қайта келгендей болады. Әкесі Шәкәрімнің қазасын айдауда жүріп естіген, содан бері бойынан қайғы арылмаған Ахат әкесінің мүрдесін екі жылдай іздеп, 30 жылдан бері жатқан құдық түбінен тауып 1961 жылы сүйектерін қазып алып, жинақтап Абай ағасының қасына апарып арулап жерлейді. Дәмі таусылғанда өзі де  әке қасына жерленген.

1969 жылы Ахат Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайына Шәкәрім мұрасын қалпына келтіру мақсатымен ғылыми қызметкер болып шақыртылады. Сол жерде Ахат әкесінің бар еңбектерін жинақтап, жүйелейді және латын әліпбиінен кириллицаға көшіреді, Шәкәрім туралы естеліктер жазады, үнтаспаға құнды деректер қалдырады. 1984 жылы дүниеден өткенінше Ахаттан әкесі туралы 36 құжат, 51 қолжазба шығармалар (7318 жол поэма, 25431 жол өлеңдер, 813 бет прозалық шығармалар мен естелік әңгімелер) дайындалды. Олар Ахаттың өз өсиет-тілегі бойынша Семейдегі Абай мұражайының негізгі қорына тапсырылады.

Шәкәрімнің ұлы Ахаттың Сағила деген әйелінен туған бір баласының аты - Рух болған. Оның атын Шәкәрім қойған. Шәкәрімнің Қоңыр атына қоштасу өлеңінде: «Тентек сары Руғым, Сағынып мені тұр ма екен?» деген жері бар. Рух 10 жасында, 1931 жылы қайтыс болған.

Ахат жөнінде М.Т.Әлиакпаровтың «Ахат» (1997) және «Ақын аманаты» кітаптары (2000) жарық көрген.

Шәкәрімнің Ахаттан кейінгі ұлы Зият Шәкәрім өлер жылы Қытайға қашып өткен. Зияттың ұлы Мерекенің айтуынша Қытайда Зият Алтай өлкесінің Сарсүмбе қаласына келген. Сонда орысша, арабша, парсы мен шағатайша төрт түрлі тіл білетін, Көкшетаудың қазағы, кезінде Абай мен Шәкәріммен жолығысып, сыр алысып, дәм-тұз татысқан Сейітқазы Нұртаев деген оқымысты кісімен танысып, ол кісі Зияттың әулетін сыйлап, қызы Мүнираны қалыңсыз береді, сондағы баспаханаға қызметке қосады. Зиятты көп кешіктірмей Кеңес адамдары ұстатып, жоқ етіп жібереді. Тоғыз жасында анасы Мүнира қайтыс болып, Зиятпен бірге өткен Әзімбайдың Бердеш деген ұлы Мерекені өз қолына алады. Ол 1955 жылы 17 жасында Қазақстанға өтеді. Елге оралған соң оны Ахат тауып алып Талғарға әкеледі, қазір Талғарда тұрады.

Шәкәрімнің қызы Жәкімнен Қожағафан, Қожанияз, Қожағапез деген балалары болған. Күйеуінің аты Қабибулла. Қожағафан 1921 жылы дүниеге келген, оның есімін Шәкәрімнің өзі қойыпты. Бала он жасқа дейін Шәкәрім мен Зияттың тәрбиесінде болады. Шәкәрім атылғаннан соң Қабибулла мен Жәкімді Қожағафан, Қожанияз, Қожағапезді қоса Семейдегі түрмеге қамайды. Мұсабай қажы деген елге белгілі ақсақалдың баласы Қариполла Алматыда үлкен бір қызметте екен, сол жігіт Шәкәрім немерелеріне жаны ашып, Семейге хабарласып, бұлардың мәселесі Алматыда қаралады, сонда жөнелтіңіздер деп тапсырма бергізіп, әкелі-балалы бес кісіні екі күзетшімен Алматыға поезбен жібергізеді. Бір жағынан Аягөздегі Ұлықбек деген милицияда істейтін досына, олардың ісі Семейде қаралатын болды деп алып қал да Қытайға өткізіп жібер деп өтінеді. Бірақ олар шекараны солдаттар жіті қадағалауына алған бір сәттерге тұспа-тұс келіп, Қытайға өте алмай, Үржарда қыстайды. Сол жылы бүкіл елдегі сияқты Үржарда да ашаршылық басталып, Қожанияз бен Қожағапез ашаршылық салдарынан ауырып, қайтыс болады. Қожағафан 1932 жылы Қытайға өтіп, Зияттың қамқорлығында болады. 1949 жылға дейін алғашқы кезде әскери қызметте, кейін мектепте мұғалім болып, содан кейін 1960 жылға дейін баспа саласында қызмет атқарады, қытай тілінен қазақ тіліне аудармашы болады. Сол жылы елге оралып Алматыда түрлі жұмыстар атқарып, зейнетке шыққан. 1996 жылы қайтыс болыпты.

«Шәкәрім» энциклопедиясында Ж.Әубәкір: «Қарасартов Шәкәрімнің өзімен тоқтамай, Шыңғыстау ауданы қазіргі Қарауыл төбесі мен Медеу, бұрынғы Молдағалиев атындағы кеңшар болған жердің арасынан лагерь (Абзалдың лагері деп аталып кеткен) ұйымдастырып, оған Шәкәрімнің ұлы Қабыш, қызы Гүлларды, Абайдың қызы Гүлбаданды, тағы басқаларды апарып қамап, күні-түні қинап жауап алады. Әке тағдыры жас жүрегіне қаяу түсіріп, әрі түрменің қиыншылықты азабын көрген Гүллар у ішіп, жарық дүниемен қоштасуға бет бұрады.  Бірақ оны дер кезінде байқаған Гүлбадан жанталаса жүгіріп, бір қойшының үйіне барып, сүт әкеліп ішкізіп көрер жарығы таусылмаған Гүлларды аман алып қалады» деп жазған.

Мұқтар Әуезовтің Шыңғыстауда туып өскен досы Шәукен (шын аты Оразғали) Әбдуәлиұлы деген мылқау, бірақ естияр жігіт Шәкәрімнің жалғыз суретін қырық жыл сақтап, елуінші жылдары Мұқтар Әуезов Алматыда жаңа үйге кіріп қоныс тойын тойлауға шақырған жиында Ахатқа жолыққанда сыртқа ымдап шақырып, табыс етеді. Ахат әкесінің суреті күтпеген жерден табылғанына азалы дауысы шығып кетеді. Жиналғандар шығып, бәрі де өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуаныштан жыласып, Шәкәрімнің суретін сақтаған Шәукенге рахмет айтады. Сөйтсе, тілі жоқ, кембағал балаға бұл қағаздарды отқа жақ деп НКВД адамдары берген, сонда жасырып алып қойып, шешесінің ақиретте салатын ақ киіміне орап, тығып сақтаған екен. Суретті Алматыға Ахатты тауып алып берермін деген оймен алып келіпті.

Шәкәрімнің жақын туысы әрі өмірдегі серіктерінің бірі Әбдіғали 1937 жылы Шәкәріммен достас болғаны үшін ұсталып атыларда Шәкәрімнің өзі берген қолжазбаларын Үмила атты қызының жолдасы Шыңғысхан Көрпебаевқа беріп, оны Шыңғысхан теріге орап, темір ыдысқа салып көміп сақтайды, өйткені Әбдіғали ұсталысымен оны да тергеуге алатынын алдын ала сезеді.  Кейін қолжазбаны тауып, бүлінген жерлерін түзеп қайта көшіріп Ахатқа табыстайды.

Шәкәрім мен Шұбартау өңіріне ақындықпен, билік айтумен аты жайылып кеткен Әзімбай Бижанұлы қатты араласып кеткен достар еді. Әзімбай Шәкәрімнен төрт жас кішілігі бар болатын, бірақ олар құрдастарша, достарша шүйіркелесіп, бірге жүретін. Әзімбайдың да ақындығы бар еді, онысынан асқан әділ билігі еді. Әзімбайды ел әділдігі үшін «Жақсы Әзімбай» атайтын. Әзімбай Ақтанберді жырауды пір тұтқан, оның «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын толғауының негізінде «Ақтанберді-Жаскілең» деген дастан жазған. Одан басқа «Ахмет-Жүсіп», «Зейне сұлу», «Бәһәрат-Шерін» қиссаларын жазған.

Тобықтының алтыншы ұрпағы Әнет бабаның інісі Әйтектің ұлы Олжай батыр «Ақтабан-шұбырынды, алқакөл-сұлама» қиыншылығынан кейінгі кездері Тобықтының ел болып, бірлігінің сақталып қалуына үлкен ықпалы болған батыр. Әйтектің кейінгі ұрпақтары Кеңгірбай, Құнанбайлар.

Әнет баба туралы Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасында: «Әнет бабаң Арғынның ел ағасы, Әрі биі, әрі молла ғұламасы. Үлгі айтқан Орта жүзге ғаділ екен, Сол кезде 95-ке келген жасы» деп келтірген сөзі бар.

Базаралы - Кеңгірбай бидің немересі, өнерпаз, сал жігіт болған. Шәкәрім өзінен көп үлкен Базаралымен салбурынға шығуды ұнатқан.

«Шәкәрім» энциклопедиясында айтылған Абаймен құрдас, Сақ елінің басшысы, 1932 жылы қайтыс болған, Абыралының ұлы Барақ айтқан бір деректерге қарағанда Шәкәрім Абай өлген соң Оразбайдың қасында жүретін кездері де болған. (3. 217 бет).

Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліде жазушының мұражай үйі бар. Оның белгілі бір бөлігі Шәкәрімге арналған. Әуезов «Еңлік-Кебек» пьесасын жазарда Шәкәрімнен көп ақыл-кеңес алған.

 

* * *

Шәкәрімнің өзі өз өмірінің бірінші кезеңі деп Құнанбай әулетінде тәрбие көрген алғашқы жиырма жасын айтады. Құнанбай мен Абайдың тәрбиесіндегі Шәкәрім ақынды өмірдің өзі ақылды болуға бейімдеп, ерте есейткен. Жиырмаға жетпей-ақ Шәкәрім жан-жағына ой көзімен қарап, даналық сөздер айта бастаған. Ел ішіндегі небір сұрқия-сұмдықты, алтыбақан алауыздықты күнде көріп жүрген сезімтал ақын жасөспірімдерді қызғыштай қорып, осындай бәлелерден аулақ болуға шақырады. Дүниенің өткіншілігін, сол өткінші өмірде адамдардың бір-біріне қайырымды болуы, барынша адал, арлы болуды уағыздайды. Қара қазақ баласы, әйтеуір, адам болса екен дейді, олар да ел қатарына қосылса екен дейді. Кейде күйінеді, кейде мұңаяды. Ертелі-кеш елтең-селтеңмен күн өткізіп жүрген желөкпелерге ренжиді. Олардың өнер қуып, еңбек етпегеніне налиды. «Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп, Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай?!» деп күрсінеді. Осы келеңсіздіктерді болдырмауды мақсат тұтып, өзі де билік жүйесіне араласады.

Жиырмадан өткенде,

Азғана ғылым оқыдым.

Алғызып кітап шеттен де,

Көңілге біраз тоқыдым.

Білмегенді сұрадым,

Жиыстырдым, құрадым.

Оқыған сайын ұнадым,

Жолына түстім осының.

Білімге салып тілекті,

Сыбанып едім білекті,

Ағартуға жүректі,

Аршымақ болып қоқымын.

Өлең мен сөзді шеберлеп,

Айтқаным мақұл болар деп,

Ындын қойып ентелеп,

Жарайды деп осыным, - деп Шәкәрім өзінің білімге құштарлығын бейнелейді.

Шәкәрім Абайдың саясында, қамқорлығында болып, ұстаздығынан үлгі алудың арқасында өлең жолына түсіп, алғашқы өлеңдерінен бастап, Абайды ауызға алады. Ол «Жастарға» деген өлеңінде:

Кел жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік.

Бір білімді данышпан жан табалық,

Ал енді олай болса, кімді алалық,

Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?

Шын іздесек - табармыз шыны ғалым,

Жалыналық Абайға, жүр, баралық, - деп жазады. Бұл кезде Шәкәрім 19 жаста болатын.

Абай билігі жүріп тұрғанда, жер өлшеуге елге келген землемерге жер өлшессін деп, жанына орысшаны шала үйренген Шәкәрімді қосып қояды. Үш ай қазақ тілінен бір сөз білмейтін землемермен бірге жүріп, Шәкәрім орыс тілінде таза сөйлеп, жақсы жаза алатын болып алады. Землемерден геометрияны, аспан ілімін үйренеді, тастардан металл шығатынын, жер бетіндегі барлық нәрсе заңдылықтарға бағынатынын түсінеді. Одан өлшеу құралдарымен жұмыс істеуді үйреніп, кетерде сыйға тартқан дүрбісін өмір бойы пайдаланады.

Шәкәрімнің жастық, іңкәрлік туралы жырлары аса көп емес, бірақ жас кезінде жазылса да көркемдік жағы төмен емес.

«Жаудырап көзі, Тамшылап сөзі, Жібектей шашын тараса. Қалмайды халің, Шығады жаның, Қиғаштап көзбен қараса. Бұл дүниеде қыз қызық, Бозбалада ой бұзық...». Балауса жас жігіт емес, кемеліне келген ақынның жазғанындай. Лапылдап тұрған сезімді асықпай-аптықпай, қалай дәл берген, шашау шыққан бір сөз, жасанды бір дыбыс жоқ.

Шәкәрімнің заманында, қазіргідей емес, жігіттер махаббатта да тұрақты болған ғой. Сүйсе құлай сүйген. Ажал алдында тұрса да, арманына жетуге берік ұмтылған. Алғанын өмір бойы аялап өткен.

«Шірік иман, шыққан жан арман емес, Қолымды бір тигізсең бұрымыңа...» дейтіндей ойлау, бұлай сөз саптау ол кездегі ақындарда онша кездеспейтін нәрсе. Жүрек түкпіріндегі дірілді өлеңмен сыртқа шығару шын суреткерліктің белгісі.

Шәкәрім жас күнінен бастап бойын тіп-тік ұстанатын, киімді өте сәнді киетін, бой-басына мұқият қарайтын, тамақты аз ішетін, көп ұйықтамайтын, ойын сергек ұстайтын, өзі ұдайы өз бақылауында ұстайтын, аузына берік, артық сөз айтпайтын болып жетілді. Тамақты сылпылдатып көп жеуді, дастархан басында орынсыз күлкімен уақытын бос өткізуді жақтырмайтын. Қос жамбасына кезек жантайып, күнұзақ алтын уақытын босқа өткізетіндерге мұның дұрыс емес екендігін, өмір ішіп-жеу, уақытты босқа өткізу үшін берілмегенін, өмірге адам боп келген соң адам боп кетуді де ойлауды ұмытпағанның дұрыс екенін ұдайы айтып отыратын болған. Өз қолынан келетін жұмысты біреуге істеткенді оң көрмейтін, арба жөндесу секілді істерге де өзі араласып бірге жүретін болған. Біреуді ұру, боқтық сөз айту оған жат болған.

 

* * *

Шәкәрім өмірінің екінші кезеңі атаған мерзім - болыс болып, ел басқаруға араласқан, өз сөзімен айтқанда «зая кеткен» жиырма жыл. Мұхтар Әуезов жазған Абай ғұмырнамасының 1-нұсқасында 1881-1882 жылдары Ысқақ ұдайы үш сайлау 9 жыл болыстық қылған соң, Құнанбай балаларының қолынан болыстықты шығармау үшін жасы жиырмадан әрең асқан Шәкәрімді болыс сайлатады дейді. Мұның басы-қасында Абайдың өзі жүреді. Түсінікті болу үшін айта кететін бір жайт - Шәкәрімнен кейін 1884 жылы Абай  өз інісі Оспанды болыс сайламақ болады. Оспан тентек, аусар, озбыр, қарсы келгенді сабап тастайтын ожар болған көрінеді. Осы мінезінен Ербол, Жиренше, Оразбай, Күнтулер бірлесіп, жасырын келісіп, Оспанды сайлатпай қоюға, сөйтіп Күнтуды ұсынуға сөз байласады. Сонымен Күнту болыс болады, бірақ өз жұмысын атқара алмағандықтан 1886 жылы өз арызымен болыстықты тастағанда Абай тобы Шәкәрімді екінші рет болыс етіп тағайындаттырады. Үшінші рет 1911 жылы ояз Сыбанның Салпы деген табында болыстыққа қырғын талас болып, болыс сайланбай қалғандықтан назначениемен Шәкәрімді сыртынан болыс етіп тағайындап жібереді. Ол оязға барып: «Мен сырқатпын, болыстыққа жарамаймын» дегеніне көнбейді. Ояз: «Елді бір тыныштандырып бер, сол тапсырманы орындасаң босайсың» дейді. Сонымен жарты жыл ішінде ел ішіндегі дауды бітістіріп, тыныштандырып, оязға рапорт жазып, ондағы екі жаққа да қалаулы болған адамды болыс сайлатып, өзі босанып шығады. Кейіннен осы кезеңдердің бәрін Шәкәрім «өмірімнің босқа кеткен сәттері» деп ұдайы айтып жүрген.

Осы зая кеткен жылдардың ең соңғы кезеңі деп 1918 жылды атауға болады, сол жылы Семейдегі Белгібай деген байдың қызы бір мұғаліммен қашып кеткеніне төрелік жасап: «Қыз сүйген адамымен бірге болсын» деген шешіміне, байдың сөзін сөйлеген Ыспан қажы: «босағамды бұзып, жесірімді алып кетіп отырған бұзақыны қорғаған бұл арам билігіңе көне алмаспын, жеріне жеткенше қуармын» деген сөзін естіп, сол күні-ақ соттың жұмысын тастап кеткен. Үйіне келгенде, түсі қашып кеткен Шәкәрімнен жөн сұрағандарға: «Мен босқа әуре боп жүр екем! Басшылардың елді ел қылатын түрі жоқ! Баяғы күндестік! Баяғы мансапқұмарлық! Өзімшілдік! Баяғы рушылдық, партиядан арылар түрі жоқ! Елді қорғау, адалды жақтау жоқ! Сорлы елге, сор жауыны сорғалағаннан басқа түк жоқ! Бұлардан үміт-қайыр жоқтығына көзім жетті. Ел оқығандары ғой, енді адал жолға бастайды бұлар деп сеніппін. Қаталасыппын!» деген екен. Бұл оқиға Шәкәрімнің билік саласына араласуының соңы болған деседі.

Бірақ кейбір деректерге қарағанда 1920 жылы Шыңғыс болысы бойынша халық соты болуға құқысы бар адамдардың тізімінің ішінде Абайдың балалары Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйілдермен, немересі Исрайылмен, Құнанбайдың шөбересі Біләлдермен бірге Шәкәрімнің есімі тіркелген құжат табылды: «Худайбердин Шакарим, 60 лет, грамотный, № 2 аул». Бірақ Шәкәрім төрағалық жасап соттаған істер жайлы нақты деректер жоқ.

Шәкәрімнің ел ісіне араласуы жайында Мұхтар Мағауин «Шәкәрім. Өлеңдер мен поэмалар» атты 1988 жылы Алматыда «Жалын» баспасында шыққан кітаптың алғысөзінде былай деп жазады: «1917-1925 жылдар аралығында Шәкәрім аз уақыт дүниәуи өмірге қайта оралғандай болады, ел ішіндегі игі өзгерістерді құттықтайды, газет-журналдар бетінде замана ағымына үн қосқан өлеңдер бастырады. Алайда қарт ақын көп ұзамай қайтадан ел тірлігінен аулақтайды».

Ахат: «Әкем: мен абырой, атақ алу үшін - ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарына жәрдемдесу керек дегенді ертерек ойыма бекіттім. Мен жасымда Алладан былай тіледім: «Өзіме бақ бер! Бақ берсең дәулет бер! Әкімшілікті бер! Бірақ елді өзіме қаратып алғанша істеген жаман қылықтарымды кеш! Сол тілектерімді беріп, кемеліме келгеннен кейін, ол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай алмайтын болсам, екі аяқтының ең қоры, ең сорлысы қыл» - дедім. Мен елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел - адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің аяғымнан, жағамнан алып, менімен кім жауласты? Туыстарым жауласты! Менің бағымды, абыройымды кім күндеді? Туыстарым! Сыртымнан келіп жағаласпады, ішімнен жау шығып жағаласты! Сырттан іш жауы жаман. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, оған ұшырарсың да, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет!» - дегенді құлағыма құя беретін».

Шәкәрім Мекке, Мәдина сапарына баруға Абайдан бата алған жылы өзінен бір жас үлкен ағасы Шаһмардан қайтыс болып, Абай оның үйінде бірнеше күн болып, зиратын қалаған кезде басында болған. Қазақ салтына орай қайтыс болған адамды үш жыл жоқтау дәстүрін сақтап Шәкәрім алыс сапарға жолға шықпаған. Сөйтіп жүргенде 1904 жылы алдын Мағауия, кейін Абай қайтыс болып, Шәкәрім Мекке сапарына тек 1905 жылы ғана аттанған.

Шәкәрім өмірден түңілгендей болады, тіршілік, тағдыр туралы ұзақ-ұзақ ойларға түседі. Бұл қайғыдан Шәкәрім Абай аманатын орындау мақсатында Меккеге барып, қажы атанып, Стамбулда, Парижде болу арқылы арылады.

Он үш күн боп Стамбулда,

Керек кітап табылғаны-ай!

Парижда да оқыған жан,

Түрік, шеркеш, һәм Үндістан.

Араб, башқұрт, қызылбастан,

переводчик - түрік, ноғай.

Солармен келісіп сөзге,

Жоғарғы ой, мақсатым өзге,

Түсіп сәуле соқыр көзге,

Ауыр тұман ашылғаны-ай!

Ол ойға көп керек тармақ,

Әр тілден словарь алмақ,

Сынап, нағызына қанбақ,

Наданға болмайды-ау оңай,

Сол ойды бес жыл жаздым,

Арыдым, шаршадым, аздым,

Көп инемен құдық қаздым,

Сырым, ойым, жайым сондай... деген өлең жолдары сол сапардың әсері. Бұл сапар оның ой-өрісін кеңейтеді, қазақ дін қуған мұсылман жолын емес, ғылым-білім қуған Еуропа халықтарының жолын таңдау керек деген ойға бекиді. Осы кезде өзі көптен бері әуестеніп жүрген толстойшылдық идеясына беріліп, өмірден баз кешіп, ел-жұрттан аулақтауға бел буады.

...Арсыз арам айланы тастасалық!

Адал іске талаппен бастасалық!

Не де болса білімді ізденелік!

Надандықпен біржола қастасалық!

Жалған айтып біреуге жалынбалық!

Біз, сірә, үлкендердей қағынбалық!

Наданға өлсек тағы бағынбалық!

Өтірік, өсекке еріп сабылмалық!

...Болмас іске бұртаңдап тырыспалық!

Бетке айтқанның зәрі жоқ, ұрыспалық!

Көзге жылпың көрініп, сыртқа қылпың,

Артымыздан құр өсек қылыспалық!

Сөз байласақ, уағдада тұрысалық!

Сыртымыздан жақсылық қылысалық!

«Қашқан жаудан құтылар» деген қане,

Надандықтан жиреніп, жылысалық!

(Жастарға. 21 жасында жазған)

«Мамыражай мәжіліс, дастархан басындағы бір мезеттік сыйластық, көтеріңкі көңіл күй, жеңіл әзіл-қалжыңның аяғы кей-кейде түсініспеушілікке, егеске айналып кететіні несі екен? Мақсатсыз ас ішіп, аяқ босатудың аяғы неге мәнсіз аяқталмасын... Еріккен ессіз тобырдың ісі ғой бұл...».

«Кедейдің күні құрысын. Күнде көріп жүрмін ғой. Байдікі өз еңбегімен емес, кедейді жұмсап қойып, өзі тыныштықта жатып байысам деу. Кедей атынан сөйлесем: Байлық деген не тәйірі... Байлыққа кенелдің, қарның шіреп тойды қазы-қартаға, оның үстін қымызбен толтырдың... Содан кейін ше? «Байлықты алып мұратқа өзің жеттің, Кемдікті маған беріп тентіреттің. Қымыз ішсең, көже ішіп мен де жүрмін, Бәрі бір, бай болғанмен қайтіп өттің (Бай болдың, батыр болдың, шешен болдың)». Түбі бір емес пе бәрінің?! Баратын жері! Қысқа ғұмыр қас-қағым сәтте өтіп кетеді. Бай қолында болса тұра бермесе де мал-мүлкі артында қалар. «Әкенің малы балаға мал болмас». Сонда несіне жинаймыз, сақтаймыз, қоримыз? Сол тіршілікте кім болсаң да бәрібір бір күні желдей есіп өте шығасың...» «Сүйткенмен мен де өлемін, сен де өлесің, Қаза келсе қалмайсың, жөнелесің. Тәңірі алдында білмеймін, кім озады, Өлгенде малың жалдап не көресің». Бұдан шығатын жол қайсы? Әділі, адалы қайда? Шіркін, жалқау да емес, еріншек те емес кедей баласы оқуға мүмкіндік алса ғой... Сол білімімен байлыққа жетсе, ешкімнен кем болмаса. Қані сол заман келсе... Қор болу, кем болу болмас еді-ау сонда...

 

Тигенде қолың басына,

Ақылың кетіп, жан қалар,

Ғашығың сонда аңғарар.

Қолыңнан тартып,

Білегін артып,

Ақ тамақтан шөп етіп.

Тал бойың еріп,

Тіліңді беріп,

Сүлдерің қалар ес кетіп.

А, дүние, дүние,

Ақылға сонда кім ие?!

«Жастық туралы».

 

Шәкәрім ақынды өмірдің өзі ерте есейтті. Сонда да жасынан билік қуу орнына өнер қуып, ғаламдық сана жолында, ізгілік жолында еңбек етпегеніне налиды. Адам жанының небір құпиясын жыр кестесіне түсіріп, әлемді алдына алып тербетіп отыратын зергер ақын елдегі келеңсіздіктерді көргеннен, амалсыз қарапайым тұрмыстық жайларды да жыр қылады.

Жасы ұлғайған сайын ақын өлеңдері де іріленіп, көкжиегі кеңейіп, бояуы қалыңдай түседі. Ел туралы көп ойлайды. Ел ішіндегі талас-тартыс, ырың-жырың, дау-дамай күндіз-түні маза бермейді. Ақынның «Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп, Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай...» дейтін кезі осы кез. Қазақ бірлікте болса екен деп тілейді. Жоғарыдағыларға жағынып, билікке таласып, бір-бірінің үстінен арыз айдап, бір-біріне қақпан құрып, әбігер боп бір-ақ келетін асыл өмірін босқа өткізіп жүргендерге назаланады.

* * *

«Біреудің жайын сынамақ бұрын, оның өмір сүрген ортасына, өміріне байыппен көз жібер, жағада қайық күтіп тұрып, қайық келмес бұрын жүкті арқалап тұрған жолаушыға ұқсама.

...Мені білу үшін, мен мінген қайыққа мін, сонда ғана өмір жайымды түгел ұғасың, сүйінішім мен күйінішімді, күйзелісімді түсінесің, сонда ғана анық танырсың кімдігімді...» - дейді Шәкәрім.

Шәкәрім өмірінің үшінші кезеңі - ақындық, сазгерлік, пәлсапашылық құрған жемісті жылдары болып саналатын ересек кездегі өмірі.

Шәкәрім барлық өлеңдерінде «қырық жасқа келгенде», «қырықтан соңғы өмірімде» деп, осы жасқа келгенде өзінің толысқан, жетілген өмірі басталғанын айтады.

Осы кезеңде Шәкәрім адам жанының небір құпиясын жыр кестесіне түсіріп, әлемдік үлгілерден сусындаған ақын, бүкіл дүниені алдына алып, тербетіп отырғандай болып, өз ойларын прозалық шығармалары мен мақалаларына, хаттарына арқау етеді.

Шәкәрім: «Абай аға, тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деуші еді. Ақындарымыздың тілі тасты жарғанмен, кей бастарды жара алмай жүр ғой» депті. Сонда Абай: «Ол бастарыңа кімнің батасы тигенін білмейсіңдер ме?» дейді. Жұрт аң-таң болып, отырып қалады. Сонда Абай: «Ол бастар лағнет батасы тиген бастар. Лағнет өлмек емес. Лағнет батагөйі болған бастарды не жарсын?» деп күрсіне күңіренген екен.

Шәкәрім - өз заманының перзенті. Дегенмен де, жасы қырықтан асқан жетілу жылдарында дана ақын бас ұрған ақиқат, ұждан, шын иман, адамдық, кісілік - «адаспайтын айқын жол». Біздің таңдар жолымыз ақиқат жолы болуға тиіс. Ол жол - бәріміз құмарланып, бәріміз мұрат тұтатын адастырмас жолбасшы. Ақиқатқа жетудің амалы осы заманғы озық білім-ғылымды игеру, алып-ұшып тұрған асығыс заманда қатарыңнан кейін болмау, қазіргі тілмен айтсақ - бәсекелес бола білу. Бәсекелестік дегенде күштің, байлықтың немесе қызыл сөздің бәсекелестігі емес, білім мен ғылым атты өнердің бәсекелестігі.

 

* * *

Шәкәрім әуелі атасы Құнанбайдың, кейіннен ағасы Абайдың қамқорлығында болған. Шәкәрімнің өмірде көрген ең басты үлгісі - Абай. Шәкәрім 8 жасында  бірінші өлеңін шығарғанда, әкесінің өлімін еске түсіріп мұңайған, содан бала уайымшыл болып кете ме деп қауіптенген туыстары оның өлең жазуын құптамаған. Сонда оны Абай арашалап, баланың талабын қайтармаңдар деп рұқсат берген. «Абай болмағанда, менің ақын болуым екіталай еді» дейді Шәкәрім. Бұл ойды біз ақынның «Мұтылғанның өмірі» атты ұзақ өлеңінде көреміз. Сондай-ақ ақынның «Жастарға» деген өлеңінде Абайдың Шәкәрімнің өмірінде үлкен орын алатынын, ұлы ұстаз танылатынын, оның Шәкәрімге әсерін, өмірінен алатын орны, бағасы мен мәнін түсінеміз. «Басқалардың бәрі надан, жүріңдер Абайға барып жалыналық» деп келетін өлеңде:

«Мынау Абай - бір ғалым жол шығарлық,

Замандасы болмады сөзді ұғарлық.

Амалы жоқ, айналды енді бізге,

Күн туды етегіне жабысарлық», - дейді.

Шәкәрімнің ұлы Ахат: «Менің әкем: Абай бізді жақсы көретін, келгенде қасына жатамыз деп таласатынбыз. «Бұл кіші ғой» деп мені қойнына алып жататын, басқа балалар да Абайдың айналасына жайғасатын. Бізге әңгіме айтып беріп, біздердің оқыған оқуымызды, жаттаған қиссаларымызды тыңдайтын» деп жазады «Менің әкем, халық ұлы Шәкәрім» атты кітабында.

Шәкәрім Абайдың ұлылығын ең алдымен мойындаған ақын.

Сендерден белгі нең қалар,

Жемтігін жеген жем қалар.

Ақылы дария Абайдан

Таусылмас қоры - кен қалар, - деп жырлайды.

Шәкәрім - ұлы Абайдың салған жолымен жүрген шәкірттерінің ішіндегі ең үздіктерінің бірі. Мұхтар Әуезовтің «Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер» атты 1967 жылы Алматыда шыққан кітабында Шәкәрім туралы жазған мынадай сөздері бар: «Абайдың айналасы деген тақырыпты сөз қылғанда біз өзіне әсер еткен жайларды, өз қорына құйылған салаларды ғана айтып келдік. Бірақ, ақындық айналасы Абайды өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан мәселе - Абайдың өзгеге берген нәрі турасында. Бұл мәселеде біз Абай ақынның төңкеріс алдында, не төңкерістен бергі қазақ ақындарына еткен әсерін айтпаймыз, ол айрықша талдауды керек етеді. Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен ақындар төртеу. Оның екеуі - Абайдың балалары Ақылбай мен Мағауия. Қалған екеуі - Көкбай мен Шәкәрім». Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынасындағы шәкірттері. ...Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзетудің жолын айтады. Абай алды бұл шәкірттерге жазушының мектебі сияқты» дейді.

Философ-ғалым  Ғарифолла Есім «Шәкәрім» журналында жарық көрген «Ой теңізінен сыр ауласақ...» деген сұхбатында: «Шәкәрімнің ой бұлағының басында, әрине Абай тұрды. Бұл Шәкәрімге керемет мүмкіндік берді. Абай дүниені тарылтып тастаған жоқ, Абай керісінше дүниені кеңітіп кетті. Абай ғылымды қалай, неден іздеу керек екендігін жан-жақты тұрғыда айтып кетті. Сол мол мұраға Шәкәрім кенелді. Білмегенін білемін деп өзінше ізденді. Бір абзалы сол, Шәкәрім Абай сияқты етекбасты болып қалмай, анда-мұнда жүріп тұрды. Абайдың ақылымен білім іздеп, Стамбул, Парижде болды. Оның үстіне Шәкәрім көп тіл білген адам. Шәкәрім заманында кітап оқуға да мүмкіншілік көбейе бастады. Кітап оқу, оқығанды көңілге тоқу Абайдан қалған тамаша дәстүр еді. Сол Абайдың ойшылдық дәстүрін ең алғашқы болып жалғастырып әкеткен адам - Шәкәрім. Мұны Шәкәрімнің еңбектерін мұқият оқып отырған кісі қалтқысыз таниды. ...Қазақта бір жаман әдет бар. Біреуді көтеру үшін оны екінші біреуге қарсы қоямыз. Бұл дұрыс емес. Кейбіреулер ойлағандай Шәкәрімнің қайта оралғандығынан Абайға көлеңке түскен жоқ. Бұлардың екеуі де қазақ аспанының мәңгі жарық жұлдызы болып қала береді».

Сөйтіп Ғарифолла Есім: «Шәкәрім - Абай мектебінен шыққан үздік шәкірт. Абайдың мектебін әрі қарай жаңа сапаға алып шыққан адам да - Шәкәрім» деп қорытындылайды. Осы автор Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығын екі кезеңге бөліп қарастырғанды жөн санайды: Абаймен бірге болған шақ пен одан кейінгі өмірі, яғни 1904 жылға дейін және одан кейінгі өмір. Алғашқы кезеңді оқуға, ізденуге жұмсалған жылдар одан кейінгі өмір кемелденген, бойындағы мүмкіндігін таратқан шағы деп санайды.

Шәкәрімнің ұлы Ахаттың естелігіне сүйенсек Шәкәрім Абай дүниеден өтерден бірер жыл бұрын Абай аулына барып, Абайдың ауыл ақсақалдарымен сұхбат құрып отырған сәтінің үстінен түседі. Шәкәрім сәлем беріп кіріп барғанда Абай: «Кімді айтсаң сол келеді» дегендей, Шәкәрім жаңа ғана сені әңгіме етіп отыр едік, келгенің жақсы болды деп бастап: «Мен мына ақсақалдарға етек басты болып, білім қуып, кеңінен оқи алмай қалдым деп айтып отыр едім. Сол көксеген арманымды Шәкәрім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызуға бел байлап отырмын. Адам қырық жасына дейін білім жинап, кәміл толады, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тілдеріне жетік болдың, ендігі үш жылда орыс тілін үйрене бер. Бар қаражатың менің мойнымда, сен оқуға аттануға дайындал. Қане осыған келісесің бе?» депті. Шәкәрім: «Барлық қаражат сізден болса, білім алуға әрине барамын» деп жауап берген. Сөйтіп Абай Шәкәрімді грек ілімі жиналған Ыстамболға, араб ілімінің ордасы Мекке мен Мединеге, Мысырдағы Александр  кітапханасына жібермек болады. Бірақ бір жыл өткенде Абай қайтыс болып кетеді де, Шәкәрім бірер жыл кешіктіріп, Абайға берген уәдені орындап, Абай  нұсқаған жолмен барып, көп ілім-білім үйреніп, кітаптар жинап қайтады.

Мұхтар Мағауин Ленинград қаласында жариялаған «Поэты Казахстана» деген кітапқа берген алғы сөзінде: «Среди литераторов, окружавших Абай, наиболее плодотворно трудился Шакерим Худайбердиулы. Оны оставил после себя значительное наследие, по которому можно судить о тенденциях развития казахской литературы конца XIX и начала XX века. Хорошо владевший арабским, персидским, средневековым тюркским, турецким, русским языками, Шакерим был знаком не только со средневековой тюркской литературой, арабской, персидской классической поэзией, но и русской, а также (через русские переводы) - с западноевропейской литературой. Благотворное влияние Абая как старшего наставника на раннее его творчество, дальнейшие непрерывные самостоятельные поиски, отличное знание фольклора, истории и этнографии родного народа, поэтический талант определили рождение творений Шакерима, обогативших казахскую поэзию» дейді.

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1988 жылғы 14 сәуірдегі санында данышпан ақынның жарқын есімі мен шығармаларын халқына қайта қауыштырған «Ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде» деп аталатын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының қаулысы жарық көрді. Онда да Абай мен Шәкәрімнің байланысы туралы ерекше аталды: «Шәкәрім ұстазы Абай секілді реалист ақын еді. Абайдың ұдайы ұстаздық өсиеттері Шәкәрімнің дүниеге көзқарасының қалыптасуына, поэтикалық шеберлігінің шыңдалуына өшпес әсер етті, жан-жүрегіне білімге деген құштарлық сезімін құйды».

Абайтанушы ғалым Асан Омаров «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылғы 3 маусымындағы санында жариялаған «Абайдың тұңғыш жинағы қашан, қалай жарық көрген еді?» деген мақаласында Кәкітайдың әйелі Бибі әжейдің естелігінде жазылған ақпаратқа сүйеніп, 1905 жылдың маусым айында төрт кісі - Бибі, Тұрағұл, Шәкәрім, Кәкітай болып Абайдың жылын беруге керек-жарақ алуға Семей қаласына барғанда, Абай өлеңдерін Мүрсейіт Бікеұлына бір ай ішінде көшіртіп жаздырып, осы қолжазбаны бастырып шығару үшін өздерімен ала барған дейді. Омбыда тұратын Әлихан Бөкейханов Семейде бұларды қарсы алған, сөйтіп бұлар Әлиханға Абай өлеңдерін қаратып алған. Сөйтіп тексеріліп, жүйеленген қолжазбаны елге қайта алып келіп, Мүрсейітке қайта көшіртіп, бір айдан кейін Кәкітай Омбыға Әлиханға қайтадан алып барған. Одан кейін Қазанға, одан соң Петербургке Кәкітай кітап қолжазбасын жеке алып барған. Өстіп жүргенде арада төрт жыл өтіп, тек 1909 жылға барып Абай кітабы Петербургте жарық көреді. Сондықтан Абайдың кітабын алғашқы шығарушы ретінде Кәкітай ғана аталып келген. Дегенмен Тұрағұл мен Шәкәрім Кәкітаймен бірге Абайдың тұңғыш жинағына енетін өлеңдерді 17 бөлікке топтастырып, жүйелеген, оған Әлихан Бөкейханов та қатысқан. Осылайша Шәкәрімнің Абайдың тұңғыш жинағын әзірлеуге және  шығаруға белсене ат салысқаны дәлелденді.

Абай мен Шәкәрімнің арасы - даналық пен дарынның, аға мен інінің, ұстаз бен шәкірттің арасындағы терең сыр. Құрғақ дерек, жел әңгіме сол сырды толық тани ала ма? Абай туралы Шәкәрім талай тебірене жазған, өлең арнаған.

Абай мен Шәкәрімнің байланысы дәстүр жалғастығы, дәстүрдің жаңаруы аясында қаралуы тегіннен емес. Екі ақынның арасындағы байланыс, сабақтастық, үндестік адамзат қоғамына үлгі етіп көрсетерлік ұлт мәдениетіндегі, қазақ ғылымы мен танымындағы ренессанстық құбылыс деп санауға тиіспіз.

Абай мен Шәкәрім шығармаларының үндестігі сан қатпарлы. Екі ақынның дүниетанымы қазақ дүниетанымының екі биігі. Мәселен, қазақ дүниетанымында ақыл категориясына Шәкәрімдей ден қойып тоқталып, оның табиғатын ашқан ақын кем де кем. Шәкәрімнің «Пайғамбар қыл ақылды» деуі ақыл ұғымын шырқау биікке көтеруінің белгісі. Оның шығармаларындағы таза ақыл, жанды ақыл, азат ақыл, анық ақыл, саяз ақыл, аз ақыл, сау ақыл, арлы ақыл, мас ақыл, шын ақыл, еркін ақыл, өз ақыл, мол ақыл, ақыл-айна, ақыл-нұр, жайлы ақыл, толық ақыл, терең ақыл деген тіркестер Шәкәрімнің ақыл категориясын терең түсіне білетінінің белгісі.

Ақылға қатысты Шәкәрімнің: «Бұл Абай - саудагер ғой ақыл сатқан, Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан. Тегін білсең - аласың, бос береді, Тұтасымен ешкім жоқ мұны тапқан» деуі Абайдың ақылын мойындау, оны тану, білу, тереңіне үңілу қажеттігін нұсқауының белгісі. «Абайдың ақылын тегін тапсаң бос аласың» деуімен «Абайша ойлай білсең, Абай дәстүрімен жүрсең, даналыққа құштар болсаң, сонда ғана Абайға жол табасың, сонда ғана Абайдың ақылын қабылдай аласың» деп тұр.

* * *

Шәкәрім өмірінің соңында, ортада 7-8 жыл (1917-1925) аралығын қоспағанда, елден жырақ, айдалада, Саятқорада өмірін өткізеді. Тұрсынбек Кәкішұлының айтуынша Шәкәрімнің «Елімнен кеттім елсізге, елуден асқан шағымда», яғни жапан түзге, елсізге алғаш кетіп, ешкіммен араласпауға бел буған шағы 1909 жыл екен.

Шәкәрім елсізде әуелі Әупіш атты жігітті серік етіп, кейінгі бірер жылда оны да қайтарып жіберіп жалғыз қалған. Шәкәрім «Мен жатырмын оңаша...» деген өлеңінде Әупішті адал, жолдастыққа мығым, сырға берік жан ретінде айтады. Әупіш басына қиындық түскен ақынға деген дос көмегін аямайды. Елден, дүние-мүліктен, билік пен байлықтан, мәнсаптан аулақтанып, елден жырақ кеткенде сол күндер қиындығын мойнымен көтерген, қайраты зор, ерінуді білмейтін, адал, тілегінің алалығы жоқ, өмірін де, көңілін де, жүрегін де суырып беруге әзір шынайы достық иесі Әупіш Шәкәрімге көп қызмет етеді. Байлықтан, байлық беретін жайлылықтан қашып шыққанда басына жалғыздық, күн кешуге қатысты қиыншылық түскенде достық қолын созған Әупішке Шәкәрім өз өлеңі арқылы ризашылығын білдіреді.

Шыңғыстаудың күнгей сыртында Шақпақ дейтін таза жерді таңдап, өз қолымен қора-қопсы жасап, тек шығармашылықпен ғана айналысып, жалықса аңға шығып, жападан жалғыз ғұмыр кешкен Шәкәрім «Кейбіреу безді дейді елден мені», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп» деген өлеңдерінде дүниәуи тірліктен баз кешіп, ештеңеге араласпай, ауыл арасының әңгімесін естіп алаңдамау үшін жұрттан аулақтадым дейді. Ел ішіндегі өзімшілдік, озбырлық, күншілдік ақынды жырақта өмір сүруге мәжбүрлеген. «Көрген соң ел жарасын анық сезіп, Аңдайын айдалаға кеттім кезіп. Ел емес, елге істеген қылығынан, Қашқамын, шынымды айтсам, содан безіп» деп, елден оңашалауының тағы бір себебін баса айтады. Елді қан қақсатқан арсыз, аң бейнелілерге қандай шара көруді білмедім, жаным шошыды, содан жаныма медет іздеп айдадаға безіп кеттім, бірақ жаным халқыммен бірге дейді. Елсізге бару себебім - хақиқат сырын іздедім дейді.

Таудың тыныш бір қойнауында оқшау үйге жазу үстелі мен кітапханасын ғана көшіріп алып, өз қажеттілігіне ат байлап, бие ұстап, қымыз ішіп, алаңсыз шығармашылықпен айналысқан кездерінде «Жалғыз досым қағаз-қалам» деп мұңайған сәттері де болған.

Шәкәрімнің хабарын алуға, ақылын тыңдауға келіп тұратын аз ғана туған-туыстың өзін қатаң бақылауға алып, Шәкәрім реакцияшыл бандылармен байланысты деген өздері ойлап тапқан тұжырымға өздері сеніп, қарт ақын нақақтан-нақақ мерт болды. Ұжымдастыру жылдарындағы қарсылықтарға Шәкәрімнің ешбір қатысы жоқтығы дәлелденіп, ақын ҚСРО Бас прокуратурасының шешімімен 1958 жылы толық ақталды. «Туған жан - өлмек, Бәріне көнбек» деп Шәкәрімнің өзі айтқандай нақақ жаланың бәріне көніп, билік ұмыттырғысы келсе де ұмытылмай, ұзақ жылдар қай жерге жасырылғаны белгісіз болып, жаназасыз құдық түбінде жатып қалған ақын туған халқына осылай қайтып оралды.

«Мен кеттім де, сен қалдың...» деген өлеңін ақын кімге арнап жазғаны белгісіз, бірақ мағынасына қарағанда елден жырақ кеткен кезде, елде қалғандарға арналғаны көрінеді. Әділетсізден, тоғышардан жапа шектім, енді саған зияным тимес деген сөздерде жапа шеккен жанның назы бар. Бүгінгіні ғана емес, о дүниені де ойлан, сол бақидың қамын осы фәниде жаса, қарекет ет, дүние деген опасыз дегенді айтады. Сеніміңді уақытша дүниенің қызығына жұмсама, мәңгіліктің маңызына аудар дегенді айтады.  О дүниенің соты алдында ісің таразыға тартылғанда сауаптысы көп болсын дейді. Расында, адамзаттың көпшілігі шындықты біледі, бірақ өмір тәжірибесінде оны қолдануда зардап шегуі мүмкін. Шындықты білу мен оны іске асыру ақиқатқа жетелейді, білген нәрсені іске асыру сол ақиқатпен, сеніммен бірге өмір сүруге жетелейді. Өлеңнің басты идеясы осы.

Шәкәрім елсіздегі қорада жалғыз жатады. Бар шаруасын өзі істейді. 70 жасында Әупіштен түйе саууды үйренеді. Өйткені Әупішті де қайтарғысы келеді, онысын «ешкімді қызметімді атқаратын еріксіз құл еткім келмейді» деп түсіндіреді. «Жұмысты әлім келген біреуге артып, Құлданбақ азаттарды жөн демеймін» дейді. Әупішті жіберген соң қасына ешкімді алмай, жалғыз қалады. Әрбір басынан кешкен өмірін күнделік ретінде өлеңмен өрнектейді. «Ылғи жалғыз жаттым, сонда ит жүгіртіп, бүркіт салып қана жүргенім жоқ, ойға келген өлеңімді жазам, еріксем елге барып қайтам, қайтарда отын алып келем.

* * *

Шәкәрім шығармалары арқылы өз өмірін де қорытындылап, өмірбаяндық деректерін топтап жазып кеткен. Оның 1930 жылы «Жетпіс екі жасымда» атты әңгімесі жарық көрген, сонымен бірге ақынның 2008 жылы жарық көрген екі томдық шығармалар жинағында «Мұтылғанның өмірі» атты өмірбаяндық поэмасын атауға тиіспіз. Одан алдын «Шын бақыттың айнасы» атты шығармасы болды.

«Жетпіс екі жасымда» әңгімесінде жас кезіндегі кезеңдерге азғана шегініс жасағаны болмаса, онша көп тоқталмайды, өйткені оны «Шын бақыттың айнасында» кеңінен баяндаған еді. Оның барлық басқа бөлігінде Шәкәрімнің өмірінің соңғы жылдары туралы айтылады: «Міне, жетпістен астым, ойым тозбағанмен, денем тозды. Тозған денем ойыма орын болудан қалып барады. Мен оған қарамай, әлі де келген ойларды жаза бермекпін».

Шәкәрімнің өмірбаяндық шығармаларын тұтастырып тұрған бір нәрсе бар. Ол - баяндау мәнерінің бірлігі. Қай шығармасында болмасын, Шәкәрім өзі өткен өмір өткелдерінен хабардар ете отырып, өзінің алдына, оқырманының алдына сұрақтар қойып отырады. Мәселен, адамның шын бақыты не? Сөйтеді де өз сұрағына өз пікірін айтады: «шын бақ ...ата-анадағы шын махаббат пен балалардағы шын таза жүрек еді. ...барша адам баласын өз балаң, өз бауырыңдай көріп, махаббат, ғадалат қылсаң, шын бақыт сол еді». Шәкәрімнің бұл сөздері көп жылдан бері ойланып-толғанып, ізденіп, өзімен өзі келісіп я келіспей, бір қорытындыға келген түйінді сөзі. Шәкәрімше: «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар: «Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек». Шәкәрім сұрақтарының бәрі жай ғана сауалдар емес, қазақты адам етсем деген ниеттен туған тұжырымдамалық сұрақтар: «Адам өмірін қайткенде түзеуге болады? Адам қайткенде тату тұра алады?». Және де бұл сұрақтарға былайша жауап береді: «Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ» дейді. Адамның жақсы қасиеттеріне қарсы, зиянды әрекеттердің бәрін тізбелей келе Шәкәрім: «Бірақ осы айтылғандарға қарсы, жолдан қосылған, адамның бойында біржола сіңісіп, біте қайнасып қалған күшті, зиянды жау нәрселер, әдеттер бар. Олар: нәпсі, өзімшілдік, мақтан. Бұлардан ұшы-қиыры жоқ жаман әдеттер туа бермек. Мысалы, зорлық, алдау, мансапқорлық, малқұмарлық, рақымсыздық, мейірімсіздік, қанішерлік, тағы тағылар. Бұлай болғанда осы жаман әдеттерден құтылудың айласын іздеу керек. ...Ол үшін барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек.

Ақынның «Мұтылғанның өмірі» поэмасын шәкәрімтанушы ғалым Тұрдықұл Шаңбай «Шәкәрім» энциклопедиясында «поэма-тәуба» деп атайды. «Мұтылғанның өмірі» поэма-тәубада өзін-өзі бағалау тізбегіне ерекше орын берілген: «...Бейне алдамшы сопымын; Мақтанқұмар мен бір мас; Мен сорлыға...; Мансапқа мінген мен бір мас; Жуаннан туған ірімін, көп наданның бірімін; Ғылымсыз өткен мен бір ез; ...Жаздым қазақ айнасын, Мінез түзеу айласын, Ел көрсін деп пайдасын; ...Қазаққа қалай қарадым, Қандайлық мінін санадым, Қанша жыртық жамадым, Біледі оқып қараған; ...Қазақта мендей ұл туса, Осындай түзу жол қуса, Хақиқат іздеп бел буса, Ол да бір жақсы ырымды». Шәкәрім өткенін бағалай келіп, өз «Менінің» өзіндік интерпретациясын ұсынады. Ақын-ойшыл өз өткеніне қатал, тәубәсына келіп сөйлейді. ...Шәкәрім өзінің өткеніне тарихи қалыптасу жолын, өмірмен өзінің қаншалықты үйлесімділігін тану үшін зер салады. Ақын өмірбаянының шығармашылығы көркемдік берілісі ерекше құбылыс, ол тек аталған автобиографиялық әңгімелер мен поэмада ғана емес, лирикалық шығармаларында да көрініс тапқан: «Жас өтті тынымсыз», «Мен бір тілсіз көлікпін», «Жасымнан жетік білдім түрік тілін», «Өзіме», «Шаранамен туып едің», «Насихат», «Ажалсыз әскер», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп», «Келді-кетті...», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Мен кетемін келеді...», т.б.» деп Шәкәрімнің өзін өзі іздеуі, тұлға ретінде анықтауы автобиографиялық жанрдың табиғатына тән үрдіс екенін айтады.

«Кейінгілер сөзімді оқыр. Бірі ұнатар, бірі сынап күлер. Сонда менің зарланумен өткенімді түсінер. Дүниенің рахатына сенім жоқ екенін түсінгелі басымды тауға да, тасқа да ұрып, ғаделет іздеп алқынғанымды білер. Қайран қу дүние, барлық арманыма жеткізбесіңді білгем. Әттең! Тағы да әттең! Абай ағам секілденіп «қолымды кеш сермеппін». Ырду-дырдумен, ел ішінің ұсақ-түйегімен, ата жолы деп билікке араласып, алтын уақытымды босқа өткеріппін. Енді амал нешік. Менен кейінгілер қаулап өсіп кел жатқаны ғана көңілге медет. Мен жетпегенге солар жетеді деп үміттенем. Уақытым тарлығынан кейінгі жылдары ойыма келгеннің бәрін, нақ сол сәттегі көңіл-күймен қағаз бетіне түсіре бердім. Оным ала да, құла да шыққан болар. Менің бүгінгі жеткенім осы болды. Ақтығыма, қазағыма адалдығыма, оған жарқын күндер тілегеніме сеніңдер халқым» деп өкінішін де, күйінішін де, үмітін де ақтарыла айтады дана Шәкәрім.

Мырзагелді Кемел, экономика ғылымдарының докторы,

профессор, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439